• Руханият
  • 01 Сәуір, 2021

«АР-НАМЫС ҚАНА ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТІРЕК БОЛА АЛАДЫ»

Ұлт тәуелсіздігі – халық бостандығы мен елдік мүдде негізі болса, оның қанатты қыры мен тағылымды тұсы – мәдени-рухани даму үрдістері, жауапкершілік жүгі мен жетістіктер нәтижесі, ­кемел келешектің көркем келбеті. Арғы арналардағы тарих қойнауларынан табылған ескерткіштер мен қазба байлықтары, ел аузынан жеткен әдеби нұсқалар, мәдени-рухани жәдігерлер, басқа да құндылықтар қайнары – ұлт дамуы мен руханият  өрістеріне, келешек өмірдің нұрлы жолына қызмет етері хақ. 

Ұлт тәуелсіздігі мен «Мәңгілік Ел» мұраттарының асыл арнасы – азаттық пен бостандық жолы, теңдік пен татулық тірегі еді. Ата тарихтан аңғарылатындай, ата-бабаларымыздың өткен кезеңнің «тар жол, тайғақ кешу», «мың өліп, мың тірілген» секілді сындарлы сәттерінен өтуі оңай болған жоқ. Арғы-бергі тарихта мұның мысал-деректері көп-ақ. Осы реттен келгенде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай: «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау!».

«Мәңгілік Ел» мұраттарының әуелгі бас­тауын ойға алған тұста, сақ, ғұн кезеңіндегі ру-тайпалық құрылым, Түркі қағанаты дәуіріндегі бітіктастағы жазулар мәні, қысқасы түркілік алғашқы мемлекеттіліктен – «Мәңгілік Ел» идеясының алғышарттары, қалыптасу кезеңі көрінеді. «Мәңгілік Ел» идея­сы – Алаш ­атауын, Қазақ елі мен мұратын айқындайды. Оның ақиқатын, тарихымызға қатысын Тұңғыш Президент – Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «...Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол –  «Мәңгілік Ел» идеясы» деп атап көрсетті (Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ (Жолдау). «Егемен Қазақстан», 2014, 18 қаңтар).

Мемлекетті нығайту мен елді дамыту ісінде адам капиталының сапасын арттыру, қазақ тілін біртұтас ұлт болу тұрғысынан меңгеру, латын графикасындағы қазақ әліпбиімен ұштастыру ісіне мықтап ден қойдық. Абай мен әл-Фараби мерейтойларының өз деңгейінде атап өтілуі, биылғы жылы – Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойларына да мән беріліп келеді.

Ұлт мұраты мен елдік мүдденің айқын да жарқын көрінісі – руханият әлемінен, оның мың сан арналы салаларынан да терең танылады. Алдымен ойға оралатыны – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан аумағындағы  тарих пен мәдениет ескерткіштері қайта жаңғыртылып, әр алуан білім-ғылым бағыттары бойынша іргелі ізденістер жасалды. Еліміздің әр өңірінде тарихи-мәдени экспедициялар жүйелі жұмыс істеп, археологиялық-этнографиялық, фольклорлық бағыттарда  зерттеулер жүргізілді. Батыс Қазақстандағы Аралтөбеден, Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданы Шілікті жазығындағы сақ патшалары обаларынан, кейінгі кезеңде Үржар ауданы мен Қарқаралы жеріндегі Талдыдан, батыстағы Тақсайдан анықталған «Алтын адамдар» Ұлы далаға жасалған жүйелі жұмыстар нәтижесі еді. Алыс-жақын мемлекеттерге ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Қазақстан  тарихы, мәдениеті, руханиятына қатысты бірқатар зерттеу еңбектері, көптеген кітап, жинақтар жарық көрді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сындағы  басты жобаның бірі – қазақ фолькло­рының  100 томдық басылымын дайындау болатын-ды. А.Байтұрсынұлы айтқандай: «...Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жойылмайды». «Бабалар сөзі» сериясы 100 томды құрап, қалың жұртшылыққа жетті.

Халық қазынасы – «Бабалар сөзі» сериясы туралы жоба жетекшісі академик С.А.Қасқабасов былай дейді: «...Мәңгілік елдің  мәңгілік фольклоры жұрт қолына тиді. Бұл томдарға кірген жәдігерлердің кейбіреулері бұрын «күзелгенін», «түзелгенін» білеміз, ал мына жарияланымда халықтық қалпын сақтады. Біраз дүниелер ескі араб, төте, латын жазуларынан алынғанын да айта кетсем деймін». Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы С.Досанов: «...Бір ғана «Бабалар сөзінің» 100 том болып жарыққа шығуы – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған баға жетпес байлық» деп тұжырым жасайды.

Бұдан басқа, ұлттық мұрат пен руханият арналарын кең көлемде қамтыған, қоғамдық санаға қозғау салған байыпты бағдарлама мен жүйелі жобалардың бағыт-бағдарлары, мақсат-мұраттары кеңінен айқындалды. Осы реттен келгенде, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы еліміздің барлық саласына жаңа леп, соны серпін берді. Қазақ өркениеті мен руханиятының арғы-бергі кезеңі кеңінен  қозғалды. «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» және  «Рухани жаңғыру» ұғымдарының  мән-маңызы жан-жақты ашылды. Сананы жаңғырту, ұлттық  болмыс пен елдік кодты сақтауға көп көңіл бөлінді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де тәуелсіздік тарихымен бірге жүріп өтіп, 25 жылдығын да біліми-ғылыми һәм тәлім-тәрбие бағыттары бойынша жоғары жетістік, толайым табыстармен қарсы алады. Содан бергі уақыттарда да университет бірқатар жаңалықтар мен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Университет – 2005 жылы Болон хартиясына қол қойды, Оксфорд университетінде «Біріккен ­Еуропа» халықаралық медалін алса (2005), Сократ атындағы қазіргі заманғы қоғамның зияткерлік дамуына қосқан сүбелі үлесі Халықаралық марапатқа қол жеткізді (2006). Бұдан басқа, 2010 жылы QS Worid Universities рейтингтік агенттігінің нәтижесі бойынша қазақстандық ЖОО арасынан әлемдік үздік 500 топ оқу орны қатарынан көрінді. ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алды (2012).

ЕҰУ базасы негізінде құрылған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты Хакім Абай мұрасын жан-жақты таныту мақсатында пәнаралық зерттеулер жүргізу, Абайтану бағытын жаңашылдық тұрғыдан дамыту ісін жүзеге асырады. «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Е.Б.Сыдықов аталмыш құрылым жұмысы хақында былай деп жазады: «...Жоба аясында ғұмырнамалық зерттеулерді, ақын шығармашылығы туралы монографияларды, дерекнамалық еңбектерді, жаңа технологиялық жетістіктерге негізделген оқу-әдістемелік жұмыстарды танымдық сериялық басылым түрінде зиялы қауымға, ғылыми ортаға, барлық деңгейдегі білім алушылар мен көпшілік әлеуметке ұсынбақпыз. Басты мақсатымыз – абайтануға қатысты жаңа сипаттағы  сан қырлы аспектідегі ғылыми зерттеулер  арқылы бүкіл қоғамға, әсіресе жастарға Абай мұрасын жан-жақты насихаттау мен ­таныту, болашақ жарқын істерге жол салу. ...Абай Құнанбайұлының сарқылмас мұрасы мен заңғар тұлғасы ұрпақ тәлімін, ұлт мұратын, мемлекет дамуын үйлестіруші рухани күшке айналып, бүгін де, ертең де, болашақта да ел өркендеуіне жаңаша мазмұн береді деп сенеміз».

Тұтастай алғанда, азаттық негізі, бостандық пен теңдік тірегі – Тәуелсіздік мәні, тарихы мен тағылымы зор. Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, Көк туы желбірегелі – тамырлы тарихымыз бен берік дәстүрімізге, даңқты тұлғалардың өмірі мен ерлік істеріне, мұра-мирастарымызды мұқият меңгеруге, өмір өрімі мен уақыт бедеріне сергек қарауға, қысқасы арғы-бергі кезеңнің тәлімді тәжірибесі мен тағылымына мықтап ден қойылды. Ұлттық мұрат-мүддеге негізделген руханият құндылықтарының мазмұнынан қоғамдық құбылыстар мен кезең көріністері, дәстүр мәні мен өмір тағылымы,  ел дамуы мен жетістіктерінің мәнді қыры, маңызды тұстары кең орын алды. Елдік мүддені негіз еткен асыл арналарға, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға, танымал тұлғалардың өмірі мен өнегесін ардақ тұту миссиясына адалдық танытты. Мұның да маңызды тұсы, мәнді қырлары мол. Өйткені көрнекті қаламгер Ә.Кекілбаев анық айтқандай: «Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдықтың табалдырығын егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық... Тәуелсіздіктің жолында қан да төгілген, жас та төгілген, тер де төгілген. Бірақ ар төгілмеуі керек. Ар-намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады. Ол біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет».

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымының

докторы, профессор

2276 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы