• Тарих
  • 01 Сәуір, 2021

БАЙРАҚТЫ БАТЫР

 «Тәуелсіздік» қандай асқақ ұғым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп атап өтуі тегін емес. Қазақстан тәуелсіздігін алған 30 жылдың ішінде жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.
Тәуелсіздік жолында күрескен күрескерлердің мәңгі бейнелері есімізде сақталады, үлкен рухани байлық, тамаша тәлім-тәрбие, өткенін білмей болашақты болжау мүмкін емес. Шапқыншылықтан елін, жерін қорғауда, азаттық үшін күресте айрықша қаһармандық танытқан, тарихи тұлғалардың бірегейі – Қазымбет батыр.

 

Қазымбет – қазақ-қалмақ соғысының батыры. Қаракерей Қабан­бай мен атақты батыр би Боранбайдың сенімді сардар­ларының бірі. Қазымбет Қабанбай қолының ту ұстау­шысы болған. Хан батыр – Дарабоз Қабанбай туралы жыр-дастанда: «...Ту астында тулап өлген Қазымбет...» деп айтылуы соның айғағы. Қысқасы, Қазымбет батыр еліне қорған  болған бабалар­дың ақ жолына дақ түсірмей өткен киелі буынның аса үздік өкілі.

Қазымбет батыр Аягөз ауданы Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. Жоңғарлардың оңтүстіктен селдей тасып, қазақ жеріне анталай енген кезі болуы керек. Орта жүзге Сәмеке хан иелік етсе керек. Бір ұрыста Қазымбеттің әкесі Құттымбет батыр жараланып, қол босатуға жарамай қалады. Сол кезде он жеті жастағы Қазымбет ту ұстаған екен. Алғашында Құттымбет батыр Қазымбетті баласынып, рұқсат бермеген. Сонда Қазымбет «Әке, «ел шетіне жау келсе, жаспын деп жата көрме, жеті атам жаудан жеңіліп көрмеген, бәрі де өз ажалынан өлген. Қорықанды оқтың өзі іздеп табады» деп айтатын ақылыңыз қайда? Мен бала емеспін» деген екен. Сонда қарт батыр орнынан тұрып:

Тапсырдым бір өзіңді хақ тағала,

Аттады хан тайпаға бір жас бала.

Сол балама оң сапар берсін Алла,

Қолдасын аруағы ата-баба.

Ел қорғау ұрпағыма болған мұра,

Аталар көп айқасқан жаумен дара.

Солардың жолын берсін хақ тағала,

Қорғаса ата аруағы жау ала ма.

Иә, Алла, балама абырой мен қайрат бер,

Жеңімпаз атандыр да айбат бер

Рұқсат, ақ батамды бердім балам!

Дұшпанды малша қуып, айдап кел, – деген екен. Бес мыңдай қолға қарсы екі мыңдай жауынгер дайындап үлгерген Сәмеке ханға жас Қазымбет келіп қосылады.

Сонда 17 жасар Қазымбет хан алдына барып, жекпе-жекке шығу үшін бата сұраған екен.

Хан:

– Әй балам, сен тым жас екенсің, анау қалмақтың бас батыры Жолан талайды көрген жырынды, алапат күш иесі, жасы да анағұрлым үлкен, өзіңе-өзің сенбесең шықпай-ақ қой. Жеңіліп, опат боларсың, – депті.

– Жоқ, хан ием! Мен өзіме-өзім сенемін. Жіберіңіз, бата беріңіз – депті жұлқынып.

– Тұла бойың тұнған күш, жүректі жассың мәрт мінез. Жеңіп жауыңның басын ал! – депті.

Жекпе-жекке шыққан қалмақтың бас батыры Жолан жас арыстандай жалынды жас батыр Қазымбеттің көзіне көзі түсіп, ажалы келгенін сезгендей, бірінші болып кезек сұрайды. Қарсыласының мысы басып, құты қашып жоңғар жебесі адасып далаға кеткен екен.

Кезегін алған Қазымбет батыр қозы жауырын жебесін шірей тартқанда, оқ қақ жүректің тұсынан өтіп, Жолан жерге өкіріп құлайды. Мыны көріп тұрған қалмақ ханы: «Қазымбетті қолға түсіріңдер» деп бұйырыпты. Арыстанша алысқан жас батырды өзгелер келіп құтқарған екен.

Жоланның басын Сәмеке хан алдына тастаған батырға барлық сардарлар мен сарбаздар риза болыпты. Саны аз болса да жас батыр ерлігімен жігерленген қазақ қолы жоңғарларды жеңген екен. Осы жеңістен кейін 17 жасар Қазымбет Сәмеке ханның жасағанына бас қолбасшы болады. Тарихшылардың айтуынша 1723-1727 жылдардағы ірі соғыс Аягөз өзенінен 10 шақырым Қарауыл маңында өткен. Онда қазақ хандарының алауыздығынан қазақ әскері жеңіледі. Балқаш пен Алакөл аралығында Аягөз өзенінің Балқашқа құяр сағасында қанды қырғын болған. Алакөлден солтүстікке қарай Қаракөл тұсында, одан кейін үш Ақшәулі төңірегінде, Қабанбай асуында болған ұрыстарға Қазымбет батыр тус ұатаушы болып қатысқан. Жау жағы «Ту ұстаған батыр мен қорғаушыларын құртыңдар! Сонда жеңеміз. Ту құласа қазақ әскері қаһарынан айырылып, қойдан жуас болады» деп бұйрық берді. Бір лек әскер төбе басындағы тушыға қарай ұмтылды. Арындап келген жау қолы қатты күтпеген қарсылыққа тап болды. Өлсе де беріспеуді мақсат тұтқан қазақ жауынгерлерінің қатары сирегеніне де қарамай найзаласады. Сұр мергендер тушыны көздеп, садақтарын тартты. Осының бәрін көріп тұрған Қазымбет батыр іштей Алладан тілек тілеген екен деседі: «Иә, Алла, жанымды алсаң да халқымның туын жыға көрме. Өлсем осы туды тік ұстаған күйімде абыроймен өлейін. Қуат бер, Алла!» деп туды сығымдай ұстап, ұзын сабын үзеңгі астынан өткізіп, жақсылап бекітіп алды. «Иә, Алла, халқымның амандығы үшін аттан құлата көрме, туым жығылмасын! Жаным арымның садағасы. Тек туды жыға көрме» деп соңғы тілегін айтып, қос қолымен туды кеудесіне қарай қапсыра берді. Жауды түре қуған Қабанбай бастаған топ: «Қормалым-ай, ерлігің ғасырлар бойы үлгі болады, батырым. Күллі қазақты құтқардық» дескен екен. Қабанбай батырдың жоқтауы өзгелердің сай-сүйегін сырқыратыпты. Осылайша Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп елін, жерін қорғапты. 69 жасында қазақ жасағының туын жықпай, ту түбінде мерт болған.

Қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлының Қазымбет батыр туралы поэмасында мынандай жолдар бар:

... Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,

Көргендер аң-таң қалды алғашында.

Байрағы қолындағы желбірейді

Өзінің көрінбейді жан қасында.

Болмастан ойларында ешбір қауіп

Батырлар сатырлатып келді шауып

Күйінде ту ұстаған қатып қапты

Өлседе құламаған аттан ауып.

Қос жебе қатар тиіп өндіршектен

Аққан қан омырауын кеткен жауып

Атыда астындағы қозғалмайды.

Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып

Қаруы жерде жатыр саудыраған

Екі көз жұмылмапты жаудыраған

Дегендей не қыласын енді маған?!.

Қазымбет батыр аңызда ғана аты аталған белгісіз көмескі жан, не болмаса ақынның қиялынан туған әдеби кейіпкер емес, ол қазақ тарихында өшпес із қалдырған ержүрек батыр тұлға. Отанын, жерін құлай сүйген ержүрек азамат.

Қазымбет батыр ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының  Әскери қалашық деп аталатын ықшам ­ауданында қалалық әкімшіліктің қолдауымен Қазымбет батырға ескерткіш орнатқалы жатыр. Іске сәт.

 

Райхан Сұлтанбекова, 

ұстаз

1869 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы