• Әдебиет
  • 17 Наурыз, 2021

ТҰҢҒЫШ ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды  жүргізетін Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының докторы, 
профессор

Отандық тіл білімінің дамуына орасан зор үлес қосып, академиктер І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаевтармен бірге тіл білімінің қарыштап өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген, көрнекті тілші-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Нығмет Сауранбаев (1910-1958). 

Ғалымның пайым-парасатын, зерделілігін, зеректігін көрсететін жетістіктері ретінде оның небәрі 33 жасында тұңғыш тіл білімінің ғылым докторы, 35 жасында ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, 36 жасында тұңғыш Ұлттық ғылым академиясының құрылтайшыларының бірі, әрі оның академигі болып сайлануын зор мақтанышпен айтуға болады. Ғалымның академияның 14 құрылтайшыларының ішінде М.Әуезов, І.Кеңесбаев сияқты әдебиет және тіл өкілдерімен қатар, отандық ғылымның қалыптасуы мен дамуына шексіз үлес қосқанын ғылыми жұртшылық жоғары бағалайды.

Нығмет Сауранбаев аспирантурада оқығанда орыс тіл білімінің көрнекті қайраткерлері А.Н.Самойлович, С.Г.Бархударов, Л.В.Щербаның дәрістерін тыңдап, И.И.Мещанинов, Н.К.Дмитриев, С.Е.Маловтардың тікелей жетекшілігімен ғылыми жұмыстарын қорғағанын, олармен қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс істегенін белгілі ғалымдар зор мақтанышпен еске алады. Небәрі 33 жасында филология ғылымының тұңғыш докторы атанған ғалымның «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» атты докторлық диссертациясына әлемдік тіл тарландары С.Е.Малов пен И.И.Мещаниновтың жетекшілік еткенінің өзі көп нәрсені аңғартады. Осылайша, қазақ тілші-ғалымдарының арасынан тұңғыш ғылым докторы атанған академик Нығмет Сауранбаев өзінің зерек те зерделі ғалым екенін түркі әлеміне көрсеткені қазақ тіл білімінің беделін арттырумен қатар, болашақ тіл білімпаздарының шам-шырағына да айналғаны анық.

Тұңғыш дегеннен шығады, академиктің сұрапыл соғыс жүріп жатқан кездің өзінде, ғалымдық пен әкімдіктің тізгінін тең ұстап, Тіл, әдебиет және тарих институтының тұңғыш директоры, академияның қоғамдық ғылымдар бөлімінің төрағасы, өмірінің соңына дейін Тіл және әдебиет институтының тарих және диалектология бөлімі меңгерушісі лауазымдарын атқара жүріп, әкімшілік қызметті ғылыммен тығыз ұштастыра білген ғалым-ұйымдастырушы болған еді. Ғалымның 50-ге жетер-жетпес жасында өмірден озғанына қарамай, жеткен жетістіктеріне, алған асуларына, ғылымда шыққан шыңына көз жіберсек, құдай әлі де ғұмыр бергенде, қазақстандық ғылымның өркендеп, әлемнің ­алпауыт мемлекеттерімен терезе теңестіре дамуына қосар үлесінің қалай боларын бағамдау қиын емес еді...

Қазақстан ғылым академиясының құрылуы – қазақ ғылымының келешегіне деген үміттің ұшқыны болатын. Жоғарыда айтқанымыздай, Ұлттық ғылым академиясының құрылтайшысы болған 14 академиктің бірі – Н.Сауранбаев ғылыми жұмыстарды ұтқыр ұйымдастырушы, жігерлі жетекші, көшбасшы тұлға ретінде ғылыми жұртшылықты елдің әлеуметтік-экономикалық ­дамуына ғылымның үлесін арттыруға бар күшін сарп етті. Ұлттық академияның вице-президенті болып сайланған ғалым отандық жас ғылыми кадрлар дайындауды мықтап қолға алып, ғылым саласын дамытуға әр ғылыми бағытты бағамдап, ғылыми зерттеулердің нәтижелігіне баса назар аудару керектігін алға тартқан еді.

Атақты ғалым, ұлағатты ұстаз, халқымыздың тіл ғылымын зерттеушілердің көрнекті өкілі академик Н.Сауранбаевтың өмір жолын, көпсалалы еңбегін, қоғамдық-әлеуметтік қызметін, ерен тұлғасын баяндауды мақсат еткен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Телқожа Жанұзақтың ­жауапты редакторлығымен жарық көрген жинақта ғалымның ғылыми-танымдық мәні зор туындылары егжей-тегжейлі сараланғандықтан, бұл мақалада Нығмет Тінәліұлының ғылымнан қолы қалт еткенде шұғылданған істеріне көңіл бөлуді жөн көрдік.

Жарияланған «Тіл тарландары» туралы мақалалар топтамасы кейіпкерлерінің өнерден алыс емес екендігін көзі қарақты оқырман байқаған болар. Академиктер Әбдуәлі Қайдаров мандолинада шебер ойнайтынын, Шора Сарыбаевтың бірнеше тілде «попурриді» келістіре шырқайтыны, Өмірзақ Айтбаевтың әуезді ән шырқап, сазды әуен шығаратын  композитор екендігін тілге тиек еткен едік. Ал академик Н.Сауранбаевтың жастайынан өнерге, ақындыққа жаны жақын болды. Тіпті 10 ­жасында домбыра жасап алып, үлкен шаршы топтың алдында төгілдіріп ән салатын өнеріне сүйсінген жұрты оны о бастан-ақ «өлеңші бала»  атап кеткен дейді зерттеушілер. Сонымен қатар ғалымның домбырада ғана емес, скрипкада да сызылтып сазды әуендердің сәнін келтіргенін көзкөргендер күні бүгінге дейін аңыз қылып айтатын көрінеді.

Н.Сауранбаев өте мәдениетті, аса сыпайы ­зиялы адам болғанын, өзінен кіші аспиранттарына, студенттерге сіз деп сөйлейтінін шәкірттері  ерекше екпін түсіріп айтады.

Академиктің зерттеген салаларын сараласақ, лексикология, лексикография, морфология, терминология, синтаксис, тіл тарихы мен диалектология бағытында жазған еңбектерін ерекше айтуға болады.

Шора Сарыбаев пен Рәбиға Сыздықова  Нығмет Тінәліұлы өмірінің соңғы жылдары  Тіл білімі институты жанындағы тіл тарихы мен диалектология бөлімі меңгерушісі қызметін атқарғанда, өзінің сұңғыла ғалым екенін көрсетіп, қазақ диалектологиясының дамуына ерекше үлес қосқан, үлкен құрметке бөленген ғалым болғандығын, оның ерекше еңбегі ретінде, ел аузынан жиналған тілдік ерекшеліктерді көне түркі ескерткіштерінің тілімен салыстыра, салғастыра отырып, қазіргі қазақ тілімен байланысын байыппен түсіндіретінін, сондай-ақ оның тіл тарихы мен грамматикалық құрылысы жайлы алғашқы ғылыми еңбегі грамматика саласындағы айтулы құбылыс болғанын, ­сонымен бірге көсемше және құрмалас сөйлем ­жайлы білімдарлықпен жазған монографиялар бүгінгі күні кәдеге жарап отырғанын айта келіп, академик Н.Сауранбаев тіл мәселелерін ғана қаузап қоймай, сонымен бірге әдебиет, тарих салалары бойынша да  көптеген еңбек жазғанын тілге тиек етеді. Мысалы, «Абай – қазақтың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы», «Жамбыл – қазақ халқының ұлы ақыны», «Тарих, археологияны зерттеудің негізгі нәтижелері мен міндеттері», «Қазақстан тарихшыларының табысы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Әдеби тілді дамытудағы Абайдың рөлі» еңбектері өзектілігімен құнды.

Жоғарыда айтылған зерттеуде көрсетілгендей, академик Н.Сауранбаевтың  ғылыми еңбектерінің мән-маңызы олардың тиімділігі, жаңалығы, ой-толғамдары мен нақты тұжырымдары ғылыми түрде сараланып: «Талас тудырған әліпби мен емле»; «Сөз халықтың асыл мұрасы»; «Терминдер – ғылыми тілдің бай қоры»; «Сөздіктер тіл байлығының алтын қоймасы»; «Дыбыстар сөз бен сөйлеудің нық қазынасы»; «Әуездер әлемі», «Морфология тілдің жаны»; «Синтаксис сөйлеудің нәрі»; «Жаңашыл бағыт жаршысы»; «Толғандырған тіл тарихы»; «Әдеби тіл – халық әлемі»; «Жергілікті сөйленістер сыры» және «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тақырыптарда тереңінен тарқатылып, талданған еңбектен академиктің бар болмысы, тұлғалық келбеті, қайраткер ғалым ­туралы толыққанды танысу мүмкіндігі бар екендігін көзі қарақты оқырманға қалдырдық. Реті келгенде, білікті ғалым, филология ғылымының кандидаты Гүлфар Мамытбекова академик Н.Сауранбаевтың  өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін және еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштерін толықтырудағы толағай еңбегін айта кеткеніміз абзал.

Ғылыми орта Н.Сауранбаевты көрнекті тіл маманы ғана емес, әрі әдебиетші ретінде мойындауының да өзіндік дәлелі бар. Жоғарыда айтқанымыздай, оның ақындық өнерге жақын болып, жанынан өлең шығарып, айтыстарда өзіндік сөз саптауымен дараланып, қиыннан қиыстырар ойлы сөз өрбітіп, өзінің білім көкжиегінен ­хабардар етер қасиетінен байқауға болады. Ұлы Абайдың жазба әдеби тілді дамытудағы қосқан үлестерін дәлелдермен дәйектей отырып, терең зерттеулерінің арқасында Абай өлеңдеріндегі араб, парсы, орыс сөздеріне талдау жасаудағы талғампаздығын, Абай поэзиясының кітаби тіл емес, туған халқының тілі негізінде жазылғанын, зерделегенін алға тартуға әбден ­болады.  Жыр алыбы – Жамбылға еліктеп, түйдек-түйдек ширақ шумақтарды шымыр пайдаланып, қарсыласын қара сөзбен шаң қаптыратын тұстары елінің құрметіне жас кезінен бөленуіне ­себеп болғанын айтсақ та жеткілікті болар. ­Сондай-ақ қазақтың Кененінің қасында жүріп, ұлт мүддесі, ел жағдайы жайлы шығарған шығармашылық шыңдары халық қастерлейтін қасиеттер биігінен көрініп жатқаны жалпы жұртшылыққа белгілі.

Айта берсек, қазыналы ғалымның айтары да, жазары да мол болғанын филология ғылымының докторы, профессор Гүлдархан Смағұлованың жауапты редакторлығымен шыққан «Академик Нығмет Сауранбаевтың еңбектері» атты ғылыми-зерттеулерден зерделеу мүмкіндіктері бар екендігін оқырманның ойына сала кеткенді жөн көрдік.

Ғибратты ғұмыры мен ұстаздық тағылымы талайларға үлгі болар тұңғыш тіл білімінің докторы, ғұлама ғалымның мұрасы жас ұрпақтың ғылым-білімге деген құштарлығын арттыра түсері анық.

835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы