• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2021

ЕКІ ЖАСАР ҚЫЗЫНЫҢ БОЙЫНДАЙ КЕЛІНШЕК

Раушан Төленқызы
«Ana tili»

...Маған бұл оқиғаны 1983 жылы жазда талдықорғандық құрбым Жанат Салқынбаева баяндаған-ды. Бәлкім, бұл әңгімеден сіз де құлағдар шығарсыз. Осы материал­ды газетке дайындау барысында, яғни кешелі-бүгінгі бір-екі аптаның көлемінде менің қолқанаттарым, бауырларымның мектеп жасындағы балалары, олар да бұны Тараздан естіп келгендігін айтып, бірін-бірі жарыса мақұлдады. Жанат оқиға кейіпкерлерінің есімдері жадынан шығып қалғанын айтқан.

Өткен ғасырдың орта шенінде Мәс­кеудегі Медицина институтын тамам­даған ерлі-зайыпты екі жас елге оралады. Туған жеріне келіп, шипагерлік қызметтеріне кірісті. Қазақы ортада өскен жігіт ел ішіндегі әдеп-салтқа, жөн-жоралғыға жетік. Орыс қолды келіншек Мәскеуде оқығанын мақтан көре ме, әлде бары сол ма, ұлттық менталитеттен алшақтау...

Күндердің-күнінде күйеуі түс көреді. Құмдауыт, шөлдала екен дейді. Аспан айналып, жерге түскендей аптап. Дала қапырық. Ыстық ауа бетіңді шарпиды, ыстық құм табанын қариды. Шетсіз-шексіз айдалада күнге қарылып жалғыз өзі келе жатқанында тү-у-у алыста-ан сыңғыр-сыңғыр еткен қоңырау даусы естіліп, бара-бара сол үн жақындай түсті. Бір кездері қияннан кіре тартқан аттылы, түйелі керуен тізбегі көзге шалынды. Құмды өлкеде бір өзім деп ойлаған жігіт таңырқап, күнге қақталса да, өзіне қарай бет алып келе жатқан керуеннің жолын тоспаққа бекінді. Шұбатылған кірешілер айқындалып, жақындай түсті. Аңдаса, керуеннің ең алдында, сәлденің астына екі ұшы өңіріне түскен орамал салған, көзі үлкен, қоңқақ мұрынды, қаба сақал, қараторы қария түйе мініп, теңселіп келе жатыр екен дейді. Тұрған орнында қалшиып қатып қалған бұның жанына жете бере, керуенді іркіп, түйені шөктіреді. Өзі түйеден түсіп, мұның қасына келді де: «Балам, тізеңді бүк» деп малдас құрып жанына отырғызады. «Балам, әйеліңнің құрсағында төрт айлық бала бар. Қыз бала. Атын Таңшолпан деп қой. Жиырма жылдан кейін келемін» деді де, орнынан тұрып, түйесіне мініп керуенді қайта жолға салады...

Осы кезде өзі де оянып кетеді. Түн қараңғысында әлгі әзірде ғана көрген түсінен арыла алмай көп отырыпты. Таң атқан соң келіншегіне: «біздің қызымыз болады екен. Түс күрдім. Түсімде құм ішінде бір қария маған қызыңның атын Таңшолпан қой» деді. Оған келіншегі сенбеді ме, әлде, кім біледі: «да ну, тебе!.. Какое-то калбицкое имя... Таңшолпан...» депті күйеуін кекетіп. Жігіт қанша уәж айтқанымен, ол атты қызыма қоймаймын деп қарсы келумен болыпты. Бояу-бедері ап-анық сол күнгі түс жігіттің жадынан еш кетпей қойған. Тоғыз ай толғанша ол да бұл да айтқанынан қайтпады. Айы-күні жетіп, дүниеге қыз бала келді. Әкесі шақалаққа түсінде аян берген атты қоймаққа бекінді. Алайда, қырсық келіншек алған бетінен ол да қайтпады. «Сол есімді қатты қаласаң, онда қызыма Венера деп ат қоямын. Бәрібір емес пе, орысша – Венера, қазақша – Шолпан. Мағынасы бір. Таңшолпанның қажеті жоқ» деді. Текетірестің соңы «Таңын», бөліп алып, бөпенің атын Шолпан деп шолақ қайырды.

Жанаттың айтуынша Шолпан қыз адамзатта ма, әлде сол аймақта ма бет біткеннің сұлуы болыпты. Жөргектегі күнінен-ақ алақандай қап-қара көзі оттай жанып, қою кірпігі найзадай шаншылып, қияқтай қасы қарлығаштың қанатындай, екі беті саусақ тигізсең үгіліп түсер қардай аппақ, ернінің жиегі ап-айқын ерекше көрікті болыпты. Шолпан қыз болып, қылтиып көзге түсе бастағаннан-ақ күннен-күнге көргеннің көзін суырған көркем болып құлпыра түсіпті дейді. Сырт көздің сұғынан жасқанған әулеттің үлкендері қызға қарауыл қояды. Тіпті мектепке барып келуі де көз алдарында болуын қадағалаған. Сөйте-сөйте, Шолпан қыз оныншы классты бітіруге жақындады. Ауыл-аймақтың жігіттері аздай мектепке мұғалім болып келген жас жігіттер де күндіз-түні қызды ториды. Не керек, кәмелеттік аттестат алған күні жас аруды мұғалімі айласын асырып алып қашады...

Он жеті жасар келіншек басына жаулық салынса да ізін аңдығандардың салдарынан үйден аттап шығуы мұң болады. Арада айлар өткенде аяғы ауырлап бойы байсал тартқанда ғана бөріктілердің бәрі болмаса да бірқатары амалсыз үмітін үзіп, көз салушылар саябырсиды. Он сегізге толғанында, ол да қыз табады. Өзінен аумай қалған қызғалдағы талпынып, ол да күннен-күнге көз тарта береді. Енді, кертпе құда, бесік құда болғысы келгендер Шолпан келін болып түскен шаңырақтың табалдырығын тоздырса керек.

Уақыт өте береді. Күндердің күні болғанда, әжем айтқан ертегідегідей, бақбақ басы ұзарып, өсіп толғанда хас сұлудың жасы он тоғыздан асқанда, Шолпан келін белгісіз, белгісіз емес-ау бейдауа дертке шалдығады. Аптадан айлар өткенде көлденеңнің көзіне ә дегеннен аңғарыла қоймаса-дағы өз ата-анасы мен келін болып түскен босағадағы естиярлар байқайды. Шолпанның сұңғақ бойы барған сайын кетіліп, бәкене тарта береді. Бірақ, бәдені, яғни бет-ажары сол қалпында жайнап тұр. Біраз уақыт өткенде орта бойлыға түсіп, одан ортадан төменге дейін кішірейе бастайды. Дәрігер әкесі, ах ұрып, қызын үлкен қалалардағы білікті, тәжірибелі дәрігерлерге көрсетеді. Олар дауа таппаған соң, Москва, ­Ле­нинградтың мамандарына, өздері оқыған мединституттың профессор-ұстаздарына тексертеді. Сүйектен де, қаннан да алмаған анализі жоқ, сол заманғы аппаратқа салмағаны жоқ бәрі де, бәрінде де бас шайқап шарасыз. Шолпанның алпыс екі тамыр, он екі мүшесі түгел, сау, өкпесі-қолқа, жүрегі, бауыр-бүйрек, дені-қарны сап-сау. Ақыл-сана, ой-зердесі мүлтіксіз. Бейшара Шолпанның бойы бастауыш класстың оқушысындай кішірейіп, аяқ-қолы жіңішкере түсті. Жанат құрбымның айтқаны рас болса, келіншек жиырма жасқа толғанда өзінің екі жасар қызынан аз-ақ үлкен, яғни тым кішкентай болып қалса керек. Басын тауға да, тасқа да ұрған қайран әке енді медицинадан күдер үзді, жұмысын да біржолата тастады. Қызын алып, ел аралап, емші-құшнаш кезіп кетті. Олар да қайран. Ақыры, біреуден біреу естіп әлдекім бұған: «Ташкенттегі Алай базарында шоққа қыздырып, суға суарған қылышымен Құран ашып алдына келгендерге болжал айтатын бір әжей бар, соған барып көрші» дейді құпиялап. Алысқа сапар шеккен әкесі мен қызы Алай базарын аралап әжейді тапты. Мән-жайға қаныққан қария суарылған қылышын Құран кітабына бойлатып жіберіп, қасиетті кітапты шалқасынан ашады. Үңіліп, әлдебір жазуды оқығандай болды. Сөйтті де, шалт бұрылып: «Ей, балам! Осыдан жиырма жыл бұрын қандай түс көріп едің?!» деп сұрады. Шолпанның әкесі абдырап қалды «білмеймін... есімде жоқ». «Байғұс бала есіңе түсір... ыстық күн... ыстық құм... керуен... түйе мінген қария...». Қыздың әкесі «ах!» деді де, аз отырып: «Апа, есіме түсті» деп басын шайқап сол сөзді қайталай берді... «Есіңе түссе, айтшы, қария саған не деп еді?» «Әйелің екіқабат. Құрсағындағы қыз бала. Атын Таңшолпан қой. Жиырма жылдан кейін келемін деген». «Қарияның айтқанын неге орындамадың? Қызыңың атын Таңшолпан деп неге толық қоймадың?». «Әйелім көнбеді. Тіпті Венера қоямын деп қасарысты. Шолпан деп қоюға ғана әлім келді». «Түсіңде көрген қария сенің түпкі бабаң арабтың атақты адамдарының бірі еді. Қатыныңды неге тыңдайсың?! Түспен тайталаспау керек. Түс – Алланың аяны. Түсіңде бабаң қойған бұл есімді неге азайтып, кішірейттіңдер?! Жиырмаға келген қызыңның қуыршақтай ғана болып кішірейгені соның кесірінен!!! Жиырма жылдан кейін келем дегені – айтқанын бұлжытпай орындасаң, балаңды адам айтқысыз бақыт пен дәулетке кенелтем дегені. Өзің түсіңде көрген керуен – Таңшолпанның маңдайына бұйыруға тиісті қисапсыз қазына болатын. Бекер! Бекер!» деп, қасиетті Құранның бетін қайта жапты.

2573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы