• Тіл
  • 15 Наурыз, 2021

ЕМЛЕ ЕРЕЖЕЛЕРІНДЕ ТАРИХИ ТҮБІРЛЕРДІ САҚТАУ ДӘСТҮРЛІ ҰСТАНЫМ

        Қазіргі тіл білімінің ғылыми зерттеу парадигмасының антропоөзектік басты ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметін, атап айтқанда, танымдық және қарым-қатынас қызметін терең ашып, тіл білімін заман талаптарына сай жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталады. Осы бағытты іске асырудың негізгі бір құралы – Қазақстанның жаңа рухани-әлеуметтік даму деңгейіне сәйкес ұлттық сананың ерекшеліктерін жаһанданудың бәсекелестік сипатына ілесе алатын латын жазуы арқылы тілді таңбалау.

        Жазу арқылы қазіргі қоғамдағы ұлттық сананың жаңғыруына байланысты ерекше қарқын алған қоғам өмірінің сан саласында, қарым-қатынасында ұлтты бірегейлендіру мен рухани қауіпсіздік қызметінің жүзеге асырылуы қазақ тілінің мемлекеттік мүддесінен туындайды. Осыған орай тіл иесінің мәдени-әлеуметтік дамуымен сабақтас қалыптасқан сөздердің құрамындағы тарихи түбірлердің жазу тәжірибесінде сақталып жазылуы жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелерінің «түбір сөздер емлесі» бабында атап көрсетіледі.  

        Қазіргі тілімізде синхрондық тұрғыдан түбір боп саналатын көптеген сөздер диахрондық зерттеудің нәтижесінде бір буынды түбір мен өлі не өлімсіз қосымшаға (аффикске) ажыратылады. Бұлар – бір кезде дербес мағынаға ие болып, туынды сөздерге ұйытқы болған көптеген сөздерге тілдің тарихи даму барысында өлі немесе өлімсіз қосымшалардың әбден кірігіп, жігі білінбей жымдасып кетуінің жемісі ретіндегі тарихи туынды түбірлер. Мысалы, мақта–  maqta, қыдыр – qydyr, айт – ait, сана – sana, қызыл – qyzyl т.б.

        Қазақ тілі лексикасына негіз болған сол заманда толық мағыналы, көп мәнерлі, басқа түркі тілдеріндегі түбірлермен мәндес бір буынды байырғы түбірлер қазіргі тілімізде өзінен көптеген сөздерді өрбітіп, түбірлік сөз қызметін атқарып отырған тарихи туынды түбірлер. Мысалы, аң – aƞ: аңғар – aƞğar, аңда – aƞda, аңыр – aƞyr, аңқау – aƞqau т.б.; ел – el: елті – eltı, елік – elık, елір – elır т.б.

        Осылайша олар көбінесе қосымшалары «сүрленіп», қазірде тек салыстырмалы тарихи негізінде қалпына келтірілетін, не ғылыми жорамал ретінде белгіленетін тарихи түбірлерге айналған. Мәселен, - ыр / - ір сөзжасамдық моделі бойынша жасалған айыр – aiyr, жасыр – jasyr, құтыр – qūtyr т.б. етістіктерінің тарихи туынды екені қазіргі тілдегі дербес қолданылатын қашыр – qaşyr, бітір – bıtır, көшір – köşır т.б. етістіктермен салыстырғанда айқындалады.

        Тілімізде тарихи түбірлердің таңбалануы көбінесе тіл мен мәдениет сабақтастығының этномаркерленуі арқылы сақталуы латын әліпбиінің рухани жаңғыруды іске асырушы тетік ретіндегі қызметін дәйектейді. Демек, санада қалыптасып, ұлт жадында терең сақталған мәдени ұғымдардың атауларын (этнографизмдердің, лингвокультуремалардың, лингвоелтанымдық бірліктердің, этномаркерленген ескіліктердің т.б.) жаңа сапада тілдік таңбалау – еліміздегі «рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес атқарылатын маңызды шаралардың бірі. Осы бағытта болашаққа ұласатын лексикологиялық, лексикографиялық жұмыстарда көркем мәтін тілінде қолданылған заттық және рухани-мәдени ұғымдардың тарихи тілдік көріністерін болашақта латын жазуымен дұрыс таңбалау – жаһандану заманында ұлт пен тіл сабақтастығын тоғыстыратын рухани жаңғыру көзі. Мысалы, жөргек – jörgek, пышақ – pyşaq, қамшы – qamşy, көйлек – köilek (көне түрк. könlek), айран – airan, үтік – ütık, адырна – adyrna, күдері – küderı т.б.

        Бұл арада тарихи-мәдени көз ретіндегі қазақ этнолексикасының этномәдени мазмұнында сақталған танымдық ақпарат пен білімнің тарихи тілдік таңбасы, жазба бейнесі – қазіргі тіл иесінің санасында жаңғыртудың құралы. Тарихи түбір сөзжасамдық уәж болған бұл тектес лингвомәдени, лигвоәлеуметтік атаулар заманауи ақпараттар ағынын бейнелейтін күнделікті БАҚ тілінде жаңғыру сипатындағы прагматикалық қолданыстарда жиі көрініс табады. Мысалы, тұсаукесер – tūsaukeser, беташар – betaşar, құрықтау – qūryqtau, арыстар – arystar т.б. Олар ана тілінің қазынасының рухани мазмұнын ашып, оның қазіргі тілде жаңа сапада жалғасқан коммуникативтік қуаты мен қолданыстық әлеуетін көтеретін көне атаулардың уәждемесін беретін, мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігін көрсететін мемлекеттік деңгейдегі бірегейлік, ұлттық деңгейдегі ұйымдастырушылық қызметінің өрісін кеңейтудің дәйекті құралы ретінде көрінеді. Сонымен бірге лексикографиялық еңбектерді зерделеп, оларда бейнеленген тарихи сөздерді жаңа жазу үлгісіне көшіруде жоғарыда аталған мақсаттың жүзеге асуына септігін тигізеді.

        Сайып келгенде, «адам өзінің әлемге деген көзқарасын, дүниетанымын, өзіндік «әлем бейнесін» тілдің қызметі арқылы қалыптастырады» деген антропоөзектік бағыттың қағидасына сай қазақ дүниесінің, қазақ әлемінің төл  болмысын көбінесе тарихи тіл деректері (түбірлер) арқылы сипаттаған таңбалаудың латындық үлгісін жетілдіру – заманауи мемлекеттік мүдде талабы. Мысалы, танымда жаңғырған жаңа қолданыстар ретінде БАҚ-та жиі қолданылып қалыптасқан, сөздіктерге де ене бастаған тарихи туынды атауларды көптеп кездестіруге болады:  ұлт көшбасшысы – ūlt köşbasşysy, елбасы – elbasy, салауатты өмір – salauatty ömır, мәмлегер – mämleger, билік – bilık, тәуелсіздік тұғыры – täuelsızdık tūğyry, лаңкестер – laƞkester, көші-қон – köşı-qon т.б.

        Сөздіктерде ежелгі дәуірдің әртүрлі әлеуметтік-тарихи кезеңдеріне сай айналадағы дүние туралы алуан түрлі сыры, мифтік бағам-пайымы мен наным-сенімі сіңірілген тарихи түбірлер көрсететін тіл деректері, кейбір көне этномәдени сөзқолданыстары, символданған көне тілдік деректері танымдық құрал ретінде айқындалып, жаһандану үдерісіндегі ғаламдасу тетігі ретінде латын әліпбиімен таңбалануы – заман талабы. Мысалы, Қазығұрт – Qazyğūrt, бәйтерек –  bäiterek, Жерұйық – Jerūiyq т.б.

        Қазіргі қазақ қоғамындағы ана тілінің мәртебесін жетілдіріп дамытатын өзегі ретіндегі терминжасам үдерісінде қазақша баламасын табу ісі тілдің өз әлеуетін сарқа пайдалану қағидасын жүзеге асырудың арқауы іспетті қоғамдық-әлеуметтік талапқа сай тарихи түбірлердің сөзжасамдық үрдісінен көрінеді. Мысалы, сыбайлас – sybailas, еншілес – ensiles, көсемсөз – kösemsöz, айтыскер – aitysker, тәлімгер – tūsaukeser, төраға – törağa, тілашар – tılaşar, тұсаркесер – tūsaukeser, несие – nesie, кеден – keden, нарық – naryq, зейнетақы – zeinetaqy т.б.

        Тіл арқылы ұлт болмысын тіл мен мәдениет сабақтастығында тұтастырып анықтайтын атаулардың жүйесінде бірігу және тіркесу үрдісіне сәйкес болашақта латын әліпбиінің негізінде таңбаланатын жазу тәжірибесінде төл мәдениеттің символданған коннотацияланған лингвокультуремалардың да өзегін тарихи түбірлер құрайтыны белгілі. Мысалы, қайын ата – qaiyn ata, қайын аға – qaiyn ağa, қайын апа – qaiyn apa, қайын бике – qaiyn bike, қайын сіңлі – qaiyn sıƞlı;   тойбастар – toibastar, мерейтой – mereitoi, күмістой – kümıstoi, сүндеттой sündettoi, бесіктой – besıktoi  т.б.

  Қазақ тіліндегі түбірлердің ғасырлар бойы өзгеру, бір қалыптан екінші қалыпқа көшу эволюциясы тілдің үздіксіз  динамикасын көрсетеді. Мысалы:

 - біріншіден, шығу төркіні бір дыбыстық сәйкестіктер негізінде қалыптасқан сөздер: жайпақ-тайпақ, жалпақ-талпақ, саяз-таяз, сірес-тірес, сетіне-шетіне;

- екіншіден, дыбыстардың түсіп қалуы: балбыра-албыра, бадырай-адырай, бақыр-ақыр, сарқыра-арқыра, т.б.

- үшіншіден, түбірлердің құрылымындағы бірде тіл алды, бірде тіл арты, бірде ашық, бірде қысаң дауыстылар: балбыра-былбыра, тарби-тырби, арси-ырси, баттый-быттый, аңыра-еңіре т.б. осы сияқты тек қазақ тілінің өз ішіндегі деректері түбір негіздерінің құрылымының даму динамикасының фоно-морфо-семантикалық әлеуетін аңғартады. 

        Сонымен мемлекеттік мүдде тұрғысынан қазіргі қоғамдық санада түбегейлі жаңару, жаңғыру өзектері тілдік санада сақталған тарихи түбірлермен сабақтасса, ал оны қазіргі қоғамда жаңғыртушы тетік – қазақ мемлекетіндегі жазу таңбасын латын қарпіне көшіру.

Манкеева Жамал Айтқалиқызы

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл

білімі институтының бас ғылыми

қызметкері,  филология ғылымдарының

докторы, профессор

2375 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы