• Тіл
  • 18 Наурыз, 2021

Жетілдірілген әліпбиден күтеріміз көп

Қазақ қана емес, жалпы түркі халықтары әлемге таралып кеткен, сол қазақтар өмір сүріп жатқан мемлекеттерде басқа түркілер де өмір сүріп жатыр. Сондықтан әлемдегі қазақ жұртшылығына да, жалпы түркі жұртшылығына да әліпбидің «жақын» болуы бірдей маңызға ие.

Ал бірігеміз деп отырған жұртымыз – бұл, әрине, ғаламторды дөңгелетіп отырған батыс – латын жазуында отырған әлемнің жетекші тілдері және латын жазуын тұтынатын барша әлем. Оның ішінде бір ғана ағылшын тілінің өзі күні бүгінгі 2021 жылдың 3 наурызындағы жаңартылған әдебиет көзіне сүйенсек, ғаламтордағы ақпарат тілінің  60,6 пайызын жүргізеді екен (осы деректің өзін де ағылшын тілінен алып отырмыз: https://en.wikipedia.org/wiki/Languages_used_on_the_Internet). Бұл, әрине, өте үлкен көрсеткіш. Екінші, үшінші кезекте тұрған тілдер (орыс) 8 және (түрік) 4 пайыздарды көрсетеді.

Міне, компьютердің тілі (Microsoft Office, Google Chrome, т.б.), техниканың тілі (iphone, android, т.б.), бренд логолардың тілі (Colgate, Sʌmsung, Соса Cola, т.б.), әуежайдың тілі ­деген сияқты ғаламдық артықшылықтары өз алдына, латын жазуы осылай бізді үш әлеммен біріктіреді деген үміт бар, себебі жаңа әліпбиді түзу барысында ғалымдарымыз әрбір таңбаға терең үңіліп, жан-жақты зерделеп, осы үміттердің үдесінен шығу мақсатын алға қойды.

Осы уақытқа дейін басқа тілдің бәрін айна-қатесіз акцентсіз сөйлегенімізге, ол үшін мақтау естігенімізге марқайып жүріп, өз тіліміздің жұтылып бара жатқанынан, тіпті қаперсіз отырған екенбіз. Қазір өзімізге бір сәт сырт көзбен қарап көрейік. Әрбір  сөзімізден, тіпті ресми қолданыстағы әрбір сөйлемімізден өзімізді ысырып қойып, орыс және ағылшын тілдерінің шын берілген жанашырларына айналып бара жатқанымызды да сезбейді екенбіз.

Біздің жаңа әліпбиімізде орыс тілінен енген 9 әріп (ё, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я) жоқ. Орыстың «Большой театрын» ағылшындар Bolshoi Theatre [болшой сиәтә] деп, «фестивальді» festival [фестивал] деп айтады. «Мягкий знакты» айта алмағаннан ағылшындардың мәртебесі өсіп кетпесе, бір елі де аласарып қалған жоқ. Біз де енді өзімізге-өзіміз келуіміз үшін (рухани жаңғыруымыз үшін) басқаның дыбысының бәрін айта алатынымызға емес, керісінше, айта алмайтынымызға мақтанатын болуымыз керек: «Қай багон? Тіс жуатын шөткіңді шемаданға (немесе шабаданға) салдың ба? Мына шекалатты да салып қой».Осылай, жеңіл, дыбыстау аппаратымызды ешқандай мәжбүрлемей, тіліміздің табиғи өңін өзіне қайтаруымыз керек. Қазақ болуға осылай ғана қолайлы. Мәңгілік ел болуға осылай ғана болуы тиіс.

Осылай болғанда, яғни сөз басында айт­қанымыздай, жазу реформасының бірінші міндеті саналатын жат құбылыстардан тазарғанда, жазуды жеңілдету дейтін екінші міндет «өндіріске» өздіген қосылады.

Нұрсәуле РСАЛИЕВА,

филология ғылымының кандидаты

2285 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы