• Руханият
  • 18 Ақпан, 2021

Ғалымдық қырымен де танымал болды

Шөмішбай Сариев өткен ға­сырдың 70-жылдарында қазақ поэ­зия­сына өз үнімен, өзінің лирикалық тынысымен келген талантты жас­тардың бірі болатын. Ол кісінің қа­тарластарының бірсыпырасы өмірден өтті. Қазіргі Исраил Сапарбаев, жастар Иран-Ғайып деп танитын Иранбек Оразбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Дәуітәлі Стамбеков, т.б. бір топ шоғырды құрайтын ақындардың тобынан болды. Әдебиетке келе салысымен-ақ ол өзінің алдындағы ағалардың көңілінен шығып, назарына ілікті. Түрлі іс-шараларға қатысып, алғашқы жинақтарымен-ақ көзге түсті. Оның көптеген өлеңдеріне ән жазылғаны көпшілікке жақсы таныс. Бүгінгі таңда ол кісінің 300-ден астам өлеңіне ән шығарылған деп жүр. Әсіресе былтыр ғана өмірден өткен өзінің замандас досы Кеңес Дүйсекеев Шөкеңнің өлеңдеріне біраз ән шығарды. 
Екінші жағынан, Шөкең ғалым болатын. Оның әдебиеттанушы ғалым ретіндегі қырын көп адам біле бермеуі де ықтимал. Мысалы, «Лирика – поэзия патшасы» ­деген кітабы қазақ лирикасын зерттеуге, өзінің замандастары мен кейінгі інілерінің тәуір деген туындыларын талдауға арналған. Одан басқа да еңбектері бар.  Жекелеген мақалалары бар. Кітап етіп шығара алмай кеткен еңбектерінің өзі бір төбе еді. Шөкең өмірде өте ақ­көңіл, шын мәніндегі ақынжанды, көңіліне кір сақтамайтын, таза адам болды. 
Біз, Шөкеңнің ізін ала шыққан прозашылар оның шапағатын да көрдік. Шөкең кезінде «Жұлдызда» істеп жүрген кезде басқа бөлімнің қызметкері бола тұра, мені басшыларына таныстырып, осындай талантты прозашы еді деп сол кездегі бас редактор Бекежан Тілегеновтің де алдына апарғаны бар-ды. Көрген сайын амандасып, жағдай сұрасып тұратын. Қонақжай еді. Бірнеше рет дәмдес де болдық. Тұлғалы аза­маттың, қазақтың қадірлі ақы­нының ортамыздан аяқасты кетіп қалуы шын мәнінде өкініш. 
Артыңда сенің сөзіңе жазылған әндерді сүйіп тыңдайтын, мың­даған-миллиондаған тыңдар­маның, лирикалық жырларыңды шабыттана оқитын оқырманың қалды. Алдың жақсы болсын. Қимай қоштасамыз. Бақұл бол, Шөке! 

Нұрдәулет Ақыш 

453 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Жарқын бейнесі мәңгі есте
Келесі мақала КЕНЕСАРЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы