• Руханият
  • 25 Ақпан, 2021

ЕЛІНЕ СӨЗІН ӨТКІЗГЕН...

Сарыбай би Айдосұлы – Ұзынағаштан Тәшкентке дейінгі аралықтағы қоқан қамалдарын алып, қалың елді қоқандықтардың  езгісінен, зорлық-зомбылығынан азат етуге қатысқан, халықтың ынтымағы мен бірлігінің нығаюына ерен еңбек сіңірген әрі батыр, әрі би, тағылымы мол тарихи тұлға. Тарихи деректерде Сарыбай би 1821 жылы қазіргі Алматы облысы Ұзынағаш өзенінің бойындағы Қостөбе деген жерде дүниеге келгені туралы айтылады. Ол – өз заманының әділетті биі атанған тұлға, сонымен қатар соғыста жауынгерлерге дем бере білген қолбасшы. 1864 жылы Шымкенттің оңтүстігіндегі Сайрам қаласы үшін болған ұрыста қаза тапқан Сұраншы мен Сүттібай батырлардың орнын басып, қазақ жасағына қолбасшылық жасаған.
Таяуда Сарыбай би Айдосұлының туғанына 200 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жамбылдың ұстазы Ер Сарыбай би Айдосұлы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті. Жиында сөз алған тарихшылар мен ғалымдар тарихи тұлға туралы ғылыми тұжырымдарын білдірді. Ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің Сарыбай би Айдосұлының тарихи тұлғасына қатысты сөйлеген сөздерін ықшамдап ұсынып отырмыз.

Жанғара Дәдебаев,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің заманында елдің ынтымағы мен бірлігіне іріткі салған, малы мен жанына шапқан тынымсыз жау қоқан еді. Қоқанның ел ішіндегі бекіністері, қамалдары, қарулы күштері, елден алым-салық жинаушы шеріктері момын елдің ішінде ойына келгенін істеп, ойран салды. Бастары бірікпеген, жауға қарсы қайрат қылуға жарамаған аз ауыл, шағын жұрт бас сауғалап, қоныс аударуға мәжбүр болды. Елдің жайын, жаудың жан аямас жаулығын көрген батырлар шығып, қол жиды, сарбаз жасақтады, бытырап жүрген жұрттың басын біріктіріп, біртұтас күш пен ынтымағы жарасқан берекелі елге айналдыруды мұрат етті. Сарыбай Айдосұлы ат жалын тартып мінгеннен бастап, ел қорғаған Сұраншы батырдың қасында осындай мұрат үшін күресті.

Ел аузындағы аңыздарға, Сүйінбайдың, Жамбылдың дастандарында, толғауларында Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің ата жұртын біріктіру жолындағы билік істері, атамекенін жау шапқыншылығынан қорғаған ерлігі соғыс өнерінің түрлі амал-айлаларына жетіктігімен қатар ашылады. Осындай ерен ерлік істердің бірі Сүйінбай мен Жамбылдың ­дастандарында, толғауларында көрініс тапқан. Оның көркемдік нәрі тарихи мәнімен маңызды. Онда бейбіт елге қаптаған қалың қол болып шапқан қоқандықтардың зорлығы мен қорлығы туралы хабар алғанда, Сұраншы батыр жауды шабуға  ыңғайланады. Ел адамдары жаудың 20 мың қолына 3 мың қолмен қарсы шабу қауіпті екенін айтып қамығады. Сұраншы батыр жау көп екен деп тоқтап қалмайды, жауға 3 мың қолмен қарсы шабудың және жеңіп шығудың амалын табады. Батырдың ойлап тапқан стратагеммасы бойынша, ел қорғаушылар қараңғы түсе қалың жаудың әр жағынан от жағады. Жаудың көзіне есепсіз көп қосын болып көрінеді. Алдымен жаудың бектер жатқан ордасына шабады. Жауға шапқан кезде 3 мың қолдың бір бөлігі Алатаудан Қаройға жеткізе от жағады. Бір бөлігі от қарудан оқ жаудырып, орысша керней тарттырып, көнектер мен шелектердің түбін ұрғылап, барабан қақтырады, анда-санда мылтықты құр дәрілеп аттырады. Жауға орыс әскері келіп қалғандай әсер етеді. Бір бүйірден Сұраншы батырды өзі тиіседі қиқу салып. Қоқандықтарға қарсы соғыс жоспары Сұраншының стратагеммасына сәйкес жүзеге асады.

Жаудың шатырда жатқан билері мен бектері, мансаптылары қараңғыны жарып шыққан тарсыл мен гүрсілден, жер қозғалғандай дүбірден, ұран салған айғай мен қиқудан үрейі ұшып, үй ішінде ұйлығады. Киімін тауып киюге, қару-жарағын тауып қолына алуға жарамай қалады. Сұраншы батыр 3 мың қолмен жер қайысқан әскердің де тоз-тозын шығарады. Сұраншы батыр мен Сарыбай би қоқандықтардың зорлығы мен қорлығына қарсы аянбай күресті. Сарбаздарын бастап, қоқан бекіністерінің жай-күйін, қоқан әскерінің орналасқан жерін, бас қоспақ болған мақсатын алдын ала біліп, шолғыншылар жіберіп анықтап, оларды қай жерде қалай шабудың амалдары мен тәсілдерін ойлап тапты.

 

Олжас Сүлейменов,

Қазақстанның Еңбек Ері:

– Ұлы Дала төсінде талай мемлекет орнатқан, елдіктің туын жықпаған, елдігімізді де сақтап қалған, тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан ұлылар аз болған жоқ. Елі үшін жанын құрбан еткен ерлер халқының сөзін сөйлеп, әділдіктің ақ туын түсірмеген білімпаз билеріміз бен батырларымыз өткен. Біздің әулетімізде де ақындар, батырлар көп болған. Жаугершілік заманда қазақ батырларымен қатар әділеттің жоқшысы болып, халықтың көкейіндегісін айтқан билердің де орны ерекше. Менің «Аз и Я» деген еңбегімде: «Түркі тілдеріндегі буй, би, бай, бей сөздерінің нұсқалары билік пен құрметке ие адамдарға қолданылды» деп анықтама берілген. Би тұғырына топты жарып таразы басын тең ұстап, әділдікті сақтап, қара қылды қақ жарып айтатын парасатты адамдар көтерілген. Жер жаннаты Жетісу өлкесінде небір билер мен шешендердің, батырлар мен ақындардың өткені рас.

Жастайынан ел билігіне араласқан Сарыбай терең ақылымен, адал адамгершілігімен, өжеттілігімен танылған. Сарыбай би Алатауға ат басын тіреген Кенесары ханмен де, қырғыз манаптарымен де, орыстармен де терезесін тең ұстаған, бәрімен сыйласып тұратын, Жетісу өлкесіндегі ең қиын даулы мәселелерді шешетін төбе би болған.  Сарыбай би Жамбыл Жабаевтың ақылшы ұстазы болған. Жамбылды жас кезінен таныды. Елден шыққан өнер иелеріне ерекше қамқорлық көрсетеді. Ел арасында осы күнге дейін Сарыбай би айтыпты дейтін шешендік кесім, билік, тапқыр сөздер, мақал, нақылдар аз емес. Сарыбай би – бір елдің, бір өлкенің ғана емес, исі қазақтың мақтан тұтар ерекше қастерлеп тұратын тарихи тұлғалардың бірі. Сондықтан Сарыбай би Айдосұлын зерттеу, мәңгілік есте қалдыру, оның атқарған зор істерін бүгінгі және болашақ ұрпақ санасына сіңіру – айрықша міндет.

 

Талғат Мұсабаев,

Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы»:

– XXI ғасырда өмір сүріп жатқан біз – бақытты ұрпақпыз. Өйткені жылдар бойы аңсап, армандаған тәуелсіздігімізге жеткен буынбыз. Бұл жолда құрбан болған бабалар атын ардақтайық. Тарихымызға үңіліп қарасақ – еліміз бен жеріміз үшін қаншама шайқас, майдан, арпалыс, соғыс болды. Батыр бабаларымыз жауға қарсы тұрып, бастыны еңкейтті, тізеліні бүктірді. Сондай ардақты тарихи тұлғаның бірі – Сарыбай би Айдосұлы. Туған елі мен жері үшін бар ғұмырын арнаған бұл Сарыбай бидің 200 жылдығын еске алу абыройлы іс. Ерін құрметтеген ел – бақытты. Әлемнің қаншама елін аралап көрдім. Бірақ қазақ еліндей дарқан, қазақ жеріндей ғажап жер жоқ. Бұл Сарыбай би Айдосұлы секілді бабаларымыздың ерлігі мен ата-бабаларымыздың даналығының арқасында бізге қалдырған асыл мұра.

 

Ханкелді Әбжанов,

Қазақ ұлттық аграрлық университеті«Рухани жаңғыру»

орталығының директоры:

– Сарыбай бидің жасампаздық және тұлғалық қасиеттері толық ашылған ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысы ұлттық және әлемдік бетбұрыстар мен өзгерістерге толы еді. Ұлы даланы орыс империясының 130 жылға созылған отарлау саясаты діттеген мақсатына жетті. Жаңа дәуірдің ұлы тұлғалары Кенесары мен Наурызбай, Шоқан мен Абай ерліктерімен һәм мәңгі өшпес мұраларымен тарихымызды түрлендірді. Бұл қазақ халқының жер бетінде сақталып қалуы үшін жанталасқан күрес дәуірі болатын. Көмек қолын созатын Түркия ауыр дағдарысты бастан кешіп жатты, жас мемлекет Германия күн санап күш жинап, қатерлі елге айналды. Америка Құрама Штаттары индустриалы өркениеттің көшін бастады. Бұлармен иық тірестіруге қауқарымыз қалмағаны ақиқат. Апат қаупімен бетпе-бет келген тұста Сарыбай бидің барша күш-қайраты мен ақыл-ойы елі мен жерінің тұтастығын, қауіпсіздігін, болашағын қорғауға жұмсалды. Жетісудың әйгілі тұлғаларымен, Арқаның сөз ұстаған ақылмандарымен тізе қоса қимылдады, Ресейдің, Қоқанның, Қырғыздың билеушілерімен келіссөздер жүргізді. Осының бәрінде оның сүйенген әрі сенген құдіреті – сөз. Тіл мен сөз – адам баласының бойындағы баға жетпес байлық. Сарыбайды тарихи тұлға биігіне көтерген себептер би, батыр болғаны, ел ағаларынан алған батасы ғана емес. Тауып айтқан сөзі, шешен тілі оны атасының баласынан адамның баласына, қазақтың қамал-қорғанына айналдырды.

 

Нағашыбек Қапалбекұлы,

жазушы:

– Сарыбай бидiң ерекше бiр көрегендiгi – Жамбылды жас кезiнен танып, қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтыр­май, тәрбиелеп, қырандай биiкке самғатып ұшыруы.

Жамбылға берген батасының өзi не тұрады:

– Ау, Жамбыл, бата сұрап келiп қапсың,

Қобыз тастап, қолыңа домбыра апсың.

Өлеңiңнiң арасынан қыл өтпесiн,

Алдыңнан iнжу-маржан өзен ақсын.

Жамбыл-ау, Екей елi – өлең деген,

Жел сөзге әрбiр қазақ елеңдеген.

Көзiңде – от, көкiрегiңде жырың тұнық,

Түбiнде ақын шығады сенен кенен.

Екейдiң аты шыққан өлеңменен,

Iрi ақын мойны озық көрем сенен,

Сүйiнбайдың сөзiн жалғар – алтын көмбе,

Батамды түбi саған берем дегем, – деп Жамбылға ақ батасын берiп, талай шаршылы топта айтулы айтыстарға түсiрiп, қасынан тастамаған.

Сарыбайдың тiкелей ықпалымен Ұзына­ғаш пен Қаскелеңде қазақ балалары үшiн арнайы мектеп салынды, онда алғаш араб әлiппесiмен, кейiннен орысша оқытатын болған. Халық үшiн қабырғасы қайысқан үлкен азаматтығының бiр ғана көрiнiсiн мынадан ғана  байқауға болады. 1878 жылы елде қатты жұт болып, егiн шықпай, төңiрек аштыққа ұшырай бастайды. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде Сарыбай би Көкбастаудағы мешiттiң имамы Тәлiпбайды басшы етiп, бар малды бiр ортаға жинатып, бақтырып, ретiмен сойыс жасап, халыққа бiр мезгiл ыстық ас таратуды жолға қояды. Алыстағы ауылдарға сауын айтып, жиналған сүт-айранды, тамақты әр адамға тегiн үлестiрiп берiп отырды. Соның арқасында халқы орасан зор аштықтан, қырғыннан аман қалады.

 

Дәулет Тұрлыханов,

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері:

– «Өткеніне көз салмаған, болашаққа түзу көзқарас қалыптастыра алмайды» дегендей, халқымыздың біртуар нар ұлдарын жас ұрпаққа айшықтап, танытып отырғанымыз – ата-баба рухына тағзым ету – біздің азаматтық борышымыз деп білемін. Бүгінгі жас ұрпаққа атамыздың өмірі, ерлігі, қайсарлығы, данышпандығы үлгі болып қалатыны сөзсіз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, артында қалған ұрпақтарына, елімізге Сарыбай би атамыздың аты мәңгі өшпес асыл мұра.

Ақжыға Жұмағали

 

 

 

875 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы