• Руханият
  • 04 Наурыз, 2021

«МЕН ҚАЗАҚПЫН, ҚЫРҒЫЗ ОЛ ТУЫСҚАНЫМ...»

Нұрболат Абайұлы 
«Ana tili»

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров елімізге мемлекеттік сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Бауырластық бағыт пен өзара сенім сипатында өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Келіссөздер соңында бірқатар мемлекетаралық маңызды құжаттарға қол қойылды. 
Ақорда резиденциясында өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің делегациясына қазақтың даладай дархан пейілін барынша көрсетті.

– Сапарларыңыздың рөлі, мағынасы айрықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде, сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет. Бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Алдымызда тұрған міндетіміз – осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қаты­настардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің өлеңінен бір шумақ үзінді оқи отырып жалғастырды.

– Мен – қазақпын,

қырғыз ол – туысқаным,

Бірге тартқан тарланның құйысқанын.

Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки,

Бөліп берген егізге уыс нанын, – дей келіп, Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан түйіні тарқамайтын мәселелер болмайтынына сенім білдірді.

Сөзінің соңында Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен баруға шақырды. Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғыз­стан Президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері қозғалды. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ Еуразиялық интеграция және көп жақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр ­Жапаров кеңейтілген құрамдағы делегациямен бірлескен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында екі ел басшысы да тарихтан көптеген мысал келтірді. Мәселен, Қазақстан Президенті қазақ пен қырғыз байланысының тамыры тереңде екенін айта келіп, ұлы Абай мен Мағжан Жұмабаевтың сөздерін тілге тиек етті.

– Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысал жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады, – деді Қазақстан Президенті.

Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына коронавирусқа қарсы күресте моралдық, материалдық қолдағаны үшін алғыс ­айтты.

Қазақстан Президенті өзара байланысты нығайту үшін іргелес жатқан аймақтардың ынтымақтастық аясын кеңейту жөнінде келісім жасалғанына тоқталды. Оның ­айтуынша, Өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші форумын жуық арада өткізу қажет, сондай-ақ ­шекара маңында тауарды рәсімдеп, өңдейтін сауда-логистикалық орталық құру керек. Келіссөздердегі тағы бір өзекті мәселе – су-энергетика саласындағы ықпалдастық. Мемлекет басшысы өз сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды:

– Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдалас­тық. Бішкекте – Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында ­Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарында қырғыз жастарына бөлінетін білім квотасын 10 есеге көбейту жөнінде тапсырма бергенін, соның арқасында мұндай гранттардың саны 50-ге жететінін, сондай-ақ Бішкекте Қазақстанның беделді жоғары оқу орнының филиалын ашу ­туралы бастама қарастырылып жатқанын айтты. Қазақстан мен Қырғызстанның көшбасшылары өңірлік және жаһандық мәселелер жөніндегі пікір алмасты. Екі ел Президенттерінің пікірінше, көптеген мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас.

 

1989 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы