• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2021

БІР АС ҚАСЫҚ АСҚАЗАН

...Осы әңгімені айтқан адаммен етене-жақын дос-жар болмаған соң, бұрын-соңды емен-жарқын сөйлеспеген соң есімі есімде жоқ. Қызмет бабында болмаса, қаламсап пен қойын дәптерді кім кез келген жерде қолына ұстап жүрсін. Әрі ана дәуір ақындарының жанында жүретін жаттампазындай да болмаппыз. Ал бүгінгі заманның әр сөзіңді желге ұшырмай, жерге түсірмей жазып алатын диктофон елдің бәрінің телефонында бар. Бірақ көптің ортасында «күні ертең маған керек болады-ау» деп таспаға тартып отырсаң, ол тіпті сыйымсыз. 

...Хош, жаздың соңы. Саршатамыз. Жастық шақтағы сауық кештер­дің бірі. Құрбымыз Алманың туған күні. Азды-кемді сый-сияпатымыз қолымызда, жатақхананың төрт кісілік кең бөлмесіне жиналып жатырмыз. О заманда біз үшін туған күнге тартудың төресі – 1 сом 70 тиын, әрі кетсе 2 сом тұратын «Бисквит», «Наполеон», «Медовый», «Трюфельный», «Подарочный» ал қолға түссе, ең қымбаты 2 сом 64 тиынның «Ертегі» торты. Жанына бір шоқ қалампыр немесе пион не болмаса күлтесі жас баланың алақанындай ақ, сиякөк, қызыл гладиолус қоссақ, тіпті тамаша! Ортадан ақша жинап, «Тойыңа гүл алып, келдік біз қуанып...» деп, ән бастаймыз. Әттеген-ай, осы бір, әуезді «Туған күн кешінде» әнінің әсерін бүгінде «Хәппи бөздей ту ююю» деген Альбионнан жеткен ән жолдары басып кетті...

Ду-ду әңгіме, шат-шадыман күлкі. Қызық та қызық, қызғалдақ та қызық. Жай­наңдап, жайтаңдаған жастық шақта жай күннің өзі той. Ал мұндай кезде, жасындай ойнап, жауқазындай жай­наған қыз-жігіттер жас ормандай сыңсып тұр. Ол кезде жастар арасында гита­раны шебер шертетіндер – ойын-тойдың көркі. Жеті ішекті шалып, «Дос-Мұқасан», «Айгүл», «Песняры», «Верасы» ансамбльдерінің кең таралған әндерін айтатындардың айналасында топтанып, дөңгеленіп, білгеніміз де, білмегеніміз де қосылатынбыз. Грампластинкаға жазылған «Абба, Бони-М» нің музыкасына билейміз.

 Отырыс орталана бере, туған күн иесі жасаулы үстелге шақырды. Көк базардан сатып алуға ақша көп емес, Көктөбенің көкорай белдеріндегі бақтардан теріп әкелген Алматының алқызыл апорты шертіп қалсаң, шашырап кетердей шырыны шертіп тұр (Күні кешеге дейін күз басында Алатаудың апортын, Талғар тауының албыраған алмұртын теруші едік. Әне бір жылдары әдетімізге басып, алмаға барып едік, төбеттерге таланып қала жаздадық. Төбедегінің бергенін төмендегі төр­дегілер ме, төрелер ме, әлдебіреулер бөліп алып, билеп, бақтарды жерімен қоса, жекешелендіріп алған екен). Қияр-қызанақтан, қызылша-сәбізден, капустадан жасалған салаттар мен карамель кәмпиттер бар. Сусын атау­лыдан «Дюшес», «Буратино» ­лимонадты қойылған... Қызылкүрең бауырсақ пісіретін жеңге­леріміз ауылда, 20 тиынның бөлке нанын көпіртіп көп ­турапты. Үйден жырақ жүргендерге үйме табақ ет қайда, дүкеннен әкелген тауық етін қосып басқан палау салынған, арасында асханадан алған «общепиттің» үлкен-үлкен тәрілкелері бірінен кейін бірі алдымызға келді. Жасыратын несі бар, жан-жақтан жапа-тармағай бас салдық. Сәл өтпей-ақ тәрелкенің түбі тықырланып қалды. Қос қазандап пісірген екен, тәрелкелер еселеніп, тағы келді. Тас шайнайтын кезі емес пе, тамақтан тартынып отырған бірі жоқ. Тек Құралай деген қыз сылқым сызылып, нанды саусағының ұшымен шымшып үзіп, қасықтың сүйір ұшынан «сүйіп», үш-төрт түйір күрішті тістеп аузына түсіріп орынсыз сынықсып отырған. Басқалар қолын үш созғанда, бір-ақ рет жұмсаған қасығы тәрелкенің шетіне тиіп қана қайтатындай. Қатар отырған қыздардың бірі: «Алсаңшы, Құралай!» деп еді, бойжеткен бір жымиып алды да, «білесіңдер ғой, мен өзім осындаймын, тамақты аз жеймін» деп, сыңқ етіп күлді. Оған бірі назар аударып, бірі мән бермеді. Бірақ оны ортамызға жаңа қосылған, бейтаныс жігіт аңдап қалыпты. «Мен қазір тойып алайын, өтірік тамақ ішкісі келмей отырғандарға бір әңгіме айтамын... Құралай дедіңіз бе, сөзіңізге сене алмаймын, себебі денеңіз дель­финдікіндей жұп-жұмыр екен. Қасығыңыз құр барып қайтып жатыр, маған беріңізші, обал болмасын. Бір майлап қояйын. Әйтпесе, «құрғақ қасық ауыз жыртар» деп, қарама-қарсы қиғаштау отырған қызға құрықтай ұзын қолын созып, ә деуге үлгертпей Құралайдың қасығын алды. Сөйтті де тәрелкенің түбіне терең бойлатып, шынында майлы тұсынан толтырып бір көсіп алды. Көмейлетіп асап бір ұртына тастап жіберді. Тым-тырыс қалған бәрімізге назар да салмастан тағы бір қасықты екінші ұртына салды да, қызарып кеткен Құралайға қасығын қайтарды. Аузындағысын асықпай толғап шайнап, талмап жұтты. «Мен бір оқиғаны білемін» деді де, баппен сөз бастады.

...Бір келіншек сымбатын жоғалт­паймын деп, үнемі өзін-өзі баптап, тамақтан шектеумен жүреді екен. Шындығында, семіріп кетемін деп қорқады. Бірақ оны ашып айтқысы, ойын сездіргісі жоқ. Ылғи да дастарқан басына келгенде: «Ой, ыстық ішсем, таңдайым күйеді, салқын ішсем, тісіме суық тиеді. Ащы жесем, асқазаным ­ауырады, тұщы жесем, тілім дәм сезбейді. Тұзды жесем, буындарым ауырады, тәтті жесем, аузым уылады. Суды көп ішсем, ішектерім шұрылдайды, қою тамақ жесем, қарным бүріп ­ауырады, қара шай ішсем, тамағымды қырнайды. Сүтпен ішсем, ішіме жақпайды. Сондықтан тәбетімді тыйып ас-ауқаттан абайламасам болмайды» деп, бұйырған тамақтан қарап жүріп тіксініп, өзін дәмнен биік ұстайтын. Оған өзі де, өзге де әбден үйренген. Күндердің күнінде бұл келіншек, жанында бірнеше адам бар жол-көлік апатына түседі. Апаттың ауырлығы сонша, автокөлік мүлдем жарамсыз болып қалған. Қасындағылардың жазымнан аман қалғаны жоқ... Тек сол келіншек қана сырттай қарағанда алпыс екі тамыры, он екі мүшесі сап-сау, дін-аман. Айтып отырмын ғой, сырттай қарағанда ғана! Сонда да «жедел жәрдем» бақылауға алуға ауруханаға алып кеткен. Екі-үш күн өткеннен кейін онсызда тамақты аз жейтін келіншек кеңірдегінен ас өтсе болды талып қалатын болыпты. Тексере келгенде дәрігерлер апаттан кейін қалай тірі жүргеніне таңқалып, дереу операцияға алады. Сөйтсе, еш жеріне зақым келмеген адамның асқазаны сол апаттың салдарынан жыртылып кеткен екен. Құдай сақтап, хирургтің шеберлігімен асқазанның аман қалған жерін жалғап, қосып тігіп организмді жұмыс қалпына келтірген. Жыртылғаннан қалғанын жамап, бүтінделген асқазанға бар-жоғы бір ас қасық қана сұйықтық немесе бір шөкім қою тамақ не болмаса бір шымшым нан ғана сиятын болып қалған. Солайша, сымбатын сақтаймын деп жүріп, терісі сүйегіне жабысып, тірі аруаққа айналған. Соңыра: «менің бір ас қасық нәрді талғажау етіп, өлмей тірі жүргенім –Құдайдың кеңшілігі де, шеберлігі де, құдіреті де, сынағы да, көрсетейін деген көрешегі де. Бұған дейін асқазаным аман тұрғанда алдыма келген асты қайтарып, жемеймін деген көлгірсіп, кесірленгенімнен осындай болдым. Айналайындар, бұйырған несібені қайтармай тамақты тоя жеңдер!» дейтін көрінеді жүрген жерінде.

Сол арада отырғандар сілтідей тұнып, ілкі сәтке тым тырыс тынып қалдық...

2511 рет

көрсетілді

17

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы