• Руханият
  • 25 Ақпан, 2021

БЕУ-БЕУ, БЕС БӨБЕК...

Раушан Төленқызы
«Ana tili»

...Ақпан айының алғашқы күндері оңтүстікке, оңтүстік-шығыс жұртына жайлы жетті. Қыстың ызғары жұмсарып, күннің қызуы көктемнің жақындап қалғанын кем-кемдеп аңдатып келеді. Қыстаудан көктеуге көтерілуге пейіл көне заманғы көшпелілердей жұрт жазғытұрыны аңсаулы. Бұл – айдың екінші жартысы ауған кез. Бүгін – ақпанның 19-ы, жұма. Қанша айтқанмен, түске дейін – мүйіз, түстен кейін киіз мезгіл емес пе, таңертеңнен ауа алабұртып, күн бұлттанып, біртүрлі, дала бұлыңғыр тартып тұр. Бесінге таяу Әулиеата аймағында, әсіресе Тараз қаласында ептеп суық жел көтеріле бастады. Қалың пальтосын қалдырып, жеңіл күртемен жүргендер өңірін күрт қаусырынып жылы үйлеріне жетуге асықты. 

БЕСІКТЕ ИІСІН ҚАЛДЫРҒАН,

 БІЛЕГІҢДІ ТАЛДЫРҒАН

 

...Жұмадағы жел жұлқынып, ақыры, дауылға ұласты. Тамыры терең байланған, діңі жуан ағаштар болмаса, анау-мынау тал-дарақ түбірмен қопарылып, көшедегі адамдар ықтасын іздеп кетті. Жаңа салынған кейбір көпқабатты үйлердің шатырын жұлып, айналасы аласапыран болды. Түстен кейін Жаңатастан жеткен жаманат хабар Жамбылдың жалпақ жұртына дауылдан бетер қиын тиді. Кеншілер қаласында алды жетіге жетпеген, соңы жеті айлық бес бөбек бірдей өрттің құрбаны болыпты. Екі жыл бұрын Елордадағы бес бүлдіршінді жалын жалмағаны жадымызда. Енді мынау... «Ана тілінің» ана жылдарғы ақмолалық арнаулы тілшісі Жұматай Сабыржанұлы егемендіктің елең-алаңында атамекенге қоныс аударған, алайда тұрмыстың қиындығына төзбеген  қандастардың кейбірі келген еліне кері көшіп жатқанына «қарағайдан қазақ жасай алмай жүргенде мұнымыз қалай» деп қынжылып еді. ...Жаңатастан жырақтау жатқан Үшаралға ауыр хабар дүңк ете қалды. Шетінеген сәбилер ауылдың бүгінгі ең үлкен қариялары жасы тоқсанға тақаған Бекбосын атай мен Жаңыл әжейдің шөберелері, яғни  Жаңатас қаласында тұратын Дінмұхамед деген ұлының Нұрсұлтан атты бала­сының бөпелері болып шықты...

 Үшарал сол түні ұйықтаған жоқ. Сынбаса да, қабырғасы сөгілген қалың жұрт сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Естіген ел есін жия ауыл ортасындағы ауыр жағдайға ­душар болған үйдің қайғысын бөлісуге ағылды.  Бүгінде адам аяғы ұзарып, әр отбасының  өрісі кеңейген шақ. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ұялы телефонның арқасында бұрынғы ауылдастар бір-біріне әр қаладан хабарласып «ойбай-уууйй, мына бөпелер өзіміздің Дініштің кішкентайлары, немерелері екен ғой» десіп, іштері удай ашыды.

...Күндіз үйде өзінен басқа ересек ешкім жоқ, келіншек дүкенге шықты. Бұған дейін, кіш­кентайларды аулаға ойнатуға алып шыққан кезде, жеңіл-желпі шәй-қант, нан-сүтін маңайдағы ұсақ дүкендерден ала қоятын. «Сол күнгі желден сескеніп, ­балаларды үйге қалдырып кеткен едім ғой» деп ­шырылдайды. Жапырақтап ет жемейтін бөбектеріне лайықтап тамақ пісіріп беру үшін паршаланған ет, яғни фарш сатып алуға үйдің түбіндегі дүкенге барған. Іздегенін таба алмапты. Бесіктегі бөпесін емізіп шыққан ол, тез барып келе қоярмын деп ойласа керек, үйден біраз қашықтағы супермаркетке бет алыпты. Жаманат сол екі ортада орын алған... Қаламгерлердің қаранары Әбіш Кекілбаевтің анасы айтқандай, «асты – тақтай, үсті – тақтай, ортасы сылдырмақтай», көпқабатты пәтерде өрттің неден шыққанын бір Құдай біледі. Үшінші қабаттағы үйде балалар кішкентай, әрі қыс мезгілі болған соң, есік-терезе бекітулі еді. Көршілердің бірі терезеден түтінді аңдап қалыпты...

Балаларды құтқаруға, өртті сөндіруге ішке кіргендер көкала қалың түтіннен дем ала алмай қалған. Өрт шыққан аядай бөлмедегі төсеніштер, киімдер, шкаф жанғанда, Құдайдың құдіреті, балаларды  жалын шарпымаған.

Үйге кірген анасының көргені – кішкентай-кішкентай төрт сәбидің бір бұрышта бірінің бауырына бірі тығылып... ұйықтап... отырғаны... бесіктегі бөпе де балбырап жатыр... анығы, бесеуі де бықсыған түтінге уланып, елтіп, есін жинаудан өтіп кеткен. Өрт сөндіруге жанталасқандар шақырылған «Жедел жәрдемді» күтуге шыдамы жетпей былқ-сылқ еткен төрт баланы жекеменшік жеңіл машинамен шұғыл ауруханаға алып шыққан. ­Алайда төртеуі де орта жолда жан беріпті. Бесіктегі баланы да аман алып қала алмаған...

 Сол күні, ел орынға отыра, кішкентай­лардың денесін бірнеше «Жедел жәрдем» мәшинесімен Үшаралға, бабасы Бекбосын қария отырған қара шаңыраққа алып келді. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласынан және Сарысу ауданының орталығы Жаңатастан әкім-қаралар,  жергілікті Мәслихат депутаттары да жетті.

...Ертесіне қаңтар айында дүние­ден өткен қарт жауынгер, Отан соғы­сының ауылдағы соңғы солдаты Жұмабек Райымқұловтың аруағына арнап, қырқы берілмекші-тін. Жолдың бергі бетінде майдангердің, арғы бетінде, бір үйден кейін Бекбосын атайдың үйі. Ардагердің қырқына алыстан ат арытып келген туған-туыс, ағайын-жекжат, олар да осы ауылдағы ойламаған жерден орын алған қайғыны бөліспекке қаралы үйге біртіндеп барып жатты.

Қоңсылас қос аудан Талас пен Сарысу­дың аумағындағы  ауылдардың адамдары Үшаралдағы жүз жылдан астам тарихы бар он бес кіші күмбезді, ортасындағы төрт қанат киіз үйдің көлеміндей үлкен күмбезді Абдулла Ишан мешітін бағдарлап, ағылып келіп жатты. Өйткені қырқы беріліп жатқан ардагердің үйі тарихи мешіттің алдында, Көпболсын қарияның үйі ту сыртында.

Қаралы үйдің қақпасының алдында сани­тарлық-медицина қызметкерлері елдегі тәртіпке сай, көңіл айтушыларға қолын антисептикпен жуғызып, ішке мүмкіндігінше маскамен кіруін талап етіп, қатаң қадағалап тұрды.

  Көрісуге облыс әкімі Бердібек ­Сапарбаев та жетті. Ауыр қайғыға шыдамай, ауруханаға түсіп қалған жас ата-ананы бақылауына алған дәрігелер мен психологтар да келді...

 Түстен кейін баршаны беу-беулеткен бес бө­бектің құйтақандай денелері бір-бірлеп салынған «Жедел жәрдем» мәши­­нелері бір­тіндеп ауладан шыға берді. Жай­­шылықта жүйткіп жүретін жүйрік көлік ауыр қозғалып,  мамыр туа, қыркүйектің  соңына дейін тамашасы таусыл­­майтын Көкпар төбенің бергі бөк­терін­дегі атақорымға алып бара жатыр. Оларға  ілескен мәшинелер тізбегінің шегі жоқ. Ор­текедей орғыған отыздағы жас әке тізесін тіктеп жүруге шамасы жетер емес. Мең­сұлу келіннің «мені қоса көміңдер» деп шыр­­қы­раған дауысы тұла-бойды шымырлатты.

...Алты жастағы Әйгерім, бес жасар ­Нұрислам, төрттегі Мансұр, екіге енді шыққан Айару, төртеуімен қоса тал бесікте үзілген Ай­­санамен бірге бәрі де жер бесікке салынды.

Екі әжесін еңіретіп, бабасын жер бауыр­латқан, атасын аңыратып, ана сүті аузынан арылмаған қалпы аңыз дала, қобыз даланың алақандай бір бөлігін өздерінің тәтті сорған ұртындай томпайтып-томпайтып қала берді...

 

Әкімнің бір қанаты

халық болғанда,

бір қанаты билік-дүр...

 

Жамбыл облысының аумағы, бір шеті Алатау мен Қаратаудың тоғысқан тұсында, бір бауыры Қаратаудың нақ бөктерінде, ал бір жағы Жамбыл тауы мен Хантауға дейін созылып, Мойынқұм, Көкшеқұмнан әрі асып, арқаны жиектей, бетбақдалаға ұласады. Осыншама ауқымды жерде ел экономикасының өзегі өндіріс ошақтары да, ауылшаруашылық дақыл­дары да төрт түлігі сай мал шаруашылығы да бар. Кешегі кеңес кезінде одақтағы саусақ­пен санарлық асыл тұ­қымды қаракөл қой ша­руа­шылығының ең ірісі де осы облыста. Қарт Қаратаудың етегіндегі, Талас ауданында, арғы заманда Айша бибі аса алмаған Аса  өзенінің сағасындағы, тарихы терең Талас өзе­нінің жағасындағы осы Үшарал ауылында өндірілген қарабарқын, сарыжалқын, көк­шулан, қыраулы қаракөк, неше түрлі, алуан түсті «Талас» деп аталатын сұрыпты екі-үш күндік қошақанның (обал-ай) бұп-бұйра терісінен иленген елтірілер Одақтағы шенеуніктердің пальтосының жағасы мен папахасы болып тігілсе, әлемнің іргелі елдеріне алтынға айырбасталып жатты. Асыл тұқымды Луговое жылқы зауытының тұлпарлары мен арғымақтары һәм Қордай мен Мерке және басқа аудандардың құнарлы топырағында өнген миуалары, ара балы талайдың таңдайына татыды. Химия өндірісінің отаны саналған, Тараз, Қаратау, Жаңатас қалаларындағы фосфор өндіру, өңдеу зауыттары мен, Мойынқұм ауданындағы Бетбақдаланың астындағы доға тәріздес иіліп жатқан ұзындығы 720 километрлік алтын қорының желісі бар алтын өндіріп жатқан Ақбақайдағы атақты геолог Дубек Дүйсенбеков атындағы зауыт секілді алып өндірістері бар. Тоғыз жолдың торабы Шу да осы өңірде. Осынау іргелі облысты басқарып отырған тәжірибелі де білікті Бердібек ­Сапарбаев алдыңғы әкім­дердің ізін жалғап, өңірді өркендетіп келеді.

 «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады», Бердібек Мәшбекұлы бір қанаты халықты арқа тұтса, бір қанаты болып саналатын билікке сүйеніп, қызмет етіп келеді. Өткен аптаның жұмасы күнгі кеншілер қаласындағы оқыс оқиға халыққа да, әкімге де, билікке де оңай болмады. Сондықтан ақпанның он тоғызындағы онлайн есеп берудегі атқарылған істерді тыңдай отырып, Жаңатасқа қатысты көпшіліктің сауалына берілген жауаптарға назарымыз да, ынтамыз да ауа берді.

Нұрсая Есжанова, Сарысу ауданы:

– Бердібек Мәшбекұлы, мен көпбалалы анамын. Сарысу ауданында біраз аналар Алтын және күміс алқаларын ала алмай жүр.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Алтын алқа мен күміс алқа алуда еш­қандай мәселе жоқ. Мен сұра­ғыңызды жазып алдым, аппарат қызметкерлеріне тапсырамын. Тиісті шара қолданып, Алтын және күміс алқа алуларыңызды қамтамасыз етеміз.

 Бұл сұрақ Сарысу ауданынан болған соң, мына мәселені де айтайын. Осыдан біраз күн бұрын Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тұрғындары жылусыз қалды. Оның бәрін біз қалпына келтірдік. Қазір бізге «ертең мұндай жағдай қайталанбай ма, мазуттың жеткілікті қоры бар ма?» деген сұрақтар түсіп жатыр. Бұл жұмыспен күнделікті айналысып отырмыз, орынбасарым және облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы және өзім тиісті министрлікпен келістік, бізге 2 500 тонна әлеуметтік мазут беретін болды. Мың тоннасы осы аптаның немесе келесі аптаның ішінде келуі керек. Бүгін 500 тонна мазут Шымкент қаласынан шығады. Қазіргі таңда ол жылу орталығында 830 тонна мазут бар. Жаңатас қаласын жылусыз қалдырмаймыз. Ал жылусыз қалғанына кім кінәлі, ол бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына прокуратураның, басқа да құқық қорғау органдарының өкілдері  енген. Кінәліні анықтаймыз, одан кейін оларды қатаң жазаға тартатын боламыз. Бұған ауданның әкімінен бастап, оның қызметкерлері, жылу орталығының басшылары жауапты, сосын ең үлкен кінә мердігер мекемеде болып тұр. Мердігер алдаған, өтірік айтқан. Өзінің міндетін орындамаған. Ең жаманы – ол мазутқа су қосқан. Сөйтіп, су қосқан мазутты пешке жаққан. Ол бола ма екен? Қайта Құдай сақтап, күннің жылы болуының әсерінен пештер қатып қалмады. Сондықтан кінәлілердің барлығы тиісті жазасын алатын болады.

...Жаңатас қаласының тұрғыны Тоқтар Жәке:

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ар­қылы берілетін несие жаңа­тас­тықтарға да қол­жетімді болса, себебі қала аумағындағы жер үйлерде мал ұстауға ниетті тұрғындар бар. Бұл мүмкін бе?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Бұл мәселе тек Жаңатасқа ғана ­қа­тысты емес. Ол Шу, Қаратау қала­ларының тұр­ғындарының да көптен бері көтеріп келе жатқан сұрағы. Жақында осы түйткіл ше­шілді. Біз Үкіметке өтінішімізді жет­кізгенбіз. Үкімет осы ұсынысымызды қол­дады. Келесі айдан бастап, осы үш моно­қа­ланың тұрғындары Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алуларына болады.

 

Атыңнан айналайын

Әулиеата,

ботаңа ықыласпен

бергіН бата

 

Әлденеше мың жылдық тарихы бар Әулиеата өңірі көне дәуірден Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орталықтардың ірісінен саналады. Орта ғасырдағы Еуропадағы ренессанс дәуірінде біздің ­даламызда да өрлеу, гүлдеу, жаңғыру, түлеу,  дәуірлеу басталды. Шапқыншылықтың да, шайқастың да талайын өткерген ­Талас өзенінің жағасындағы тарихи қаланың ­атауы талай мәрте құбылды. Тараз, Әулиеата, ­Мирзоян, Жамбыл деген атаулар ­алмасты. Көне Тараз маңында құрылған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Әулиеатада тойланып, қала орталығында Керей мен Жәнібекке еңселі ескерткіш орнатылды. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны өткерген қазақ тарихында Қаратаудың орны ерекше. Оған да енді екі жылдан кейін 300 жыл болады. Бұл өңір қазақ жеріндегі ислам орталығы саналады. Себебі қазақ жеріндегі ең алғашқы мешіт Таразда салынған. Кешелі-бүгінгі заманнан махаббаттың бесігі саналды. Өткен ғасырдың орта тұсында Мәскеуге келген Үндістанның көсемі Махатма Ганди мен қызы Индира Ганди Қазақ КСР-не арнайы сапарлап, әдейілеп көріп қайтқан махаббат мешіті Айша бибі кесенесінен басқа, шетелден елге оралып келе жатқанында, теңізге құлаған ұшақта құшақтасып, бірге бақиға озған Айнұр мен Болатқа ескерткіш қойылған. Сонымен қатар кешегі ­Жамбыл, бүгінгі Тараз бокс мектебінің бесігі саналған Әулиеатаның спортшы өрендері бірталай елде Әнұранды әуелетті. Серік Қонақбаев, Бақтияр Артаев, Ермахан Ибраимов, Болат Жұмәділов, Марат Мәзімбаев.

...Біз білмейміз ғой, бәлкім, бес бөбек тірі тұрғанда туған жеріне еңбек сіңіріп, осы ағалары секілді әрқайсысы өз саласының озығы болар ма еді дейміз ғой орны толмас өкінішті болжаммен. Жә, «Ер тудырмайтын ел болмас», «Мал таппайтын еркек жоқ құрарын айт, ұл таппайтын әйел жоқ тұрарын айт», желкілдеген жас құрақтай өрендерді, ата-аналарымыз айтпақшы, көзге көрінгендерді Тәңірі Құдай аман сақтасын! Әу­лиеата өңірінде де, еліміздің әр-әр жерінде де бүгінгі туған, ертеңгі туар боталар батаменен көгерсін! Жамбыл ата сөзімен айтсақ «Атыңнан айналайын Әулиеата... ботаңа ықыласпен бергін бата»

...Кешегі ғасырда өмір сүрген Кенен Әзірбаев көпке дейін перзентті бола алмай, кейін көрген балалары да көп тұрмаған. Әзер дегенде сүйген егіз ұлдары Базар-­Назар шешектен шетінепті. Сол жолы шыдамаған Кенен атамыз «Базар-Назар» деген ән шығарып, елге тарап кетеді. ­Сонда Базар-Назарды жоқтап, Кененнің осы қайғысына Алатаудың ар жағынан қасына қырық жігіт қосшы ертіп, дүние бізден өтеді деп, қаратайды жетектеп, қырық мес қымыз теңгеріп, қара кепе өңгеріп келген қырғыз ақыны Оспанқұл қомузбен сүйемелдеп, былай деп өлеңмен көңіл айтыпты. Бес бөбекті еске ала отырып, осынау көңіл айтуды шағындап, қысқартып, өз ниетімізді де білдіріп отырған жайымыз бар.

Ассалаумағалейкүм, аманбысың, Кененім,

Көріскелі кеп едім,

Қайтыс бопты, қайтесің,

Базар-Назар бөбегің.

Алатауды жаңғыртты

зарланып салған әуенің

Жал-құйрығың жетілсін,

Өткенге кімдер өкінсін

Ата-анаңнан айырылған,

өзің де, Кенен, жетімсің.

Әйешің тағы ұл туып,

Мойныңа қайта секірсін.

Ене қоқи, балдар-ай,

Ата қоқи, балдар-ай,

Енді қайдан көрейін...

 

...Дүниеге әркім келеді, 

Алланың өзі ерікті.

Дәуіт деген пайғамбар,

Аллаға қолын жайғандар,

Бір намаздың үстінде

Отыз ұлы өліпті

Берген де Құдай, өзің деп,

Алған да Құдай, өзің деп

Олар да сабыр қылыпты.

Сынамаққа Құдайым Жебірейілді жіберіп,

Бір жыл сынап көріпті.

Жас шықпапты қос көзден,

Танбаған соң бір сөзден.

Отыз ұлға татитын

Жалғыз ұлды беріпті.

Оның аты – Сүлеймен,

Он сегіз мың ғаламды

Патша болып билепті.

Оттың да тілін біліпті,

Судың да тілін біліпті.

Шайтан менен періге

Тамашалап мініпті.

Қамықпағын, Кенекем,

Осындай істер болыпты...

4846 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы