• Тіл
  • 01 Сәуір, 2021

ЛАТЫНША ЖАЗУ ЖАТ ЕМЕС ЕКЕН-АУ!

Қан майданнан келген сағынышқа толы үшбу хат – біртұтас әулеттің құнды жәдігеріне айналған. Көкшетау қаласының тұрғыны Светлана Сәдуақасоваға екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған атасының 76 жыл бұрын жазған хаты осыдан он екі жыл бұрын қолына тиген. 

Украинаның  Каменец-Подольск қаласында  неміс әскерінің  қолына түскен хат осы уақытқа дейін Австриядағы  мұрағаттардың бірінде сақталып келіпті.  Сәлем хатта не жазылғанын ешкім білмеген. Себебі хат  таза қазақ тілінде, латын қарпімен жазылған. Ата аманатын аяқ асты қалдырмай, жылдар бойы сол хаттың көшірмесін көзінің қарашығындай сақтап келген ана бүгінде ел болып талқылап жатқан латын қарпіне көшу бастамасын жақсылыққа балап отыр. Екінші дүниежүзілік соғыста жанын шүберекке түйіп жазған сыр тұнған, сарғайған сол хатқа уақыттың табы түскен, кейбір сөздері өшкен, дұрыс оқылмайды, оның үстіне әркімнің жазуы әртүрлі болатындықтан, қолтаңбаны айырып оқу да оңай емес.

– Қан майданға аттан­ған  менің нағашы атамның туған інісі Құмар Ахметқалиевтен ешқандай хабар болмады. Ал осыдан тура он екі  жыл бұрын Ресейдің  «Жди меня» хабарынан  отты жылдары майданда жауынгерлердің жазған хаттары бар екенін естідік. Солардың арасында біздің де атамыз туралы бір хабар табылар деген үмітпен іздестіре бастадық. Жетпіс жыл бойы сақталған хатты Австрия үкіметі Жеңістің 65 жылдығына орай Украинаға қайтарыпты. Біз хаттың көшірмесін сол жақтан алдырттық – дейді Светлана Қадырханқызы. – Өз басым осы мәселені көптен бері қаузап, жүрген жерімде латын қарпін танитын адамдарды сұрастырып жүремін. Қолыма хаттың көшірмесі түскен сәттен университет ғалымдарына, ұстаздарға, көнекөз қарияларға да бардым. Алайда ешқайсысы хатта жазылған жазуды айырып оқи алмады. Мен барып, өтініш білдірген ғалымдар біз үшін құнды құжатқа айналған қос парақ қағаздан «Амандық хат» деп басталып, «Амансың ба, Алдабергенім» деген жазуларды ғана оқып берді. Анам өмірден өткенінше Құмар атадан бір хабар күтетін.

Дүбірлі дүниенің жаңалығын теледидардан тамашалап, баспасөзден оқып, біліп  жатамыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында біртіндеп латыннегізді қазақ әліпбиіне көшу мәселесі қозғалды. Меніңше, бұл қазақ тілінің келешегін жарқын етуге жасалған нақты қадамдардың бірі. ­Сонымен қатар өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатса, оны да рухымыздың асқақтай түскені деп білемін, – дейді ол.

Светлана Қадырханқызы осы хатты іздестіру мақсатында республикалық «Караван» газетіне барып, сұхбат та берген екен.  Оның айтуынша, хаттың сыртында жазылған мекенжай тура аталары тұрған үйдің мекенжайымен сәйкес келеді. Сонымен қатар хатта есімі аталатын Алдаберген – Құмар атаның туған інісі. Бір атадан  Алдаберген, Мерген, Ерген және Құмар тарайды. 1941 жылғы 22 маусымда соғыс басталып, көп ұзамай Украинаның Каменец-Подольский қаласын жау басып алғаны тарихтан белгілі. Осыған байланысты Кеңес солдаттарының 1941 жылдың маусым-шілде айларында жазылған хаттары пошта жәшігінде қалып қойса керек.

– Атамыздың тағдыры белгісіз.  Бәлкім газет оқырмандары арасында латын қарпін айыратын тіл мамандары  қол ұшын беріп, атамнан аманат болып қалған естелік хатта не жазылғанын оқып берер, кім білсін?! Қалай дегенмен де, келер күнге үміт зор. Ертеңгі күні балаларым латын қарпін меңгеріп, хат болып сексен жылға жуық сақталған сыр ашылады деп сенемін, – дейді С.Сәдуақасова.

 

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ

 

Көкшетау

2659 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы