• Руханият
  • 04 Наурыз, 2021

«ҚЫЗ ЖІБЕК» КІТАП ЖАЗЫП ЖАТЫР

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

Кино түсіруден қырғыз бауырлардың алдына түсе алмайтын шығармыз. Айтматовтың 28 шығармасын, қазақ классиктерінің бірқатар туындыларын экрандады. Сөйте тұра, байкелер әлі күнге «Қыз Жібектей» бір фильм түсірсек деп армандайды. Айтпақшы, уағында ағайындардың Айтматовты араластырып, осы «Қыз Жібекке» де «құда түсіп», біраз уақыт тартысқаны бар. Кезінде өзіміздің түсіріп алғанымыз қандай абырой болған деп, шүкіршілік етеміз. Дулат Исабеков айтпақшы, қазір түсірсек не болар еді?!

Жетпісінші жылдары ұлт руханиятында бірнеше ұлы оқиға болды. Соның бірі – Қазақ энциклопедиясының 12 томдығы болса, енді бірі, сөз жоқ, «Қыз Жібек». Әрине, басқа да ­айтулы еңбектер болды. Оның бәрін қазір санамалап алмаспыз. Ал «Қыз Жібектің» ұлттық кино тарихында құбылыс болғаны сөзсіз. Тоталитаризм тозаңы бүркіп тұрған, тәуелсіздіктің иісі де жоқ, тәуелді тұста ұлттық намыс биігінен жарқырап көрінген екенбіз. Аталмыш фильмге  жабылған бүкіл ұлт элитасының жанкешті еңбегін былай қойғанда, Димекең – Қонаев, Кәмкең – Камал Смайылов секілді қайраткерлер болмаса, шартарапты табындырған мұндай шедевр туар ма еді, тумас па еді?.. Есесіне кешегі тұнжыр күндерде, қазақтың еңсесі еңкіш тартқан кезеңде рухымызды жаңғыртып, еңсемізді тіктеген фильмнің арқасында ұлт қасиетін бойына жиған бірнеше буын өсіп шықты.

Қазір осы бір ұлық туындының қайран қалдырып келе жатқанына жарты ғасырдан асып барады. Әрине, фильмді айтқанда, ең алдымен, Төлеген мен Жібекті ауызға аламыз. Өмірде де, өнерде де Төлеген болып өткен Құман Тастанбековтың қазасы әр қазақтың өзегін өртеді. Халқының алдында сол абырой, даңқ биігінде кетті. Алаш жұрты Жібектің көз жасын сүртіп тұрып, тәңірден енді жылатпауын тіледі. Құдайға шүкір, бүгінде аймаңдай аруымыз ақбоз атына қайта мініп, азаматының арманын аялап келеді. Меруерт Өтекешованың ортамызды жарып, жарқырап жүргенінің өзі зор бақыт.  Барша Алаш ардақ тұтқан азаматын көңілінен бір сәтке шығара алмайтын аяулы актриса да жетпісінші көктемінің белесіне шықты. Ұлт махаббатының өлмес өнегесін халқының жүрегінде мәңгілікке қалдырған сол  фильмнің болашақ тағдыры үшін алаңдаған оның қазір алаң көңілі де жай тапқандай. Рас, кезінде бұл фильм бірнеше серияға жоспарланды. Алайда Мәскеудің қайшысына түсті. Басқа фильмдер тәрізді оның түпнұсқасы да Мәскеудің қоймасында сарыжамбастап жатқаны белгілі. Меруерт Өтекешова да өз қаражаты, демеушілері бар сол түпнұсқаны елге әкелуге көп еңбек сіңірді. Сөйтіп, тарих, ұрпақ алдында сауапты іс жасалды.

«Әр Төлегеннің бір Бекежаны бар» деуші еді ұстазымыз Әшекең, Әшірбек Сығай. Ай мүсін, күн келбетті Алаш аруы, қазақтың ұлы эпосының ұлы кейіпкерін аса жоғары деңгейде бедерлеген актрисаның, жалпы талантты адамның тағдыры да үнемі жаймашуақ бола бермейді. Ал дарынсыздарға өмір сүру онсыз да оңай.

Талантты адам тағдырдың сан соқпағынан өтеді. Тағдырлы, сан қырлы келеді. Өнер-өмірде түрлі жағдайға да кездеседі. Айтпағымыз, соның бәрін өз бойындағы туабітті кісілігі мен кішілігінің арқасында жеңіп, бүгінде астанадағы «Шабыт» академиясында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген Меруерт Өтекешова кітап жазып жатыр. Әрине, ол кітап, ең алдымен, Төлегеніне арналады. Бұл кітап та кешегі Шара, Шолпан, Хабиба аналары  қалдырып кеткен жан толқытар жазбалардай тағылымға, тағдыр сыйына  толы боларына шүбә жоқ.

P.S.

Алматыда «Целинный» кинотеатры бар. 70-ші жылдары осы жерде «Қыз Жібектің» алғашқы тұсаукесері өтті. Жұрт театрға сыймай есік-терезесін сындырып кіруге дейін барған. Тұсаукесерге фильмге қатысқан бар жақсылар жиналды. Өскен-өнген елдерде тұлғаның табаны тиген жерге белгі қалдырып,  асқақтатып қояды.
Ал, енді күтімсіз тұрған осы жайға «Қыз Жібек» атауы өзінен-өзі сұранып тұрған жоқ па?

1575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы