- Руханият
- 25 Ақпан, 2021
КЕНЕСАРЫ

Елордада бой көтерген іргелі монумент – Кенесары ескерткіші көпшіліктің көз тоқтатып қарайтын құндылықтарының бірі.
Нұр-Сұлтан шаһарына барған жан Есіл өзеніне соқпай кетуі мүмкін емес. Өзен бойын жағалап жүріп, ат үстінде төңірекке көз салып тұрған еңселі ескерткішке кезігесіз. Қоладан құйылған алып мүсін – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов.
Кенесары Қасымұлы – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. 1841 жылдан бастап ол патшалық Ресей үкіметі таратып жіберген хан билігінің қалпына келтірілуіне күресе отырып, қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысын басқарды. Сол кезде Ресейден тәуелсіздігін сақтап қалған ел үш жүз өкілдерінің съезі 1841 жылғы қыркүйекте Кенесарыны хан деп жариялады, осылайша Қазақ хандығын да қалпына келтірді. Жаңа хан Ресей империясының құрамына кірмеген барлық жерлердің толық тәуелсіздігін сақтап қалу – өзінің басты мақсаты екенін дүйім жұртшылыққа жариялады.
Еңселі ескерткіш гранит пен қоладан жасалған. Жалпы салмағы 10 тонна. 5,3 метрлік гранит тұғырдың үстіндегі бронзадан соғылған хан мүсіні айбарлы көрінеді. Ат мүсінінің биіктігі 6 метр. Оң қолымен белін таянып, сол қолымен тізгінді тартып тұрған ханның кескінінен ақсүйектікке тән белгі анық байқалады. Бұл жоба мен ескерткіш орны Елбасы тарапынан мақұлданған еді. Ескерткіш Алматыдағы Киров атындағы фабрикада құйылды. Дизайнері – А.Тәттіғұлов, құю өндірісі – В.Ковехов. Әсем монументтің авторы – мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шота Уәлиханов. Ескерткіштің орнын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таңдады. Бұл ескерткіш – тәуелсіздік пен Қазақстанның қалпына келтірілген қазақ мемлекеттілігінің символдарының бірі.
Ұлт-азаттық қозғалысының көсеміне арналған ескерткішті орнату тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. 2001 жылғы 11 мамырда Нұр-Сұлтандағы Кенесары ескерткішінің салтанатты ашылуы болды.
Кенесары ескерткіші бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының көрікті орындарының бірегейі әрі Қазақстанның көркем салт атты ескерткіштерінің бірі саналады.
Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

469 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *