• Cұхбаттар
  • 25 Ақпан, 2021

«АБАЙДЫҢ ІНІСІ, АЛАШТЫҢ ІРІСІ»

Биыл Абайтану ғылымының ғұламасы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл, «Абай шәкірттері» тақырыбында диссертация қорғағанына  70 жыл толып отыр. Қ.Мұхамедханов Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен 12 жылдан астам уақыт бойы Абай шәкірттерінің мектебін зерттеп, Абай шәкірттері шығармаларының канондық мәтіндерін сақтаған. Ғалымның өнегелі өмір жолы, ғибратты ғұмыры, ұлтжандылығы мен әдебиетке деген адалдығы өскелең ұрпаққа өнеге. 
Біз осы орайда «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының директоры, ғалымның ұрпағы Дина Қайымқызын әңгімеге тартқан болатынбыз. 

– Биылғы қаңтар айында әкеңіз Қайым Мұхамедханұлының туғанына 105 жыл толды. Әңгімемізді осыдан бастайықшы, Алаш ардақтысының осы мерейтойына орай қандай шаралар ұйымдастырылды және қандай жоспарлар бар?

– Иә, биыл әкемнің туғанына 105 жыл. Біз әке атындағы қоғамдық қор арқылы көптеген шараларды офлайн да, онлайн да өткізіп жүрміз. Ал мемлекет тарапынан, мемлекеттік мекемелер тарапынан да түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Семей облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайында Қайым Мұхамедхановқа арнал­ған көрме, Семей қалалық орталық кітап­ханасы мен Курчатов қалалық кітап­ханасында «Қазақтың қайсар Қайымы» атты дөңгелек үстел, әдеби компози­циялық кеш, Карлаг мұражайында бей­нетұсаукесер, Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапхана­сында «Жайық пен Қайым тағдырлас тұлғалар» және Нұр-Сұлтан қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» ұйымдастыруымен «Өзі музей, өзі архив, өзі мектеп» атты онлайн конференция ұйымдастырылды. Ал алдағы уақытта көптеген кітапханаларда, мұражайларда, мектептерде, университеттерде еске сақтау сабақтары, көрмелер өткізіледі, ғалымға арналған бейнероликтер дайындалады. Сонымен қатар, айта кету керек, ақпан айының басында ABAY TV арнасында «Дәуір даналары» айдарымен әкем туралы жаңа деректі фильм көрсетілді.

– Қайым Мұхамедханұлының туралы айтылғанда әуелі оның шыққан тегі, әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов туралы сөз қозғамай кету мүмкін емес. Әлеуметтік желіде әке мен бала туралы жазбаңызды оқып едік. Атаңыз туралы естеліктермен бөліссеңіз?

– Қайымның әкесі – Мұхамедхан Сейітқұлов аса мейірімді, білімді, жомарт, алашордашы, ислам уағызшысы болған адам еді. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. Ол көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең-жырларды жинақтаушы және мәдени мұраны сақтаушы. Атамыз 1937 жылдың 2 желтоқсанында жазықсыздан жазықсыз атылған, кейін ақталды.

Атамыздың үйіне Абай, Шәкәрім, Абай шәкірттері, белгілі мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен баспагерлер жиналады екен. Үйдің үлкен залының бір бөлігін мазмұнға бай кітапхана алып тұратын, мұнда көптілді әлем классикасы, жаздырып алынған және әр жерден әкелінген сол заманның газет-журналдары болды. Өзі қазақ, орыс, татар, араб тілдерінде оқитын. Оның қаржыландыруымен «Сары-Арқа» газеті, 1918 жылдан бастап Ж.Аймауытов және М.Әуезовтің редакциясымен «Абай» журналы шығарылған. Әлихан Бөкейханов Семейдің сол жағалауында өткен жиында қалаға бастапқы «Алаш» атауын қайтару туралы мәселе көтерген кезде, атамыз оған қолдау беріп, нақтылы дәлелдермен қорғаған.

Атамыз 1921, 1928, 1932 және 1937 жыл­­дары қуғын-сүргінге және еңбектері тәркілеуге ұшырады. Сол уақытта әкеміз Қайымға отбасын асырау үшін 15 жастан бастап көп жұмыс істеуге тура келді. Ол кемежайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызмет атқарды. Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін, Семей ­пединститутына түсіп, 1941 жылы мерзімінен бұрын аяқтайды. 17 жас­тан бастап Семей қаласының әртүрлі мекемелерінде сабақ бере бастады. Үздік педагог-тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды тәрбиелеу және білім беру ісіне арнады.

Атамыз тұтқындалғаннан кейін әкем педагогикалық институттан қуылады. Сол кезде жасөспірім жігітке әкесінің досы Мұхтар Әуезов моральдық тұрғыда қолдау береді, ол Қайым үшін ғұмыр бойы тәлімгер және ұстаз болып қалды. Шәкірт ұстазына өмірінің соңына дейін адал болды. Адамдарды жақсы танитын Мұхтар Әуезов шәкіртінің бойынан ерекше дарын, имандылық пен адалдықты байқайды. Ол әкемді Абай туралы роман-эпопея жазу барысында түрлі тапсырма орындайтын ғылыми тілші етіп алады. Бұл туралы өткен жылдың соңында «Абай жолы» атты жақсы отандық сериал түсірілді.

– Өзіңіздің балалық шағыңызға оралсақ...

– Ол уақытта бір адам репрессияға ұшырағанда, ол бүкіл отбасына әсер етті. Атам мен әкемнің барлық кітаптары, қолжазбалары, құжаттары, фотосуреттері тәркіленді. Көп нәрсе жоғалып кетті және қайтарылмады. Сонымен қатар жиһаз, ақша, бүкіл отбасына тиесілі барлық заттар тәркіленді. Осы арқылы олар отбасын әбден әлсіреткісі келді. Жақсы оқыған Қайымның үлкен балаларын мұғалімдер соңғы партаға ауыстырды. Бұрын үйге жиі келіп, әкемнен тек көмек алған адамдар да еріп, айыптаулар жаза бастады. Біздің балалық шақ осындай қорқынышты естеліктерге толы. Оның несін айтайын...

– Осындай тұлғаның ұрпағы болудың жауапкершілігі мен міндеттері қандай?

– Әкемнің мұрагері болу – үлкен жауапкершілік. Әкенің халыққа сіңірген еңбегін, оның барлық қолжазбаларын, архивін түсіну керек. Оның мұрасын анықтау үшін ескі газет-журналдарды іздеп, мұрағатпен жұмыс істеу керек. Атам мен әкемнің құжаттарын алу үшін көп күрестік. Тіпті атамыз Мұхамедхан Сейітқұловтың өлімі туралы куәлігі қолымызда болғанымен, оның атылған және жерленген жері әлі де белгісіз. Осындай маңызды мәселелермен айналысу, зерттеу – біздің парызымыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой дана халқымыз. Біз осы үшін еңбек етіп келеміз.

– Әке өсиеті қандай еді?

– Әке өсиеті деген өз алдына бөлек тақырып қой. Өмір мен өлімнің алдында тұрған әкеміз Карлагтан анамызға жазған хатында балаларына тек шындықты айту туралы өсиеттерін аманаттаған. «Ана тілінің» оқырманына соның біршамасын ұсынайын:

«Балалар бір-бірімен жан жолдастай, бірін-бірі жақын көріп сыйлап, ақылдасып, көмектесіп тұратын болсын. Өзді-өзі тату-тәтті болсын. Ауздарына жаман сөз алмасын».

«Тәртіпті, тәрбиелі болсын! Осыны өздеріне оқып, ұғындыр. Мені шын жақсы көрсе, аман-есен қайтуға тілектес болумен бірге осы айтқандарымды бұлжытпай орындасын».

«Саған көмектесіп, айтқаныңды істеп, сыйлап тіліңді алып тұрсын. Екі қайтара айтқызбайтын болсын! Осы айтылғандарды орындап жүрсе маған да жеңіл болады. Менің де көңілім көтеріліп, жүдемей жүремін».

«Бір ауыз өтірік айтудан, алдаудан аулақ болыңдар. Тәртіпті, тәрбиелі, байыпты адам болыңдар».

«Адал, таза өмір сүріңдер. Қарапайым болыңдар. Адамдықтан айнымаңдар».

Бұл өсиеттерді әкем 1953 жылдың 16 ақпанында Теміртаудан жазған. Біз бұл өсиетті балалық шағымыздан бастап өмір бойы, жадымызда сақталып, есімізде жүрді.

– Әр ер адамның артында жары тұрады деген түсінік бар ғой. Ата-анаңыз, олардың өзара қарым-қатынасы туралы айтсаңыз...

– Әкемнің әр ісіне шексіз сенім білдірген қайсар да адал жары, тіпті ғалымның қуғындалуын өз басынан өткеріп, оның қолжазбаларын, хаттарын сақтап қалған анам Фархинур Мұхамедханова. Ол сенім мен тазалықтың, биік рух пен жанның, сұлулықтың мәңгілік символы іспетті.

Атам мен әкемнің қонағы өте көп болған. Қара шаңырақта қонақ болған Абайдың шәкірттері, «Алаш Орда» партиясының мүшелері, көптеген көрнекті қайраткерлер анамыздың сұлулығын, әдептілігін, қонақжайлылығын және дәстүрді жақсы білетінін үнемі айтып жүреді екен.

Табиғатынан қарапайым, өмірде дана Фархинур күйеуінің бәрінен бұрын не істейтінін түсініп, бағалайтын. Сондықтан оның мұрағатын, қолжазбаларын және онымен байланысты барлық нәрселерді сақтап отырған.

Атамыз Мұхамедхан мен апамыз Мақыпжамалдың отбасылық дәстүрін Қайым мен Фархинур әдемі жалғастырған. Шаңырағымыз руханият пен мәдениеттің үлгісі еді. Көпшілік әкемізден күнделікті көмек, ғылыми кеңес алу үшін ­немесе жай ғана әңгімесін тыңдау үшін шаңырағымызға келетін. Анамыз тарихи әңгімелердің ­майын тамызып тұрып айтатын әңгімешіл еді, фортепианода ойнап, қазақ, татар, орыс тілдерінде ән айтатын.

Ғалымның үйіне келген әр қонақ үйден дәм татпай, ас ішпей, хош иісті шайдан ауыз тимей кетпейтін. Ол біздің ғана емес, көптеген адамдардың анасы болды. Үйінен жырақтағы студенттер, жас ғалымдар, түрлі ұлт өкілдері біздің үйде жүретін.

Әкеміз 1951 жылы қуғын-сүргінге ұшы­рады. Сот шешімімен оның барлық мүлкі тәркіленіп, 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

Анамыз имамның қызы болғандықтан әділеттілікке сенді. Балаларын асырау үшін жұмыс істеп, Карлагқа хат жазып, күйеуін қолдан келгенше қолдады. Балалар анасынан үлгі алып, әкемізге хат жаздық, балалық шақтың қуаныштары мен оқудағы жетістіктермен бөлістік. Анамыз күресуді және жарын күтуді білді. Мен оны адал дос, ошақтың сақтаушысы, нағыз батыр және қасиетті әйел дер едім.

Әкеміз елге белгілі «Сүйген жар» атты арнау өлеңін осы кезеңдерде Карлагта жазған. Бұл адалдық пен тазалықты суреттейтін, махаббат бәрін жеңетін құдіретті күш екенін жеткізетін туынды еді.

– Бүгінде өзіңіз басшылық жасап отырған «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының жұмысы туралы әңгімелесеңіз?

– Сіз айтып отырған қоғамдық қор бірнеше жылдан жұмыс істеп келеді. Жұмыс барысында көптеген іс-шаралар өткіздік. Кітапханалармен, мектептермен, университеттермен және музейлермен ынтымақтастық байланысымыз бар. Біздің міндетіміз – Алашорда тағдырын, атам мен әкемнің еңбегін, Абай тақырыбын, қазақ тарихын бүгіннен ертеңге жеткізу.

Біз ғалымның мұраларын сақтаймыз. Бұл адамдарға керек. Қайым мұрағаты – мұхит. Бұл тарих, әдебиет, өлкетану. «Қайымтану», «Әке мен бала», «Мұғалім және оқушы – Әуезов пен Мұхамедханов» курстарын және басқа да маңызды тақы­рып­тарды байыпты және терең дамыту қажет. Ғалым туралы сабақ, әдістемелік материалдар әзірлеу керек.

– Биыл ғалымның «Абай шәкірттері» тақырыбында диссертация қорғағанына 70 жыл толды. Ал өз шәкірттері туралы не айтасыз?

– Өмірінің 60 жылын педагогикалық жұмысқа арнаған мұғалімнің шәкірттері көп. Оларды келесідей жіктеуге болады: оның дәрістерін аудиторияда тыңдап, тыйым салынған тарихи тұлғалардың қолжазбаларын, құжаттары мен фотосу­реттерін қарау үшін келгендер; оның идеяларын, оның рухын қабылдап, тарихқа, әдебиетке және аудармаларға қызығушылық танытқандар (мысалы, ­математик Сағидолла Қожакелдинов ­Пушкин өлеңдерінің ең жақсы аудармашысы болды), т.б.

Жақында әкемнің ең адал шәкірті Е­рбол Іргебай мезгілсіз қайтыс болды. Ол 10 томдық ұстазының таңдамалы шығармалар жинағын құрастырды. Үнемі мектепте, кітапханаларда, музейлерде, экспедицияларда еске алу шараларын өткізді. Елордадағы №90 мектепке Қайым есімін беру үшін бар күшін салды. Ауру кезінде де ол ұстазы туралы ойлады, қажетті құжаттарға қол қойды. Өмірінің соңғы кездерінде ұстазының есімін мектепке беріп, жаны жай тапқандай болды. Оның қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті.

– Шәкірттері әкеңізді бағалап-ақ жүр, ал мемлекет тарапынан оның еңбектері өз бағасын лайықты ала алды ма?

– Әкеміз Карлагтан кейін өзінің ғылыми еңбектерін 30 жыл ішінде бірнеше рет баспаға дайындады. Бірақ кітаптар шығарылмады, өйткені баспалардың үстінен қарайтындар болған. Қайым мен М.Әуезов еңбектерін қайта бастырған адамдар болды. Ал баспагерлерге берілген қолжазбалар қайтарылмады.

Әкем қамауға алынған кезде оның қол­жазбаларын, 20 жыл бойғы шығармаларын, Абай, Шәкәрім, Алашорда, жыраулар, ақындар және тағы басқа тақырыптардағы еңбек­терін тәркіледі. Әкем мен М.Әуезовтің хат-хабарларын, атамның құжат­тары мен қолжазбалары қайтарылған жоқ. Олар қазір қайда, кімнің қолында, білмейміз.

Ал 1940 жылдардан бастап ғалымдар ғалым әкемнің Қазақстанның ғылымына, мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесін жоғары бағалады. Олар М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Сильченко, А.Марғұлан, Б.Кенжебаев, З.Кедрина, И.Дюсембаев, Р.Сыздық, С.Кесбаев, Г.Бельгер еді.

Белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай «Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі», «Қайымның аруағы разы болмай Әуезовтің, Әуезовтің аруағы разы болмай Абайдың аруағы разы болмайды! Бұл үш тұлғаны тұтас алып зерттеп, танығанда ғана олардың құпиясы ашылмақ» деп әдемі айтқан. Меніңше, нағыз ғалым осылай сөйлеу керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

2738 рет

көрсетілді

255

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы