• Білім және ғылым
  • 01 Сәуір, 2021

ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ЖАҚЫН

Білім беру саласындағы қызмет туралы Елбасы Н.Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деп атап көрсеткен. Қазіргі таңда жаңаша талаптарға сәйкес мұғалім өз біліктілігін үнемі дамытып отыруға тиіс. Алматы облысы ­Еңбек­шіқазақ ауданы әл-Фараби атындағы орта мектепте 30 жылға жуық ұстаздық қызмет етіп келе жатқан Бұлбұл Салимова осы мүддеден шұғатын ұстаз­дардың бірі.

COVID-19 індетіне байланысты мектеп те түрлі сынақтарға кезігіп, қашықтан оқу тәжірибесін байқап көрді. Балалар берілген тапсырмаларды орындап, кері байланыс жасауға үйренді. Осындай күрделі шақта Бұлбұл Салимова да ұстаздық білігі мен білімін, тәжірибесін жас мамандармен бөлісті. «Әкем менің мұғалім болғанымды қатты армандады. Әке арманын орындадым, өзімнің де көздегенім осы еді. Жұмысқа енді орналасқан жас маман кезімде аудандық семинар өткізетін болдым. Әріптестерімнің көмегімен аудандық семинарға берген алғашқы сабағым «өте жақсы» деп бағаланды. Ашық  сабағым аяқталып, дәлізге шықсам әкем күтіп тұр. «Әке, мұнда не істеп жүрсіз?» десем, «Осы бір жауапты сәтте сенімен бірге болайын деп, есіктің сыртынан тілеуіңді тілеп тұрдым» дейді. Міне, содан бері қанша жыл өтті, бірақ сол көрініс әлі көз алдымда» дейді Б.Салимова.

Ұстаздың пікірінше, бастауыш сыныпта білім беруде басшылыққа алатын дүние – тәрбие. «Дұрыс киінуді, мәдениеттілік пен ұқыптылықты, тазалықты бала бойында қалыптастыруға көңіл бөлемін, сонда ғана адам бойында жақсы қасиеттер қалыптасады» дейді ұстаздың өзі.

Мектептегі білім реформасына да қатысты Б.Салимованың айтары көп. «Әріптесім  Қанымкүл Оразбекқызы екеуміз ұдайы пікір алмасып отырамыз. Оқулықтар шығаратын баспа жиі өзгеріп жатады. «Алматыкітап» баспасының оқулығын көріп, үйренгенше  біраз қиналдық. 2016-2017 оқу жылынан  бастап ең алғаш білім жүйесіне жаңартылған бағдарлама енгізілді. Алдымен Талдықорған қаласында жаңартылған білім мазмұны бойынша  дәріс алып, тест тапсырып келдік. Біздің үйретіп жүрген дәстүрлі жүйемізден мүлде басқа оқыту үдерісіне көштік. ­Критериалды бағалау, күнтізбелік тақырыптық жоспар, күнделікті сабақ жоспары – барлығы бірден өзгеріп, оған қалыптасу оңайға соққан жоқ. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалымды жетілдіруге бағытталған. Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше әдіс-тәсілдер («Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «5 қадам», т.б.) сабақтың тиімді  өтуіне, оқушы бойына жақсы қасиеттер қалып­тастыруға  ықпал етеді» дейді Бұлбұл Салимова.

Рауан ШЫНТАЕВА,

әл-Фараби атындағы орта

мектептің мұғалімі

 

Алматы облысы

2011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы