• Руханият
  • 25 Ақпан, 2021

Ғибратты ғұмыр

Кез келген ортада өздерінің сыпайы мінез, әдемі әзіл-қалжыңдарымен даралана білетін, сыртқы сұлу бейнелері ішкі пайым-парасатымен ұласқан жұп – Орақбай мен Озипа достары мен таныстарының арасында  «біздің Төлеген мен Жібек» деп атанып, ерекше құрмет пен ықыласқа ие болған жандар. Айтса айтқандай-ақ, қазақ зиялыларының эталоны іспетті  ғалым Орақбай Зұбайыров пен дәрігер Озипа Жатқанбайқызының бүкіл іс-әрекетінен ізеттілік пен мәдениет есіп, айналасындағыларды  жылы сөздерімен жылдам баурап алар ілтипатты болмысына бір көрген кісінің өзі сүйсінері анық. Әсіресе, өнер қуған дарын иелерін көргенде, айрықша құрмет көрсетіп, туған бауырларындай қамқор көңіл танытып, қолдарынан келген жақсылығын жасауға тырысып бағатынына куә болғандар жетіп артылады.

Әттең, өкініштісі – Орақбай аға туралы өткен шақта еске алу. Жазмыштан озмыш жоқ деген. Ол – жанына жара салмаған жартысына сенімді серік, балалары Айна мен Абылайға қамқор әке, немерелері Алдияр мен Арсенге сүйікті ата, бауырлары мен ағайын-жұртына асқар таудай арқа тұтар аға бола білді. Ал әріптестерінің жадында қолға алған ісіне шексіз берілген бірегей маман, шәкірттері үшін ақыл айтып, бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтер батагөй ақсақал ретінде жатталып қалмақ.

Қиындықты бір кісідей бастан өткер­ген оның жастық шағы аумалы-төкпе­лі кезеңде өтті. Туыстарының көбі ашаршы­лық жылдарының құрбанына айналыпты. Әкесі соғысқа аттанған кезде анасының құрсағында қалады. Енді ержете бастаған шағында жалғыз панасы анасынан да ­айырылады. Мектепті алыс туыстарының қолында бітіреді.

1941 жылы дүниеге келген Орақбай Зұбайыровтың азамат ретінде де, болашақ маман ретінде де қалыптасуына үлкен әсер етіп, негіз қалаған кәсіби техникалық училищеде оқыған жылдар. Өткен ғасырдың 60-жылдардың басында Қазақстан ­Магниткасына, тағы да басқа Бүкілодақтық екпінді құрылыстарға комсомолдық жолдамамен аттанып жатқан жастардың қатарында онжылдықты бітірісімен, арман қуған Орақбай Зұбайыров та Теміртауды бетке алады. Алайда Теміртауға жолы түспейді. Сол тұста Теміртауда жастардың арасында түсініспеушілік орын алып, кикілжің туғандықтан, бұлар мінген пойыз Балқашта тоқтайды. Содан Балқаштағы кәсіби-техникалық училищеге түсіп, өндіріс жабдықтарын жөндейтін слесарь мамандығын алып шыққан Орақбайды Балқаш депосына паровоздың кочегары етіп жібереді. Оның жақсы оқығанын, өте еңбекқор екенін бағалаған ұстаздары көре қалған жерде үнемі «мұнымен тоқтап қалма. Біліміңді жетілдір» деп кеңес береді екен.Бағын сынап көрмекке Мәскеуге барған Орақбай Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясының студенті атанады.

Орақбай Зұбайыров еңбек жолын елді мекендерде агроном қызметінен бастаған өз саласының бірегей маманы. 20 жылдан астам облыс орталығында орналасқанымен, сол кездері одақтық мәнге ие Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтында дәріс берген ұлағатты ұстаз, кейін келе, 80 жылдардан бастап қызметін Алматыда Қазақтың ұлттық аграрлық университетінде жалғас­тырды.

Ол – ауылшаруашылығы ғылымының докторы, ҚазҰАУ-дың профессоры, академик. Бірнеше монографияның, көптеген ғылыми еңбектің авторы. Өндіріске бес ұсыныс енгізген ғалым. Білім беру саласында үздіксіз қызмет атқарғанына жарты ғасырдан асқан ардагер ұстаздың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғаған шәкірттері де жетерлік. Арасында ауылшаруашылығы ғылымының докторы да бар.

Ғұмыр бойы, яғни жарты ғасырға жуық төгінді сулардың мәселесін ­зерттеумен айналысқан Орақбай Зұбайыров, оны тиімді пайдалану – экономикалық игіліктің қайнар көздерінің бірі екенін дәлелдеген ғалым. Ауылшаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында бірге қызмет атқарып, кейін Алматыдағы университетте еңбек жолын одан әрі бірге жалғастырған әріптесі Алексей Раудың айтуынша, Орақбай Зұбайыровтай еңбекқор жан сирек. Оның ғылымға сіңірген еңбегі де ұлан-асыр. Адам ретінде де өте қарапайым, ақкөңіл, қабақ шытуды білмейтін, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін айрықша қасиетке ие жанның күн сайын кабинетіне бір кіріп шықпаса көңілі құлазып қалады екен. «Оның адамға по­зитивті энергия сыйлайтын ерекше қа­сиеті бар еді» дейді академик Алексей Рау.

Шәкірті әрі әріптесі Анатолий Рябцевтің айтуынша, Орақбай Зұбайыровтың ауылшарауашылығы саласындағы жаңа технология – инъекциялық суғару әдісінің алғашқы нәтижелері күткендегіден де жоғары болыпты. «Біздің университет ғалымдары осы бағытта бірнеше патенттер де алдық. Бұл суғару әдісі қазіргі «топырақ суғарудан», «өсімдік суғаруға» жол ашады. Инъекциялық суғаруда берілген су тек өсімдік жапырағы арқылы булануға жұмсалады, басқа су шығыны жоқ» дейді әріптесі Анатолий.

Ғалымның ұзақ жылдар бойы жемісті еңбегін ескерген университет ұжымы оның көзі тірісінде-ақ «Орақбай Зұбайыров» атындағы зертхана ашты. Мұндай құрмет екінің біріне бұйыра бермейді, ол шын мәніндегі ғалымның ғылымға қосқан баға жетпес еңбегінің өтемі екені айдан-анық.

Сексеннің сеңгірін бағындырған ғалым көзі жұмылғанша университеттен қол үзбеді. Шәкірттері мен қызметтестері, әріптестерін күніне бір рет көрмесе ұйқысы бұзылатын ұстазды университеттің кейінгі буыны «ата» деп құрметтепті. Ұстаз-ғалым жас мамандарға қашанда білгенін үйретуден жалыққан емес.

«Инъекциялық суғару жүйесі келе­шектің жұмысы. Сондықтан жетекшіміз Орақбай аға бастаған бұл бағыттағы ­ғы­лыми зерттеулерді жалғастыра беретін боламыз. Әйтеуір бір жылдары біз ауылша­руашылығы саласында осы технология­ны пайдалануға түгелдей көшетініміз рас, өмірдің өзі соған әкеледі біртіндеп» дейді ғалымның шәкірттері Мәдина ­Набиоллина, Қанат Әнуарбеков, Алмас Тоқтасынұлы, Құрманбек Жанымхандар.

Елден келген туысы Оразбай Мейір­ханұлының айтуынша, Орақбай ағаның елге келгенде алдымен сұрайтыны жастардың немен шұғылданып жүргені екен. «Уақытша қиыншылықтар өтеді. Түптің түбінде білім қуғандар озады. Білім алуға тырысыңдар. Жастық шақты бос сенделіспен өткізуге болмайды» деп жас­тарды жоғары білім алуға үгіттеп, ақылын айтып, бағыт-бағдар сілтеп ғана қоймай, қабілетті жастарды жоғары оқу орындарына өзі жетектеп әкеліп, құжаттарын тапсыртуды міндеті сынды санайтын. Біздің ауылдың жастарының көбі ТарМУ мен ҚазҰАУ-ды бітірсе, ол, сөз жоқ, Орақбай ағамыздың арқасы. Сол кісінің ерінбей жүргізген насихатының нәтижесі. Одан ешкім жаман болған жоқ. Бәрі де нанын тауып жеп жүр. «Ғалым болмақ оңай, адам болу қиын» деген нақыл бар емес пе. Біздің Орақбай аға нағыз ғалым, нағыз адам. Орақбай ағамыздың ізгі міндетінің арқасында іске асқан ұлағатты істер, айта берсем таусылмайды» дейді Оразбай Әлсейітов.

Балалары Айна мен Абылай әкелері дәріс берген қос жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен ­Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтына (қазіргі Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті) Орақбай Зұбайыров атындағы стипендия тағайын­дауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ҚазҰАУ- дағы Орақбай Зұбайыров атын­да­ғы зертхананы өз қамқорлықтарына алмақ.

Ұлбосын АЙТӨЛЕН

 

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы