• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2021

СӨЗДІК САРДАРЫ

(Ұлттық Ғылым академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының 
докторы, профессор

Бүгінгі әңгіме етпегіміз көрнекті ғалым, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ғайнетдин Мұсабаевтың (1907-1981) шығармашылығы туралы. 

Бір қарағанда, атынан емес, «атағынан ат үркетін» академиктің өмірі ол туралы хабарсыз жандарға теміржолдың түзу рельстеріндей түп-түзу, ешбір кедір-бұдырсыз бұрылыс-қиылысы келісіп тұрған сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, тіпті де олай емес. 10-15 жасқа толар-толмастан ата-анасынан айырылып, жетім қалған төрт бауырына қарау жауапкершілігі ғалымның мойнына түскенін, мал бағып, темірдей тәртіпті талап етер теміржолда жұмыс істеп, күн көрудің қамымен, күйбең тіршілік етуді жастай басынан кешіргенін айта кетсек орынды сияқты. Жалданып еңбек ете жүріп, білімге деген құштарлықтың арқасында қалада алған екі кластық білім, педагогикалық техникумда жалғасын тауып, соңы Абай атындағы педагогикалық институттың студенті атанады. «Талаптыға нұр ­жауар» дегендей, бойдағы еңбекқорлық, білімге деген құштарлық оны ғылым айдынына шығарғаны белгілі.

«Тіл білімі тарландары» айдарында ғалымдардың ғылымдағы алғашқы жолын ашқан адамдарға тоқталып өту дәстүрі қалыптасып қалған сияқты. Айдардың өткен санында академик Рәбиға Сыздыққа кеңесін беріп, ғалымдық ғажайып өміріне жол көрсеткен ұлы Мұхтар Әуезов болғанын сөз еткен едік. Ал академик Ғ.Мұсабаевтың бойындағы ізде­німпаздық қасиетін байқап, өз қамқорлығына алып, ара-арасында қаражаттан қағажу көрмесін деп, қосымша жұмысқа орналастырған да тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Құдайберген Жұбанов болғанын айтқанымыз абзал. Біреуге жасаған жақсылығын жаһанға жар салатындар мен өздері біреуден көрген жақсылықтары туралы жақ ашпайтындардың есіне салу мақсатында, көрнекті тіл білімпаздарының өздерінің ғылым шыңына көтерілуіндегі көрген жақсылықтарын, қамқорлық жасаған жандардың есімін атап, ардақтауын – зор мәдениеттілікке балап, басқаларға үлгі етуді мақсат еттім. Өйткені «Қолдап-қолпаштап, көтермесе көргенді, Қазағым қайдан алар кемеңгерді» деп ақиық ақын жырлағандай, біреу туралы мақтау сөз айтылып жатқанда, өтірік керең бола қалатындар; біреудің жасаған жақсылығын айтуға келгенде, сақауланып сөйлей алмай қалатындар; біреудің өзгелерге үлгі етіп көрсетер жұмысын көріп тұрып, өтірік соқыр болып қалатындар қатарының да қаптап жүргені жасырын емес қой. Менің де ғылым биігіне көтеріліп, Ұлттық ғылым академиясының академигі дәрежесіне жетуіме жол ашқан, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, профессор Жәкен Молдажаров қызметке алып, біржола ғылыммен шұғылдануға кеңес беріп, академик Шора ­Сарыбаевпен таныстырғанына қырық жылдай уақыт өтсе де, алғыс айтудан жалыққан емеспін. Сол сияқты, «Қазақ лингвистикалық терминологиясының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясының жетекшісі академик Ғ.Мұсабаев болғанын, ұстазымның өте қара­пайым, еңбектің «қара торысы» екенін, білімі терең, ойының ұшқырлығын, зерделілігін үлгі ете отырып, маған «болмасаң да ұқсап бақ дегендей, сені де сол кісілердей болсын деп ғылым бәйгесіне қосып отырмын» деген еді жарықтық Жәкен Молдаспанұлы. «Жүйелі сөз жүйесін табады» деген рас екен-ау! Жәкеңнің айтқаны айдай келіп, ұстаздарымның арқасында, тіл тарландарындай, ұлылардай болмасам да, олардың ұлылығын, көргендігін, қайраткерлігін, таланттарын тарқатып, есімнамалық мақалалар топтамасын жарыққа шығарып жатқанымды абырой биігіндегі асыл ағаларым алдындағы шәкірттік парызым деп санадым.

Ғ.Мұсабаевтың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер-ғалым екенін де елдің есіне салғымыз келеді. Соғысты бастан-аяқ басынан өткеріп, І-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерін кеудесіне тағып, жеңіс туын желбіретіп жеткендердің қатарында болатын. Ғалым қазіргі Тіл білімі институтына қайта оралып, соғысқа дейін аспирантурада алған білімін ұштап, кандидаттық диссертациясын да, докторлық диссертациясын да табысты қорғап, саналы ғұмырының қырық жылын бүгінгі Алаш ардақтысы, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының атымен аталатын Тіл білімі институтымен байланыстырып, осы институт директорының орынбасары қызметін атқарып, өмірінің соңына дейін қостілді сөздік бөліміне жетекшілік еткен болатын.

Қазақ тілі лексикасын меңгеру үшін, тілдің құрамындағы сөздерді зерттеп, сөздіктерді түзіп, оны жүйелеу ісінде мол үлес қосқан, өмірінің соңына дейін отыз жылдай сөздік түзумен айналысатын бөлімді басқарып, ғалымның жетекшілігімен және тікелей қатысуымен бірнеше қостілді қазақша-орысша, орысша-қазақша орфографиялық, терминологиялық, түсіндірме сөздіктер жарық кө­руін, яғни лексикография ғылымын жаңа дең­гей­ге көтеріп, одан әрі ­дамуында ерен еңбектерімен ерекшеленгенін ескере келе, сөздік қорды қалып­тастырудағы қажырлылығын қаперге алсақ, сөздік түзудің сардары деуге әбден болатын сияқты. Өйткені кезінде көпшіліктің, ғылыми ортаның көзайымына айналған «Қазіргі қазақ тілі» (лексика) еңбегі лексикология мәселелерін, атап айтқанда, сөздің мағынасын, мағынаның өзгерісін, сөздердің түрлерін, жеке сөздердің жасалуы мен шыққан төркінін зерделеудегі баға жетпес құнды еңбектер қатарында болғанын айтуға тиіспіз.

Қазақ әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуы, терминдер туралы, қазақ тіліндегі кейбір сөздердің этимологиясы, көне тіл тарихы, жергілікті тіл ерек­шеліктері мен емле бойынша жазылған ғылыми еңбектерінде тіл білімінің көкейтесті мәселелері қалыптасып, өзіндік оқшау ой-пікірлері ортаға салынған. Әрине, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, талдау жүргізу есімнамалық мақалалар топтамасының форматына келмейді, әрі газет көлемі көтермейді де. Десек те, академик айтқан құнды пікірлердің бір шоғырын жинақтап, оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

Белгілі лексикологиялық еңбектерде лексикалық құбылыстың кейбір тұстары тұтас тарқатылады да, ал елге керек деген көкейтестілігі күн тәртібіне көтеріліп отырған теориялық мәселелер тасада қалып қоя беретіндігін ашық айтқан еді.

Сондай-ақ ғалым лексикология саласы сөздік шығарумен ғана шектеліп, яғни лексикография­дан ұзап кете алмай жүргенін орынды көрсеткен болатын. Сөздік құрам мен негізгі сөздік қорды қалыптастыратын лексиканың құрамында қарасты­рылатын – семасиология, этимология және сөздік жасау (лексикография) туралы тереңдеп зерттей түсетін, ғылыми шешімін күтіп отырған күрделі тақырыптарға да назар аудару керектігін ескерткен еді.

Сөз байлығын зерттейтін ғылым – лексикологияға байланысты ғылыми талдау, теориялық тұжырым жасауды қолға алу керектігін алға тартып, барлық сөздердің жиынтығы негізінде лексикология мәселелерін жан-жақты, сан қырынан ­сараптауды ұсынған еді. Тек ұсынып қойған жоқ, терең білімді ғалым ретінде, ой-пікірлерін жинақтап, қазақ тілінің лексикасы бойынша алғашқы рет жеке кітап шығарғанын, бұл салада әлі шешімін таппаған күрделі мәселелерді көтеріп, алдағы кезде қолға алынар ғылыми-теориялық жүргізілетін зерттеулердің бағыт-бағдарын ұсынғанын тілші қауымы ұмыта қойған жоқ.

Қазақ тіл білімінің тарландары, үш құрдас – академиктер І.Кеңесбаев, М.Балақаев пен Ғ.Мұсабаевтар туралы есімнамалық мақалалар топтамасын әзірлеу барысында пікірлескен, жүздескен олардың әріптестері мен шәкірттері атақты ғалымдардың ғылымнан қолы қалт еткенде, күнделікті күйбең тіршіліктегі өзгелерге үлгі болар қарым-қатынастары туралы айтқандарына қысқаша тоқтала кетсем деймін. Әр кез жайдары, аңқылдаған ашық мінездері, құрдастардың әзіл-қалжыңдары, қалжың болғанда, ерегіске ерік берер қылжақ емес, қағытпа қалжыңдарын аңыз етіп айтып бергенін қойын дәптеріме түртіп алғанымды несіне жасырайын. Реті келіп тұрған соң, оқырмандарға ғалымдардың үлкен-кіші демей, кішіпейілдік танытатынын, мәдениеттіліктің биік өресінен табылатынын сөз еткенді жөн көрдім. Мысалы, Тіл білімі институтының сол кездегі директоры, академик І.Кеңесбаев кезекті кеңес жұмысын жүргізіп отырып, бұл мәселе бойынша «мұрын» мен «керең» не дейді екен, соны тыңдайық дегендегісі, ерекше қырлы мұрнына байланысты болу керек. «Мұрын» деп – академик Мәулен Балақаевты, «керең» деп соғыс кезінде жарақаттың кесірінен құлағының мүкісі бар құрдасы – академик Ғайнетдин Мұсабаевты меңзеп отырғанын алғашқы рет жап-жас аспирант ретінде қатысып отырған біз түсінбей қалып едік» деп еске алады бүгінгі күні өздері де көрнекті тіл білімпаздары қатарына қосылған ғылым-қайраткерлері. Шынында да, жұмыстан тыс кезде өзара айтылса мейлі ғой, ал ресми жиынның үстінде айтылған қалжыңға қарап үш құрдастың достығы, ара-қатынасы қандай болғанын бағамдай беруге болатын сияқты...

«Сүйікті іс – сүйкімді келеді» дегендей, академик Ғ.Мұсабаевтың тіл білімінің әртүрлі салаларын зерттеумен бірге, «көз майын тауысып», өте бір ыждағаттылықты, құнттылықты, төзімділік пен сабырлылықты талап ететін сөздік жасау, әрбір сөзді жіпке тізгендей алфавиттік ретпен орналас­тыру, сайып келгенде, сөздік түзу сардарының тілдік қор жасақтаудағы жанқиярлық еңбегін жастарымызға, ғылымға бет түзеген жас ғалымдарға үлгі етіп көрсетсек, олардың ғылымға деген қызы­ғушылықтары арта түсері анық екені айқын.

2296 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы