• Cұхбаттар
  • 11 Наурыз, 2021

Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор: ТАРИХ ТА МАТЕМАТИКА СИЯҚТЫ

«АНА ТІЛІНІҢ» МІНБЕРІН ПАЙДАЛАНЫП, ТАРИХ ТУРАЛЫ СӨЗ БОЛҒАНДА, КӘСІБИ ТАРИХШЫЛАРҒА ЖОЛ БЕРІҢІЗДЕР ДЕГІМ КЕЛЕДІ

ГЕНОЦИД  ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

– Аштық тақырыбы қозғалған сайын одан қанша қазақ қырылғаны ­жө­нінде түрліше жорамалдар ­айтылады. Оның себебі, сол нәубеттің толық зерттелмегенінен болар деп ойлаймыз?

– Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында дұрыс мәселе көтерді. ­«Тарихпен саясаттанушылар емес, кәсіби тарихшылар айналыссын» деді. Одан кейін өткен дөңгелек үстелде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Тарихты ­сая­силандырмайық» деді. Екеуі де айналып келгенде бір сөз.

1992 жылы марқұм Манаш Қо­зыбаев басқарған Сенат комиссиясында жұмыс істедім. Жабық қорлардағы мәліметтерді сараптай келе, 1931-32 жылдары 2 млн 200 мың қазақ аштықтан қырылғанын анық­тадық. Иә, рас айтасың, адам шы­ғыны жөнінде асырып, тіпті 4-5 млн деп соғатындар бар. Өтірік. 1930 жылы бар қазақтың саны 4 млн 800 мың. Түгел қырылса сіз бен біз бүгін осы жерде отырмас едік (Ал 1921-22 жылғы аштықта марқұм Мақаш Тәтімовтің есебімен халықтың 30 пайызы, яғни 1 млн-нан астам адам өлген. Сол есеп шындыққа жақын). Тарих та математика сияқты, онымен тек мамандар айналысуы тиіс. Жазушы, журналист, тіптен мемлекет қайраткері шығарсыз, бірақ мұрағаттарда шаң жұтып, сарғайып отырмайсыз ғой. Ол біздің шаруамыз. «Ана тілінің» мінберін пайдаланып, тарих туралы сөз болғанда кәсіби тарихшыларға жол беріңіздер дегім келеді.

– Қазақ қазақ болғалы ХХ ғасыр­дағы бірнеше мәрте қайталанған аш­тықтан өткен алапат нәубет болған емес. Содан да қоғамда біліп те, білмей де даурығушылық бар. Бұл ретте нені ескеруіміз керек?

– Алдымен, заңды. Мысалға, геноцид дегенді айтуға құмарлар көп. Кеңес дәуірін көрген біздің замандастарымызда заңға сенбеушілік бар. Өйткені большевиктердің ісі мен сөзі қабыспады. Сондықтан заң атаулыға күмәнмен қараймыз. Ал халықаралық заңдардың жөні бөлек.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 1948 жылы қабылданған геноцид туралы конвенциясы бар. Ол заң еврейлердің бастамасымен қабылданған. Онда: «Бір руды, тайпаны, халықты қасақана, әдейі, қаскүнемдікпен қырғынға ұшыратса, жер бетінен жойып жіберуі де мүмкін болса, мұны – геноцид деп атау керек» делінген. Осыған орай, Сталин мен Голощёкин қол қойған, «қазақты қырыңдар» деген құжат әзірге табылған жоқ. Табылмауы да мүмкін. Онсыз қасақана қырғын ұйымдастырғанын дәлелдей алмаймыз. Даурықпастан бұрын осындай заңдарды оқып алу керек.

Мысалға, Украина Ресейге құн төлетпек болды. Оларынан түк шықпады. Иә, Еуропарламент қарады бұл мәселені. Геноцид деген сөзді қолданған жоқ. Алып тастады. «Бұл халыққа, адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» деп тұжырымдады. Украинаның БҰҰ-ға жолдаған хатын олар қарамай, мұрағаттарына сақтап қойды. Себеп – конвенцияға сай келмейді. Шын мәнінде, Украинада болған жағдай, ­геноцид деуге келеді. 1931 жылы Кеңес Одағы Германиямен келісімшарт жасады. Неміс жағы алтын мен астық сұрады. Кеңес Одағындағы индустрияландыруға Германияның станоктары мен техникалары қажет болды. Астық барлық республикалардан жиналды. Шаруалары бидай егумен айналысатын Украинаға салмақ түсті. Қызыл армия әрбір ауылын бөлек-бөлек қоршап тұрып, ешкімді шығармаған қалпы астықтарын сыпырып алған. Сөйтіп, әркім өз үйінде отырып-ақ аштан қатқан (голодомор). Әнеки, соның өзін қасақана жасалды деп дәлелдеу мүмкін болмай отыр.

40 МЛН БАС МАЛДАН  4 МЛН ҚАЛДЫ

Ол заманда науқан көп болған. Голо­щёкиннің «Кіші октябрь» саясаты үш науқаннан тұрды. Ауылды кеңестендіру. Ауылнайларды сайлау. Шабындық, жайылымдық жерлерді кедейлерге бөліп беру. 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу (ірі байлар бір мыңнан ғана асатын). Ол біткесін, 1929 жылдың аяғында ұжымдастыру, бай-кулактарды тап ретінде жою науқандары басталды. Бай-кулак атанған 200 мыңнан астам адам өлтірілді, қашты-пысты.

Ет дайындау науқаны да аса белсенділікпен жүргізілді. Қазақстан ілкіде аталған индустрияландыруға орай, Мәскеу, Ленинград секілді ірі қалаларда бой көтерген зауыттарды және қызыл армияны етпен қамтамасыз етті. Қазақты қырғынға ұшыратқан ең ауыр науқан көшпелі және жартылай көшпелі ­шаруаларды (4 млн 100 мың қазақты) зорлап отырықшыландыру саясаты болды. ­Голощёкин сол кездің мүмкіндігі ­бойынша сексеуілден, жыңғылдан жасалған қораларға, шаруалардың малын жинатып әкелтіп, қаматтырып қойды. «Малын қамап қоймасаңдар, жасаған қораларыңды бұзып, түйеге тиеп алады да малының соңынан кете береді» деді. Сосын қазақ шарасыз, қораның қасына киіз үйлерін қатарластырып тігіп, колхоз болды. Нәтижесінде 40 млн бас малдан 4 млн-дай ғана қалды.

– Қазақстандағы жағдайды Сталин білмеді деу өтірік болады. Сіздіңше, жалпы ол қандай көзқараста болған?

– 1937 жылғы Кеңестер Одағы көлемінде өткен халық санағының нәтижесін көрген Сталин қатты ашуланған. Одақ көлемінде санақ жүргізген адамдар шетінен атыл­ған. Қазақстанда аудандық санаттағылардан бастап, санақ комиссиясын басқарған Мұхтар Саматовқа дейін түгел жазаланды. Себебі ­Иосиф Сталин 1934 жылғы партияның ХVII съезінде «Халық ­санын бес жылда бәлен млн-ға арттырамыз, сөйтіп социализмнің капитализмге қарағанда артықшылығын әлем алдында дәлелдейміз» деген. Керісінше, халық саны қатты азайып кеткен. Сталиннің мақсаты орындалмай қалды. Сондықтан санақ мәліметтері бұрмаланды. Саматов Қазақстандағы жан саны үш жылда 3 млн 379 мыңға кемігенін мәлімдеген.

Сталин, әрине, бәрін біліп отырды. Бірақ Қазақстан мен Украинада сонша көп адам опат болғанына сенбеген. Төңкеріс, азамат соғысы, түрлі науқандар кезінде адам шығыны болуы әдеттегі нәрсе деп көрді. Сандаған миллион халықтың басын жұтқан, орасан қырғынды елестетпесе керек.

1932 жылы тамызда Исаев, қыр­­күйекте Рысқұлов Сталинге ашаршылық жайлы хат жазды (Кейін Рысқұлов тек осы алғашқы хаты үшін атылып кеткені белгілі). Олар Голощёкинді орнынан алады деп ойлады. Жоқ, олай болмай шықты. Сталин 17 қазанда саяси бюрода қарап, «Қазақстанның ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы ­туралы» қаулы қабылдады. Ол, әрине, ашаршылықты айтуға құлықсыз. «Тұқымдық қорға көмек ретінде» деп 2 млн пұт астық бөлдірді. Қаулының аты неге мал шаруашылығы? Қазақстанның оңтүстігі Хиуа мен Ташкентті, ­батысы Кавказды, қалған өңірлер Мәскеу, Ленинград жағының ет қажеттілігін өтеп отырды. Ол ақымақ емес, қазақ құрыса 40 млн бас малды кім бағады? Орыс өлсе бақпайды. Қайта, «мал басын көбейтіңдер» деді. Көрдіңіз бе, тарихи деректер қалай сөйлейді.

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНАН  ҚОРЫҚТЫ. ӨЙТКЕНІ ОЛАР

ШЕТІНЕН МЫҚТЫ ЕДІ

– Сонда Қазақстандағы аштық геноцид деуге еш келмей ме?

– Нәтижесі, әрине, геноцид. Колхоздарды әдейі ұйымдастырды, бірақ қазақтарды қырыңдар деген жоқ. ­Сталин қазақты жер бетінен түгел құртып жіберуге екі мүмкіндігі болды. Бірінші, 1929-31 жылдары 372 жерде көтеріліс болды. Кәдімгі кеңес өкіметіне қарсы көтерілістер. Оларды басу үшін Саратовтан 8-гвардиялық атты әскер дивизиясы кіргізілді. Содан әлгі дивизия командирлері Қызылорда жақта жүріп, Голощёкинге хат жазды. «Осылай халықты қыра береміз бе? Кеңес өкіметін мұндай жолмен орната алмайсыңдар. Большевиктеріңді жіберіп, үгіт-насихат жүргізіңдер. Кеңес өкіметінің мақсаты оларды өлтіру емес екеніне көздерін жеткізіңдер» деді. Сосын Әліби Жанкелдин бастаған, С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов қостаған топтар ел аралауға шықты. Екінші, Қытаймен шекара ­бойында ­Зайсаннан Нарынқолға дейін 11 аудан бар. Сол аудандардың халқы кей жерлерде 70 пайызға дейін Қытайға ауып кетті. Олардың қаруланған ондаған бандиттік топтары шекарадан асып келіп, колхоз, совхоздардың малын айдап, туысқандарын қоса әкетіп, шекараға маза бермеген. Қазақтың осы екі «тәртіпсіздігі», оларды қырыңдар деуге жеткілікті еді. Олай етпеді. Қазақты мал соңында жүре беретін, ­жабайы, қаңғыбас халық деп білді. Біреулер айтқандай қазақ деген халықтан қорыққан жоқ. Ал зиялыларынан қорықты және жек көрді. Өйткені олар шетінен мықты еді.

– Саяси қуғын-сүргін Кеңес Ода­ғында жап­пай әрі үздіксіз жүргізіл­генімен ерекше ғой.

– Иә. Аштыққа қарағанда саяси қуғын-сүргіннің құжаттары мұрағатта дайын тұр. Оны БҰҰ-ға жіберсек, геноцид деп тануы мүмкін. Ең таңданар­лығы – Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов бастаған боль­шевиктер, алашордашылар секілді «Буржуазиялық ұлтшылдық» деп айыпталған (Рысқұлов 1939 жылдың басында қырғыз Әбдірахманов, өзбек Низами Ходжаевтармен бірге Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылған). Алашордаға қарсы екі сот процесі болған. Мәліметтері сайрап тұр. Алаш көсемдері де, большевиктер жағындағы тұлғалар да қазақты қайтсек ел қыламыз деп армандады ғой. Көздеген мақсаттары бір болды. Барлығы Ресей Федерациясы 1926 жылғы «Қылмыстық кодексінің» 58, 59, 111 баптары бойынша жазықсыз жазаланғаны көрініп тұр. Одан қалды Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы хаты бар. «Оларды мемлекеттік қыз­метке жолатпаңдар, ғылым, ағарту саласына ғана пайдаланыңдар, сенімсіз адамдар» деген. Бұлар бұлтартпайтын ­деректер.

Меніңше, алдымен саяси, рухани көсемдеріміздің қасақана өлтірілгенін БҰҰ деңгейінде мойындатып алу керек. Отызыншы жылдарда 1 млн адам босқын болған. Солардың 616 мыңы ғана елге қайтқан. Қайтпағандарының ұрпақтары бізбен шектес елдерде тұрып жатыр. Толық зерттелмей жатып шу көтерсек, оларды зерттеуге жол жабылып қалуы да мүмкін. Оны да ескерген абзал.

– Аштықтың нәтижесі геноцид дедіңіз. Мұрағаттарда мәліметтер өте көп көрінеді. Толықтай зерттеу аса маңызды. Кейін Украи­наның жолымен жүріп, БҰҰ-ға хат жолдасақ, біздікі де құр тыраштану болып шықпай ма?

– Мәселе толық зерттелгенше асығып-аптықпай тұра тұру керек. Жалпы мен болашаққа сенемін. Уақыт өтер. БҰҰ-ның басшылары да өзгерер. Сонда аталған конвенцияға қосымша: «бір халықты тұтастай қырыңдар деп арнайы тапсырма бермесе де, жүргізген экономикалық-әлеуметтік реформалары сол халықты жер бетінен құрып кете жаздауға жеткізсе, оны – геноцид деп тану керек» деген шешім шығарына сенемін.

 

АЛАШ – ҚАЗАҚ АТАУЫНЫҢ ­БАЛАМАСЫ

– Сіз тек ХХ-ғасыр тарихымен шек­телмей, арғы тарихқа да ден қойып, іргелі еңбектер жаздыңыз. Сіздің авторлығыңызбен және жетек­шілігіңізбен көп томдардан тұратын «Қазақ ру-тайпаларының тарихы», «Қазақтың этникалық тарихы» жазылыпты. Ауыз толтырып айтарлық бұл еңбектердің мәні неде?

– Тарих ғылымында ізденістермен қатар, іркілістер де жоқ емес. Өткен тарихының жоқ-жітігін түгендегісі келген тарихшылар, алдымен пат­шалықтар мен хандықтардың емес, сол халықтың меншікті тарихын жазады. Яғни халық болмай, қағанат та, хандық та болмайды. Сондықтан біз ру-тайпадан бастадық. Қазақ 40-тан астам ру-тайпадан құралған ұлт. Ал ру-тайпа десең, шенеуніктер және әлі күнге коммунистік түсініктегі кейбір замандастарымыз ат-тонын ала қашады. «Оу, көке, бұл ғылым ғой» деймін ондайда. Ғылым әркімнің пікірімен бір санасып жүре алмайды.

Біздің заманымызға дейінгі V ғасырдан мемлекет құрған үйсін, қаңлы, ғұн, сақ, сарматтар про­тотүркілер болып есептеледі. Түркілер қаншама қағанаттар құрды. Ұлы Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты, Қарахан мемлекеті дегендей. Түргеш қағанатын – «Сарыүйсіндер мемлекеті» деп те атады. Алаш атауы сол тұстан мәлім. Түргеш мемлекетінде «Бес түрік. Түргеш-Алаш одағы» атанған мемлекеттік құрылым болған. Алаш бірлігі мәселесі көтеріліп, оған талпыныс сол кезден ­басталса керек. IХ-ХI ғасырлар аралығында қазіргі қазақтың этникалық құрылымдары бой көрсетіп, орныға бас­тады. Алаш қауымдастығы қалыптасу барысында Найман, Қыпшақ, Дулат секілді ру-тайпалар тарих сахнасына шықты. Қазақ хандарының шежіресі Орда-Эженнен басталады. Ол Жошының тұңғышы. Қазақ хандығы алты Алаштың басын қосты. Алаш – қазақ атауының баламасы.

– Қазақтың этникалық қалыптасуы қай ғасырлардан басталды?

– ХV-ХVI ғасырлардан деген дұрыс. Оған дейін қазақты құраған ру-тайпалар өздерін «Үш сан алаш», «Алаш мыңы», «Алты сан алаш» атап келген. Қадырғали Жалайридің 1602 жылғы «Жылнамалар жинағында» мынадай сөздер бар: «Алаш мыңы үш сан еді. Оның үлкені жалайыр еді» деген. Демек, қазақ жүздері алғаш әскери құрылым ретінде дүниеге келген. Әр ру-тайпа ортақ жасаққа әскер қосады. Олар бірігіп мыңдықты құрайды. Қ.Жалайри айтып отырған «Алаш мыңы» деген сол.

Ал қазақ сөзінің шығуы жөнінде Мұхамед Қайдар Дулати «Еркіндікті аңсаған, бостандық үшін күрескен, орталық саяси басшылыққа бағынғысы келмегендер – «қашақ, яғни қазақ» атанған» дейді. Олай деп, әрине, қазақ өзі емес, оны бағындыра алмаған өзгелер атаған. Орыстың «казачествосы» да дәл солай шыққан. Әбілқайырға бағынбай, бөлініп кеткен Керей мен Жәнібек хандар құрған хандық та «Қазақ хандығы» атанды.

– Жақсы, алаш, қазақ атаулары түсінікті дейік. Қазақтың жүзге бөлінуі қай кезеңнен?

– Жүзге бөліну де өте ертеден басталған. Менің пайымдауымша, сол үрдіс Есім ханның тұсында шегіне жетті, дәлірегі – саяси мемлекеттік құрылымға айналды. Бұл ХVII ғасырдың басы. Себебі ХVI ғасырдың орта шеніне дейін қазақ жүздері туралы еш жерде мәлімет жоқ. «Қазақ ордалары» дегенді кезіктіресіз. Біздіңше, оған дейін алты Алаштың қалыптасуы жүріп жатты. ХVII ғасырдың басы қазақ жүздерінің қалыптасып біткен кезеңі. Есім ханның ескі жолы дегеніміз – қазақтың үш жүзге бөлінуі. Есім хан ол қадамға шарасыздан барды. Себебі, біріншіден, төре тұқымының таққа таласы күшейді. Өзі де Ташкентте Тұрсын ханды өлтірді. Оны жақтаған қатаған руын қырып салды. Сондықтан мемлекеттік үш құрылым жасауға мәжбүр болды. Бұл қадам ішкі талас-тартысты бәсеңдетіп, елдің қорғаныс қабілетін жақсартты. Екіншіден, сыртқы жағдай. Еділ қалмақтары үздіксіз шабуыл жасады. Оларға башқұрттар қосылды. Осындайда елді үш жүзге бөліп билеу ортақ жауға қарсы бірлікке бастады.

– Сізді тыңдап отырсам, орыстар жазған тарихымыздан құтылатын секілдіміз.

– Көзін орысша ашқан кей азаматтар әлі күнге академик Бартольдті құдай секілді көреді. Тарих ғылымы көп ілгері дамыды. Біздің тарихымызды жазған сол әйгілі ғалымның қателіктері аз болған жоқ. Ақиқатында орыстар мемлекет ретінде кейін қалыптасты. Олар бірден жазба тарихқа көшті де содан озып кетті. Мықты орыс ғалымдары көшпенділерді төмендетіп, орыстарды көтермелеп жазды. Князьдары бастары піспей өзара қырқысып, соғысып жүргенде Бату хан барып, 14-ін бірден жинап, ант бергізген. Көшпелілердің ұлы ханы Бату солай жасамағанда, орыс мемлекеті деген мемлекет болар ма еді, болмас па еді, Құдай білсін.

 

Әңгімелескен

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

 

4873 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы