• Cұхбаттар
  • 25 Ақпан, 2021

ЖОЛ АЛЫСТЫ ЖАҚЫНДАТАДЫ

Болат Сұлтанов,
Қазақстан-неміс университетінің халықаралық және аймақтық 
ынтымақ­тастық институтының директоры:

– 2020 жылдың қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұлт­тық мүдделерді кеңейту үшін Қазақстанның Еура­зиялық экономикалық одақтағы орны мен «Бір белдеу, бір жол» жобасын барынша пайдалану керегін айтады. Осы турасында кеңінен айтып өтсеңіз?

– Әлемдік сауданың көп бөлігі теңіз саудасы арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет теңізге шыға алмаса, тауарларды экспорттау, инвестиция тарту және тұрақты экономикалық өсу мен әлеуметтік дамуды қамтамасыз ету қиын. Қазақстан – теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекеттер қатарында. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ және «Бір белдеу, бір жол» сияқты интеграциялық ­жобалар біздің елімізді қызықтырады, өйткені бұл жобалар бізге теңіз тасымалдауын пайдалануға мүмкіндік беріп, Еуропа мен Азия нарығына шығуға көмектеседі.

Осы сұхбатымда «Бір белдеу, бір жол» ­жобасы ­туралы ғана айтып өткім келеді. Қытайдың «белдеу» сөзі автомобиль және теміржол тасымалын пайдаланатын құрлық бағыттарын, ал «жол» сөзі теңіз жолын білдіреді. Қазақстанда теңізге шығатын жол болмағандықтан, бізді «белдеу» сөзі көбірек қызықтырады. Ол «Жібек жолы экономикалық белдеуі» деп аталады. Бұл жол Қытайдан басталып, Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға, Шығыс пен Таяу Шығыс елдеріне барады. Бұл Қытайдың тауар тасымалдауының баламалы бағыты.

– Бұл жолдың маңызы қандай?

Бұл жол Қазақстан арқылы өтетіндіктен, біздің елге де айтарлықтай пайда әкелуі керек. Жол арқылы тауарларды әртүрлі бағытқа жеткізіп қана қоймай, басқа елдерден кіретін тауарлардан салық жинай аламыз.

Эпидемияның әсеріне қарамастан, 2020 жылдың қаңтарынан шілде айына дейін Қорғас теміржол бақылау-өткізу пунктінен 2240 қытай пойызымен 3,3 млн тонна жүк өткен. Өткізу пункттерінен өтетін сауда көлемі 2020 жылы 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55,37% артқанын нақты деректер дәлелдеп отыр. Осы кезеңде Қытайға Еуропадан және Орталық Азиядан 266 жүк пойызы кірді, бұл Қытай өткізген пойыз санынан 10 есе аз. Олардың көпшілігі Германия, Польша және Қазақстаннан келді.  Жүк пойызы тауармен Еуропаға барып, негізінен, кері бос қайтады. Бұл екі тарап экспорттаған тауар санының айырмашылығы үлкен. Қазақстан арқылы өтетін жолды АҚШ бақыламайтындықтан, Қытай үшін бұл жол үлкен стратегиялық маңызы бар әрі қауіпсіз. Қытайдан Германияға теңіз арқылы жүктерді тасымалдау уа­қыты, шамамен, 40 күнді құраса, Қазақстан те­мір­жол арқылы 16-18 күнде жетеді. Оның үстіне, темір­жол – теңіз тасымалына қарағанда әлдеқайда арзан.

– «Жібек жолы экономикалық белдеуі» арқылы Қазақстан қандай артықшылықтарға ие болды?

– Ең алдымен, Қытай мен Қазақстан арасын­дағы сауда көлемі тұрақты түрде өскенін атап өткен жөн. 2018 жылы Қытай мен Қазақстан арасын­дағы сауда көлемі 12 миллиард долларға жетті, ал 2019 жылы ол 14 миллиард доллардан асты, тіпті эпидемияның әсеріне қарамастан 2020 жылдың алғашқы алты айында сауда көлемі 9,35 миллиард АҚШ долларына жетті. Барлық қазақстандық тауарлардың бестен бір бөлігі Қытайға экспорталатынын айтқым келеді. Сонымен қатар біздің 100 компания Қытайда сұранысқа ие түйе сүті сияқты ауылшаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттауға рұқсат алды.

Бір нәрсені айта кетейін, Қазақстан Өзбек­с­танмен және Тәжікстанмен шекараларын жауып тастағанымен, карантин кезеңінде біз көкөністер мен жемістердің тапшылығын сезбедік, бұлардың барлығы көрші елден жетіп отырды. Карантин кезінде Қытайдың Қазақстанға экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 83,4% өсті.

Қазақстан – Қытай табиғи газ құбыры туралы айтпай өтуге де болмас. Осы құбыр арқылы біз Қытайға табиғи газды сатып қана қоймай, сонымен қатар Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы қалалары тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыра аламыз. «Жасыл» деп аталатын технологияларды енгізу бойынша бірлескен жобалар да өте тиімді. Мысалы, Жаңатас қаласында жел электр стансасын салдық. Қазір 20 жел генераторлары пайдалануға берілді. Құрылыс аяқталғаннан кейін жел электр стансасы жылына 350 миллион киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Сонымен қатар Алматы облысының Қаскелең ауданында қуаты 50 мегаватт болатын күн электр станциясы салынып жатыр. Ол осы жылдың шілде айында Қазақстан электр желісіне қосылып, электр қуатын өндіре бастады.

– Қазақстанның көлік және логистика салаларында қандай өзгерістер бар?

– «Дағдарыс келеді және кетеді, жол қалады»... Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көлік байланысының аяқталуына табысты ықпал еткен Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев екенін баса айтқым келеді. Бүгінгі күні 6 автомобиль жолы, 9 теміржол және 4 халықаралық маңызы бар жолдың біздің ел арқылы өтетін әуе дәлізі бар.

Қазір көлік логистикасы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 8,1% құрайды. Менің ойымша, Қазақстанның 8445 шақырымға созылатын Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автомобиль жолының құрылысына қатысуы өте жақсы жоба. Осы жобаның нәтижесінде Қытайдың Тынық мұхитындағы айлақтарынан Санкт-Петербургке он күннің ішінде жүк тасымалдай алады, бұл теңіз жолдарынан 3,5 есе жылдам. Сонымен қатар біз Қорғастан Қазақстанның оңтүстік аймағына дейінгі Ақтөбе жолын қайта жөндедік.

Қытайдан Батыс Еуропаға автомобиль ­тасымалдау да ыңғайлы бола түсті. Қазақстан мен Қытай жолдарды ішінара 2017 жылы аяқтады. Басқаша айтқанда, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналды.

Кезінде Қытай «Бейжің – Алматы–Мәскеу – Берлин» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 9500 шақырым және максималды жылдамдығы сағатына 350 шақырым, «Еуразия» жүрдек темір­жо­лын салуды ұсынды. Артықшылығы, ол арқылы Германиядан Қытайға жету үшін 40 сағат кетеді, бұл бізге өте тиімді.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстан қазір ішкі және халықаралық тенденцияларға қалай жауап беру керек?

– Бұл белдеу бізге теңізге шыға алмайтын «географиялық кемшіліктерді» артық­шылықтарға айналдырып, Қазақ­станның тиімді көліктік әлеуетін арттырады деп ойлаймын.

18 миллион халқы бар және теңіз жолы жоқ елге неғұрлым салмақты инвесторлар келмейтінін мойындауымыз керек. Алайда халықаралық көлік дәлізі бұл елдің аумағы арқылы өтсе, жағдай өзгереді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

1750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы