• Қоғам
  • 18 Наурыз, 2021

ҚАРА ЖОЛ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

Халқымызда «жол мұраты жету...» деген тәмсіл бар. Өкінішке қарай, осындағы «жетуді» жылдамдықты шамадан тыс арттырудың есебінен жүзеге асырғысы келетіндер қай елде болсын көп. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, жыл сайын әлемде 1,3 миллионға жуық адам жол апатынан қаза болады екен. Бұл санды әр күнге бөлсек, күніне 3000 адам жолдағы апат салдарынан қайтыс болған. Сондай-ақ жыл сайын, шамамен, 25 миллион адам түрлі жарақат алады. Осынау жол апаттарының салдарынан әлем экономикасына айтарлықтай шығын келетіні де анықталған. Сарапшылардың дерегінше,  шығынның көлемі кейде ішкі жалпы өнімнің 3 пайызына жетіп жығылатын болған.

Жол апаттары біздің елде де алаңдатарлық жағдайда. Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы 17 жылда Қазақстанда ресми түрде 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы оқиғалардың салдарынан 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам әртүрлі жарақат алған, мүгедек болып қалғандары қаншама? Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы – өрімдей жастар. Яғни жұмысқа жарамды, елге пайдасы тиетін жастағылар. Жол-көлік оқиғасынан өмірі ерте қиылмағанда, олардың бәрі ел мен жерге қызмет етер еді. Жоқ дегенде, ұрпақ өрбітіп, еліміздің демографиясына үлес қосары анық. Жол апаттарынан еліміз экономикасына да орасан зор зардап келуде. Мәселен, осы мәселені 2013 жылдың деректері бойынша зерттеген сарапшылар осы жылы 14 168 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 3 037 адам қайтыс болып, 29 872 адам жарақат алғанын анықтаған. Осы оқиғалар салдарынан ел экономикасы 9 млрд АҚШ долларына пара-пар зардап шеккені белгілі болған. Азия даму банкінің мәліметінше, бұл дегеніміз ішкі жалпы өнімнің 4 пайызына тең. Айдың-күннің аманында мұншама адамнан айырылу – үлкен қасірет болса, ел экономикасына да қаншама зиян келуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліме­тінше, Қазақстан жол-көлік оқиғалары салдарынан тіркелетін адам өлімі бойынша әлемдегі 175 елдің ішінде 74-орында тұр. Яғни 100 мың тұрғынға шаққанда, қайтыс болу көрсеткіші 18 адамды құраған. ТМД елдері ішінде Ресейде – 18 адам, Өзбекстанда – 11 адам, Беларусь елінде 8 адамға тең болған. Қауіпсіз елдер рейтингінде Еуроодақ көш бастаса (5,5 адам), ең төмен көрсеткіштер Африка мен Латын Америкасы елдеріне тиесілі екен.

Еліміз басшылығы бұл деректерге алаңдап, жол қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету бағытында соңғы жыл­дары бірқатар шараларды қолға алды. Оның ішінде үлкен күре жол­дарға бейнебақылау камераларын орнату нәтижесінде жол апаттары азайған. Мәселен, 2019 жылдың ­қо­рытындысы бойынша елімізде жол-көлік оқиғалары 41 пайызға қыс­қарған. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас ­директоры Замир Сағыновтың сөзінше, көрсеткіш әлі де болса жоғары. «Сон­дықтан жол қауіпсіздігі жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру керек» дейді ол.

2008 жылы Женевада жол қауіп­сіздігі жаһандық әріптестігінің ­жиынында жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулық қабылданған. Оған сәйкес жылдамдықты 10 км/сағатқа қысқарту өлімге алып келуі мүмкін жол-көлік оқиғаларының ық­ти­малдылығын 37 пайызға төмен­детеді деген тұжырым жасалған. Демек, сапалы жол инфрақұрылымын салудан бөлек, жылдамдықты бақылау жол қауіпсіздігін арттырудың маңызды құралы болып саналатынын естен шығармау керек.

– Біз «Нұр-Сұлтан – Щучинск» жолына зерттеу жүргіздік. 2020 жылдың 9 айында аталған учаскеде жылдамдықты 150 км/сағаттан асыру бойынша 8 280 заңбұзушылық тіркелген. 58 жағдайда жылдамдық 200 км/сағаттан асып түскен. Тіркелген ең жоғары жылдамдық – 238 км/ сағат. BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші жылдамдықты дәл осылай арттырған. Аталған учаскедегі есепке алу камералары Әкімшілік полиция комитетінің деректер базасымен интеграцияланбаған. Соның салдарынан жылдамдық режимін бұзушылар жазасыз қалып отыр. Олар өз өміріне ғана емес, өзгелердің де өміріне қатер төндіретінін білмейтін секілді. Сондықтан осы проб­леманы шешу үшін Әкімшілік полиция комитетінің деректер базасымен міндетті түрде ықпалдастыра отырып, автомобиль жолдарын есепке алу камераларымен қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнамалық негізде «орташа жылдамдықты» айқындау әдісін енгізу қажет деп санаймын, – дейді Замир Сағынов. Әдетте көлік жүргізушілері бейнекамералар орнатылған аумаққа келгенде ғана жылдамдықты азайтады. Кейін қайтадан арттырады. – Негізі екі елді мекен арасындағы жолды қанша сағатта жүріп өтуге болатынын анықтап, соның орташа уақытын белгілеу керек. Соның негізінде көліктің жылдамдықты арттырғанын, я арттырмағанын анықтауға болады. Әрине, ол үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Десе де, ұтымды ұсыныс ретінде қарастырып көруге әбден болады және бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние, – дейді Замир Сағынов.

Жол-көлік оқиғасына түрткі болатын мәселенің бірі – жаяу жүргіншілердің жауапсыздығы. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда, яғни 2015-2019 жылдары елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 37 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл жалпы оқиғалар санының 42 пайызына тең. Оқиғалардың 75 пайызы немесе 28 мыңы жаяу жүргіншілер жолағында орын алса, 9 мыңы немесе 25 пайызы жолды рұқсат етілмеген аумақтан жүріп өту кезінде тіркелген. Әсіресе мұндай оқиғалар жол бойындағы елді мекендерде жиі орын алады.

Тағы бір өзекті мәселе, жол бойында бейберекет жайылып жүретін төрт түлік малға қатысты. Елімізде жолға шығып кеткен малды басып кету дерегі бойынша орын алатын жол-көлік оқиғалары көп. Осылайша, үйдегі малын қараусыз жіберетін тұрғындар адам өліміне себепші болып жатады. Соңғы бес жылда жол үстінде жүрген малдың салдарынан 643 оқиға тіркелген. Мұндай жағдайларда жүргізушілердің материалдық шығынға ұшырайтыны өз алдына, кейде жолаушылар ауыр жарақат алады. Қаза табатындар да бар. Тек өткен жылдың өзінде республикалық күре жолдарда дәл осындай 104 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 140 адам жарақат алып, 36 адам қайтыс болған. Сөз соңында айтарымыз, қара жол қателікті кешірмейді. Көлік тізгіндеген әр адам өзінің амандығымен қатар, өзгелердің де саулығын ойлағаны дұрыс.

6061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы