• Руханият
  • 04 Наурыз, 2021

«ДАРА» ОҚЫРМАН – ДАНА ОҚЫРМАН

Алматы шаһарындағы Жамбыл Жабаев ескерткіші алдында «Дара» оқырмандар клубы жыр алыбының 175 жылдық мерейтойына орай ақын жырларын оқу флешмобын өткізді. Шараға ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, «Дара» оқырмандар клубының жетекшісі, өнер жанашыры Әділ Несіпбаев, т.б. өнерсүйер қауым мен «Дара» оқырмандар клубының оқушылары қатысты.

Бірінші боп сөз алған Жазушылар одағы бас­қар­масы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып шараға байланысты өз ойын былайша жеткізді:
– Өткен жылы ұлы Абай бабамыздың 175 жылдығын атап өттік. Биылғы жыл Жамбыл баба­мыздың туғанына 175 жыл толып отыр. Жам­был атамыздың тойы да халықаралық дең­гейде аталып өтілмекші. Міне, кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында Жамбыл атамыздың тойының басталуы ресми түрде өтті. Бұл тойды өткізуге арнайы мерейтойлық комиссия құрылды. Сөйтіп үлкен жоспарлар жасалып отыр. 
28 ақпан Жамбыл бабамыздың туған күні. Қазақ халқы үшін бұл күн ерекше күн. Сондықтан елеусіз өтпесін деген оймен ­Жамбыл бабамыздың Алматы шаһарындағы Достық даңғылы мен Жамбыл көшесінің қиылысындағы ескерткішінің жанында дарынды балалардың Жамбыл атамыздың өлеңдерін оқу флешмобын өткізгелі отырмыз. 
Шара барысында Алматы қаласындағы мамандандырылған №178 лицейдің 11 сынып оқушысы Мадина Жәрдембекқызы Жамбыл бабаның «Ленинградтық өренім» өлеңін жатқа оқыса, А.Қарсақбаев атындағы №41 мектеп оқушысы Рамазанбай Жігер даңқты ақынның бірнеше жырын жайтқа айтып, жиналғандардың сүйіспеншілігін оятты. 
«Дара» оқырмандар клубының жетекшісі Әділ Несіпбаев аталмыш шараны ұйымдастырудағы мақсаты мен оқырмандар клубы жайында пікір білдірді.
– «Дара оқырман» клубын ашқаны­мызға біршама жыл болды. Қазіргі уақытта жүзден аса оқушымыз мүшелікте бар. Біз оқырман балалардың өздерінің ұсыныст-талаптарымен осы уақытқа дейін көп ақындардың кеш­терін, флешмобтарын өткізіп келе жатырмыз. Атап айтар болсақ, Абайдың 175 жыл­ды­ғын, ­Жарасхан Әбдіраштың, Жұмекен Нәжімеденовтің, Темірхан Медетбектің, Нұрлан Оразалиннің, Маралтай Райымбктің мерейтойларын өткіздік. Ақпан айының басында Мұқағали Мақатаевтың жырларын оқып, осындай флешмоб өткіздік. Қазіргі уақытта поэзияны оқып, поэзияны өздерінің жалауларына айналдырған жас балалар өте көп. Сол балаларға, олардың ата-аналарына, оларды дайындап жатқан ұстаздары мен мектеп жетекшілеріне біз ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені халықтың құндылығының бірі – поэзия. Біздің ғұлама жазушымыз Әбіш Кекілбаев айтқандай, жырдың өзі бесінші мұхит. Балалардың осындай іс-әрекетін біз қолдаймыз. 
Шара соңында Жамбыл бабаның өлеңдерін жатқа оқыған оқушыларға жыр алыбының жыр жинағы табысталды. Жиналғандар Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет білдірді. 

Н.БАТЫР

1445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы