• Мәдениет
  • 31 Наурыз, 2021

«ОСПАНХАНА» ӘЗІЛ-ОСПАҚ ОТАУЫ

Қазақ күлкісінің кемеңгері Оспанхан Әубәкіров есімі аталғанда езу тартпайтын, ішек-сілесі қатып күлмейтін кісіні кездестірмейсіз.

Қазір не көп, «хана» көп. «Асхана», «шайхана», «дәріхана», «кәуапхана», тіпті көше бойы «лагманханалар» да бар. Бұл – жақсы, әрине. Қарын тойғызасыз, шайға қанасыз, дәріңізді ішесіз, әйтеуір азықтанасыз. Ал бізге жетпейтіні қай кезден де рухани азық. «Оспанхана» сол олқылықтың орнын толтырады деп ойлаймыз. Бұл атауға ешкімнің таласы бола қоймас. Қазақ қалжыңының ханы Оспанханды оқу, дәл қазір керек. Оспанханды оқысаңыз ауруыңыз азаятынына кәмілміз.

Күлкіден асқан дәрумен жоқ. Қазіргі мынау коронавирус деген кеселден құтылудың бір жолы – жоғары көңіл күй сыйлайтын күлкі. Демек, «Оспанхананың» да коронавирустан, жалпы бойыңдағы түрлі кеселден арылуға септігі болатынына да сеніміміз мол.

«Оспанхана» қазақтың кешегі, бүгінгі күлкігерлеріне көрсетілген құрмет. Әзіл-оспақ отауын жүргізуші, беттің бапкері – «Қазақ корикатурасының королі» (М.Әлімбай), Қазақстанның мәдениет қайраткері, көрнекті суретші Еркін Нұразхан.

 

ОҚЫРМАН СҰРАУЫНА ОРАЙ

Мемлекетік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаят» атты кітабы оқырманын тез ­тауып, пышақ үсті тарап кетті. Бүгінде аз данамен жарық көрген бұл кітапқа сұраныс көп. Редакцияға телефон шалған оқырмандарымыз да ­таралымы көп «Ана тілі» ұлт газеті арқылы үзінділер берсеңіздер екен деп өтініш айтады. Бүгін «Оспанхана» атты су жаңа әзіл-оспақ отауы аясында юморы мол, қалжыңы қатпар-қатпар осы кітаптан алдағы уақытта үзінділер жариялап, оқырман сұранысын қанағаттандырмақ ойдамыз.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

КЕПІЛДЕМЕ

Қонысбай келді. Курстас, досым, сатирик, жазушы. Кейінірек Қазақстанның халық ақыны болды. Өзіміздің Жазушылар одағы шақыртыпты. КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануға бір кепілдемесі жарамай қалып, құжат толтыруға келген беті.

– Құжаттарың дұрыс сияқты еді ғой, не боп қалды екен? – дедім мен.

– Өткен жолы өзің жолығып алған Оспан­хан ағаның кепілдемесі енді керек болмай қалыпты.

– Е, неге?

– Өлген жазушының кепілдемесі жарамайды, тірісімен ауыстыр, – дейді. – Шарты солай екен.

Оспанхан аға жақында ғана қайтыс бол­ған. Дүние саларынан бір айдай ғана бұрын Қонысбайға кепілдеме берген еді. Мен өзім барып алғанмын. Міне, енді иесі көз жұма бере сол қолтаңба ілікке жарамай қалыпты.

«Өлдің, Мамай, қор болдың» деген осы...

Бұрынғы кепілдемені алуымыз былай болған еді.

Қонысбай Әбілов сонау Арқалықтан өтінішпен хабарласқан.

«Ғафу Қайырбеков пен Сейіт Кенжеахметов ағаларым екі рекомендация берген, енді үшіншісін Оспанхан Әубәкіровтен ал, мені жақсы біледі» деген. Осекең өзіммен есіктес көрші тұратын баласы Азаматтың үйіне ара-тұра келіп тұрады, келген сайын мені шақыртады, екеуміз бас қосып, шүңкілдесіп, әзілдесіп шай ішіп, шарап алатын едік.

– Осаға, Қонысбай ініңізге кепілдеме берсеңіз қайтеді? – дедім бірде.

– Ол иттің өзі қайда?

– Арқалығында жүр. Келгенде жолығады ғой.

– Әй, Ұлықбек, осы сен Мәскеуден оқып келген жоқсың ба?

– Иә.

– Ендеше болды. Менің жазған қазақшам ертең Мәскеуге жібергенде жарамай қалуы мүмкін. Сондықтан Қонысбайға деген кепілдемені ертең өзің менің атымнан орысша қатырып тұрып жазып әкел. Қол қойып берейін, – деген Оспанхан аға.

Ертесіне Осекең өз үйінде отырып, машинкаға басылған жарты бет кепілдемені алдына жайып қойып, мен ұстатқан қаламмен «О» деген әріпті өте үлкен етіп дөңгелектете сызды да, арғы жағын шимайлай салған... «О-сы» парақтың бос тұрған тұп-тура жарты бетін опырайтып алып жатыр. Сосын жеңгемізге өзінің КСРО Жазушылар одағына мүшелік билетін тапқызып алып, қарап, нөмірін жазып шықты. Оқшырайған «О-ға» осқырына қарап қалдым. Обадай болған «О» әрпі көзіме ерсі көрініп-ақ тұрды.

– Осаға, мынау шимайыңыз не? – дедім мен. – Ерепейсіз үлкен ғой.

– Өзімнің қолым сондай, – деген Осағаң жайбарақат.

– Кішірейтіп қайта қойып бермейсіз бе, бұл Мәскеуге дейін баратын қағаз ғой. Біреу-міреу қол емес, құр шимай екен деп сенбей жүрсе қайтеміз? – деймін шырылдап.

– Қанша қойсам да қолым осындай! Басқаша қоя алмаймын. Одақтағы ел біледі. Осы қолымды қойып талай кітап жазғанмын, осы қолымды қойым талай қаламақы алғанмын. Егер бұл Оспанханның қолы емес деп сенбейтін біреу табылса, менің мына мүшелік билетімді қоса апарып көрсетіңдер. Бұдан былай осы билеттің маған керегі де шамалы. Мә, қоса апарып өткіз, – деп «Союз писателей СССР» деген алтын жазулы алақандай қызыл куәлігінің кепілдемемен бірге маған ұстата салғаны... «Алмаймын» деп шыр-пыр болып, жеңгейге қалдырып, қашып шыққандай болғам.

«Енді маған керегі шамалы» деп еді жарықтық... Бір айдан кейін бақилық болды. «Дәмі таусылғанын сезіп жүрген екен-ау» деп ойладым.

Міне, сол кепілдемені қайта алу керек болды, енді алғанда да Сырбай Мәуленовтің өзінен! Арыстанның аузы болмаса да, аюдың апанына барудан кем емес (ол кісінің бүркеншік аты «Аю» болатын! Естуімше, руы солай көрінеді).

Сырағаңды іздестіріп-сұрастырып көріп едік, науқастанып жатқан болып шықты. Совминнің ауруханасына беймезгіл келіп қалыппыз, есігінен де сығалатпады.

– «Тихий час» біткенде келіңдер, 2 са­ғаттан кейін, – деді күзетші. Бізде бірақ күтуге уақыт аз, дегір жоқ еді.

Қонысбай екеуміз бір кварталды алып жатқан аумақты аурухананың темірлеп соғылған биік-биік дуалдарын екі айналып шықтық. Кіріп кетердей, секіріп өтердей жыртық-тесік таба алмадық. Сосын мен күзеттен тасалау бір пұшпағына келгенде жан-жағыма қарап алып, биік дуалға өр­ме­леп шығып, арғы жағына секіріп, ішіне топ ете қалдым. Қонысбай сыртта күтіп қала берді.

Сырағаңның палатасын сұрастырып тауып, есік қағып, рұқсатпен кіріп бардым. Ағамыз үлкен бөлменің төріндегі жалғыз үлкен төсекте шалқасынан көсіліп, ояу жатыр екен. Мені көріп кәдімгідей қуанып қалды.

Үсті-басы, білектері толған шым-шытырық түтіктер, системалар. Төсегінің аяқ жағындағы биік ілмекте төңкеріле ілінген бірнеше құмырадан бүлкілдеп, ауасы бұрқылдай тамшылап, түтік бойлап аққан мөлдір сұйық дәрілер тамырына құйыла сіңіп жатыр.

Жөн сұраса бастаған кезде Сырағаңның көзі аяқ жағындағы ілулі шипаға түсіп кетіп, маған:

– Коридорда медбике бар, сол қызды тез шақыра қойшы, – деді.

Тысқа шығып, медбике қызды таба алмай, әр есікті бір тартқылап жүр едім, ­Сырбай ағаның:

– Ұлықбек, Ұлықбек, мұнда кел, тез жет! – деген күркіреген даусын естідім. Ышқынған секілді естілді. Тез жетіп келсем, қолымен анадай ілулі тұрған дәрі құмыраларын нұсқап жатыр екен.

– Анау түтіктің ортасында тоқтататын тетігі бар, соны тез бұрап, тоқтат! Оңға бұра! Жап! – деді алқынып. Көрсеткен тетікті тез бұрап, айтқанындай қылдым. Мөлдір түтіктің ішімен төмен жылжып бара жатқан ауа көпіршіктері кілт тоқтап, бір орнында мөлдіреп, мұз боп қатып қалғандай болды.

Сырбай аға көкірек керек «уһ!» деп ауыр кұрсінді. Біраз үндемей жатты. Сосын:

– Көрдің бе, Ұлықбек, анау аспалы шынының дәрісі бітіп қалғанын? Менің қолым жетпейтін жерде тұр. Егер сен әлгі жерде соны бұрап жауып, тез тоқтатпағанда анау түтіктің ішіндегі ауа тамырым арқылы менің қаныма кетіп қалатын еді. Ал қанға ауа кетті дегенше жүрек тоқтады дей бер. Сен мені бір ажалдан алып қалдың! Шамасы, сені бүгін маған Құдай айдап келген болар. Әлі су ішкілігім бар екен, – деді толқып, алабұрта сөйлеп.

– Мені айдап келген Қонысбай ініңіз ғой, – дедім мен әзілге бұрып.

Екеуміз бұдан соң Қонысбайды біраз мақтасып, баяғы Оспанханнан қалған кепілдеменің қайта басылған дайын мәтініне қолын қойғызып алған соң қоштасып, қайтуға жиналдым.

– Ұлықбек, бүгінгі мынау оқиға өлеңге сұранып тұр. Сен осыны жазшы, – деді ­Сырбай аға қоштасарда құшақтап тұрып.

– Жақсы, жазайын, – дедім мен. «Қанға ауа кетсе өліп қалатын едім. Су ішкілігім бар екен» деді-ау деп ойладым сыртқа шығып келе жатып. Осы оқиғаны Қонысбайға айтып: «Болмашы көпіршіктен де кісі өле ме екен?» деп сенер-сенбесімді білмедім.

Жылдар өте түсінгенім, сол жолы шындығында да, бір ажалдан қалған екен. Өйткені менің Құдайы көршім, аса дарынды жазушы Асқар Сүлейменов дәл осындай жағдайда анасы мен жарының көзінше, тұшпара жеп, әзілдесіп отырып кенеттен үзіліп кетіпті. Қанына көпіршік кетіп қалған... Аспалы құмырадағы дәрінің түгесілгенін ешкім байқамаған деседі...

Сырбай Мәуленов осы оқиғадан кейін он шақты жыл өмір сүріп, бірнеше кітап жазды. Бірақ мен Сырағаң күткен сол өлеңді әлі күнге дейін жаза алған жоқпын. Неге жазылмайтынын білмеймін.

Кейінгі жылдары денсаулығым сыр беріп, сол Сырбай аға жатқан ауруханаға түсіп қалып жүремін. Ең алғаш түскенде дәл сондай түтіктен көзімді алмай қадала аңдып жатқанымды сезіп қалған медбике:

– Аға, қорықпаңыз. Қазіргі түтіктер жіңішке жасалған. Қанға ауа кетпейді, – деді.

– Бұрын «Байқап тұрмаса тамырға кетіп қалады» дейтіні қайда? – дедім.

– Бұрын болған. Қазір ондай қорқыныш жоқ. Дәрі таусылғанда система өзі тоқтайды. Сенбесеңіз тексеріп көріңіз, – дейді жайбарақат күліп. Тексеріп көрдім...

ТІЗЕ

Сырбай Мәуленов Мемлекеттік сыйлық алды. Соны табыс ететін күні маған телефон соқты. «Әбділданы Тұманбай қолтықтап барады екен, сен мені қолтықтап апар» деді.

Екеуміз Жазушылар одағының төменгі қабатына түскен кезде сырттан кіріп келе жатқан Жұбан Молдағалиев қарсы ұшыраса кетті. Екеуі шұрқыраса амандасып, мәре-сәре болып қалды. Біраздан бері көріспегені көрініп тұр. Бірін-бірі марапат жетістіктерімен, кітаптарымен құттықтасты.

– Қалың қалай шал? – деді Жұбағаң. – Ауру-сырқаудан аманбысың?

– Шүкіршілік, – деп жауап берді Сырағаң. – Тек мына бір тіземнің сырқырап ұйықтатпай жүргені болмаса...

– Әй, өзің де кезінде талайға тізеңді батырып едің, соның зардабы шығар, – деді Жұбан аға оны арқасынан қағып қоштасып.

Екеуінің қосыла қарқылдаған күлкісі Жазушылар одағын басына көтерді.

 

КҮЛЕ ОТЫРЫҢЫЗ

МӘСІ

 

Біз, жастар, қалада тұрамыз да, ал ата-аналарымыз қала маңындағы ауылда тұрады. Немерелер демалыстарда ауылға барып, ойнап, аунап-қунағанды ұнатады. Сондай бір барып, қалаға қайтарында әжесі немересіне тапсырыс береді:

– Мамаңа айт, маған мәсі алып, беріп жіберсін.

Бала келгеннен кейін шешесіне жеткізеді:

– Әже мясо просит.

Мамасы таңғалады. «И-и, оларда, соғым сойып алған, ет көп еді ғой, неге сұрайды?» деп ойлайды. «Мүмкін, жас ет жегілері келді ме екен?» деп, дүкеннен төрт-бес келі ет алып, беріп жібереді. Балалар қуанып, әженің сұрағаны орындалды деп, апарып береді.

Айта кетейік, олар қалада орысша оқыған, қазақшаға шорқақтау.

– Әжеке, вот вам мясо! – деседі жайраңдап. Кемпір етті көріп, таңырқайды.

– Еті несі? Мен мәсі сұрадым ғой. Киіп жүрген мәсім тозып қалды, сосын алып берсін дегенім еді. Мына су татыған мұздаған еттің бізге қажеті шамалы. Жарайды, мұны да тұздап, кептіріп алармыз.

– Что вы говорите, бабушка? Вы же сами просили мясо?

– Иә, мәсі сұрадым.

– Вот же мясо!

– Жоқ, бұл мәсі емес, ет қой.

Кемпірдің орысша түсінетін шалы келіп, айда күле...

– Кемпірім-ау, еттің орысшасы – мясо!

– Не дейді? Ал мәсінің орысшасы қалай?

– Мягкий сапог...

– Ой, құдай шұнамыр! Әй, маған керегі сол сапог! Түсіндіңдер ме? Ойпыр-ай, бұлар енді сапог дегенге басқа сопақ бірдеңе әкеліп, бүлдірмесін!

 

ДӘМЕТУ

 

 

Үйелмелі-сүйелмелі шал-кемпір. Екеуі де зейнеткер, сексеннің шамасында.

Бір күні телефондары шылдырлады. Трубканы кемпір көтерді.

– Әлө!

– Бұл Тәменовтердің үйі ме?

– Иә.

– Шеше, үйіңіздің адресін айтыңызшы.

– Үйбәй, ол неге керек?

– Жақында болатын үлкен мерекеге байланысты әкім сіздерге бірдеңе беріп жібереді. Соны апарайық.

Кемпір қуанып кетіп, адресін айтты.

– Әй, қарағым, не беріп жібереді?

– Әже-тай, алғасын көресіз ғой.

Кемпір енді қалбалақтап келіп, шалына хабар айтып жатыр.

– Әй, шал-ау, мына мерекенің алдында әкім бізге бірдеңе жібереді дейді.

– А? Бізді ескеріп, сыйлық бере ме екен?

– Сыйлық қой деймін, не екенін айтпады.

– И-и, келгесін көреміз де.

Ертесіне есік қағылды. Ашып еді, бір жас жігіт ақ қағаз ұсынды.

– Бұл не, қарағым?

– Әкім беріп жіберді. Оқысаңыз, артында қолын қойған.

– Ол түсінікті ғой, қағаздан басқа ештеңе жоқ па?

– Жоқ, жоқ, мында керемет жақсы сөздер жазылған.

– Иә, олар жақсы сөздерге шебер ғой. Сонда адресімізді сұрап, әдейі келгендегі жұмысыңыз осы бір жапырақ қағаз ба? Тіпті әуреленбей-ақ, бізді күттірмей-ақ, звондай салсаңыздар да болатын еді ғой. Әдемі сөздеріңізді содан да тыңдайтын едік. Құрғақ құттықтап, есек дәме қылдыңыз.

– Жоқ, олай демеңіз, әкім әдейі мән беріп отыр.

– А-а? Мән беріп отыр екен ғой. Ал рақмет! Ардагер шал-кемпір сәлем айтып жатыр, – деңдер!

Ертесіне екі зейнеткер ұйқыларынан тұрып, әңгімелесіп жатыр. Шал жөтеліп қояды.

– Кемпір-ау, екеуміз ата-бабаның ырым жоралғыларын білеміз ғой. Ертеде біреуден бірдеңе дәметіп, ол болмай қалғанда, ер адамның тамағы іседі дейтін бе еді? Менің тамағым домбығып, жөтеліп қалыппын. Кхе-кхе! Ал әйел адамның емшегі іседі дейтін еді. Сен саусың ба?

– Әй, шал-ау, менің де мына төс шандырым қышып, қызып тұрған сияқты.

Екеуі мәз-майрам күліп жатыр.

– Ха-ха-ха! Әй, қартайсақ та, біздің дәмету сезімдеріміз әлі бар екен-ау! Соны жоғарыдағылар білмейді. Оларға айтып қою керек екен. Құрғақ құттықтауды қойсын, – деп! Әйтпесе, бізді созылмалы ауруға ұшыратар! Ха-ха-ха!

 

Сержан ШӘкірат,

ҚР еңбек сіңірген қызметкері,

Маңғыстау облысының құрметті

азаматы, профессор

Ақтау

518 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Әлібек

31 Наурыз, 2021

Оспанханның әзіл-қалжыңдарын бергендеріңізде әлдеқайда оқылар еді.

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы