• Руханият
  • 04 Наурыз, 2021

ЖАМБЫЛ

Алматы қаласы көркем де сәнді ескерткіштерден кенде емес. Солардың бірі – Жамбыл ескерткіші. Бұл ескерткіш 1996 жылы атақты ақын Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде атап өту қарсаңында ЮНЕСКО шешімімен Жамбыл көшесі мен Достық даңғылы қиылысында орнатылған. 

Ескерткіш бүкіл монументтің сыртқы түрінің тұтастығын жасайтын элементтер кешенінен тұрады. Сырттан қараған адамға ақын мүсінінің шынайылығы бірден көрінеді. Оң қолын тізе­сіне қойып, сол қолына домбыра ұстаған жыр алыбының бейнесі ұлы дала төсінде еркін көшіп-қонған бұрынғы қазақ образын көз алдыңызға әкеледі. Сонымен бірге ескерткіштен ақынның шығармашылық көңіл күйі мен шабыты аңғарылады. Мүсіннің арт жағындағы жар­тастың оң жағында Іле Алатауы табиғатының бір бөлігі бейнеленген, одан екі бұлақ ағып тұр.

Жобаның авторлары – мүсіншілер Х.Нау­рыз­баев, Б.Әбішев, архитекторлары – С.Баймағамбетов, Т.Ералиев, С.Фазылов.

Жамбыл Жабаев – қазақ халқы тарихына рухани мол мұрасымен енген атақты ақын, жыршы, жырау. Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы 28 ақпанда Жапа деген елге қадірлі адамның отбасында дүниеге келген. Жасынан өлең-жырмен сусындап, Сүйінбай Аронұлы сынды даңқты ақыннан тәлім-тәрбие алады. Сондай-ақ Жамбыл көрші отырған қырғыз елінің де сөз өнерін жетік білген. Тоқтағұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған секілді дүлдүлдермен өнер сайысына түскен. Жүз жыл өмірінің сексен бес жылын өлең-жырмен өткізген.

Жамбыл бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл «Шағым», «Жылқышы», «Шәб­денге», «Сәт сайланарда», «Өстеп­кеде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңінде елдің әлеу­меттік саяси өмірін көрсеткен. Ақынның «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы», «Бақ, дәулет, ақыл» деген дастандары бар. Соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе «Ленинградтық өренім», «Москваға», «Майданға хат» сынды өлеңдерін атауға болады. Жамбыл ақын өмір мен өлім арпалысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.

Қазақ мәдениеті мен өнеріне өшпес із қал­­дырған жыр алыбына арнап салынған Алма­ты­дағы Жамбыл ескерткіші шаһар келбетіне көрік беріп тұрған ерекше орындардың бірі саналады. Сондықтан да ақын рухына тағзым еткен жастар ақынның мерейтойларына орай онда барып гүл шоқтарын қойып жатады.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

1830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы