• Cұхбаттар
  • 11 Наурыз, 2021

Төрегелді ШАРМАНОВ, ҚР ҰҒА академигі: «АЛҒАН ЕМЕС, БЕРГЕН АДАМ БАҚЫТТЫ»

Төрегелді Шармановтың Халықаралық қоры ашылды. Бұл жайлы академик өзінің Facebook парақшасында жария етіп, ол хабар көпшілік тарапынан қолдау тапқан болатын. Қордың негізін қалаушы және құрылтайшысы, еліміздің денсаулық сақтау саласын 12 жылға жуық басқарған, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы – Леон Бернард атындағы сыйлығын иеленген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Төрегелді Шармановпен әңгімелескен едік.

– «Алған емес, берген адам бақытты» деген ұстанымыңыздың айғағы ретінде Сіздің атыңыздан Халықаралық қор ашылды. Ашылып отырған қорыңыздың мақсаты қандай?

– Бұл бастамаға пандемия салдарынан халықтың басына түскен түрлі ауыртпалықтар себеп болды. Бәріміз де ауыр сынақтан өттік. Індетпен кү­ресте дәрігерлеріміз ерен ерлік көрсетті. Өкінішке қарай, азаматтары­мызға қажетті медициналық көмек қолжетімсіз болған кейбір жағдайларға да жүрегіміз ауырып отырып куә болдық.

Қордың мақсаты – жалпыға бірдей денсаулық құқығын қамтамасыз ету, адамның өз денсаулығына жеке жауапкершілігі де барын айту. 1978 жылы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының осы тарихи құжатын әзірлеген және қабылдаған әлемдік денсаулық сақтау көшбасшыларының қатарында болу мәртебесі бұйырғанын білерсіздер. Міне, медициналық-санитарлық көмек жөнінде Алматы декларациясында да айтылған.

Жалпыға бірдей денсаулық құқығы тек мемлекет есебінен ғана қамтамасыз етілмейтінін ескеру қажет. Бірінші ­кезекте, денсаулық – бұл азаматтардың жеке жауапкершілігі. Олардың ақпа­рат­тандырылған шешімдер қабылдауы үшін денсаулықты қалай күту керегі жайлы ғылыми негізделген ақпарат ұсынылуға тиіс, ал оның кілті – салауат­ты тағамтану.

Сондықтан біз денсаулық сақтау саласындағы, атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы жобаларды қолдау арқылы өз миссиямызды орындайтын боламыз. Қор қызметінің маңызды бағыты – тағамтану саласындағы білім беру мен ғылымды дамыту.

– Қордың Қамқоршылық кеңесінің құрамына елге сыйлы азаматтар жиналған екен.

– Иә, Қамқоршылық кеңесте ­замандастарыммен қатар, бүгінгінің қоғам қайраткерлері де, медицина майталмандары да топтастырылды. Атап айтқанда, еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Асанәлі Әшімов, Қуаныш Сұлтанов, үздік ­медицина мамандары Юрий Пя мен Серік Ақшолақов бар.

Бұл азаматтардың ерен еңбектерін баршамыз білеміз. Құрамдағы әр азамат тәжірибелі, өз саласының білікті мамандары, елге танымал тұлғалар.

– Қордың бағыты және алдағы жобалары қандай болмақ?

– Ең алдымен, ғалымдарға ха­лықаралық сыйлық тағайындау ар­қылы олардың денсаулық сақ­таудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өткіміз келеді. Биылға номинанттар іріктелді. Бұл COVID-19-бен күреске үлес қосқан қазақстандық ғалымдар тобы, сондай-ақ жаһандық ауқымда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына ықпал еткен АҚШ пен Ұлыбританияның жетекші академиялық орталықтарының профессорлары.

Қордың Қамқоршылық кеңесі жыл сайын басым бағыттарды айқындап отыратын болады. Осы басымдықтар шеңберінде жыл сайынғы халықаралық сыйлық қазақстандық бір ғалымға (ұжымға) және шетелдік бір ғалымға (ұжымға) табысталады.

Бұдан бөлек, қорымыз денсаулық сақтау мен салауатты тағамтану саласында технологиялық өнімдер жасауға және арнайы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге гранттар беруді жоспарлап отыр. Біз қазақтың ұлттық тағамдарын салауатты тағамтанудың заманауи қағидаттарына бейімдеуге бағытталған жұмыстарды қолдап, сондай-ақ диетология мен тағамтану ғылымымен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандарды тәжірибеден өткізуге гранттар бермекпіз.

Қорымыздың тағы бір міндеті денсаулық және медицина мәселелері бойынша қазақ тілінде сапалы ғылыми-көпшілік ақпараттық материалдар санын арттыру. Осыған орай, қорымыз денсаулық және медицина туралы ағартушылық жұмысты ­дамыту, қазақ тілінде сапалы контентті толықтыру мақсатында арнайы сыйлық тағайындайды.

– Сіз үшін қайырымдылықтың негізгі мән-мағынасы қандай? Адамдарды қайырымдылықпен айналысуға не итермелейді?

– Адамның негiзгi мақсаты –  айналаның игілігі үшін қызмет ету, жақсылықты міндетсінбей ­жасау.   Адам баласының өмір сүруіне қажеттінің бәрін Құдай қамтамасыз етті ғой. ­Демек, адамның міндеті әлемді жақсар­ту арқылы Құдайға ризашылығын білдіру. Қайырымдылық жасау – нағыз азаматтықтың белгісі. Елімізде қайырымдылықпен айналысып жүр­ген азаматтарымыз баршылық. Мен олардың көпшілігімен жеке таныс­пын және оларға үлкен құрметпен қараймын.

– «Шаршамайтын Шарманов» деп замандастарыңыз айтқандай, жасыңыз тоқсаннан асса да ширақсыз, жоспарлар құрып, оларды жүзеге асыруға құлшына кірісіп жүрсіз. Осы күнге дейін атқарған дүниелер жетерлік, әлі күнге дейін жас маман тәрбиелеп, ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп келесіз. Оның сыры не?

– Шарманов ретінде мәртебемді биіктетіп, мерейімді өсірген – халқым. Қандай қысылтаяң кезең болса да, әрбір жетістігімді халқыммен бірге өткеруім –  азаматтық борышым. Төңірегіңе, қоғамға, халыққа қаншалықты қажет болсаң, соншалықты ұзақ өмір сүресің. Ол шындық. Халқың еңбегіңе, қамқорлығыңа, ісіңе қаншалықты мұқтаж болса, соншалықты жауапкер­шілікті сезінесің. Ол мен үшін зор бақыт. Ал ешкімге пайдасы тимеген адам іштей зарығады. Бұл бақыт­сыздықтың белгісі.

Еңбегің халықтың игілігіне айналып, пайдасын ел көріп жатса – нағыз бақыт осы. Бұл дүниеге келгенде, не алам деп емес, не берем деп келу керек.

Біз қарқынды дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан өскелең ұрпақ бізден пайымды, шапшаң, бәсекеге қабілетті болуы керек. Бүгінгінің талабына сай елдің саулығы үшін қызметті тоқтаусыз жасау керегін өзіме, айналама айтудан еш шаршаған емеспін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

1514 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы