• Қоғам
  • 25 Ақпан, 2021

ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕН ПАНА ТАПТЫҚ

Әскер Пириев,
Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы

1 наурыз – Алғыс айту күні. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының ұсынысын халық қолдап, бұл күнді атап өтетін болдық. Мағынасына терең үңілсек, бұл ең маңызды мереке.

Тағдырдың тәлкегімен Қазақстанның жері қиын-қыстау заманда көптеген этнос өкілдеріне, халыққа, жұртқа пана болды. Ол жайында БАҚ-та айтылып та, жазылып та, көрсетіліп те жүр. Әлі де айтыла-жазыла береді.

Адам баласы алғыс айту арқылы бір-біріне жақындай түседі. Бір-біріне құрметі, сыйластығы артады. Бір өкініштісі – қиын-қыстау заманды көзбен көрген, басынан кешкен үлкендеріміз күннен-күнге азайып барады. Бүгінгі жас буын солардың айтқанын өз аузынан естіп, тыңдап өскен буын. Бейбіт заманның, өркениетті елдің, мықты мемлекеттің қадіріне жетіп, кешегінің  маңызын білуі үшін бұл мерекенің алатын орны зор. Осыны жас ұрпаққа жеткізе, түсіндіре алуымыз керек. 

Жеке өз басымның мысалынан айтсам, 1944 жылы қараша айында депортациялауға ұшыраған түрік халқының ұрпағымын. Менің әкем де депортацияланған. Әжемнен қазақ халқының жақсылығы туралы көп әңгіме естідік. Сонымен қатар тура сол 1944 жылы депортацияланған шешен-ингуш, қарашай-балқар, Қырым татарлары және т.б. ұлт өкілдерінің ақсақалдарымен көп кездестік, әңгімелерін тыңдап өстік. Олардың да алғысы өте шексіз. Сол кісілердің арқасында біз тарихқа сусындап, оны қабылдап, түсіндік. Ол тарихты жас буынға аманат ету өте қажет, сол үшін бұл мереке тарихи маңызды күн деп ойлаймын.

Бұл мерекенің екінші жағы да бар. Қазақ елі қаншама қиындық, сын сағаттарды бастан өткерді. Ашаршылық, ұжымдастыру, Екінші дүниежүзілік соғыс... Қайта құру... Кеңес өкіметі құлап, Тәуелсіз Қазақстан атандық. Бұл соңғы жүз жылдың ішінде болған жағдай ғана. Елімізде ауызбіршілік, береке-бірлік болмағанда қиын өткелектерден аман-сау өтер ме едік? Сондықтан осы күні әр азамат жақынына алғыс айтуы да керек деп ойлаймын. Әркімнің әке-шешесі, ұстазы, көршісі, досы бар. Тура сол сияқты мемлекеттің қалыптасуында еңбек сіңірген, үлес қосқан аға буын, орта буын, жас буын өкілдері де жетерлік. Мысалы, өткен жылы бүкіләлемдік пандемия кезінде күн-түн демей еңбек еткен дәрігерлеріміз, т.б. әр салада қызмет еткен азаматтарымыз бар. Сондықтан 1 наурыз – Алғыс айту күнінде, ең алдымен, қазақ халқына және осы елдің әрбір азаматына алғыс айтуымыз керек. Пандемиядан кейін бір-біріміздің қадірімізді жете түсіндік деп сенемін.

Мен  «Ана тілі» ұлт газеті арқылы қазақ халқына, отандастарыма, әке-шешеме, ұстаздарыма, көршілеріме, достарыма және мені ­танитын, бір рет болса да көрген адамдарға шынайы ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Бұл мереке бізді бұдан әрі жақындатып, жарқын болашаққа жетелейтініне, бағыт-бағдары айқын болатынына сенемін.

1784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы