• Қоғам
  • 25 Ақпан, 2021

КҮСТАНА

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бәріміз пендеміз...
Пенде болған соң, «Құдай тіл берген екен» деп сөйлей береміз, сөйлемей жүре алмаймыз.
Тілдінің тілі, сөздінің сөзі бар.
Абайға жиі жүгінемін.
«Әзелде Құдай Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын ­тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?»  дейді данышпан.
Әуел баста Сөз болған деседі. 
«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дейтіні бар Абай жарықтықтың.

Бұрын да, осы күні де сөз етпейтін ісіміз, не кісіміз жоқ секілді. Шамалы шегініс жасайық. Қазақтың таңдайына бұлбұл ұя салған ғаламат әншісі Нұрғали Нүсіпжанов Жадыра деген журналист қарындасымызбен отасты. Былай қарасаңыз, «бұл – Тәңірдің бұйрығы». Қалың жұрт таңданып, таңғалып, артынан уылдап, шуылдап екі адамды барынша жазғырып, күстаналап, айтпаған сөзді айтып, дуылдаған бір дауыл басталды да кетті; әлеуметтік желі мен уатсап арқылы той салтанатынан түсірілген бейнежазба телефоннан телефонға ­тарап жатты; ешкімге жазығы жоқ, өз жүректерінің қалауы мен Жаратқанның әміріне бой ұсынған екі адамның сыртынан ерінбеген адамның бәрі сөз айтты. Нұрғали Нүсіпжанов – қазақтың ән өнеріне ерекше еңбек сіңірген, жетпістен асса да дауысы қарлықпаған, қанша жылдан бері сахнаға сән беріп, елге ­рухани қуаныш сыйлап келе жатқан арда бір азамат еді. Жадыра да қазақ журналистикасына өзіндік леп әкелген, тың ізденістері мен жаңашыл жұмыстары арқылы жұрттың көзайымына айналған аяулы қарындастың бірі еді. Әншінің елу жылғы еңбегі қалың шуылдақтың шаңының астында қалды. Бір адам «Апыр-ау, бұл қалай? Неге шектен шығып бара жатсыздар» деген жоқ. Қаралау, табалау көбейді. Қыжыртпа сөздің көсеуін қолға алып, екі адамның тағдырын көрер көзге күстаналау белең алды.

Олардың жан әлемі не күйде? Екеуара ортақ шешімнің қалың жұртқа қандай салмағы түсті? Сонша жазғыратындай, жазықсыз күста­налайтындай нендей ауыр қылмыс жасапты? Тобырлық сананың таптауына түскен жандарға араша түсер бір жанның табылмағаны қалай?

Олар қатты қамыққан да болар. Кеше өздерінің өнеріне дуылдатып қол соққан қалың жұрттың бүгін бір-бір сабау алып, жабырқау тартқанша ­жамандай жөнелгеніне не жосық? Бастарына түскен жағдайы бар шығар, көрген теперіш пен қайғысы аз емес шығар, іштегі мұң мен шерді сыртқа шығармаған да болар...Оған ешкім де қараған жоқ.

Нысана табылды. Бәрі жабылды. Сонда не шықты?

Аяулы жандардың көңіліне түскен қаяу ғана.

Ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ. ­Дуылдады. Шуылдады. Артынша бәрі ұмытылды.

Екі адам үшін ұмытылды ма?

Көңілде көзге көрінбейтін дық қалды...

Азғантай ғана адами қуанышқа қуана алмаған жандарды енді қайтіп сыйлайды? Беттеріне күліп қарап, былай шыға бере сырт айналып, сумаң сөздің көбігін тасытқандар олардың көңілін жасытпады дейсіз бе?

Осындайда өзгеге қарайсың. Оларда да өнер адамдары бар. Олег ­Табаков жетпістен асқанда «жетпісбайын» сүйді. Алла Пугачеваның бір өзі бірнеше күйеудің етегінен ұстап шықты. Тізбелеп қайтейік: талай өнер жұлдыздары бірде ажырасып, бірде қосылып, бірде неше түрлі жағдайға түсіп жатады, олардың сарыжағал баспасөзі солардың басындағы жағдайды ақпарат күйінде береді де жеке бастарына, адамдық ары мен намысына тиетіндей сөз айта бермейді; біздегідей жаппай жазғырып, күпіне күстаналау жоқ. Қалыпты жағдай тәрізді қабылдайды.

Біз қабылдай алмаймыз.

Біреу біреудің сыртынан сөз жүгіртпей отыра алмайды.

Бұл неден? Болмыстан ба? Жаратылыстан осындай ма? Бізге дейінгі қазақтың бәрі осындай болды ма? Жоқ, бүгінгі біз ғана осы қалыпқа түсіп алдық па?

«Сол өрістеп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. «Ой, Тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің?» дейміз, жан бізді бала күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қара­мадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген несі кетіпті дейміз. Біреу айтса да ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса да ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің – өзіңе, өз білгенім – өзіме», «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» деген дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз» дейді Абай атам Жетінші қара сөзінде.

Осындағы «ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік» деген сөздерге бір мезет назар аударсақ. Көңілмен қарау, көзбен қарау дегенде қандай мән жатқанын аңдадыңыз ба?

Жоғарыда сөз болған жайтқа да қалың жұрт көңілмен қарады ма? Көзбен қарады ма? Көңіл айтып тұрса сенді ме? Абайдың аһ ұрып отырған жағдайы кез келген өзекті пенденің өмірінен табылатын шығар.

Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты, Білім және ғылым министрлігі, Мемлекет ­тарихы институты және Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бірлесіп «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы көзқарас» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сенат Төрағасының осы жиында айтқан бір ауыз сөзінен сұрапыл дауыл туғандай, жұрт тілге тиек етер тың тақырып табылғандай, «төпейтін кез келді» дегендей әлеуметтік желідегілер іле-шала сан-саққа жүгіртті. Тіпті ештеңе таппағандар Төрағаның шыққан тегіне, қазақтың асыл азаматы – Сағат Әшімбаевтың атына да ауыр сөздерді бағыттап жіберді.

Осындайда желпінген жұртқа тоқтау салар аталы сөзді Смағұл Елубай айтып еді. «Нұр-Сұлтан қаласында Орталық кітапханада бір тарихи «дөңгелек үстел» өтті. Тарихи дейтінім бұл жиын 1921 жылғы ашаршылықтың 100 жылдығына арналды. Бұл шараны Мәулен Әшімбаев бастаған Сенат ұйымдастырды. Талас Омарбеков бастаған тарихшылар, сенаторлар, министрлер қатысты. Тарихшылар сөйледі. Біз де сөйледік. Өкініштісі сол, әлеуметтік желідегі жұртқа ол әңгімелер толық жетпепті. Олардың құлағына Сенат төрағасы айтқан 99 сөздің ішіндегі тек «Ашаршылықты саясаттандырмау керек!» деген осы бір ауыз сөз ғана жетіпті. «Бұ несі-ай?! Үндеме дегені ме? Қашанғы үндемейміз?!» деп бұлқан-талқан болып жатқандар бар. «Неге бұлай болды? Жиын өте батыл рәуіште өткен еді ғой!» деп біз де таңғалдық. Сөйтсек, ұйымдастырушылар тарапынан бір қате кетіпті. Ол – сол жерде айтылған әңгімелерді толық жариялауы керек еді. Ал негізгі ресми ақпаратта тек Төрағаның бір ауыз ресми сөзі ғана берілген. Соның салдарынан «Төраға мына зиялы қауымға ақыл айтып, оларды ауыздықтау үшін жинаған ба» деген жаңсақ пікір туған. Нәтижесінде Әшімбаев бізді ашаршылық туралы деректерге негізделген ащы шындықты айтуға шақырғаны және науқаншылдыққа салынбай, бұл ұлттың ұлы қасіретін үзбей зерттеу керегін айтқаны, түгел Сенат алдында тыңдау ұйымдастырмақ жоспарының да бар екені туралы бізді қуантқан ақпараттар жұрт құлағына жетпей қалды. Егер жұрт Мәулендей жас Төраға ауызынан бұндай батыл пікірлерді естіген болса біз сияқты «Өй, Жарайсың! Міне, нағыз әкесіне тартқан ұл!» деп қуанып қалар еді. Қанша айтқанмен, Мәулен Сағатханұлы үлкен билік тізгінін ұстап отырған тұлға. Сондықтан ол креслода отырған адам ретінде, ең алдымен, жұрттың тыныштығын ойлайды. Біз сияқты айғайлап айта алмайды. Ол өйте алмайды. Бірақ оның айта алмағанын біз айта алатын болғандықтан ол бізді жинады. Сол үшін де түгел Сенатта осы тақырыпта тыңдау өткізбек ниетін білдірді. Бұны біз батылдық, батырлық демей не дейміз! Ұлтараздық жөнінде. Қазақ бастан кешкен бұл апатты ұйымдастырған – Сталин. Ол – орыс емес. Содан кейін – Голощекин. Ол да орыс емес. Ендеше, орыс пен қазақ арасында қандай проблема болуы мүмкін?! 1944 жылы түркі тарихын зерттеуге қаулы қабылдап тыйым салған Сталин түркілерді жақсы көрді деп айту қиын. Осы жиында тарихшы Т.Омарбеков: «Сталин қазақ интеллигенциясына қарсы геноцид ұйымдастырды!» деді. «Жалпы ұлттық геноцидке жол берді дей алмаймын» деді. Мен айтар едім: Сталин бай, кулак аталатын ауқатты шаруаларға қарсы ашық геноцид жасады. Сталин ол геноцидтің атын ­«Кулактарды тап ретінде жою» деп атады. Малсыз күн көре алмайтын көшпенді қазақ сол кезде түгел кулак болып шыға келді. Малын сыпырып алғаннан кейін қырылды. Америкалықтар үндістерді құрту үшін бизондарды құртқан ғой! Сол кезде үндістер өзінен-өзі қырылды емес пе?! Сталин-Голощекин қазақтарды қырудың осындай сұрқия саясатын қолданды деп білемін. 5 миллион қазақ және біздегі 200 мың өзге ұлт өкілдерінің қырылуына кінәлі сол кездегі большевиктер партиясының Кремльдегі көсемі Сталин және қызыл партияның Қазақстандағы көсемі Голощекин деп білемін. Осы тақырыпты жарты ғасыр зерттеген қаламгер ретінде біздің келген қорытындымыз осы. Бұл – осы 2 қызыл көсемнің қылмысы. Сондықтан да бұл тақырыпты қозғағанда өз басым ашаршылық қазақ, орыс арасында ұлтараздықты қоздырмайды деп білемін. Тек әңгіменің ашығын айта білуіміз керек. Қазақ, украин, орыс шаруаларын қырған Сталин, Голощекиндер екенін айтуымыз керек. Сонда біздің ұлтаралық бірлігімізге ешкім сына қаға алмақ емес».

Бұл сөзді де «айып» көріп, Смағұл Елубайды ағаш есекке теріс мінгізіп жатқандар бар.

Белгілі журналист Бекен Қайратұлы «Осы жиынға мен де қатысқан едім. Расын айтсам, бұл өте маңызды жиын болды. Өте көп мәліметтер айтылды. Бірақ былайғы қауым Сенат Төрағасының қоғамға ескерту мақсатында, жанашырлық лепесте айтқан бір ауыз сөзін іліп алып, жалаулатқаны болмаса, бәрі дұп-дұрыс. Ендеше, сіздер Сенат Төрағасының мына бір қорытынды сөзіне назар салғайсыздар: «Жалпы Мемлекет басшысы бұл мәселеге баса мән беріп отырғаны бүгін айтылды. Әрине, бұл мәселеде бір дөңгелек үстелмен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Өйткені ашаршылық – өте күрделі және терең тақырып. Бұл бүгін еске алып, ертең ұмыт қалдыруға болатын дүние емес. Ашаршылық халқымыздың көптеген шаңырағын шарпып өтті. Ол қазіргі күнге дейін санада жаңғырып тұр десек, қателеспейміз. Сондықтан бұл тақырыпқа науқаншыл көзқараспен ­келуге болмайды. Сол себепті, алдымызда ауқымды, ұзақмерзімді және кешенді жұмыстар тұр. Бүгінгі жиынымызды сол іргелі іске тың серпін беретін маңызды қадам деп қабылдауға болатын шығар» деді Мәулен Сағатханұлы. Ал жоғарыдағы сөздің несі теріс?» деп жазды.

Қазір ешкімнің аузына қақпақ қоя алмайсыз. Әсіресе, әлеуметтік желіде. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген заман. Алайда кез келген нәрсені айтпас бұрын мәселенің байыбына бару керек. Артық байбалам салу – біліктінің ісі емес. Жарайды, пікір айту, тіпті сын айту деген де керек. Алайда әуелі сол жиында не айтылды? Қандай мәселе қаралды? Тым болмаса сол ­баяндамаларды тегіс оқып шығуға немесе бейнебаянды қарап көруге болады ғой. Сөзді сосын айтуға, жазуға болар еді. Құр аттанға, дереу даттауға қосыла кеткеннен адамдық абырой ешқашан биіктемейді.

Аталған жиынға біз де қатыстық. Отырдық. Тыңдадық. Талай нәрсе айтылды. Оқшау ойлар да бар. Дүние төңкеріліп кететіндей нәрсе көрген жоқпыз.

Қазақтың тең жартысының аштан қырылуы Қасірет пе? Қасірет!

Енді осы қасіретті әлемдік деңгейде әйгілеу үшін не істейміз?

Қазақтың жас ұрпағы Ұлттың ұлы қасіретін қалай сезінеді? Сезіне ала ма?

Біз осы бір қасіретті кезең туралы сөз еткенде аштан қырылған халықтың нақты саны туралы әлі анық білмейміз. Бірде 1,5 миллион, енді бірде 3,5 миллион адам қырылды деген деректер бар. Рас, аштық Украинада, сол Ресейдің өзінде де болды. КСРО-ның басқа жұртына қарағанда қазақтың басына түскен тақсырет өте ауыр! Ең көп қырылған да біздің ел! Тарихшылар мен зерттеушілер осының бәрін терең зерттеп, бірізге келтіруі тиіс. Бұл деректер нақтыланған соң, алда жазылатын Қазақстан тарихы туралы оқулықтарға енгізілуі керек. Құрбандық санын нақтыламай тұрып, тарих оқулығын қалай жазамыз?

Аштық тақырыбын түбегейлі зерттеу қажет. Осы ретте Азаттық жолын­дағы ақтаңдақтар аршылуы, архивтерде шаң басып жатқан құжаттар терең зерттеліп, ғылыми айналымға түсуі тиіс. Өзекті мәселеге таптық тұрғыдан, яғни ескі әдіс-тәсілдермен қарамау керек. Осыған дейінгі зерттеулердің көбі осындай саяси реңк алғаны жасырын емес...

...Мейрамбек Бесбаев та қазақтың ән өнеріндегі айтулы тұлға. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бірде «Бүгін Мейрамбек Бесбаевты мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшім етіп тағайындадым» деп жазғаны сол еді, Мейрамбектің атына айтылмаған сөз қалмады. Оның алдында Мейрамбек Бесбаевтың ­магистр атанғаны, әсіресе ғылым жолында жүрген профессорлардың наразылығын туғызды деп біраз шуылдаған. Ол ­Алтынбек Қоразбаев туралы зерттеуді өзінің ғылыми жұ­мысына нысана етіп алған екен. Алтынбек Қоразбаев – қазақ мәдениетіндегі орны, еңбегі зор тұлға. Мейрамбектің ұстазы. Магистратурада оқып жүрген кезінде талантты әнші талай рет гастрөлге бірге шығып тұрған. Сөйтіп жүріп зерттеу жұмысына уақыт тапқан. Мейрамбектің аты аталғанда соның бәрі «жіпке тізілді», айып тағылды, ақпа сөздің бәрі айтылды...

Ал енді мына парадокске қараңыз: танымал эстет қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Руға емес –  рухқа, ағаға емес Алашқа қызмет ететін кездерің» немесе Ақаңның аманаты» («Егемен Қазақстан», 1.10.2017) атты Мейрамбекке арнайы бекзат хаты жарияланды. Әрине хат қолдаусыз қалған жоқ. Осында ұлт рухының қайнар көзі – ұлттық өнеріміздің келешегіне байланысты бағдарлама іспеттес қаншама кемел ойлар айтады. Ал енді осындай мәселеде неге біз белсенділік биігінен көрінбей қалдық? Әншісі бар, басқасы бар қоғамда неге дүмпу туғызбадық? Неге осылай шуламадық?

Сәкен Майғазиевке рақмет, ол ­Мей­рамбек туралы «Таулардың биік­тігі байқалмайды» дейді ғой. Қасымда жүрген Мейрамбекті, замандасым, әріптесім болса да, бір дыбысұлғайтқыштан дауы­сымыз шығып жүрсе де, сыйлаймын, төрден орын беремін. Мейрамбек ­тарихта қалатын адам деп есептеймін, әрқашан да оның алдында кішірейемін» деп өнерлес досына қорғау сөз айта білді.

Композитор Марат Ілиясов пен ­Алтынбек Қоразбаев арасындағы кикіл­жің де қаншама сөздің отын тұтатты...

...Бәріміз де пендеміз дедік.

Айта берсе, осындай жағдайлар аз емес.

Қоғам болған соң, елдің алдында жүрген саясаткерлер, өнер адамдары бір сәт те назардан тыс қалмайды. Олар да адам баласы. Бірде жаза басады. Бірде оқыс жағдайға тап болады...

Сөз орайы келгенде айта кетейік. Қазақтың абыз ақсақалы, қадірлі қаламгер Әбіш Кекілбаев Түркияға барған сапарында сондағы қазақ жастарымен кездесіпті. Жастардың бірі:

– Түркиядан елге барған жастарымызды шеттетеді екен, мемлекеттік қызмет ұсынбайды екен, біздің Қазақстанда сондай жаман тенденцияның бары рас па? – деп Әбекеңе қатқыл үнмен сұрақ қойыпты.

– Қарағым, шамам келгенше, маңдайымның тері, көзімнің жасы, табанымның кірімен «қазақ болсын, қазақ толсын» деп жүрген жанмын. Бірақ қақсам – қалтамда көк тиын жоқ. Қазақстанның мемлекетіне Қазақстанның мемлекеті маған не береді деп емес, мен Қазақстаныма не беремін деп, күні-түні еңіреп жұмыс істейтін адам керек еді ғой. ...Мен бірақ қазақтың Құдай атып кеткен жігітінен де үмітімді үзбеймін. Себебі оның белінде қазақтың болашағы жүрген шығар деп үміттенемін, – депті абыз Әбіш.

Біз де сөзден сөз қуалап жүрген­дерге бүгін өкпе артқанымыз болмаса, олардың беліндегі ұрпақтан үміт үзбейтінімізді де айта кету парыз шығар. Себебі бәріміз бір ұлтпыз, бір болашақпыз...

Кезінде Әбіш-абызға да сансыз көптің шулап, жағасына жармасқысы келгені еске түскенде жүрек тұсың зіл батпан ­болып ауырлай түседі. Асылымызды да, абызымызды да таяқтан ауыр сөзбен ұру тәсілі қанымызға сіңіп кете ме деп уайым­дайтының және бар.

Кез келген адамды орынсыз күс­та­налаудың орны жоқ, олардың жеке басына «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, бас-көз жоқ тиісу, болмағанды болды деп, толмағанды толды деп алаулатып, жалаулатып шыға келетұғын кесел де кердең қалпымыздан арылудың кезі келгендей.

 «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үші, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма? Малдылар малын өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып, қолдағы Құдай берген азды-көпті дәулеті қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. «Пыш-пыш» кеңестен қалып, бір ауылдан бір ауылға барып қулық, сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржаңдасуды қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең, халыққа әдет болған соң, шаруаға пысық, мал бағуға пысық ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім, білгенім» деп елге ­жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді. Сол үшін осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады» депті Абай.

Сөз-ақ!

Абайдың уағынан әлі алысқа кеткен жоқпыз.

Абайдың айтқанынан өзімізге тиісті сабақ та алмаппыз.

Абайдың қойған «диагнозы» әлі ескірмеген екен.

Сонда не болдық? Ел болып кесір мінезден, кердең қалыптан, күстана сөзден, көңірсіген өсектен қашан арыламыз?

Арыла аламыз ба?!

1881 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы