• Руханият
  • 02 Наурыз, 2021

ӘЛИХАНҒА ТАҒЗЫМ

Қазақстан халқы 1 наурыз – Алғыс айту күнін атап өтті. Мереке идеясы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. ХХ ғасырдағы депортацияның қатал жылдарында мәжбүрлі қоныс аударушыларға жылы шырай танытып, құшағын ашқан қазақ халқына Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері алғыс білдірді.

Тұтас халық та, сонымен қатар, жекелеген адамдар да тоталитарлық режимнің құрбанына айналғаны тарихтан белгілі. Соның бірі – қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы көшбасшысы, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхан еді. Көрнекті тұлғаның туғанына 155 жыл толу мерейтойына арналған еске алу іс-шарасы аясында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің дипломаттары Донской зиратындағы сталиндік репрессия құрбандары жерленген ортақ қабірге гүл шоқтарын қойды.

Тұлғаға тағзым ету іс-шарасында сөз алған Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев: «Биыл 30 жылдық мерейтойы атап өтілетін Қазақстан Тәуелсіздігінің жаршысы «Алаш» қозғалысы болды» деп атап өтті. «Алаш» қозғалысы қызметінің көптеген аспектілері тарихи әділдік тұрғысынан қалпына келтірілмеді, қалың бұқараның Алаш тұлғаларының өмірі мен тағдырынан әлі күнге бейхабар, қазіргі Қазақстанда Алашорда үкіметінің тарихи маңызы толық ашылған жоқ. Бұл – тарихшы-ғалымдардың алдында тұрған міндет.

Зиялы қауым өкілдері бас қосқан тағзым ету іс-шарасына Әлихан Бөкейханның немере інісі, Мәскеу мемлекеттік технологиялық университетінің профессоры Нұрым Бөкейханов та қатысып, Кеңес Одағында атақты туысының есімі айтуған тиым салынғанын, өз әкесі «Халық жауының» туысы болғандықтан жеке өмірінде көптеген кедергілерге тап болғанын, атап айтқанда әуелде университеттен, кейін жұмыстан шығарылғанын айтып берді. «Дегенмен, әкем бізге жақсы білім бере алды, мен химик болдым. Әкем Әлихан Бөкейханды ақтау туралы өтініш жазды. 1989 жылы біз көптен күткен және әділ шешім шығарылған хат алдық», – дейді Нұрым Бөкейханов.

Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы, профессор Дина Аманжолова Әлихан Бөкеханды қазақстандық қана емес, еуразиялық ауқымдағы тұлға деп санайды. «Ол көп қырлы тұлға, білімді, тәжірибелі, сол кездегі қазақтар арасында кәсіби саясаткер болған жан. Әлихан Бөкеханның жеке басы, ұстанымы бізге үлгі-өнеге. Оның тұлғасы ауқымды еуразиялық тарихымыздың аясында асқақтай көрінеді», – дейді Дина Аманжолова.

Тарих ғылымының докторы, тарих және әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры (Новосибирск қаласы) Виктор Козодойдың пікірінше, Әлихан Бөкейханов жалпымемлекеттік, жалпыимпериялық деңгейдегі саясаткер. «Тарихта әр халықтың тұғырлы тұлғасы бар ғой. Алайда Әлихан Бөкейхан сынды кәсіби, білімді жандар сирек кездеседі. Әлихан Бөкейхан мен оның серіктері сол кездегі қазақ зиялыларын жұдырықтай жұмылдыра алды және автономияның идеялық, мәдени, ағартушылық негізін құрды. Алашорда үкіметінің ұстанымы Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы баспалдағы еді», – деп атап өтті Виктор Козодой. Ол биыл Әлихан Бөкейханның кітабын басып шығаратынын және сол арқылы тұғырлы тұлғаның жеке басын зерттеудегі олқылықтың орнын толтыратынын, оның үстіне Ресейде «Алашорда» басшысының өмірі мен қызметіне арналған бірде-бір кітап жоқ екенін айтып өтті.

Іс-шараны қорытындылаған Ермек Көшербаев Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толу мерейтойына қатысты іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты. 

1718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы