• Әдебиет
  • 01 Сәуір, 2021

Өлеңдей сыңғырлаған судың аты...

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ

 

Нұра

 

Нұрланып аққан Нұраның,

Суынан сырын ұғамын.

Шалғайда жүріп, ойға алсам,

Шалатындай құлағым.

Самалмен баяу тербеліп,

Сыбдырлаған құрағын.

Нұр тұнған тұнық суыңнан,

Туғандай жаңа жыр ағын!

 

Нұра деп жаны толғанып,

Ардақтап өткен ұлылар.

Не деген ыстық, нұрлы сөз,

Зерделеп балдар, ұғып ал.

Жадыңда жырау бабаның,

Жығасы барда, жыры бар.

Сарыарқа сайын даланың,

Нұрасы барда, нұры бар!

 

Шағалалы

 

Өзен бар Зерендіде Шағалалы,

Картадан кім оны іздеп таба алады,

Жерін сүйген ерлердің көңілі – көл,

Шағын суды шалқардай бағалады.

 

Чаглинка – Шағалалы,

Аты қандай,

Дала суы тап-таза, заты балдай.

Қадіріне жетуің екі талай,

Туған жердің суынан татып алмай!

 

Тобыл

 

Тобырдан тойған шағымда,

Тобылға барғым келеді.

Тобылғы реңді толқынға,

Қолымды малғым келеді.

 

Атына тылсым сыр тұнған,

Тобықтай ғана Тобылдың.

Ұғатын құлақ аңғарар,

Әуенін қоңыр қобыздың.

 

Торығып барған кезімде,

Толығып орта көңілім,

Суыңнан алам қуатты,

Толқып аққан Тобылым.

 

 Аспара

 

Толтырып айтсаң ауыз Аспараны,

Келгендей құлағыңа аспан әні.

Қиялға қанат байлап, қуат берер,

Ағыны еліктіріп жас баланы.

Адамды армандарға апарар жол,

Туған жер тұнығынан басталады.

 

Арасан

 

Табиғат сыйға берген Арасанды.

Сиқырлы аты қандай жарасады.

Қамшысын қара санға шарт еткізіп,

Ат қойған ойыңа алшы қара шалды.

 

Арасанның ардағы Алмаарасан,

Аралап суды бойлап, тал қармасаң,

Толғанып, талай сырға қанығасың,

Мән беріп, жан-жағыңа сәл қарасаң.

 

Торғай

 

Қақтырған таңдайларды Торғай, Торғай,

Қырқа алмай қанатыңды, торлай, торлай,

Тарихтың өзі танып, тауыспаған,

Торғайдың қырандығын толғай, толғай.

Қырына алса дағы кер замана,

Қырыңнан кеткен емес торғай қонбай.

 

Уақытпен жарысам деп зуылдаған,

Заманнан, даңғазамен дуылдаған.

Сабырлы мұң мен ойға батыратын,

Даланың жақын тұнық суы маған.

Жаным да жай табады, жер-жаһан мен,

Жапанда Торғай бар деп шырылдаған.

 

Леп пен Лепсі

 

Лепсіміз лепті ме екен, лебіз бе екен,

Ежелден Ақсуменен егіз екен.

Сулы жер – нулы жер деп текке айтпаған,

Жетісу – жер жаннаты негізі екен.

 

Ескінің Леп пен Лепсі лепесіндей,

Лепірсе өрден орғып өтетіндей.

Дегендей, жақсы лепес – жарым ырыс,

Жер жүзін көркейтуге жететіндей.

 

Келес

 

Келісті атау болған ел есінде,

Келесің келісім бе, келесі ме?

Көрікті бойжеткенге сері жігіт:

«Кешкілік, деді ме екен, келесің бе?

 

Көңіл қойып келелі кеңесіме,

Келешекті бірге ойлап көресің бе?

Келесіге қалдырмай кесіміңді,

Келесте кестелеп сөз бересің бе?»

 

...Келістіріп айтылған көркем сөзге

Кім кепіл келісемін демесіне?!

 

Қобда

 

Бір құпия сияқты Қобда маған,

Ескі қобди секілді жолда қалған.

Орғып өтіп барады өрлігімен,

Қатпар, қатпар кездерден қордаланған.

Қозғасаң, қобыздай боп Қобда боздар,

Бастау мен сағасына орда қонған.

Алтай мен Ақтөбеде егіздей боп,

Даланы еркін кезіп жорғалаған.

Қорлы өзен – жер құмары, құнары мол,

Ақ уыз арнасынан сорғалаған.

 

Жабай

 

Жайылып аққан Жабайым,

Тасқынның көрдің талайын,

Арнаға сыймас асау деп,

Атыңды қойған ағайын.

Көп елге болған шығар нұрлы мекен?

Ер Жабай жағасында туды ма екен?

Ат жалын тартып мініп, жас ұландар,

Жауларын су бойлата қуды ма екен?

 

Қалың ел қара суға қарайлаған,

Жұтамас нулы жерді маңайлаған,

Жабайы мінезі бар жайылғанда,

Жабайдан жөн болады абайлаған!

 

Аса

 

Ағынды асау өзен Аса деген,

Аса десем асады, тасады өлең.

Асса деп, Асы деп те жазады екен,

Асып кетіп, асса да, қоса берем!

 

Асыл ер қосып мас пен масаны да,

Асада асар тойын жасады ма?

Ет асып, асын тартып, аса сыйлы,

Қонағы қазы, қарта асады ма?

 

Бармаңдар, аса бойлап тереңіне,

Ағысқа асылық қып керегі не?

Ағыны аса қатты асау өзен,

Асады асулардан дегені ме?!

 

Мейлі енді, Асы болсын, Аса болсын,

Даланың сөз бен суы жасай берсін.

Асыл сөз, асау өзен тастан қарғып,

Алдағы асулардан аса берсін!

 

Талғар

 

Талғардың атын талдар ма,

Талғамдар түрлі, талғар ма?

Тарғыл тастан тайғанда,

Тал қармаған жан бар ма?

Атаң тегін қойған ба,

Қолын созған заңғарға.

Толғамын талға байлаған,

Толғанып көзі талғанда,

Тілімен таңба қалдырған,

Талқы қылып балдарға.

Таңдайға татыр тәтті сөз,

Ар жағын балдар аңдар ма?

 

Арыс

 

Әйгілі әнге айналған Арыс еді,

Арыны, аруағы да таныс еді.

Аты да ақырады арыстандай,

Шыңдайды шындық қуған намысты ерді.

 

Арыс десе, жер жарған дабыстары,

Алаштың еске түсер арыстары.

Балалар жағасында асыр салған,

Жұлдызға қол созады алыстағы.

 

Атауын аталардың қиыстырып...

 

Атауын аталардың қиыстырып,

Бір өлеңге он өзен сиыстырып,

Сиқырлы атауларды сыңғырлаттым,

Қиырды қиырменен түйістіріп!

 

Атамыз ағын суға Қарын салды,

Тазалап Боқтықарын, әнін салды,

Ойранды ойрат қаптап келіп қалып,

Шайқаста Қалмаққырылған барын салды.

 

Сарқырама асырып қуғындапты

Саба салды, өзеннің суын бақты,

Тарылған демі кеңіп, жауды жеңіп,

Жан шақырып жеген-ау Қуырдақты.

 

Делі ме делебелі, Дағанделі,

Дәл берген көрген елім бағаң ба еді?

Жанбелді Жанамалап, Жарма, Шарлап,

Ой кезсең, білдіреді Шаған нені?

 

Бақанас, Бесбақанмен Ласты, Тасты,

Алқабек, Абылайкит басты, басты.

Қиынсу, Қандысу мен Қарлыбұлақ,

Орғыған Оба,Таңсық, ақты, тасты.

 

Дауылды, Тоқырауын, Дулығалы,

Кіндікті, Кендірлікпен шулы бәрі,

Наурызым, Қонысшағыл, Үлкенаша,

Далада бір тынбайды судың әні.

 

Бұқтырма мен Бұқпа

 

Аты қызық Бұқпа менен Бұқтырма,

Оның мәнін ұқпадың ба, ұқтың ба?

Заман зорлап бұқтырды ма бір кезде,

Әлде еркімен арнасында бұқты ма?

 

Бұқпа деген бұқпалай ма, бұқпай ма ?

Бүгінгілер әлде дұрыс ұқпай ма?

Бұқтыру ма, бұқтырмау ма Бұқтырма?

Қаза берсең, талай қызық шықпай ма!

 

Атаң қойған әр атауға сыр тұнып,

Түсінуге талпынамыз ұмтылып.

Тек әйтеуір өзендерім тартылмай,

Аға берсін арнасында бұлқынып.

 

Өсек-Өссек

 

Өзен бар Жетісуда Өсек деген.

Қойды екен атын қандай есеппенен?

Ойпырмай, деп ойлайсың, қазекемнің

Суы да судыр ма еді өсектеген?

 

Білгендер білмегенді бекер деспек,

Шын аты ол өзеннің екен Өссек.

Су – нәрлі, жер – құнарлы, ниет – түзу,

Болғанда қанат жайып өркен өспек!

 

Күнес

 

Күнес деген күннен бе?

Иесі барын білген бе?

Күннің есі келгенде,

Кезерген өлке күлген бе?

 

Күні-түні Күнесім,

Тау мен тасты тілесің.

Су сарыны – тұнған сыр,

Өзің ғана білесің!

 Ойыл, Ор,

Жем мен Сағыз

 

Жем қайда, Сағыз бен Ор, Ойыл қайда,

Кетеді Ойыл десе, ойың қайда!

Ақыры ағын судың тақыр болса,

Аңқасы кепкен аймақ жойылмай ма?

 

Басталған барлығы да Мұғалжардан,

Сан ғасыр мұңайса да, суалмаған!

Ал енді айдың, күннің аманында,

Тартылса не болады су арнадан!

 

Жем қайда, Ор мен Ойыл, Сағыз қайда?

Жауыздар бастауынан бауыздай ма?

Өзені – қантамыры кеуіп жатса,

Адамдар аузына су тамызбай ма?

 

Жем қайда, Ойыл, Сағыз, Орым қайда?

Қара су, таусылмайтын қорың қайда?

Асқанда асау өзен арнасынан,

Арнаған Ақеркеге әнің қайда?!

 

Бақанас

 

Бақанас – бақаны ас па, бақан ас па?

Бақанды бақабасқа тақамас па?

Болмаса ар жағында бір қызығы,

Бабамыз мүлде басқа атамас па?

 

Қызық сөз, жұмбақ сазды Бақанасым,

Басқаша сен қалайша атанарсың?

Өшірмей өткендердің ескі сөзін,

Өзен-су, болашаққа апарасың!

 

Үлбі

 

Естісем өзен атын Үлбі деген,

Гүлді көрем самалмен үлбіреген.

Үлбіге үлпілдеген жыр арнадым,

Үзілмей бізге қалған үлгіменен.

Үкілі сөздің дәмі тіл үйірген,

Кім білген иірімін, кім білмеген!

 

Кеңгір

 

Мөлдір су,

Шексіз дала,

Зеңгір аспан...

Күңгірі көне күмбез Кеңгір асқан...

Не деген керемет сөз күмбірлеген,

Секілді сере, сере, сеңгір дастан!

 

Бабамның кие қонған сөзіндейсің.

Өзегім, өзгермейтін сезімдейсің.

Кең өзен, Кеңгір өзен, кенді суым,

Көненің көнермейтін көзіндейсің.

 

Шыңғырлау

 

Шыңғырлау!

Атың қандай сыңғырлаған,

Сылдырлап, өттің аман сан қырлардан.

Шығырмен шыңыраудан су тартқандай,

Жан бар ма шындығым деп шыңғырмаған.

Жер-судың аты өлмесе, өлмейді деп,

Сенуші ем, ана тілім шынжырланған.

 

Зымыстан замананың сым бұрауын.

Үзген соң өзгерді ме сыңғырлауың?

Тілейміз, жазың жайлы, жаңбырлы боп,

Сағаң құрғап, сағыңды сындырмауын.

Сазды сөз қазағымның қазынасы,

Сыңғырлай бер жаңғырып Шыңғырлауым!

 

Қапшағай

 

Қапшағай апсағай ма, қапсағай ма?

Қате айтсақ, қаптаған су қақсамай ма?

Жарасқан жақсы-ақ ойға бір жойқын сөз,

Кетеді түбірі оның тапса қайда?

 

Өлкеден өлке барар өзен асып,

Жетеді, болса дағы кезең қашық.

Ат қойса Қапшағай деп, басқалай көп,

Дөп қойған аталарым сөзге ғашық!

 

Талас

 

Таластың түбі талқы, талас па екен,

Апырмай, сонда кіммен таласты екен?

Жарасым тапқан жұрттар жағасында,

Бұл күнде дау- дамайдан халас мекен!

 

Таласым талдан асқан, таудан асқан,

Аңыз көп Алты Алаш пен хан Манастан.

Талқылай берсең түбі көрінбейтін,

Тарихы, тағдыры да толған дастан.

 

Шу

 

Ит тұмсығы батпайтын нулы мекен.

Шудың аты шынымен шулы ма екен?

Үлпілдеп, сыбдырлаған нар қамыстан

Шуылдап жолбарысты қуды ма екен?

 

Құйғытып, құйындатқан құлындарға,

Десек те сабырлы бол, шуылдама,

Сәні де кіретіндей даламыздың,

Шулаған Шуым барда, суым барда!

 

Іле

 

Бөлек қой Іле қадірі,

Даланың күретамыры.

 

Жайылып айлақ, айдыны,

Байытқан байрақ, айбыны.

 

Іленің өткен бойында,

Тарихтың жыры ойымда.

 

Мәңгілік ән деп білеміз,

Ілеміз бар деп жүреміз!

 

 Ай сулар

 

Жаздың жайлы түнінде,

Айдыны толқып, дүрілдеп.

Ағын су айға атылған,

Соғылып жарға шашылған.

Айға құмар айдын су,

Айтуар, Айғыз аталған.

Ай Бозайға айналып,

Тұнық таңда басылған.

 

Бай сулар

 

Жер-суды шалдар жеңіл ойламайды,

Ол ойға балдар неге бойламайды?

Пәленбай, Түгенбайдың есіміне,

Жайдан жай өзен атын байламайды.

 

Әр атау атаң айтқан ой парағы,

Талай сыр, аша білсең, айта алады.

Байырды байырқалап байқап көрсең,

Байқоңыр, Байқожа мен Байқараны.

 

Ел үшін, жомарт па екен, малын қиған,

Мәрт пе екен, мал түгілі жанын қиған?

Атауы жер-суымның қатпар, қатпар,

Тарихтың мәлім емес нәрін жиған!

 

Май сулар

 

Майлысай, Майөзек пен Майбұлағым,

Майтөбе майлайтындай ай құлағын.

Майлы деп қазақ суды атаған ба,

Ас-судың ұнатқан соң майлырағын?

 

Шынымен ағын суы майлы ма екен,

Табаны майы шыққан лайлы ма екен?

Құнарлы топырағы, шөбі шүйгін,

Малға да, адамға да жайлы мекен.

 

Сай сулар

 

Қабылсай, Құрсай, Қаржансай,

Шатырлысай, Шағансай,

Тоқтамыссай, Тоқалсай

Қаттағансай, Тоғансай.

 

Боялысай, Тебенсай.

Саялы сай, терең сай.

Кіндіктісай, Қопасай,

Тұнып тұрған өлең сай!

 

Бағырлайсай, Бақсайды,

Ақажансай, Ақсайды,

Айтпай кетсек бола ма,

Сайсыз сулар ақпайды.

 

Жекедісай, Жамансай

Жиделісай, Жаңасай,

Шұрымсай мен Бұрмасай,

Тарам, тарам, сала сай.

 

Таныстырсам әр сайды,

Тауыспаспын бар сайды,

Салыстырып, санарсың,

Маныссай мен Нәнсайды.

 

Саяхатшы сайланған,

Сайды кезіп шаршайды.

Сайғағың да сая іздеп,

Сайды неге аңсайды ?

 

Айдың нұры суда ойнар,

Санаға сансыз ой сала,

Сәні қайсы даланың,

Болмаса егер сай-сала!

 

Еспе сулар

 

Ежелден есілген сөз еспе деген,

Естілер ескі сөзді дестелеген.

Жарықтық аталарым көркем сөзбен,

Жер-суды келістіріп кестелеген.

 

Теріскенеспе, Талдыеспе, Шолақеспе,

Кебенекеспе ешкіні салады еске,

Жыланшықеспе қосылып Қараеспемен,

Еспемейірман ерекше қалады есте.

 

Еспелеп, ескен сайын еселенген,

Еркін су асып өтер неше белден.

Естелік, ескерткіш боп ескіліктен,

Ұрпаққа кестелі сөз көше берген!

 

Теріс сулар

 

Терістік, Терісбұлақ, Терісаққан,

Теріс су теріскейге тегіс тартқан.

Тоқтаусыз Терісбұтақ, Терісайрық,

Неліктен теріс қарап өріс тапқан?

 

Тартса да терістікке тегістікпен,

Өзеннен өзекті жан жеміс күткен.

Оң демей, теріс демей, кең дүние,

Бәріне орын берген кеңістіктен.

 

Боз сулар

 

Өзенім, өзек, өз әнім,

Бозайым, Бозғақ, Бозаңым.

Бозторғай болып көгіңде,

Су бойлап әуен созамын.

 

Боз дала толған сазды әуен,

Суына дейін боздаған,

Сыбызғы қамыс ызыңдап,

Тозбайтын шерді қозғаған.

 

 Бұлақ сулар

 

Кербұлақ, Майбұлақ пен Данабұлақ,

Бәрі де қасиетті Қарабұлақ,

Ұлы өзендер бұлақтан басталады.

Бастаудан қайнар бұлақ ағар жылап.

 

Тоқтаусыз, басталған соң ағылады-ау,

Бөгеттен өтер амал табылады-ау.

Жеткенде сағасына барлық өзен,

Бұлағын бастаудағы сағынады-ау!

 

Қыз сулар

 

Сұлу ғой негізінде су дегенің.

Мөлдір ғой ағын судай қыз дегенің.

Байқай бер, бабаларым ат қойғанда,

Су бойлап сұлулықты іздегенін.

 

Бергенде өзен атын Ай қызына,

Арнаған атаң оны қай қызына?

Болмаса бір тарихы, Аягөз деп

Бермейді судың атын жай қызыға.

 

Бір кезде бір өзенде Ханшаболған,

Қасындағы қыздары қанша болған?

Қызтоған, Данабике тегін емес,

Тарихын түгел жазып алса қолдан!

 

Сыңғырлап, сұлу қыздай су бұралған.

Сылаңдап судай сұлу мың бұралған.

Айналып су – сұлуға, сұлу – суға,

Бүгінде бұлдыраған бұл бір арман!

 

Қария сулар

 

Ағын судың атауы - аңыз адам,

Тарихтың қойнауынан андыздаған.

Далада Дауыл баба, Шал су да бар,

Қошқар ата, Әулие, Абыз, Бабаң.

 

Сыйлық деп жаратушы иесінен,

Жер-суды атаған ел жүйесімен.

Ағын суда арамдық болмайды екен,

Қорғайды әулиелер киесімен!

 

Дария сулар

 

Айналған аты аңызға Сырдария,

Далада жеке дара бұл дария.

Шалқар су – шалқыған жыр, толқыған сыр,

Бойына түнегендей жыр – қария!

Және бар Қуаңдария, Жаңадария,

Секілді дариялар бір жанұя!

 

Замана түнде жортып, күнді ұрлаған,

Шыңғырған шындығыңды шынжырлаған.

Даланың дымы шықпай қалған кезде,

Сыр толқып, буырқанып жыр жырлаған.

Қорқыттың қобызынан жеткен сарын,

Қазаққа маза бермей, тұр-тұрлаған!

 

Өзек сулар

 

Құрөзек, Құрттыөзек пен Тереңөзек,

Шиөзек, Талдыөзекпен келер кезек.

Қопалтайөзек деген ол да ғажап,

Өзенмен егіз аққан өлең өзек.

 

Өзексіз ер болмайды, жер болмайды,

Су бойлаған өзегі бір талмайды.

Өзегі, өзені бар өз елімнің,

Өрені ешкімнен де кем болмайды!

 

Арық сулар

 

Қосарлап Тасарық пен Бесарықты,

Бірсуат, Сабыржылға қоса ағыпты.

Арықтың суы жеткен жер көгеріп,

Шөбі де, шөңгесі де жасарыпты.

 

Ақырын, асып, таспай аққан арық,

Қапысын қыраттың да тапқан жарып.

Жалғанда жылға суға бөгет бар ма,

Жылжи берген үндемей аттан салып!

 

Құм сулар

 

Қызық атау Құмды мен,

Шығырлықұмды, Құмжарған,

Жарғанда да шын жарған.

Тас пен құмды тұтасқан,

Су жармаса, кім жарған?!

 

Үй сулар

 

Тамдының Қабырғасын білегімен,

Бекіткен Тімтуірмен, күрегімен,

Төбесін жауып Үйдің Шатыркөлмен,

Толатын Тегенесі тілегімен,

Түндігі түрілгенде, күні күліп,

Суы да балдай аққан Шүмегінен.

 

Кер сулар

 

Керулен – кер өлең бе, кері өлең бе?

Керейді толқынымен тербеген бе?

Кернейді көне тарих көңіліңді,

Орхон мен Онон бойлап өрлегенде.

 

Керілген кең далада Кербұлағым,

Ежелден елеңдеткен ел құлағын.

Жағалай жайылады жан-жануар,

Сипайды сыбдырлатып жел құрағын!

 

Шабдар су

 

Өзгеше бір өзен бар, аты Шабдар,

Шабдарлық атында емес, затында бар.

Әлде бір жүйрік шабдар су ішті ме?

Бабаңның басқа жазған хатын аңғар!

 

 

Тас пен темір сулар

 

Бар екен өзен – судың Темірлісі,

Кезеді оның бәрін көңіл құсы.

Көлденеңтемір, Жезді, Білезікті,

Көргенде таңдай қаққан небір кісі!

 

Және бар Тасты, Жартас, Ащытасты,

Ағын су тас, темірді басты да асты.

Дөп басқан әр өзеннің қасиетін,

Атаңның қойған аты нақты, жақсы !

 

Ағаш сулар

 

Қайыңды, Қарабұтақ, Қарағайлы,

Мойылды, Қарақатта жаға жайлы.

Қурайлы, Қияқты мен Қопалы су,

Қуағаш, Қоғалыны таба алмайды.

 

Табантал, Шұбарағаш, Тастыталды,

Жыңғылды, Бөріктал мен Талдық, Талды,

Жиделі, Шиелі мен Ұзыншілік,

Шилі өзен даламызда ән боп қалды.

 

Атаң айтса, алдымен мәнді ойлайды,

Деген ғой: Суға батқан тал қармайды!

Талды сумен қалай дәл үйлестірген,

Сөз әуезді болмаса, сән болмайды!

2426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы