• Тұлға
  • 18 Наурыз, 2021

АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ АФОРИЗМДЕРІ

Қазақ руханиятының кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан Жүсіпбек нақылдары – ұлттық ұстынға айналған қастерлі құндылық. Өр мінезімен халқының құрметіне бөленген асыл сөз алыбы журналистика, көркем аударма, әдеби сында өзіндік өрнегін қалдырды. Ұлт топырағында тыңнан тамыр жайған педагогика, психология ғылымының негізін қалаушылар көшбасынан табылды.
Бастапқыда Баянауыл, Кереку мектептерінде, кейіннен Семей оқытушылар семинариясында білім алған Аймауытұлы аласапыран дәуірде қоғам ісіне кірісіп, қайраткерлік тұлғасымен көрінді. Ұлт зиялыларымен етене араласып, әлеумет жұмысына жегілді. Мемлекеттік басқару және ұлт автономиясы бойынша шешімдер қабылданған Семей облыстық қазақ сиезіне қатысады. Алаш үні «Сарыарқа» ­(1918-1919) газетінде мақалалары ­жарияланады. М.Әуезовпен «Абай» (1918) журналын шығарады. Қазақ АКСР Халық ағарту ­комиссариатында, Семей губерниялық оқу бөлімінде, Ташкенттегі Қазақ институтында, «Қазақ тілі» және «Ақ жол» газеттерінде, Шымкент педагогикалық техникумында, Қарқаралы мектебінде еңбек етті.

Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртқан Алаш элитасының сарабдал саяси қадамдарын қолдаған Жүсіпбек «Енді қазақ елеулі ел болам десе, ­санаулы сыбаға алам десе, алатын кезі келді. Алғанда ­немен алады? Әрине, белдесіп, теңдесіп отырып айтысса алады. Белдесуге күш керек, теңдесуге жол керектігін» ұрпақтар сабақтастығының өрелі де өміршең биігінен ұғындырды. Алаш автономиясына қол жеткізудегі жанкешті тайталасты «Әлде болса, «Ханның қара сыбағасы» деп алдымызға әкеліп беретін автономия жоқ, бұ заманда сыбаға ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен алынады» (Қазіргі саяси хал), «Бұ күнде тіршілік күресінде майданға түспеген, мәдениетке талпынбаған жұрт болмайды» (Қазір екі нәрсе керек) деген кесімді ойымен үстеді. «Артынан елі ермеген басшы – басшы бола алмайды. Басшының артынан ермеген ел – ел бола алмайтынын» айтқанда, «Қараңғыда қан жылап қаңғырған күнде басыңды алаш жолына құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз» Әлихан Бөкейхан бастаған үркердей шоғырға тірек болудағы әлеумет міндетін айқындады. Отаршылдықтан арылған арда жұртының саяси хұқына қатысты «Адам баласы өзінің тұрмысын түзеуге ерікті» (Мемлекет құрылысы) екенін нығырлап, «Алаш Орданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу» (Қазіргі саяси хал) (Аймауытов Ж. Алты томдық шығармалар жинағы. «Комплекспен оқыту жолдары» (оқу-әдістеме), мақалалар, хаттар. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. Т. 6 том. 334-б.) болып отырғанын ақ алмастай ойымен шегеледі. Алаштың тұңғыш құрбаны атанған мұраттасы Қазы Нұрмұхаметұлының ерлігіне рух асқақтығын дарытты: «Өкінбе! Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің».

«Ақылды дана, рахымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай» кемеңгерлігіне бойлап, Қаражан Үкібайұлы сынды ұлт меценаттарының қаржылай демеуімен «Абай» журналын жарыққа шығарған Аймауытұлы «Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке барын» (Журнал туралы) дұрыс көрсетті. «Бұл заманда жан сақтауға, бас қорғауға, тұрмысты түзетуге қалып отырған құрал – өнер, ғылым, қысқаша айтқанда – мәдениет» құдіретінен асқан күш жоғына иландырды. «Оқымай мәдениет жоқ: мәдениетсіз ел, қандай кәп болсын, күшті болсын, ұлтшыл болсын, ұлттығын сақтап, табанды ел болып тұра алмайды» (Қазір екі нәрсе керек) деген ұлағаты маңызын жойғаны жоқ.

«Ерінбей еңбек етуге таудай үміт, табанды қайрат, шамдай мұрат (идея), жалынды жүрек, терең білім керек» (Асыл қазына жиналса екен) дегенде «Тіршілік дегеніміз – дүнияға келу, ішіп, жеу, өлу ғана емес, ойлай білу» (Әдебиет) екенін түрлі тақырыптағы ой-толғамдарына үзілмес желі етіп отырды.

Жүсіпбек – қазақ классикалық әдебиетінің белді өкілі. Сондықтан «Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркем өнердің басты тақырыбы» (Ж.Аймауытовтың А.Байтасовқа хаты) болып қалатынын эстетикалық үйлесімде түйсінгендіктен, «Абайдан соңғы ақындар», «Абайдың өмірі һәм қызметі», «Мағжанның ақындығы», «Әдебиет мәселесі» (Талқыға), «Көркем әдебиетті саралау», «Әдебиет мұралары», т.б. мақалаларымен қазақтың асыл сөзін, әдебиет алыптарын пролеткульшілдік ­саяси қаралаулардан қорғауды суреткерлік парызы ­санады. Интеллектуалдық өрісі мен өресі бөлек проблемалық әрі полемикалық мақалаларында өнер поэтикасын теориялық саралауға, қаламгерлер шығармашылығының психологиясын бажайлауға объективтілікпен келді. Ұлттық, адамзаттық құндылықтарды қылбұрауға ала бастаған әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсылығын «Әдебиет бақалшының қоржыны емес, қотанда жатқан қиқым-сиқымды балалар алдап сатып тыға беретін» (Абайдан соңғы ақындар), «Өзі өмірді анық, жете біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес» (Мағжанның ақындығы), «Өлең еместі өлең деп, жұрттың алдына тартуымыз ұят. Бұл туралы өлеңшілер ойлану керек» (Көркем әдебиетті саралау), «Әдебиетке баға берген ел ақынға етік тіккізбес болар» («Жоққа» ескерту), «Жазушылық, ақындық сүйекке бітетін өнер: қанша машықтаса да, кім болса сол жазушы бола алмайды, кемелдікке жете алмайды» (Жан жүйесі мен өнер таңдау) іспеттес нақылдарымен жеткізді.

«Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейтінін» (Абайдың өмірі һәм қызметі) түйгенде, «Мағжан – табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен нағыз табиғат ұлы» (Мағжанның ақындығы туралы) бағытындағы эстетикалық талдауларын классикалық филология қағидаттарымен дәйектеп отырды. «Тіршіліктің ауыр соққысына иленіп күйсіз, құл болып жүрген өнер өркендемек емес. Жақсы нәрсе шығару үшін қамсыз тұрмыс, көтеріңкі көңіл керек. Күйсіз жүйрік жүгірмейді» (Қазаққа пайдалы жас талап), «Әдебиет – өнер. Өнер азды-көпті еркіндік тілейді» (Әдебиет мәселесі Талқыға) деп шығармашыл тұлға азаттығын, сөз бостандығын қызғыш құстай қорғады.

«Жүрекке, ихтихатқа, иманға қолқа салу кімге де болса зорлық, әсіресе ақынға зорлық» (Ардақты Мағжан!), «Ақын – елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жайынан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемекші» (Ашық хат Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына атсалысыңыздар), «Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын, оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде» (Мәшһүр аға!), «Әдебиетті сынауға жалаң саясатқа сауатты болу жетпес, әдебиетші де, ғалым иесі де болу керек» (Әдебиет мәселесі Талқыға) деген ақ жүрек ердің әдеби сын әдіснамасы, өнер стихиясы, сырлы сөздің әсемдік әлемі, рухани кеңістіктің ұлттық өзегі, кеңес идеологиясының қасаңдығы хақындағы нақылдары өрелі тақырыптарға батыл бойлауымен өміршең.

«Адамның жанына азық беретін, жабыққан көңілдің пердесін көтеріп, ой сәулесін жіберетін, адамды тербететін, оятатын (музыка) күй саймандардың үні, тамылжыған тәтті әндер болады» (Музыканың пайдасы), «Жалпы мәдениет, әдебиет мәселесі – әрбір ұлттың тарихының төрінен орын алатын қиын мәселе» (Ән-күй жайында), «Көңілдің көлеңкесі ән-күйге түседі. Әдебиеттің айта алмағанын ән-күй айтып береді. Күй халықтың жүрегі ғой, жүрек қалай қақса, әуез де солай толқымақ, бармақ та солай билемек. Ән-күй қазақ тарихына бір қымбат дерек, ән-күй (музыка) ұлттықтың бір нысанасы» (Күйлерді жинау керек) (Қараңыз: «АҚ ЖОЛ». Көптомдық. 21 том / Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы, Үсен Жанбайұлы. – Нұр-Сұлтан, «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. Т. 21. – 2020. 339-б) сипатында ой сабақтаған энциклопедиялық білім иесінің музыка, театр, өнер хақындағы «Театр кітаптарын қалай көбейтеміз?», «Театр кітабы туралы» (Театр кітапсыз түрленбейді, көгермейді), «Музыканың пайдасы», «Ән-күй жайында», «Күйлерді жинау керек», т.б. толғаныстарындағы нақылдары өнертанудың тылсым иірімін екшеудегі жаңашыл қадам болуымен сипатталады.

«Адамшылықты, өнерді сүйген таза жүректе біреуді олай, біреуді бұлай ұстайтын тар мінез болмайды. Адам табысы адам баласына ортақ. Қазақстан Затаевичтерді адал ұлындай көру керек» деп білген әнші, композитор Жүсіпбек өнерпаздығына ұлы даланың музыкалық мұрасын жаңғыртушы А.Затаевичтің сүйсінуі тегін болмаса керек.

«Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды» (Асыл қазына жиналса екен) іспеттес нақылымен ұлттық құндылықтарды ардақтауға, елдік қасиеттерді қастерлеуге үнемі ой салып отырған Аймауытұлы «Ұлтты сүю» мәселесіне жанкешті толқынның жаңаша өредегі танымымен үңілді. Ұлтыңды сүю өткеніңе орынсыз тамсану, бұрынғыңды жөнсіз дәріптеу, қандасыңды мән-мағынасыз мадақтау емес екенін ұғындырды. Өркениет аламанында озғандар тағылымы, оқығандар міндеті, жұртқа қызмет ету қағидаттары байыпталған толғамындағы нақылдары ұлттық ойлау жүйесіне сыни көзқарас дарытты. Аламан ғасырдағы қандасының ойлы, арлы, жігерлі, харакетшіл болуын діттеген арман-аңсары көрініс тауып жатты.

«Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр».

«Оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жаһат қылуы керек».

«Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».

Санаткер «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі мен өнер таңдау» (1926), «Комплекспен оқыту жолдары» (1929) іргелі еңбектерімен қазақ ғылымында педагогика, психология ілімдерінің негізін қалап, тың ізденістер мен жаңа бағыттарға жол ашты. «Бізді ерекше таңғалдыратыны – адам психологиясын зерттеуде математиканы, оның варияциялық статистика дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығы жайлы мәселе. Қазақ топырағында мұны Аймауытовтан басқа ешкім күні бүгінге дейін көтермеген. Біздегі ғылыми психологиялық терминдердің алғаш жүйеге түсуі де Аймауытов есімімен байланысты» (Қ.Жарықбаев ). «Психология» оқулығында 320 шамасында термин қолданылған (Ш.Құрманбайұлы).

«Тәрбие», «Әдет заңы», «Бұл әдеттен арылу керек», «Жастар кім?», т.б. мақалаларындағы нақыл сөздері ұлттық болмыстан суарылған шешендік қуатымен әсерлі де әуезді. «Адам баласына дене тәрбиелеудің үстіне жанын (рухын), ақылын, сезімдерін, жігерін-мінезін тәрбие қылу керек. Денесі мен жаны бірдей тәрбиеленбеген кісі сыңар жақтау бола беретінін» (Тәрбие) зерделеуімен жантану ілімінің терең қатпарларын үңгіді.

«Тәрбиеге туған жұрттың тіл, мінезі, тұрмысы да әсер қылмақ. Қысымшылық көрген, жасқаншақ болған, жалыншақ, жабыңқы елдің баласы да сондай болмақ. Ашық көңілді, сауықшыл ер-жұрттың баласы да сауықшыл ер болмақ. Діндар елдің баласы діндар келеді» (Тәрбие).

«Жылауық, байбалам, жалыншақ, сұраншақ, жағыншақ, жарамсақ елдің жаны құл болады» (Бұл әдеттен арылу керек), т.б. нақылдары ұлттық тәлім-тәрбие ерекшеліктерін бағамдаудағы келелі мәселелерді көрсетеді.

Қазақ тіл білімінің дамуына еңбек сіңірген ұстаз, әдіскер, лингвист ғалымның ана тілі, емле, әдістеме, терминология хақындағы «Қазақ тілін іске асыру қамы», «Емлені өзгертуге жоба», «Жазу таңбамызды азайту туралы жоба», «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз», «Ана тілін қалай оқыту керек?», «Пән сөздері қалай табылады?», «Тіл туралы», «Қазақша қат таныту әдістері», «Қат таныту әдістері», «Үлгі мектептері керек», «Мектеп қандай болу керек?», «Емлені оңайлату жобасы», «ҰУ, ЫУ, ІУ, ҰУ (Емле жайында айтыс ретінде)», «Емле, әріп жайынан (айтыс ретінде)», «Дәйекші жөнінен» (жаңа әліппешілер сиезінің қарсаңында), «Жаңа әліпби емлесіне түсінік», «Әдебиет тілі мен емле (ойласу ретінде)», «Ана тілінің оқыту әдісі (Қат таныту алдындағы жұмыс)», «Жаңа әліпті тез үйрету жолы (барлығы 6 сағатта)» (Қараңыз: ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Құрастырған О.Жұбаева. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы», 2013.) ғылыми мақалаларының айшықты өрнектері ұлттық бояуы қанық нақылдарға табан тіреп отырады.

«Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады: жасаса, өркендесе, тілі де өркендейді» (Жазу мәселесі туралы соңғы сөз).

«Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, шеңгелдемесең, уысына түк ілінбейді, іліксе де, аз келеді. Ендеше, білім алуға қармақты тұс-тұсынан салу керек. Ол қармақтар – саңылау мүшелеріміз (көз, құлақ, тіл, мұрын, қол – дене). Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!), айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін), жаздырыңыз (қолымен, денесімен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек» (Ана тілін қалай оқыту керек?).

«Білім – бір судағы меруерт, шеңгелдемесең, уысыңа міз ілінбейді. Білім – бір алтын балық, қармақты тұс-тұсынан қами салсаң, жылп береді. Білім – бір қызыл түлкі, қағушыны қаптатып, үстінен құс салып, астынан ит жүгіртіп, толайламасаң, ұстатпайды. Білім ұстайтын сол құралдар бізде бар ма? Бар. Көз – бүркіт, құлақ – қағушы, тіл – тазы, қол – қармақ, ой – шеңгел. Сөйлеңіз – бала тыңдасын (қақсасын), жазыңыз – көрсін (шолысын), сөйлетіңіз – тазы боп қусын, жаздырыңыз – қармақтансын, сұраңыз – ойлансын, оқысын, сабақ сайын есте болатын ереже, әдіс осы» (Ана тілінің оқыту әдісі).

«Тіл» деген нәрсе біліммен бірге өсетін, өрбитін жанды нәрсе. Тілдің өсіп, өркендеуі де табиғи жол болу керек. Жанды нәрсе өз ағынымен, өз еркімен, қысылмай, зорлық көрмей, өсіп жетілмек. Мәдениетіміз күшейсе, тіліміз өзінен-өзі күшейеді» (Пән сөздері қалай табылады?).

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт қайраткерлерінің саяси және рухани мектебінде шыңдалған Жүсіпбек 1920 жылдардағы аштық алапатында азаматтық парызын өтеуде иісі қазақ баласына өрнек шашты. Семей губерниялық Аштарға көмек комиссиясының уәкілі қоғамдық қызметін атқарған қайраткер «Ашыққан ел һәм Семей азаматтары» (Ақ жол. 1922. 25 апрель), «Атқа мін азамат!» (Ақ жол. 1922. 15 июнь), «Торғай аштарына апарылған жәрдем туралы (Ақ жол. 1923. 27 май) мақалаларымен дүйім жұртты қасіретке тап болған қандастарына қорған болуға үндеді.

«Қазіргі мемлекет жұмысының ең зоры, ең тығызы – аштарға жәрдем беру. Россияда отыз миллион­дай халық ашаршылыққа ұшырап отыр. Біздің Қазақстанда үш жарым миллион ел аштық ажалының құшағында» («АҚ ЖОЛ». Көптомдық. 7 том / Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы. – Нұр-Сұлтан, «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. Т. 7. – 2020. 306-б) екенін нақты деректермен бекітіп, осынау қиын-қыстау күндердегі әлеумет жауапкершілігін жеріне жеткізе айтты.

«Қазақтың үлеспеген еншісі бар. Қазақтың бірінен-бірі жейтін қонағасы, алатын қолқасы бар. Аштарға жәрдем беретін малым кісіге беретін қонағасым, қимас досыма беретін қолқам деп ойласын. Бұл қолқа берілетін жолды бірінші туысқандық бауырлығы, қарындастығы үшін беруге, екінші ұлтты сақтау үшін, қазақ атын жоғалтпас үшін беруге, үшінші әлеуметшіл, адамшыл, азаматтық борышымызды атқару үшін беруге міндеттісіздер» (Жүсіпбек. Атқа мін азамат! // «АҚ ЖОЛ» (газеті). Көптомдық. 7 том / Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы. – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. 308-бет).

«Қырылып жатқан елді ажалдан құтқару көп көмек керек қылды. Ашаршылықпен алысудың қасында өзге жұмыстың бәрі ойыншық көрінді.... Семейдің губерниялық аштар комиссиясы Қазақстанның орталық комитетімен телеграмма арқылы тілдесіп, осы жобамен іс қылуға рұқсат алды. Май айынан бастап Семей азаматтары түгел атқа мінді. Сатбаев, Ермеков, Сәрсенов, Шынарбаев, Ғаббасов, Кочиков, Дулатов, Әлімбеков, ­Аймауытов, Бөгенбаев, Қарабаев, тағы толып жатқан жүзден артық кісілер жәрдем жинауға кірісті» (Аймауытұлы Ж. Торғай аштарына апарылған жәрдем туралы // «АҚ ЖОЛ» (газеті). Көптомдық. 11 том / Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы, Үсен Жанбайұлы. – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. 262-бет).

Жүсіпбектанушы Н.Қуантайұлы атап көрсеткеніндей, «Сүйтіп, 1922 жылы әуелгі кезекте жиналған 4-5 мың малды айдап жаз ішінде шыққан, бетегелі Сары-Арқаның күншығысынан күнбатысына, Торғай төңірегіне қара күзде әрең жеткен мал жеткізуші топтың басшысы да қалам қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлы болған» (Қараңыз: «Алаш Орда баспасөзі және Жүсіпбек Аймауытұлы». – Өскемен: «Аltay-Пресс», 2013. 102-бет).

«Көз жасымызды көргендерге амандық берсін, тәңірі жарылқасын!». Семейден Торғайға екі рет мал келді, алдыңғы ретте 4249 қара, соңғы ретте 3836 қара, барлығы 8085 қара; мұның 2711-і жылқы, 5189 сиыр, 185 түйе.

...Бұрында талай жұттар болған, бірақ мұндай жәрдем еткенді көз көріп, құлақ естіген жоқ. Бұл жәрдем шын ағайындық, адамгершілікпен етілген жәрдем, мұны алушылар түсініп, күн ­сайын мың-мың алғыс айтып отыр» (Семей елін тәңірі жарылқасын! // «АҚ ЖОЛ» (газеті). Көптомдық. 9 том / Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы, – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. 191-бет).

«Партия», «Қазақтың өзгеше мінездері», «Ұлтты сүю», «Қазақ партиясын жою туралы бір-екі ауыз сөз», т.б. мақалаларымен әлеумет санасы, қоғам тынысындағы кейбір кем-кетіктерге сын көзімен қараған тектінің «Сотты сұрыптау» мақаласында «Жауыздықтың мұрты қисайған жоқ. Енді бұған не дауа?» («АҚ ЖОЛ» (газеті). Көптомдық. 6 том / Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы, – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. Т.6. 103-бет) деп күйінуі тегін емес еді. «Еңбекші қазақ» газетінде Аймауытұлына жала жабылды. Орынсыз ғайбаттауға жауап жазған қайраткер (Жүсіпбек. Жауап // Қазақ тілі. 1923. №42) атақты «Торғай ісі» бойынша қуғын-сүргінге түсті.

«...Жеке адамдарға, қызметкерлерге мал бергенде комиссияның ұйғарған адамдарына ғана бердім. Малдың дұрыс бөлінуіне, мұқтаждарға, аштарға берілуіне көңіл бөлдім. Бірақ елмен таныс болмағандығымнан кеткен қаталар болмаса, мал бөлу жөнінде орынсыз қиянат істеген жоқпын» (Жүсіпбек Аймауытұлының жауабы // Социалистік Қазақстан. – 1990. – 20 қараша. Материалды газетке әзірлеген Дихан Қамзабекұлы) деген арлы азаматқа қатысты қанды қол биліктің имансыз үкімі шықты (Қараңыз: Қаленова Т. Жүсіпбек Аймауытовтың қуғындалу ­тарихы немесе «Торғай ісі» сот процесі // e-history.kz › news › show).

Сол бір тұманды жылдардағы бейуақ күндердің куәгері әдебиеттанушы ғалым Б.Кенжебаев Жүсіпбектің азаматтық тұлғасын тебіреніспен еске алды: «Сот үш күнге созылды. Үшінші күні Жүсіпбек соңғы сөзін сөйледі. Оны түгел жазып алған екен, мәнерлеп оқып шықты. Залда отырған көпшілік өте риза болды. Соңғы сөзін Жүсіпбек түгелдей қазақ халқының әдет заңы негізіне құрған еді. Асылы ­былай болды: «Қазақ ежелден қарыз беріп, қарыз алады; құн беріп, құн алады; қалың мал береді, қалың мал алады. Сонда ол бірінен-бірі ешуақытта қолхат алмайды; ешбір протокол жасамайды; Бәрін ауызша, сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен.

Аштарға жәрдем беріп үлестіргенімде менің ­бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім» дегенді айтты» (Қараңыз: Кенжебаев Б. Телегей теңіз (Жүсіпбек Аймауытов жөнінде есімдегілер) Алғы сөзін жазып, әзір­леген Құлбек Ергөбеков // Лениншіл жас. – 1989. – 6 январь).

Түйіп айтқанда, ұлт перзентінің қайраткерлік болмысы, шығармашылық тұлғасындағы қайталанбас қасиеттерін жаңа ғасыр биігінен тану үрдісі толастамақ емес. Ұлтына алғаусыз қызмет еткен Жүсіпбек нақыл сөздері Алаш өркениетінің ­рухани қайта түлеуіндегі мәңгілік сарқылмас қазынасы болып ғасырлардан ғасырларға ұласа бермек.

 

Сағымбай Жұмағұл,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

5127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы