• Тіл
  • 04 Наурыз, 2021

МЕМЛЕКЕТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ

Әлем тарихына көз жүгіртсек, әліпбиді алмастырудың екі жолы анық байқалады: бірі – саяси тұрғыдан басқыншы елдің үстемдігі салдарынан бағынушы жұрттың еріксіз әліпби ауыстыруы. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ жазуы тарихында да бірнеше графикалық жүйе қолданылды: араб жазуы, латын жазуы, кирилл жазуы. Ал, екіншісі – мемлекеттік биліктің халықпен бірге талқылай отырып, өзінің даму болашағын баянды ету үшін сауаттылықты нығайтуға оң ықпал ететіндей ұтымды жолды таңдауы, ерікті түрде әліпби реформалау.  Тәуелсіз еліміз үшін қазіргі таңдағы латын жазуына көшу шешімі осы екінші бағытпен толық сәйкес келеді. Себебі әліпби мәселесі жұртшылық алдында ашық талқыланды, сараланды. 

Ғаламат өзгерістерге толы ХХІ ғасыр­дың алғашқы ширегінің 2021 жылдың 28 қаңтарында даму болашағын өзі болжайтын, жетілу бағытын өзі айқындайтын деңгейге жеткен, әлемнің отыз өркениетті елдерінің қатарында тұруды мұрат тұтқан Тәуелсіз Қазақ елінің өз таңдауы жасалды.  Енді сол істің саналы түрде жалғастық тауып,  тиянақты шешілуі – осы мәселені жүзеге асыруға атсалысатын әрбір қоғам мүшесі үшін, оның ішінде, әсіресе білім, ғылым саласы мамандары үшін әрі сын, әрі сый. Сын болатыны: ұлт тілінің бола­шағы қазіргі тілтанушылардың жауап­кер­шілігінде екені анық. Сый болатыны: осындай шешуші кезеңде шешімді іс жасауға атсалысу – үлкен абырой. Осымен байланысты латын графикасына не­гізделген соңғы жетілдірілген ұлттық әліпби тілтанушы ғалым­дар­дың бірнеше жылдар бойы зерттеуінің жемісі, қажырлы еңбе­­гінің көрсеткіші екенін айта оты­рып,  жаңа жобаны әзірлеу бары­сында  не­гізге алынған мәсе­лелерді айтқымыз келеді: 
Біріншіден, пайдасы мен қаупі тең түсетін жаһандану дәуірінде әр халықтың өз бет-бейнесін сақтап қалуы, ең алдымен, оның мәдени иммунитетінің беріктігіне, өз рухани құндылықтарын сақтай алуына тікелей байланысты. Сол құндылықтардың ең басты өзегі болып ТІЛ саналатыны белгілі. Тіл – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі, ұлтты ұйыстырудың, бірегей­лен­дірудің тетігі. Сондықтан жетіл­дірілген  әліпбидегі әрбір әріп қазақ тілінің ұлттық кодын, ұлттық болмысын танытатын  маңызды категория ретінде қаралды. 
Екіншіден,  жаңа әліпбиді түзу барысында қазақ тіл білімінің, жазу іліміне қатысты  бірнеше ғасырға жуық уақыт аясында әбден қалыптасқан қағидалары ескерілді.
Үшіншіден, қазақ әліпбиінің орфогра­фия­­лық нормаларын  айқындауда озық дәстүрлер мен жаңа уақыт талабын сабақ­тастыру, сәйкестендіруге басымдылық берілді. 
Төртіншіден, тілдің  сақталып, ары қарай дамуы үшін ақпараттық технология­лар да есепке алынды.  
Бесіншіден, жаңа жазу жүйесін жасау барысында  педагогика, психология, әдістеме ғылымдары ескерілді. 
Алтыншыдан, жетілдірілген әліпбиде әрбір әріптің танымал­дығы, түркітілдес халықтардың әліп­­билеріндегі қолданысы, әріп­тердің  фонетика-фоноло­гиялық негіз­демелері, әріптердің лингвос­татис­тикалық  сипаты ескеріліп жасалды.   

Нәзира Әміржанова,
 А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты 
Тіл мәдениеті бөлімінің 
меңгерушісі, филология 
ғылымының кандидаты

1128 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы