• Тіл
  • 15 Наурыз, 2021

Жазуда бір фонема түрлі әріптермен таңбалануы мүмкін

Жетілдірілген жаңа әліпби бойынша дайындалған Емле ережелерінің 8-тарауы кірме сөздердің жазылуына арналды. Осы мақсатта Терминология бөлімі ұсынып отырған «Кірме терминдердің анықтағышы» А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-техникалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы жобасының аясында «Жаңа ұлттық әлiпбиде кiрме терминдердi транслитерациялау және транскрипциялау анықтағышы» атты тармағын орындау бағытында әзірленді. «Кірме терминдердің анықтағышында» жетілдірілген жаңа әліпби бойынша тілдік заңдылықтар мүмкіндігінше сақталды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдауындағы «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әрпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек» деген пікірі халық тарапынан кең қолдау тапты.

Техника мен технология дамыған жаһандану заманында, кірме терминдердің саны артып отырған сәтте,  оларды таңбалау, қазақ тіліне икемдеп жазу мәселесі де өте өзекті.

Еңбектің негізгі мақсаты –  ғылыми мен техника, шаруашылық пен экономика, мәдениет пен спорт және басқа да салаларда қолданылатын, қазiрге дейiн транслитерация жолымен жазылып келген терминдер мен терминдiк сөз тiркестерiн латынграфикалы жаңа ұлттық әлiпби бойынша таңбалану жолдарын бiрiздендiру, негiзгi үлгiлерiн ұсыну, кірме терминдерді жаңа ұлттық латыннегізді әліпбиде таңбалау жолдарын көрсету.

Транскрипция (лат. transcrіptіo – қайта көшіріп жазу) – белгілі бір тілдегі дыбыстарды дәл бейнелеп көрсету үшін пайдаланылатын шартты белгі. Жазуда бір фонема түрлі әріптермен таңбалануы мүмкін, ал транскрипцияда ол бір таңбамен белгіленеді. Транскрипцияның негізгі қызметі сөздің дыбыстық немесе фонемалық құрамын дәлме-дәл көрсету, онда сөздің дыбыстық жағына ғана назар аударылады. Бір әріп ыңғайына қарай түрлі фонемаларды белгілесе, транскрипциялық таңба бір ғана мағынаға ие болады.

Транслитерация (лат. trans – арқылы, littera – әріп) – бір жазудағы әріптерді екінші бір жазудын әріптерімен, яғни бір әліпбидегі жазуды басқа бір әліпбиге ауыстыру. Егер сөздердін дыбыстық құрамына әліпби сәйкес келсе, онда әліпби ауыстыру қиындық келтірмейді. Ал сөздердін дыбыстық құрамына әліпби сәйкеспеген жағдайда оларды жазу күрделенеді. Қазақ жазуын араб әліпбиінен латынға, латыннан орыс әліпбиіне ауыстыруда бірқатар қиындық туғаны мәлім.

 Ұлттық әліпбиге негізделген емле ережелерінің жобасын әзірлеу барысында кірме терминдердıң таңбалануына айрықша назар аударылған. Анықтағышты түзуде осы жобада көрсетілген кірме терминдерді таңбалау принциптері басшылыққа алынды. 

Ғасырға жуық соңғы кезеңде қазақ тілінің сөздік құрамындағы   кірме терминдердің  енуінің  бірден-бір жолы – жазба коммуникация болды. Осы себепті кірме терминдердің жазылуы мен айтылуы өзге тілдегі заңдылықтарға бағындырылып, норма ретінде танылды.

Жаңа емле ережелерін негізге ала отырып, кірме терминдердің орфографиялануын реттеуде бірнеше принциптердің теңгерімі сақталды, олар: түпнұсқа принципі, фонетикалық және транслитерациялау прнциптері.

Түпнұсқа принципі бойынша жазылуы мен айтылуы қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес келетін терминдер топтастырылды (планшет, сенат, парламент). Айтылуы бойынша норма деп ұсынылғандар фонетикалық принципке негізделеді (paról, zarád, púlt).

Қазіргі қолданыстағы терминдер мен терминдік сөз тіркестері тобы  қазақ тіліндегі дыбысталу мен естілу  ерекшеліктерінен  тысқары тұрған бірқатар әріптермен таңбаланып келді, мысалы, element, elevator,  era, estetıka, ekran, elıta, eksport, etɪŷd, efır, epopeɪa, energetıka, ensıklopedıa, eks-chempıon. Олар төл тілдің заңдылықтарына сәйкестендірілді.

Нағима ӘШІМБАЕВА,

         Терминология бөлімінің аға ғылыми қызметкері,

                              филология ғылымының кандидаты  

 

 

 

978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы