• Әдебиет
  • 11 Наурыз, 2021

«ЖЕЛДІРМЕНІҢ» ЖАН СЫРЫ

Еліміздің Ұлттық кітапханасында күйші-композитор Әшірәлі Шыңғожаевтың шығармашылығын зерттеп, жинақтаған өнертанушы ғалым Нұркен Нұрғалиұлының «Желдірме» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Әділханұлы бастаған осы оқу ордасының оқытушы ғалымдары мен өнерсүйер қауым қатысты.

Тұсаукесерді ашқан Ардақ Алматұлы бұл шараның еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп отырғанын айта келіп, кітап авторы Нұркен Нұрғалиұлына сөз берді. Автордың айтуынша, Әшірәлі Шыңғожаев 1920 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Көктебе ауылында дүниеге келген. Осы өңірге аты жайылған Шыңғожа бидің баласы. Жасынан хат танып зерек болып өскен ол домбыраны да бала күнінен жанына серік еткен. Алайда 1930-32 жылдардағы ашаршылықпен бірге ел ішіне келген індет –  шешек ауруы салдарынан екі көзінен айырылып, зағип болып қалады. Тағдыр сынына жастайынан ұшыраған жас өнерпаз сонда да қолынан домбырасын тастамай, өнерін одан әрі шыңдай береді. 17 жасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен кездесіп, ұлы жырау жас жігіттің өнеріне тәнті болып, өз домбырасын тарту етіп, батасын беріпті. Осыдан бастап шабытына қанат бітіп, 70 жылдық ғұмырында 20-дан астам күй мен 10-нан астам ән шығарған. Көпшілік әндерінің өлеңін өзі жазып, орындаушысы да өзі болған. Аудандық, облыстық айтыстарға да қатысқан. Бір сөзбен айтқанда, сол заманда елдің рухын көтеріп, мәдениетін қалыптастыру жұмыстарына атсалысқан. Қазақ күй өнерінде 7 мектеп болса, Жетісу күйшілерінің атасы Байсерке шығармашылығымен жете таныс болып, күйлері де оның шығармаларымен сарындас, үндес өрілген. Әшірәлі шығармашылығы Нұркен Нұрғалиұлының ұсынуы­мен консерваторияның ғылыми кеңесінде талданып, талқыланып, баспадан жарық көруге ұсынылған. «Қазақ кітабы» баспасынан жарық көрген кітаптың таралымы 1000 дана. Еңбек орта және жоғары оқу орындарының студенттері мен жалпы өнерсүйер қауымға арналған. 
Кітаптың тұсаукесерін «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, Консерватория ректоры Арман Әділханұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсеновтер жасап, кітап авторына шығармашылық табыс тілеп, өз құттықтауларын айтты. 

Н.СҰЛТАНҒАЗИЕВ

1020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы