• Руханият
  • 18 Наурыз, 2021

АПАҚАЙ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АРТИСІ, МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ 
СӘБИТ ОРАЗБАЙДЫҢ АНАСЫ АПАҚАЙ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІГІ

(Жалғасы. Басы №9 санда)

Сәбит ОРАЗБАЙ
 

ҚАДЫР ХАЛЫҚТЫҢ

ҚАЗЫНАСЫНА АЙНАЛҒАН АҚЫН

 

Еліміз ұлы Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде өткізді. Жер-жерде ақын өлеңдерін оқудан эстафета өтіп, ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Қазақстанда тұратын әрбір ұлт пен ұлыстың өкілі хакім Абайдың өлеңін оқып, қара сөзін жатқа айтты. Өте құптарлық маңызды мәселе. Өйткені Абай десек, оның артында қалың елі қазағы, ал қазақ десек, оның алдында өлең-сөздің патшасы, ақыл-ойы, кемеңгері Абай тұрады.

«Өлмеу үшін – құлқынды жемдеу үшін,

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.

«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деп ақиық Мұқағали жырлағандай, данышпан Абай жаққан «бір сәуле сөнбеу үшін» тер төккен, соңына қыруар әдеби мұра қалдырған көрнекті ақынның бірі Қадыр Мырзалиев еді. Ол оқырманға кеңінен та­ныл­ған, көп оқылған ақын. Студенттер мен мектеп оқушыларын айтпағанда, зиялы қауымның да сүйіктісіне айналды. Cахна саңлағы Райымбек Сейт­метов Қадырдың өлеңін түгел жатқа айтатын. Мен де бірқатар жырын өз әуеніммен айтып жүр­дім. Ұлына арнаған өлеңі төмендегідей болатын:

«Мен өзіңді армандадым, көкседім.

Құлыншағым, саған артар көп сенім.

Талай рет түн ұйқымды төрт бөлдім.

Төрт құбылаң тегіс болсын деп сенің.

 

Гүл-арманды үмітпенен суарып,

Кейде жүдеп, кейде, тіпті шын арып,

Жолсызбен де жүріп бақтым мен біраз,

Сені жолға салу үшін шығарып.

 

Бір тілегім: қалма алдымда бала боп.

Үйрет мені, үйрет елді дана боп.

Жанарыма сыймай өт сен ғарыш боп,

Құшағыма сыймай кет сен дала боп!..».

Елді дүр сілкіндірген Қордай ауданында болған жағдайды естігенде Қадырдың тағы бір өлеңі есіме түсті. Ол:

«Аман қалған шабуылдан жүздеген,

Батыр халық екенбіз ғой біз деген.

Аямаған жұрттан нанын, тұзбенен,

Жомарт халық екенбіз ғой біз деген.

 

Айтысатын, ақсақал мен қызбенен,

Ақын халық екенбіз ғой біз деген.

Келешектен бір де күдер үзбеген,

Жарқын халық екенбіз ғой біз деген.

 

Астындағы атын алты ай іздеген,

Аңқау халық екенбіз ғой біз деген.

Әттең... Бабам маңдайынан аққан сор,

Аңқаулығы басымырақ жатқан соң...» деген, қазақтың мінез-пейілін, жарқын көңілін дөп басып жазған жыры. Қазір ол өңірде қалыпты жағдай орныққан сыңайлы. Әрине, бірлікке не жетсін. Бірлік бар жерде береке бар, ынтымақ бар. Дегенмен, қазақтың кеңшілігін кемшілігі деп ұғынуға жол бермеу керек.

Айтпағым, апам ақындардың өлеңдерін, ескінің жыр-қиссаларын оқығанымды ұнататын еді. Әуелде өзімнің құмарлығым болса да, апам үшін ақындарды да көп оқитын болдым.

 

АНАМ АЛАПАТ ҚАРУЛЫ ЕДІ

 

Қимылы шалт, анау-мынау ер кісіден қауқарлы еді. Бірде, мен ол кезде 13-14 жаста шығармын, кезегіміз бойынша есік алдындағы бақшаны суаратын болдық. Су қат. Жетіспейді. Кезегің келгенде күн-түн демей суғарып алу керек. Кешкі тамақтан кейін жұмысқа кірістік. Ә дегенде су жақсы ағып келіп жатты бақшаға. Сосын бірте-бірте қарқыны бәсеңдеп, ағысы азайды. Түннің бір уағы болды, суғарып бітетін емеспіз. Анам әрі-бері жүгіріп арықтың бірін бекітіп, екіншісін ашып жүрген. Кенет «Бұл кім ей?!» деген анамның қатқыл даусы шықты. Солай қарай жүгіріп мен де бардым. Ең­гезердей бір кісіні апам жағадан алып, жапқа атып ұрды. Біраз суға басын батырып ұстап тұрды да:

– Оңбаған, неге су ұрлап, менің сағамды жабасың? Мені қорғаушысы жоқ деп қорсын­ғаның ба бұл? Менің ерім қан майданда жаумен шайқасып жүр, сен сияқты қашқын емес. Мықты болсаң, күшіңді фашистерге көрсетпейсің бе?! Сен сияқты сүмелектерге басындыратын мен емес, жоғал әрмен, – деп жағаға сүйреп тастады. Апамның күшіне қайран қалдым. Әлгі айғайдан көршілер де оянып, жиналып қалды. Араша түсіп, апамды әзер тоқтатты. Еңгезердей су ұрлағыш сол күйі алды-артына қарамастан тайып отырды. Кейін ауылдан біржола көшіп кетті деп естідік. Сол жылы суға қанған біздің бақшамыз керемет өнім берді. Менің құшағым әзер жететін асқабақ пен собығы құлаш келетін жүгерінің астында қалдық...

 

« ҚАЛЖЫҢЫҢДЫ ҚОЙ,

«СКОРЫЙЫҢДЫ» ШАҚЫР...»

 

Анам 86 жасында қатты ауырды. Көктемнің кезі еді. Спектакльден келсем, қызуы көтеріліп жатыр екен. Екеуміз қалжыңдаса беретінбіз.

– Не болды, бізді тастап кетейін деп жатырсың ба? Тым болмаса күзде, егін-тегін жиналған молшылық кезде аттанбадың ба? Қайда асықтың? – дедім.

– Әй, қалжыңыңды қой, «скорыйыңды» шақыр, – деді. Үйде мединститутта оқитын Айтбай деген інішек бар еді. Сол дереу ­«Жедел жәрдем» шақырды. «Жедел жәрдемнің» дәрігерлері жеделдетіп қан қысымын, дене қызуын өлшеді. Керек деп тапқан дәрілерін беріп жатып:

– Е, апамыз 86-да екен ғой, – деп бір қойды. Біраз отырды да:

– Ұзаққа бармайды, дайындалу керек, қамсыз болмаңдар, – деді ақырын ғана. – Ауруханаға апаруға болмай ма? – деп едім:

– Жоқ, болмайды, – деп бір-ақ кесті. Сөйтті де, шығып кетті.

«ТЫМ БОЛМАСА О ДҮНИЕГЕ

ТОЙЫП АТТАНАЙЫН ...»

 

Дәрігер кеткесін апам маған қарап:

– Әй, не деді әлгі дәрігер? Мені өледі деді ме? – деді.

– Жоқ, – дедім.

– Ендеше, неге сыбырласып сөйлестіңдер?

– Жәй әшейін. Дәрілерді ішуін қадағала деп айтты, – дедім.

Келініне дауыстап:

– Әй, айналайын, келін, үйдегі тарыдан көже жасап, оған айран қатып, мені тамақтандырғын. Ертең жұрт «Алматыға әртіс баласының соңынан кетіп еді, аштан өліпті ғой» демесін. Артымда ондай сөз қалуын қаламаймын. Тым болмаса, о дүниеге тойып аттанайын, – деді. Әне-міне дегенше көже дайын болды. Апамды тамақтандырды. Ішіп болды да:

– Селтимей, бөлмелеріңе барыңдар, – деді. Мен түкке түсінбедім.

– Немене болды, айтатының жоқ па? Анау-мынау болып кетсең, жөн-жосығын айтпайсың ба? Молда дегендей, сексен алтыға қанша жас қосуға болады дегендей.., – дедім.

– Әй, мен өлгесін қанша қоссаң сонша қос, онда шаруам жоқ, маған бәрібір, – деді де көрпесін жамылып жатып қалды.

Біз шығып кеттік. Біраздан кейін шыдай алмай қайта бардым. Әбден қымтанған, тіпті ауа кіретін жер жоқ.

– Апа-ау, не болды сонша бүркеніп, тұншығып өлейін деп пе едің? – дедім.

Бетін ашып, демалатын сәл саңылау қалдырды да, қайта жатты. Қатты терлеген болуы керек, төсегі су болып кетіпті. Ертеңіне сарнап шыға келді.

– Елге хабар беріп қойып едік,.. – дедім күмілжіп.

– Көңілімді сұрап келмеп еді, келсін бәрі, – деді апам. Әлі ашуы басылмаған сыңайлы.

Қызы Зерханға ғана кел дегенін жеткіздік те, қалғандарына хабар бермедік, доғардық. Ертеңіне учаскелік дәрігер келіп көріп, таңғалды.

– О-о, мынандай қан қысымымен, мынандай жүрек соғысымен, дене қызуымен аман қалу деген оңай шаруа емес, бұл кісі 100 жасайды екен, – деді. Апам сол күйі аяғынан тұрып, ауруынан айығып кетті.

 

«ІШКЕННІҢ «КӨКЕСІН» ЕНДІ

КӨРЕСІҢДЕР...»

 

Калинин мен Мұқан Төлебаев көшелерінің қиылысындағы үйдің үшінші қабатында мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев берген үш бөлмелі пәтерде тұрып жаттық. Астымызда теміржол қызметкерінің отбасы тұрады екен. Ол үйде де жасы біздің апам қатарлы қара кемпір бар көрінеді. Бірақ менің анам аппақ болатын. Қарсымызда тұратын – орман шаруашылығының министрі болған зейнеткер қарияның отбасы. Ең қызығы, астымызда тұратын қара кемпір «Бұрынғы тұрған көршіні ұнатпайтын едіңдер, енді оның пәтеріне әртіс келе жатыр. Арақ ішудің көкесін көрсетеді сендерге» деп әңгіме таратыпты.

Үйді жөндеуден өткіздік. Енді біржола көшіп келуге бекініп азын-аулақ заттарымызды көтеріп келе жатқанбыз. Екінші қабаттағы көршілер бізді көре сала есіктерін бірінен соң бірі «тарс-тарс» жауып жатты. Құтты бір құбыжық көрген сияқты. Түкке түсінбедік. Үшінші қабаттағы қарсы бөлмедегі орман шаруашылығы министрі болған кісінің отбасы амандасып, аздап жөн сұрасты.

Сонымен көшіп, орнығып алдық. Менің анам үйге келген етті іріктеп, сыбаға-сыбаға етіп бөліп жатады. Тарсылдаған дауысты естіген астымыздағы пәтердегі қара кемпір жүгіріп келіп есікті қағып, айғайды салады ғой. Апам қолында кішкентай балтасы бар, келіп есікті ашады да:

– Оу, көрші, не болды сонша бақырып, неменеге айғайлайсың? – дейді.

– Сен немене, қолыңдағы балтамен тарсылдатып әбден мазамызды аласың? Бұл саған ауыл емес, бұл – қала! Мұндай тарсыл бұл жерде болмайды, – дейді қара кемпір қалш-қалш етіп.

– Е, болмаса, енді болады. Тіпті жиі болып тұрады енді. Әйтпесе, ет бұзылып кетеді, – дейді апам да қайтпай. Сөйтеді де:

– Тұр былай, кет алдымнан! – деп балтасын әнтек көтереді. Осы сәтте қара кемпір:

– Ойбай, өлтірді мені, өлтірді! Қолында балтасы бар. Мына әртістің шешесі озбыр екен, – деп бақырған күйі үйіне тұра қашады.

 

КӨРШІЛЕРДІ БІР

ТОБАСЫНА КЕЛТІРДІ

 

Сол айғай-шудан кейін қайта танысып, қалыпқа түсе бастадық. Көршілердің бәрі жылышырай танытып, амандаса бастады. Анам көршілердің бірін қалдырмай шақырып, ет асып, шай берді. Бірақ өздерін де аяған жоқ. Пышақсыз, мақтамен «бауыздады».

– Сендер өздерің қай жақтың қазағы­сыңдар, жөн-жосықты неге білмейсіңдер? Қазақы дәстүр былай тұрсын, тіпті амандық-саулықтан мақұрымсыңдар, – деп біраз жерге апарды. Теміржолда істейтін – Қызылорданікі, орман шаруашылығында істеген – Арқанікі болып шықты. Қалғандары – Түркістан, Жаңаарқа жақтан келген екен. Тамақ үстінде апам:

– Ұят емес пе бұларың? Ешқандай қазақы қылықтарың жоқ. «Оу, қош келдіңдер!» деп бірауыз сөз айтуға жарамадыңдар ғой. Қамшының ­сабындай қысқа өмірде сыйласқаннан артығы жоқ, – деді. Осылайша, көршілердің бәрінің бетін бері қаратты. Аяғы жақсы болды. Тату-тәтті өмір сүрдік.

ЖАЙЫҚТЫҢ ҚЫЗЫ АНАМА

ЖАЙЛЫ БОЛДЫ

 

Анам инсульт болып ауруханаға түсті. Біраз уақыт емделді. Ақыры кеселінен айығып ауруханадан шықты. Көрші үйден сымбатты апай кіріп-шығып жүретін, сәлемдесіп тұратын. Есіктің алдында демалып, таза ауа жұтып отырғанда әлгі сымбатты апай келіп біздің анамызбен әңгімелеседі.

– Көптен бері көрінбей кеттіңіз ғой, не болды? – деп сұрайды.

– Ой, шырағым, инсульт деген ауруға шалдықтым. Жас болса, келді. Тоқсаннан асып ­барамын... Е-е, шүкір Аллаға, көретін жарығым бар екен. Балалар дұрыстап емдетті. Үкіметтің үлкен ауруханасына жатқызды. Келінім, ­айналайын, басымда отырды, – дейді.

– О-о, аман болыңыз, бұл аурудан айығу оңай емес. Келініңіз жақсы екен. Жақсы қараған екен. Қай елдің қызы еді? – дейді.

– Кіші жүз. Жайықтың қызы. Әкесі – Сафи Өтебаев, майталман мұнайшы. Шешесі – Шәрипа, мамандығы – мұғалім, – дейді апам мақтанышпен кеудесін кере сөйлеп..

– Текті жерден шыққан екен. Сафи атақты мұнайшы ғой, – дейді әлгі сымбатты апай танитынын білдіріп.

– Өзіңіз кім боласыз? – дейді апам да сөзін аяқтай бере іліп алып.

– Мен – Мәншүк Мәметованың шешесімін. Алматыда тұрғаныма біраз болды. Қызым Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Оны өзіңіз де білетін боларсыз...

Осы сәтте сымбатты апайдың шырайлы жүзін қайғының қара бұлты торлағандай болады. Түнеріп шыға келеді. Алаңсыз тыңдап отырған апам басын көтеріп алып:

– Е-е, сіз де осал адам болмадыңыз ғой, – дейді...

Апам үйге келгесін мені мен келінін аймалап, өбектей бастады. «Айналайынның» астына алды келіп. Апамның «айналайыны» мен үйленгеннен кейін-ақ маған бұйырмаған-ды. Немерелеріне жау­дырып жатады. Бізге айтпайды. Мына әрекеті әлгі әдемі апай – Мәншүктің шешесі айтқан әңгіменің әсері болса керек. Тәңіріне шүкіршілік еткені шығар, бәлкім...

Енесіне жаққан жан жарым Сәуле Сафиқызы туралы оқырманға қысқаша айта кеткенім жөн болар. Ол консерваторияны бітірді. Әншілер хорында ұзақ жыл қызмет етті. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі. Отбасымыздың сәнін кіргізіп, қызықшылығын қалыптастырып отырған осы Сәуле ханым.

Елімізде хор өнері кешеуілдеп дамыды ғой. Сәуле өзінің өнердегі жолының ең қызық та қиын кезеңін осы қазақ хор капелласына арнады. Хормейстер болды.

Өнер жолын жаңа бастаған Сәуле жеке дауыспен жұмыс істеуде, жас әнші даусын жаңа шығармаға сай реттеуде көп еңбектенді. Ерлер және әйелдер даусымен жеке-жеке жұмыс істеу керек, ал жалпы хор өнерінде дауыс түрі 4-ке бөлінеді. Әр дауыстың хорда өз орнын тауып тұруы өте маңызды. Ол үшін көп тер төгуге тура келеді. Осы орайда ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі, профессор А.Молодовтың Сәулеге ұстаздық көмегі көп тиді. Ол жетекшілік еткен жылдары қазақ хор капелласы Одақтағы ең алдыңғы қатарлы хор ұжымдарының қатарында болды.

Капелла репертуарында бұл күнде 700-ге тарта шығарма бар. Қазақстан көлеміндегі ірі мерекелік концерттер бұл капелласыз өтпейді ­десек те болады. Хормейстер дегеніміз – көркемдік жетекші мен дирижердің тікелей көмекшісі. Жаңа шығарма игеріліп, оның шығармашылық жетістікке жетуінде хормейстердің үлесі өте зор. Бұл өнердің өз қиындығы да жетерлік. Сондықтан хормейстер еңбегінің жемісті болуы – оның тынбай ізденісінің, сағаттап төккен терінің нәтижесі.

 

КЕЛIН БОЛУ –

ЕЛ БОЛУ, ҰҒЫНҒАНҒА!

 

Қазақтың келіні – қазақтың келешегі. Сол арқылы өседі, өнеді, көсегесі көгереді. Халқымыз үшін келін түсіруден үлкен той, қуаныш жоқ. «Келін түсірдің бе?», «Қолыңды ыстық суға малдың ба?» деп аналар бір-біріне осындай сұрақ қойып, жақсы тілек білдіріп жүреді. Келін – ертеңгі ана, тіршіліктің тірегі, адамзат сапарын жалғастырушы. Келін туралы көп болмаса да бірқатар жүректен шыққан жыр-толғаулар, өлеңдер бар. Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, бұл әрекетімді оқырман дұрыс түсінер деп ойлаймын. Кітапты құрастырушы-редакторымның (Сәрсенбектің. Б.) «Келін туралы жыр» деген өлеңін өз басым қатты ұнатамын. Алғаш қайнаға атанғанда көңілі толқып, шабыттана жазғаны аңғарылып тұр. Қалай еді өзі:

«Қош келiпсiң, келiнжан, ауылыма,

Сән-салтанат әкелдiң қауымыма.

Бақыт тiлеп баянды дос-жарандар

Отыр, мiне, жиналып сауығыңа.

 

Жатырқап та қысылып жасымағын,

Жақындатпа, жолатпа басыңа мiн.

Болашаққа тұп-тура апаратын

Ақ арманға жасадың асыл адым.

 

Алынбаған алдыңда шыңың бар да

Соған жетпей жүрекке тыным бар ма?..

Бөтен үйге пенде боп ену емес,

Келiн болу –

Ел болу, ұғынғанға!

 

Жаны жайсаң,

көңiлi пәк, асқақ ары

Ана болу бақыты асқаралы,

Жұбай болу,

жар сүю – бәрi, бәрi

Келiн болған кезiңнен басталады.

 

Келiн болған кездерiн есiне алса,

Кемпiрлердiң көзiнен жас тамады...

Беу, келiнжан!

Дәнге толы дарқандығы жерiмнiң,

Әнге толы жайсаңдығы елiмнiң,

Батырлығы, қайсарлығы ерiмнiң –

Соның бәрi шапағаты келiннiң.

 

Гүлденуi, түрленуi өмiрдiң,

Қырандайын қалықтауы көңiлдiң,

Шабыттанып, шарықтауы сенiмнiң –

Соның бәрi махаббаты келiннiң.

 

Келiндердi ақ көгершiн дер ем мен,

Сезiмдердi теретұғын тереңнен.

Қазақ деген мәртебелi халықпыз,

Келiнменен көсегесi көгерген.

 

Бұрын менiң жеңгелерiм паңдана,

Менi көрсе, дейтiн бәрi «әй бала!»

Ендi, мiне, мен де үлкен атандым,

Атандым мен тiптi дүрдей қайнаға.

 

Келiнмiн деп жаси көрме, қарағым,

Алғысын ал ата-ана, ағаның...

«Әй» баладан «қайнағаға» жеткiзген,

Айналайын, құтты болсын қадамың!..».

 

Анам Апақай келіні Сәуле, немерелері Әділ және Жанатпен бірге.Анам Апақай келіні Сәуле, немерелері Әділ және Жанатпен бірге.

 

«...КӨП КЕШІКПЕЙ КӨКТЕМ ДЕ

КЕЛІП ҚАЛАР»

«Алматы ақшамының» әрбір бейсенбі күнгі санында көп жылдан бері жүйелі беріліп келе жатқан «Қазақы пайым» деген танымдық мақаланы жібермей оқимын. Өткендегі бір мақаланың тақырыбы:«Алматыда бұлбұл үні естілді» деп қойылыпты. Тақырыбы маған қатты әсер етті, құтты бір көктем келіп қалғандай сезіндім. Есіме Мұқағали ақынның «Көктем де келер» деген өлеңі түсті.

«Көп кешікпей көктем де келер енді, 

Көгеретін тіршілік көгереді.

Қу бұтағы арса-арса кәрі еменге, 

Келер көктем, білмеймін, не береді?

 

...Көп кешікпей көктем де келіп қалар,

Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.

Азан-қазан аспанның қоңырауы,

Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар...».

Елдің тілегі, көктемгі сезімі, ішкі тебіренісі, бәрі осы шумақтарға сыйып тұр.

Анам үш ақынды ерекше құрметтейтін: Абай, Мұқағали, Қадыр.

«Сенбе досқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ұлы ақынның сөзін үнемі бізге айтып отыратын.

 Мұқағалидың «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Қариялар азайып бара жатыр», тағы да басқа пәлсапалық өлеңдерін өзім жанымнан шығарған әуеніме қосылып орындап бергенімді жаны қалайтын.

Ал Қадырдың өлеңдеріне қоса, афоризм­дерін де жатқа айтатын. «Көбелектің кәрісі жоқ, кәріліктің дәрісі жоқ» деген тәмсілге бергісіз сөзін аузынан тастамайтын.

 

«ЖАЗМЫШТАН  ОЗМЫШ ЖОҚ»

Қызылордаға, туған еліне Сәбира Майқанованы шақырды. Бүкіл ұжым бардық. «Досымның үйленуі» спектаклін ала бардық. Сахнаға ­дайындалып жатқанбыз, Майқанова, бас режиссер Әзербайжан Мәмбетов, мен, тағы да екі-үш актер бар. Бөлмеге Хадиша Бөкеева апамыз ентелей басып кіріп келді де:

– Мені шақырдыңдар ма? Іздедіңдер ме? – деді. Бәріміз де абдырап қалдық. Мен:

– Жоқ, іздегеніміз жоқ, тыныштық па өзі? – дедім. Ол кісі көрші бөлмеде тынығып жатса керек, оятып жіберген сияқтымыз.

– Мені біреулер іздеді, атымды айтты, олар кім болды екен? Түсініксіз сөздерді айтты да қайтып шықты.

Бөкеева шығып кеткесін Сәбира апай мең-зең күйде тұрып қалды.

 – Астапыралла, мына кісінің әңгімесі маған ұнамай тұр. Жазған-ай, көпке бармайды-ау. Майқанова кәдімгідей біраз қиналды. Дайындықты тастап сыртқа шықтық...

Қызылордада өткен күндерді бұрын жазғанмын, сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын. Әлгі оқиғаның аяғы Хадиша Бөкеева апамыз 103 жасқа келіп өмірден озы. Ал Сәбира апамыз сексеннің о жақ, бұ жағында қайтты. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы болар.

(Жалғасы бар)

 

1901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы