• Руханият
  • 25 Ақпан, 2021

ОЙЛЫ ОҚЫРМАНМЕН ОЙЛАСЫП ЖАСАЛАТЫН БЕТ

Ойлы оқырман! «Ой-таным отауы» атты жаңа айдардың мақсаты – жұртшылыққа ойлы, танымдық, ғылыми бағыттағы елең еткізерлік  жарияланымдар ұсыну. Тақырып ауқымы кең.
Бұған дейінгі танымдық әдебиеттегі мәліметтермен таныс болғанымызбен, кейінгі  кезде жаңғырып қайта  басылған еңбектер аз таралыммен шыққан соң көп біле бермейміз.Сондықтан біз осы олқылықтың орнын толтырамыз деген ойдамыз. Қысқасы «Ой-таным отауы» ойлы оқырманмен ойласып жасалатын бет. Өздеріңізден қызықты деректер, тосын тақырыптар, тағылымды ойға негізделген дүниелер күтеміз. 

МИФ ӘЛЕМІ

ТАНА

Аңыздағы Тана – Асан қайғының бәйбішесі, Абат батырдың шешесі делінеді. Мифтік бейнесі сақталмаған Тананың мифтік болмысы оның Асан қайғыға әйел, Абатқа шеше болуынан-ақ көрінеді. «Асан қайғы мен пері қызы» (маған аңыздың екі нұсқасы ғана белгілі) аңызындағы есімі аталмайтын пері қызының есімі «Тана» болса керек. Бұл дәл осындай оқиғалы аңыздағы Баба түктінің жұбайы болған пері қызының «Тәжі» (яғни «Шашты Әзіз» түрінде емес, «Шашты Тәжі») деп аталуы арқылы да дәйектеледі: «тәжі» cөзі де «таң/танг» праформасының өзгеріндісі болып табылады. «Тана» сөзінің мифтік болмысын көрсетер басқа, жанама дәйектер ретінде мыналарды атауға болады.

1. Тана – қазақ тілінде ұрғашы сиырға қатысты қолданылатын атау. Сиырдың мифологияда «ана» функциясына ие болуына және мифтік деңгейде су/төменгі дүниемен сабақтас екендігіне қарап та Тананың мифтік болмысын түсінуге мүмкіндік бар.

2. Тана – бүгінгі Ресей жеріндегі Азаулы (Азов) теңізіне құятын Дон өзенінің ортағасырлық қыпшақ тіліндегі атауы. Бұл өзеннің антикалық (грек) заманында «Танаис» деп аталғанын ескерсек, қыпшақ атауының яс-осетиндік «дон» атауына қарағанда байырғы грек нұсқасына анағұрлым жақын екендігін көруге болады. (Ястар бұл өзенді «Дон» деп орта ғасырларда ғана атаған, орыс тіліне де осы ястық/осетиндік нұсқа енген). «Тана», «Танаис» сөздерінің дей-түркілік «таң/танг» праформасынан өрбігендігі көрініп тұр; яғни бұл тұрғыда үндіирандық «дан» – «ағын» (поток, течение), «су» сөзі дей-түркі тілінен ауысқан жалқы мағыналы туынды ұғым болып табылады. «Ана» – «су» семантикалық қатарының бар екені белгілі.

3. Қазақтың Байұлы бірлестігіне кіретін «тана» руының шежірелік түбі болған «Тана бике» эпонимі де осы мифтік Тана есімімен, тарихи Тана гидронимімен байланысты екені анық.

СҮТҚАТЫН

«Ұлы Баба» бейнесінің ылғалға, суға, ең алдымен, сүтке қатысты болып шығуы «сүт» сөзін де Ұлы Бабаның есімін жасаушы формантқа айналдыра алады. Оның мысалы ретінде мен кейбір түркі халықтарының қарабайыр мифтік келтіріміндегі «Сүтқатын» есімін атап көрсете аламын. Құмық мифологиясындағы Сүтқатын – орман перісі (рухы); түнде ауыл шетін кезіп жүретін әйел кейпінде суреттелген. Құмықтар Сүтқатынға жауын шақыру ғұрпын өткізу кезінде сөз бағыштаған, яғни мифтік бейненің негізінде байырғы «өнімділік тәңірешесінің» бейнесі жатыр. Осыған ұқсас сенімдік келтірім іздері кейбір түркі халықтарында да сақталған. Мәселен өзбектердегі Сус-хотин (Суст-хотин, Сүтқатын тәжіктерге де белгілі) ұйғырлардағы әйелдердің қамқоршы-пірі деп есептелінген Сүт-падишахим әулие, түрікпеннің жаңбыр шақыру ғұрпының «Сүт-қатын» (Сюйт-қатын, Тюй-татын, Сюйт-газан) деп аталуы – осыған куә.

Б.Сарымсақов осылардағы  «суст» сөзінің тегін иран тілдерінен, «Авестадағы» су иесі «Тиштрийа» есімінен шығарыпты. Ол ш-c, ч-т-с дыбыстық ауысуларын еске ала отырып, Тиштрийаның «суст» болып өзгеруін былайша жорамалдайды: Тиштр («ийа» – жыныстық категориясын білдіретін қосымша, кейінгі даму барысында түркі тіліндегі «хотин» сөзімен алмастырылған)> тустр >Сустр>Суст. Осындағы этимологиялық қисынға Б.Абылқасымов күмән келтіріпті, оның ұғымның тегі түркінің «сүт» сөзінен шығуы туралы тұспалы сүт пен жаңбырға қатысты жалпы түркілік келтірімдер аясында қисынды болып шығады, оның үстіне Тиштрийа есімінің этимологиясы, әдетте, мүлде басқаша жолмен түсіндіріледі.  

 

Серікбол ҚОНДЫБАЙ, 

«Арғықазақ мифологиясы»

 

 

ҚАЗАҚЫ АСТРОНОМИЯ

ҮРКЕР ЖАМБАСҚА  КЕЛСЕ...

 

Жұлдыздардың, шоқ жұлдыздардың орнына қарап қазақтар жыл мезгілдерін айыратын болған. Таразы (Орион) мен Сүмбіленің (Сириустың) тууына қарап, «Таразы туса таң суыр, Сүмбіле туса су суыр» деп күз бола бастағанын ескерткен. Біздің ендікте Таразы жаздың аяғын ала, ал Сүмбіле одан кешірек қыркүйекте, таң алдында туады. Жаз шыға бастағанын «ел жатқанша Үркер жамбасқа келсе, жаз шықпағанда не қалды» деп Үркердің орнына қарап білген.

 Қой Шолпан туа өріп, кешке жұлдыз туа қотанға қайтады. Жылқы малы шыбын жоқ қоңыр күздің ұзақ таңында, шөптің піскен кезінде түні бойы жайылып, жақсы семіреді. «Сүмбіле туар сүмпиіп, ат семірер құнтиып» деген сөз осыдан шыққан. «Таразы туса таң салқын, бидай, тары піседі» деп егіннің пісетін уақытын да жұлдызға қарап айырған.

***

Көшпелілердің жұмбағы да танымдық ерекшелікке толы:

Екі емен, жеті терек, алты қайың,

Басында жапырағы дайын-дайын.

Бір шынар, үш қарағай, бір жалғыз тал,

Баршасын айта беріп не қылайын.  Осындағы,

Екі емен – Күн мен Ай.

Жеті терек – Жеті Қарақшы.

Алты қайың – Үркердің алты жұлдызы. Басында жапырағы дайын-дайын дегені, олардың қасындағы нөкерлері, яғни басқа жұлдыздар. Бір шынар – Шолпан.Үш қарағайы – Таразы не Үш Арқар. Жалғыз тал дегені Есекқырған. Баршасын айта беріп неғылайыны – жұлдыз көп, оны санап болмайды дегені.        

Қ.Әбішұлы, 

«Халық астрономиясы» 

 

ДІН мен ДІЛ

МЕШІТКЕ, ЗИРАТҚА 
АЙ БЕЙНЕСІ НЕ ҮШІН 
ОРНАТЫЛАДЫ?

Осы сауал кез келген адамды тол­­ғандыруы мүмкін. Оған жауапты Мыңбай Ысқақовтың «Халық ка­лен­дары» атты кітабынан таптық. Онда араб календарына жан-жақты тоқталған екен. Біз шағын үзінді ғана келтіреміз.

«Ислам діні шыққаннан бері араб­тардың қолданатын жыл санау системасы – «тарих әл-Хиджра». «Хиджра» – «ауып бару», дәлірек айтқанда «қашып бару» деген сөз. Бүгінде барлығымыз білетін бұл атау төмендегі оқиғаға ­байланысты шыққан. Діни уағыздарға құлақ аспаған және бақталас болған арабтар өзін өлтірмекші болғандықтан, Мұхаммед 24 сафарда Меккеден жаяу қашып шығып, екі жұмадан кейін, рәби әууәл айының 8 күні (бізше 622 жылы) Ясриб қаласының іргесіне жетіп, далада қонады, ертеңіне қалаға кіреді. Оның қасында тек қайын атасы Әбубәкір ғана болады...

Хиджра есебін Мұхаммед қайтыс бол­ғаннан  кейін, 637 жылы халиф Омар ибн әл-Хаттаб (634-644) та­ғайындаған. «Араб календары» дегенде жылдар есебі хиджрадан бас­талатын, жылында 354 (кібісе жылдары 355) күн болатын календарды түсінеміз...

Хиджра Күн қозғалысына ешқандай байланысы жоқ, ол Айға ғана негізделген. Ай қозғалысымен араб календары жақсы қабысады. Арабтар Күннен Айды артық көреді, өйткені олардың өмірі Айға бейім келеді; жерлері аса ыстық және шөлді болғандықтан, күндіз жатып, ауыл шаруашылық жұмыстарын түнде, ай жарығымен істейді.

Айды ардақтау салтының елеулі орын алуына араб философиясы да әсерін тигізген. Араб философтарының көпшілігі дүниенің даму жолын мынадай формуламен түсіндірген; жоқтан барға, тыныштықтан қозғалысқа, жамандықтан жақсылыққа, соғыстан бітімге, ретсіздіктен реттілікке. Бұл принцип «қараңғылықтан жарыққа» – түннен күнге болып қорытылып, календарға да кірген; хиджра бойынша тәуліктің басы – күннің батуы. Мұсылман дініндегі халықтардың жаңа айға бата қылуы, мешіттер мен ­зи­раттарға ай орнатуы осы Айға табы­ну­шылық салтының салдары. Бірақ мұ­сылмандар Айды вавилондықтар сияқты құдай деп санамаған.

 

ҰМЫТЫЛҒАН ҰҒЫМДАР

 

АСМАЛДЫҚ – сән-салтанат кезінде түйелерге жабылатын сәнді жабу түрі. Асмалдықты көбіне көшкенде немесе той-думандарда пайдаланған. Асмал­дық оюланып, әшекейленіп жасалады. Мойнына асатын ­немесе басына қадайтын жібек ­ша­шақты ызба түрлері болады. Қ.Р Мемлекеттік орталық ­мұражай қорында көк түсті пүліштен істелген асмалдық сақтаулы. Көлемі 212х207см. Оның орта тұсында қос өркеші сиятындай етіп екі тілік тесік шығарылған. Ортасына қоңыр түсті барқыттан төрт құлақты тұлға мүйіз, ал жиегін айналдыра сыңар өкше өрнегі қиыстырылып тігілген. Шетін айналдыра иірілген мақта жіптен шашақ төгілген.

АСМАН – таулы жердің өзен-көлінде тіршілік ететін «мұртты» балық. Түсі шұбарланған қарасұр болып келеді. Қылқанды, еті дәмсіздеу. Алайда қазақтар ішінара болса да реті келгенде аулап, асқа пайдаланады.

ӘРЕБЕК – мұрынға тағатын сырға, зере деп те аталады. Мұндай әшекей бұйым қазақтарда өте ­сирек кездеседі. Мұндай атау оңтүстік өңірлер шекараласатын аймақтармен этномәдени байланыс негізінде тілімізге енген. Әребек жеңіл, іші қуыс қозалармен әшекейленген, мұрынға өткізетін сымның ұшы тиектеледі. Әребектің арабек деген атауы да кездеседі.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен

атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиядан

 

 

ОЙЛАЙ ОТЫРЫҢЫЗ

«ӘЙЕЛІ КӨП СӨЙЛЕЙТІН  ЕРКЕКТЕР...»

 

 

Ахмет Жұбановқа КСРО халық артисі атағы

не үшін берілмеді?

***

Халық әні мен халық композиторларының қанша әні сотталды? Тағылған айып не?

***

Жамбыл жәкем Мұхаңды, Ғабеңді, Сәбеңді қалай атаған?

***

Аралар бір келі бал жинау үшін қанша гүлді аралап шығады?

 ***

«Әйелі көп сөйлейтін еркектер қысқа өмір сүреді» деген сөзді айтқан данышпан кім?

***

Майданек өлім лагеріне барған, Бас штабта жұмыс істеген тұңғыш қазақ офицерін білесіз бе?

***

«Молодая гвардия» журналында ұлтшыл деп қатты сыналған танымал қазақ суретшісін білетін бе едіңіз?

 

МЫҢ БІР МАРЖАН

Өмір деген  ойласам  шолақ екен

Жабыны жауға салма жалды екен деп,
Жаманмен жолдас болма малды екен деп.
Баласын қазан аттың бақпай қойма, 
Қан түсіп аяғына қалды екен деп.
***
Екінің бірі жомарт тасқан жерде, 
Күніңе ер жарайды сасқан жерде. 
Жаманға жазатайым күнің түссе, 
Қабысып қалады екен аспан жерге. 
***
Өмір деген ойласам шолақ екен, 
Бір-біріне адамдар қонақ екен.
Қызғалдақтай жайнаған қызық өмір,
Қазан ұрмай, қар жаумай солады екен.
***
Жастық шақ өте шығар ескен желдей,
Алыстан бұлдырайсың асқар белдей. 
Құлазып көңіл шіркін толғанады, 
Қоныстан қопарылып көшкен елдей. 
***
Өмірді аңсай туып, асық өскен,
Дүниеге адам қонақ түней көшкен, 
Ер туып, ел қорғаған ата-бабам, 
Солардың ізі жатыр, тозаңы өшкен. 
***
Баспадым жардың шетін құлай ма деп, 
Ішпедім арық суын лай ма деп, 
Жаманмен дос болуға жасқанамын, 
Күн туса ердің құнын сұрай ма деп. 
***
Қырғауыл аңға шықсаң атқан тәуір, 
Бал болса жанай өтпей татқан тәуір.
Жаманмен құшақтасып бір жүргеннен, 
Жақсының аяғында жатқан тәуір.
***
Көзің қара ағаштың көміріндей, 
Бойың түзу мылтықтың теміріндей, 
Жақсыменен отырған жарты сағат,
Өтіп кеткен жаманның өміріндей. 
***
Аспанда бір жұлдыз бар айдан жақсы, 
Арқада бір кедей бар байдан жақсы.
Жаманға бір сөз айтсаң қорс етеді, 
Балқыған қорғасындай қайран жақсы. 
***
Дүние қарап тұрсам бір кең сарай, 
Сарайға көзім талды қарай-қарай. 
Тағдыр мен тәңіріге жала жаппа, 
Өзінен ер жігіттің бақ пен талай.

«Мың бір маржан» 
атты кітаптан.  
Құрастырушы 
Ақселеу Сейдімбеков

 

ШЕШЕНСӨЗ

Нұралы ханның баласы Қаратай Орынборда оқып, патшадан аға сұлтандық лауазым алып, Кіші жүзді аралап жүргенде адай Атақозы биге жолығып қалады. Атақозы арық, қатпа қара кісі екен. Биге көңілі толмаған сұлтан:

– Әй, Атақозы, ойда орыстың, қырда қазақтың малын қоймасаң да, алғаның бойыңа жұқпаған екен, – дейді. Сонда Атақозы шешен іркілместен:

– Пәлі тақсыр!

Өлеңді жерде өгіз семіреді,

Өлімді жерде молда семіреді,

Қаралысында қатын семіреді,

Қайғысызында хан семіреді,

Ойда елім шабылады,

Қырда малым шабылады,

Қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп,

Қазақтың бір тайын дұшпанға алдырмаймын деп,

Бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын,

Мен арық болмай кім арық болады? – деген екен.

 

***

Етекбай шешен ел қыдырып жүргенде, оған бір шешен әйел әзілмен тиіседі: «Әйелдің семізі ерге төсек, еркектің семізі өліге есеп», деуші еді, апыр-ай, би, тым толық екенсіз» дейді әйел. Сонда Етекбай би: «Қатын өтірік айтпайды, қағыс естиді, қағыс естігенсіз ғой! Еркектің семізі – елдің құты, әйелдің семізі – үйдің жұты болады» депті.

 

Балтабай АДАМБАЕВ,  «Шешендік өнер»  

 

Бетті дайындаған 
Дағжан ТҰЛБА   

 

 

 

 

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы