• Мәдениет
  • 25 Ақпан, 2021

«АҚСАРБАС»

Қытайдағы қазақтар түсірген «Ақсарыбас» фильмі көрермен тарапынан жоғары баға алып жүр. «Бұл фильм Қытай орталық телевизиясының кинофильм ­жасау орталығының жетекшілігімен қазақ тілінде түсірілді. Актерлердің бәрі Шыңжаңнан шыққан өнер адамдары. Сондай-ақ Қазақстаннан Нұрлан Әлімжанды шақырдық. Кино ғасыр бұрынғы уақыттағы қазақ сахарасындағы көшпенді өмір, қазақы дүниетаным мен дәстүрлі мәдениетке негізделген. Ішінде махаббат пен сүйіспеншілік те бар» дейді ҚХР Шыңжаң автономиялық аудандық Жазушылар одағы төрайымы, сценарий ­авторы Еркеш Құрманбекқызы. Фильмнің сценарийін жазған Шыңжаңдағы (ҚХР) Жазушылар одағы төрағасының орынбасары –  Еркеш Құрманбекқызы, бас режиссері – Орталық телевизия бастығының орынбасары Гау Фың, бас продюсері – Шың Зы Жүн.

Фильм өткен ғасыр басындағы қазақ қызының әдемі әлемін, ­махаббатын, қазақтың көшпелі өмір салтының көрінісін суреттейді. «Ақсарбас» фильмінің оқиғасы Е.Құрманбекқызы балалығын өткізген Қытайдың Шыңжаңдағы Алтай тауларындағы Бейта тау жайы­лымында өтеді. Қазақтың ұрпағын  жатқа бермеуі, ғашықтардың домбыра, қобыз үнімен  сырласуы, боталы інгеннің басындағы кеп «Ақсарбастың» ішкі лейтмотиві.

Фильмдегі басты кейіпкерлер: Үкібала (Ақтай салды ұнатып, ата-анасының ұзатпақ болған жеріне бармай, сүйгенімен  қашып кетеді де, кейін Қастермен бас құрайды. Фильмнің соңында Ақтай салдың ауылында қалған қос құлынын сағынып ботасын іздеп боздаған аруана кейпіне енеді); Ақтай сал (Үкібаланың ғашық жары. Жастай дүние салады); Қастер (даланың тау мінезді тұйық жігіті. Үкібалаға үнсіз ынтық болады. Үкібалаға өз қолымен күміс ер ­шауып береді, кейін ғашығымен аз ғана күн жұптасып өмір сүреді); Қали (­арманшыл бала. Фильмдегі оқиғаның кейбір тұсы Қалидың естелігімен баяндалады); Сара апа; Абыз қария. Фильмде Абайдың өлеңдері оқылып, әндері айтылады.

 «Алтай шопандары су мен шөп қуалап өрісін маусым сайын ауыс­тырып отырады. Ірі қара мен қой бағу үшін олар 600 шақырымнан аса жол жүруі керек. Бір жылы бір бақташының отбасынан шыққан кішкентай қозы жүре алмай менің үйімде қалды. Өкінішке қарай, кішкентай қозы тауда құлаған тас астында қалып аяғын сындырып алды, бір жылдан аса уақыт күтімге алсақ та ол аяғынан тұра алмады. Әкем қойды соймаққа бекінді: «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ». Алтай тауының малшылары ірі қара мен қой сойғанда дәл осылай айтатын, сонымен қатар бұл «Ақсарбас» фильмінің классикалық сөйлемі. Қазақ қуанышы мен жұбанышына, әлде бір тәуекел еткен ісіне ақсарбас  атайды» дейді Е.Құрманбекқызы.

Ғасыр бұрынғы көшпелі өмір тарихы, түсірілім ортасы мен кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас өте маңызды болғандықтан, режиссер сол кездегі ерекше атмосфераға қол жеткізуді, адам мен табиғат арасындағы тығыз байланысты және қазақ шопандарының өмірлік тәжірибесін көрсетуді маңызды деп санаған.

«Бұл, ең алдымен, адамдар туралы оқиға. Ұлт пен қоршаған орта көрініс қана. Адамдар жер бетінде өмір сүргенде тіршілік те бар. «Ақсарбас» фильмі адам мен табиғат арасындағы байланыс идеясын білдіреді. Адам табиғатсыз тіршілік ете алмайды, ал табиғат адамдарсыз сүреңсіз болып қалар ма еді?» дейді Е.Құрманбекқызы.

Қытай қазақтарының «Хасен-Жәмиләдан» бастау алған әрбір кино туындысын қазақстандық көрермен үлкен қызығушылықпен қабылдап келе жатыр. Соның бірі – «Көрікті ­мекен» фильмі. Ұзақтығы 1 сағат 40 минут болатын бұл туындыда қазақтың тұрмыс-салты, дәстүрі барынша молынан қамтылған. «Ақсарбас» жазушы, аудармашы, сценарист Е.Құрманбекқызының сценарийімен түсірілген екінші фильм. Автор бұл шығарма қазақстандық көрерменнің «Көрікті мекеннен» кейін Қытай қазақтарының кинофильмдері туралы қалыптасқан ыстық ықыласын одан әрі арттырмаса, кемітпейді деген ойда.

 

2116 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы