• Cұхбаттар
  • 18 Наурыз, 2021

АЛҒАШҚЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН ЕЛ ҰМЫТА ҚОЙҒАН ЖОҚ

Шуақты көктемнің шығуымен дүние оянып, тіршілік жаңарады. Бұл кез көптеген шығыс елдері үшін Жаңа жыл – жыл басы. Бұл уақытта бүкілхалықтық мереке – Наурыз тойы кеңінен тойланады. «Наурыз» деген сөздің өзі түркі және иран тілдерінен шыққан: «ноу» – жаңа, «руз» – күн, яғни «жаңа күн» деген мағына береді. Қазақ халқы мұны «ұлыс күн» деп те атайды. Көктем мерекесін – наурыз меркесін атап өту, көпшілік болып тойлау дәстүрі дүниежүзінің біраз халықтарында кездеседі. Мұны ежелгі гректер – ­«патрих», бирмалықтар – «су мейрамы», тәжіктер – «гүлгардан», «бәйшешек», «гүлнаурыз», татарлар – «вардуган», буряттар – «сагаан сара», моңғолдар – «нарқояш» дейді. Ал қазақ халқы да Наурыз мейрамын жақсы дәстүр, жарасымды салт-өнеге ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, тойлап келеді. Тек кеңес заманы кезінде «бұл діни мейрам» деген жаңсақ түсінік, ұшқары пікірдің кесірінен бәсеңсіп, ұмыт бола жаздады. Анығын айтқанда, Наурыз мейрамына 1926 жылы Кеңес өкіметі ресми тыйым салған еді. Араға 62 жыл салып, 1988 жылы Наурыз мерекесі қайта жанданды. Алматы қаласында соншама үзілістен кейінгі алғашқы Наурызды ұйымдастыруда сол кездегі атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханова мен қалалық мәдениет басқармасының басшысы Елеусіз Жанпейісұлының атқарған еңбектері ерен еді. Алдымен Жібек Әмірханованы тауып, хабарласқанымызда қазақ әйелінің биязы мінезін танытты. «Наурыз мерекесі – ұлттық мейрам. Біздің ұлтта ер адамның орны бөлек қой. Алдымен Елеусіз Жанпейісұлымен әңгімелесіңіздер, мен естеліктеріммен сосын бөлісейін» деп жылы қайырды. Редакциямызға арнайы шақырғанда Елеусіз Жанпейісұлы да қуана келісті. Осыдан 33 жыл бұрынғы Наурыз тойының қалай өткені туралы сол кездегі ұйымдастырушылардың әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз. 

– Әңгімемізді 1988 жылы қайта жан­данған Наурыз мейрамын тойлауға дайын­дықтың қалай басталғанынан бастасақ?

Елеусіз Жанпейісұлы:

– Шынында 62 жылдан кейін Наурыз тойын атап өту туралы алғашқы әңгіме мен ұсыныстар Жазушылар одағында өткен жиында басталған. Ғалымдар мен жазушылардың ұсыныс-пікірін Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков те қолдап, оны Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ­Геннадий Колбинге жеткізуді мойнына алады. Содан кейін Мұхтар Шаханов бастаған ақын-жазушылар хат жазып, Наурыздың діни емес, ұлттық мереке екенін дәлелдеп жүріп, тойлауға рұқсат алған. Осыдан кейін Қазақстан бойынша үш жерде: ­Алматы қаласының ­Фрунзе (қазіргі ­Медеу) ауданында, Алматы ­облысында және Қызылорда облысында тойлап, республика жұртшылығына таныстыруды қолға алады. Ол кезде атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханова маған Алматы қаласындағы Наурыз тойын ұйымдастыруды жүктеді. Себебі мен ол кезде қалалық мәдениет басқармасында қызмет ететін едім.

Жібек Әмірханова:

– Негізі Жазушылар одағынан шыққан ұсынысқа партбюрода көпшілік қарсы ­дауыс беріпті деген алып-қашпа әңгіме бар ел арасында. Бұл шындыққа жанаспайды. Сол бюродағы талқылауға мен қала басшылығы атынан қатыстым. Сол жиынға Өзекең (Өзбекәлі Жәнібеков – ред) іс-сапарда болып, қатыса алмады. Сондықтан бұл мәселені келесі отырысқа қалдырайық деген шешім қабылданды. Келесі бюрода Өзбекәлі Жәнібековтың қатысуымен талқылауға қайта ұсынылып, «Наурыз тойы өткізілсін» деген қаулы қабылданды. Біз бұл мерекеге дайындықты 1987 жылы бастап кеткен едік, 1988 жылы Алматыдағы М.Горький атындағы Мәдениет және демалыс саябағында Наурыз мейрамын тойлауға мүмкіндік алдық.

Елеусіз Жанпейісұлы:

– Иә, содан Жібек апайымыз ұйымдастыру комитетінің төрайымы болып тағайындалды. Арнайы тапсырма алған соң, Наурыз тойына дайындықты бастап кеттік. Мен содан кейін белгілі этнограф-ғалым Рахманқұл Бердібаевпен кездесіп, ақыл-кеңес сұрап, тойдың жай-жапсарын талқыладық. Кейін Рахаң маған телефон соғып: «Кеше қалалық «Өркен» газетінде Наурыз туралы керемет мақала шығыпты. Сонымен танысып көрші» деді. Бейбіт Исабаев редакторлық ететін «Өркен» газетінің сол нөмірін тауып алып, таныссам, «Көктеммен... «Наурыз» келді!» деген мақала екен. Авторы – Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Тоқтасын Өмірзақов. Институттың сол кездегі директоры Әбдуәли Қайдарға барып, «осы жас ғалымды бізге беріңіз, ­Наурыз тойын ұйымдастыруға көмектессін» деп 1-2 аптаға сұрап алдым. Соңынан біздің ұйымдастыру жұмыстарымыз бір айға созылып, кейін Тоқтасын Өмірзақовпен біраз жыл бірге жұмыс істедік. Жылда Наурыз тойын бірге ұйымдастырып, 1998 жылға дейін бірге болып, кейін «Наурыз қорын» құрдық.

Ал ұлттық мерекені ұйымдас­тыру қалай жүзеге асты?

Елеусіз Жанпейісұлы:

– Енді бізге тойды ұйымдастыруға арнайы мамандар, режиссерлерді ­кө­мекке шақыру керек болды. Осы кезде Әубәкір Рахимов, Нұрқанат Жақыпбаев, Қадір Жетпісбаев көмекке келіп, театр­ландырылған Наурыз қойылымын қоюдың дайындығына кірістік. Ол кезде коммунистік заман, мешіттердің, имамдардың жұмысын тоқтатқан уақыт. Біздің мақсат халық арасында тараған ­«Наурыз – діни мейрам» деген түсінікті жойып, оның бүкілхалықтық ұлттық мейрам екенін дәлелдеу болды. Сол үшін сценарийді соған бағыттап жазып, салт-дәстүр­лерімізді жаңғыртып көрсетіп, ұлттық мейрам екенін сезіндіруге жұмыс істедік. 21 наурыздан 22 сәуірге дейін халық ішінде жүріп, әрбір мекемеге кіріп, түсіндірумен болдық. «Наурыз көже» қалай жасалады, неге кем дегенде жеті түрлі дәм қосылады, қандай ойын-сауық болады, күн мен түннің теңелуі деген не, осының бәрін түсіндіруге тура келді. Нәтижесінде Наурыз күні «Шеберлер ауылы», «Наурыз тілек», «Наурыз бата» рәсімдері, «Алдар көсе», «Тазша бала», «Батырлар шеруі» және оған қажетті ат-түйелер табу, Наурызбай, Наурызгүл есімді адамдарды жинау, «Алтыбақан», «Балтамтап», «Тең көтеру», «Бағана өрмелеу», «Арқантартыс», «Жаяу жарыс», т.б. ­шараларды ұйымдастырдық. Бір шаңырақтың астында көп ұлтты мемлекет екенімізді көрсететін «Көш-керуен» ұйымдастырдық. Оны ұйымдастыруда ұстаздары мен студенттерін беріп, кеңесін айтып көп көмектескен Театр және көркемсурет институтының ректоры Аман Құлбаев болды. «Қазақстан» қонақүйінен орталық саябаққа дейін «Көш-керуенмен» жүріп өтіп, халықты Наурызға шақырдық. ­Газет-журналдарда, радиода Наурыз тойын хабарлап, қай уақытта, қай жерде, қандай шара өтетінін барлығын көрсеттік.

Жібек Әмірханова:

– Саябақтың алдына үлкен қақпа қойып, Наурыз тойының эмблемасын орнаттық. Тойды безендіруге, ойымызды жүзеге асыруға үлес қосқан сәулетші Бек Ибраев болды. Ал тойға кімдерді шақыру керек, кімдер сөйлеу керек, Наурыз туралы білгенімен бөлісе алатын кімдер, осы мәселені ұйымдастырған этнограф-ғалым Мардан Байділдаев еді. Осы тойдың ашылуына Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза апайды шақырдым. Сосын қатарымызда Мұхтар Шаханов, Аман Құлбаев болды.

Ал Тоқтасын Өмірзақов қаладағы студент-жастардың басын біріктіре алды. Басқа мерекелердегідей «ащы суға» тойып алып, талас-тартыс болмау үшін Тоқтасын жинаған жастардың көмегі көп тиді. Олар қақпадан қонақтарды күтіп алу, қазақша киіммен қызмет етіп, қазақтың мәдениетін көрсету осы жастарға жүктелді.

– Осындай ауқымды тойда мейрамның бас тағамы «Наурыз көже» қалай дайындалды? Осынша көп халыққа қалай жетті?

Елеусіз Жанпейісұлы:

Көпшілікке Наурыз көже істеу өте маңызды еді. Біз қаладағы асханаларды аралап жүріп, Наурыз көже қалай жасалады, кім жасай алады деп іздедік. Бір асханадан жасы үлкендеу апай жасай алатын болып шығып, қуанышымыз еселене түсті. Осылайша, ол кісіге қажетті азық-түлік, ыдыс-аяқтың бәрін әперіп, ­Наурыз көже жасаттық. Той күні сахнаның ­жанында апайымыз кимешегін киіп алып, жанына бірер көмекші қызын ертіп, ­Наурыз көжені тегін тарқатып тұрды. Мұның өзі әдемі көрініс, ел сүйсінген дүние болды. Бәрі Наурыз көжеден дәм татып, мәз-мейрам болғанына қуандық.

Жібек Әмірханова:

Сосын бір жерде Наурыз көжені сатып жатыр дегенді естідік. Намыстанып кеткен Мардан Байділдаев ағамыз 500 сомға бүкіл Наурыз көжені сатып алып, халыққа таратты.

– Тойдың аясында қандай ерекше дүниелер ұйымдастырылды?

Елеусіз Жанпейісұлы:

– Жалпы Наурыз тойының көрінісі былай болды: саябаққа кіре берісте қақпа, одан кейін сахна, сосын үлкен кісілер бата беріп жатты, жұлдызшылар сол ұлу жылына арналған болжамдарын айтып, М.Әуезов театрының артистері халықтың көңілін аулады. Би билейтін ашық алаңда концерт, ойын-сауық, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтудан жарыс өтті. Жастар жағы «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ізгі ниетпен айналадағы бастаулардың көзін ашып, үлкендер жағы «Бір тал кессең, он тал ек» деп ағаш отырғызды. ­Сонымен қатар жазғы театр, жыр-терме, айтыс өтіп жатты. Саябақтың стадионына бірнеше киіз үй тігіп, сол жерде спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылды. Осылайша, біз ұйымдастырған тойға өзіміз ойлағаннан да 2-3 есе артық халық жиналды.

Жібек Әмірханова:

Тағы бір ерекшелігі – біз «Наурыз, Наурызбек, Наурызгүл, Наурызбай ­деген атты адамдар саябаққа келіңіздер» деп жарияладық. Ондай есімді адамдар өте көп екен, олардың өзі бір-бірімен құшақтасып мәре-сәре болды.

Одан кейін «Шеберлер ауылын» ұйымдастырдық. Біреу күмістен әшекей, біреу домбыра жасап, енді бірі мәсі тігіп, келесісі кестелеп әйелдер киімін тігіп ­жатыр. Ол да керемет көрініс болды. Сосын Республика сарайының алдында тарих пен мәдениетті өзек еткен концерт болды. Үш күн бойы Республика ­сарайында айтыс ұйымдастырдық. Наурыз мерекесінің биік деңгейге көтерілуіне үлкен ықпал жасаған ұлтымыздың қасиетті өнері айтысты жандандыруда талмай еңбек етіп келе жатқан Жүрсін Ермановтың еңбегі зор. Республика сарайында ұйымдастырылған Наурыз айтысы өте тартымды, мәнді болып, өте елеулі шара болды. Айтыскер ақындар үш күнге созылған айтыс­та Наурызды жыр етті. Сол кезде аты шыққан айтыскер ақындардың аттары әлі күнге дейін жұртшылыққа мәшhүр. Оған Моңғолиядан – Егеухан апай Мұхамедиқызы, ­Жамбылдан – Әзімбек Жанқұлиев, Торғайдан – Жадыра Құтжанова, Қостанайдан – Әсия Беркенова, Шымкенттен – Әселхан Қалыбекова, Қарағандыдан Қуаныш Мақсұтов деген жігіт қатысты. Жүлде алғанда ­Жадыра сахна сыртында ерекше әсерленді. ­Сосын мен оған мынадай шумақ айттым:

Қалы кілем жапсаңыз,

Нар түйеге жарасады.

Өкпе кімге жарасады?

Қарындасқа жарасады.

Қарындастың ішінде

Қадірлеске жарасады.

Сондықтан Жадыра

Өкпеңді қидыртайын,

Алматыда қалдырып,

Сені бір ай қыдыртайын, – дедім. Залдағы адамдар ду қол шапалақтады. Жадыра да көзін сүртіп, жадырап қалды. Сол қызды одан кейін көрген жоқпын, өзі де одан кейін айтыстарға қатысқан жоқ.

Осы Наурызға Г.Колбин келді, бірақ келетінін айтқан жоқ еді. Ол менен «қалай өтіп жатыр, тыныш па, қанша халық жиналды» деп жалпылама сұрады. Мен өзім көңілім өсіп тұрған сәт, шамамен, 100 мың халық жиналды деппін. Кейін барлық ақпараттарда осынша адам қатысты деп жазылып кетіпті.

– 1988 жылғы осы алғашқы ­Наурыздан кейін, мейрамды тойлау дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бастады ма?

Елеусіз Жанпейісұлы:

– Иә. Өзім мәдениет саласында қызмет еткеннен кейін 1989 жылы алдын-ала дайындала бастадық. Жібек Әмірхановамен келісіп, жоспарды бекітіп алдық. Кейін бізге Наурыз тойын өткізуге рұқсат бермеді. Не бүлдірдік деп абдырап қалғанымыз рас. Ол кезде Алматы қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы Романов, екінші хатшысы Шәріп Омаров. Бір жыл бұрын ұйымдастырған қауыммен бірге Шәріп Омаровқа бардық. Ол бізді тыңдап, жақсы түсінді және бірінші хатшыға Наурыздың тойлану керегін дәлелдей алды. Ол кезде Алматы республикалық қала болғанымен, партия жүйесінде облысқа бағынатын. Ал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Марат Меңдібаев болатын. Негізі рұқсатты сол кісі бермеген екен. Шәріп Омаров облысқа қайта-қайта ­барып жүріп, рұқсат алды. Алайда «үлкен қылып емес, шағын көлемде атап өтіңдер. Шағындау жерде өтсін» деп тапсырыпты. Содан біз ақылдасып, Орталық стадионның айналасы мен Қ.Сәтбаев көшесі жағындағы автотұрақты алдық. Алдымен рұқсатты алып, сосын «Көш-керуен» ұйымдастырамыз дедік. Бұған біздің дайындығымыз бірінші жылдағыдан да жақсы болды. Ленин алаңынан (қазіргі Астана алаңы – ред) Орталық стадионға дейін 12 көлікпен безендіріп, керуен жасадық. Спорт сарайының күншығыс жағына сахна жасап, концерт ұйымдастырдық. Сол сахнаға ­Романов та, Нұрқаділов те шығып, халыққа құттықтау тілегін айтты. Біз тұсаукесер, келін түсіру, балаға ат қою рәсімдерін көрсетіп, халықтың оң бағасын алдық.

Сонымен бірге қалаға кіретін әр қақпаны, әуежайдан, Қапшағайдан, Ташкенттен келетін жолдарды безен­діріп, «Наурыз құтты болсын!» деген жазуды іліп, Наурыздың нақыштарын сезінуге мүмкіндік берген қалалық безендіру мекемесіндегі Төлеубек Мұқашев деген азамат болды.

Ал 1990 жылғы Наурызды цирктің жанындағы аллеяда өткіздік. Бұл мейрам да дәл 1989 жылғыдай өтті, бірақ «көш-керуен» ұйымдастырған жоқпыз. 1991 жылы егемендігімізді алғаннан кейін ғана жаңа алаңда Наурыз тойын тойладық. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық киімімен шығып, халықпен амандасып, балаларын ертіп жүрді. Кейін бұл дәстүрге айналды.

Дәл қазіргі уақытта Наурыз мейра­мының тойлануына көңілдеріңіз тола ма?

Жібек Әмірханова:

– Қазір Наурыз мерекесі қатардағы жай мерекелер сияқты өтетіні көңіл көншітпейді. Ұлттық мерекені ұлттық деңгейде тойлау керек қой. Наурыз басталатын түні арулар жігіттерге «ұйқыашар» тағам, жігіттер қыздарға «селт еткізер» сыйлық ұсынады. Адамдардың сәлем­десуі, ерлердің төс қағыстырып, қос қолдап амандасуы, жас келіншектердің көпті көрген кісіге арнайы сәлем беруі, түрлі тағам дайындалуы қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан жоқ. Ұмыт болып барады. Наурызды қарсы алу арқылы адам салт-дәстүрді жалғастыру, үлкен-кішіге құрметпен қарау, табиғатты аялау, еңбекті сүю сияқты қасиеттерді үйренеді. Ал біз осы үшін қандай амал-әрекет жасап жатырмыз? Осы тұрғыдан әлі де жұмыс істеу керек.

Елеусіз Жанпейісұлы:

– Қазіргі Наурыз мерекесі эстра­далық концерт сияқты өтеді, оның өзі жанды дауыста емес. Сосын әкім шығып құттықтайды. Бұл бір кездегі 1 мамыр, 7 қараша сияқты мейрам болып көрінеді. Ұлттық мереке екені сезілмейді. Бұл бірінші кезекте отбасылық мейрам. Үздіксіз тойланып келе жатқанына 33 жыл болды. Бірақ біз әлі үйрене алмай жатырмыз. Кезінде есік алдын тазалап, үйімізді ақтап, кірімізді жуып, мейрамға дайындалушы едік. Ал неге қазір солай дайындалмаймыз? Әрбір аула, әрбір аудан, әрбір отбасы өз шаңырағында тойлау керек, дастарқанын жайып, Наурыз көжесін жасап, есігін ашып қоюы керек.

Әңгімелеріңізге рақмет!

P.S: 

Қазақ ұғымында ұлыс күні аспан денелері ең бастапқы нүктесіне келіп, күн мен түн теңеледі. Жан-жануар түлеп, әлем жаңғырып, жерде көк дүркіреп көтерілген күннен жаңа жыл басталады. Халқымыз Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына ерекше құрметпен қараған. «Жыл басы қалай басталса, соңы да солай болады» деген сенім-нанымға сәйкес жұрт Наурызға ерекше әзірленген. Кең дастарқанға барын салып, жеті түрлі тағам, Наурыз көже пісіріп, ағайын-жұрт бір-бірімен қуана қауышады. Ұлыс тойы – жер бетіне жақсылықтың ұялауының нышаны. Ендеше, Ұлыс оң болсын! Елімізде береке-бірлік артып, халқымыз жақсылыққа кенеле берсін!

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

4957 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы