• Мәдениет
  • 01 Сәуір, 2021

«БАС» ҚАЛАЙ САХНАЛАНДЫ?

Жеті жыл бұрын жазылған шығармам еді. Саяси бояуы қою жағылыпты. Содан белгілі себептермен Қазақстанда жариялауға тоқтам қойылды. Десе де, шетел ерекше қызығушылық танытуда. Түрік ағайындар бұл романды төрт-бес ай ішінде үшінші мәрте қайта басты. Сонымен қатар орыс, қытай, ағылшын, француз, неміс, әзербайжан, қырғыз тіліне аударылып үлгерді. Мәскеулік «Роман-газета» журналы шығар кезекке қойды. Көп оқырманым жан-жақтан сұрау салып жатады...

«Алаш Бассыз қалмасын деп, Бас Алашсыз қалмасын деп шырылдайды жазған жүрек»...

«Заманында Рим папасын құрдай жорғалатып, қолынан сүйгізген Еділ патша қайдасың? Бейбарыс баба діні бөлек Дәуіт пайғамбардың зиратына атпен кірген жоқ па ең? Өзге жұрт екі бүктетіліп енер есіктің төбесін бұздырып. Еңкеймеймін, ер басымды имеймін деп! Қайда сол өршіл рух? Қайда сол бастар? Әлде баспен ойнау ойынын алдымен бастаған өздерің бе? Ендеше неге аяқтап кетпегенсіңдер?!»

Рахымжан Отарбаев

 

Халқының бостандығы үшін басын оққа тіккен жалынды ақын Махамбет бір жырында: «Жау іздеген ерлердің басы қайда қалмаған?» деп тебіренген еді. Батыр бабамыздың бұл пәниден өткеніне 175 жыл өтсе де батырдың ерлікке, рухқа толы үні өшпегені, керісінше бостандықты аңсаған ұрпағы батыр өлеңдерін жатқа айтып, әлі жүргені әмбеге аян. 

Осы тұрғыда Атырау облыстық ­Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының қазақтың көрнекті қаламгері Рахымжан Отарбаевтың 2015 жылы өткен тұңғыш Халықаралық театр фестивалінде сахналанған «Бас» тарихи драмасы – жоғалған баспен бірге ақын рухын да тапқан, ұлттың жадын да қалпына келтірген ойлы дүниесі еді. Ол нағыз перформанс спектакль болып дүниеге келген. Сол қойылымның сценограф-суретшісі ретінде «Бастың»көпшілікке беймәлім сәттерін ашып, әңгімелеп берсем деймін. 

Сонымен, «Бас» драмасының ­театрда қойылу тарихы қалай басталып, қалай сахналанды?! Алдымен бұл шығарманы 2013 жылдары педагог-режиссер Асылбек Ихсан қоймақшы болды. Мен суретшісі болып бекітіліп, пьесаның алғашқы нұсқасын оқып та шықтым. Бірақ Асекең пьесаны өзгертіп сахналық нұсқасын жасайтынын айтты, сонымен эскизін жасауға кірісіп кеттім. Сценографиялық жобасын, фор эскиздерін де алдын ала топшылап сызып қойдық. Бірақ, өкінішке қарай, түрлі себептермен сол жылы спектакль қойылмай қалды.

Кейін, бір-екі жыл өткенде сол «Бас» пьесасын режиссер Жанат Телтаев қоятын болды. Суретші-сценограф ретінде пьесаны қайта оқыдым. Шыны керек, толарсақтан саз кешіп тағы да ұзақ жүріп қалдық. Бұл жеп-жеңіл сахналай салатын дүние емес еді, шығарманың түп-тамыры терең, күрделі. «Бас­пен» бірге Атырауға Рахаңның өзі де келді. Жай келген жоқ, алшаң басып арындап келді. Театрға ғана емес, Атыраудың рухани әлеміне, өнер айдынына ­дауыл тұрғызып, толқын тудырып келді. Алғашқы жиналыста-ақ атылар арыс­тандай, артына лақтыра қайырған шашын салалы саусақтарымен таралап тұрып, ұжымға: «Мен сендерге емес, сендер маған мұқтажсыңдар!» дегенде залда отырғандар қазықтай шегеленіп, үнсіз отырып қалған. Шәкеңнің үнемі айтатын: «Арыстандарым мен жолбарыстарым!» деген теңеу сөзі әдірә қалғандай. Арыстанның көкесі алдымызда тұр, айбат шегіп, көзінен от шашып. Сөздің емес, істің адамы еке­ні кесектей сенімді сөздерінен сезіліп тұр.

Бұл 2015 жыл болатын. Көп ке­шікпей Рахаңның өз атындағы Халықаралық театр фестивалі өтетін болды. Сол жылы Халықаралық театр фестиваліне Р.Отарбаевтың «Бас» тарихи драмасымен қатыстық. Туындыда басынан айырылған Махамбет болғанымен, батырынан айырылып «маңдайының соры бес елі болып бассыз қалған Елді бірінші планға шығару керек» деген ой бар еді. Бұл батыл шешім, өнер тілінде сахнаға шығару үшін бірлескен жұмыс қажет. ­Режиссер Жанат Телтаевқа ұсыныспен, фор эскиздермен шықтым. Фор эскиз – алғашқы ойдың шатпақталған сызба эскиздері. ­Режиссер бірнеше сызбаның ішінен алғашқы ойды мақұлдап соған тоқтады, оқиғаны әрі қарай тарқатып, оңды шешімін тауып, суреттерді тірілтіп, сахнаға алып шықты.

Махамбеттің басынан айырылғаны, расымен де – бүкіл бір елдің бассыз қалғанымен пара-пар, рухы өшкенімен тең құбылыс еді. «Бас» романында үндістердің жаралы жолдасын жау қолына тастамай басын кесіп өзімен бірге алып кететіні жайында ащы ақиқат айтылады. Өйткені «бас» сол тайпаның рух символындай сипатталады. «Аманатқа қиянат жасауға болмайды» десек, бізге, бізден кейінгі ұрпақтарға рухани жаңғыру жолында мүлде енжарлық танытуға болмайтынын осы Р.Отарбаевтың трагедияға татырлық «Бас» тарихи драмасы айтып тұрғандай.

«Бас» тарихи драмасын театрда қона жатып сахналағанымызды сол қойылымға қатысқан шығарма­шылық топ жақсы біледі. Ертең сахнаға шығады деген күні театрдан таң атырып, премьерасында киім ауыстырмастан шаң-шаң болып паклонға шыққанбыз. Басы жоқ он массовканың сегізге қысқартылғаны болмаса, айтылар ащы ақиқат сахнада өнер тілінде айтылды, қалың көрерменге көрсетілді. Тіпті әсерге бөленген өнер адамдарының өзі, өнертанушылар «көшпенділерде, Шығыста жоқ Еуропаның бас шабатын гельотинасы неғып жүр?» деген сұрақты да қойған жоқ. Менің ол сұрақты күткенім рас еді, жауабымды да дайындап қойғанмын, себебі соңғы жазылған «Бас» ол тек қазақтың басына түскен нәубет емес, халықаралық шеңберге шығып кеткен бүкіл адамзатқа ортақ өзекті мәселе ретінде қарастырылған. Бастапқы фор эскиздегі төбеден самсаған қайқы қылыш жаудырамыз деген ойдың орнына бір ғана алып станок адамзаттың басына қауіп төндіріп тұрған үрейді нақ бере алды. Қойылым жүректерді шынымен дір еткізді, қалың көрерменді сөзсіз селк еткізді.

Режиссер Жанат картинаны қысқартуға қимайтындай. Ақиқат айқайлап тұр. Мизансцена – кім-кімнен кейін шығатыны тізбектеліп сахнаның екі жағындағы порталға рет-ретімен жазылып, ілініп қойыл­ған. Режиссер абстракцияға жақын болса, суретшісі постмодернист. «Адамның басы Алланың добы» деген бар, ешқандай қан-жосасыз аппақ домаланған бастар сахнада допша домалап, жұмыртқадай шашылғанын көру – жай ғана әсерлі көрініс емес. Ол өнер арқылы жанды түршіктіріп, тебірентерлік ғажап көрініс еді.

Қойылым сол жылы Р.Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде жүлделі ІІ орын алып лауреат атанса, 2017 жылы «Бас» тарихи драмасы Астанада «Экспо-2017» Халықаралық көрмесі аясында өткен, көрнекті театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ә.Сығай­дың 70 жылдығына арналған ХХV Респуб­ликалық театр фестиваліне қатысып, «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» но­ми­нациясымен екінші рет лауреат атанды.

Бұл қойылым туралы кезінде респуб­ликалық басылымдар жарыса жазған болатын. «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде белгілі өнертанушылар А.Аханбайқызы, Ә.Бағдәулетқызы­ның мақалалары жарық көріп, ел талқысына түскен.

Алматыдағы гастрольдік сапарда қойыл­май қалғаны өкінішті, әрине. «Бас» қойылы­мының басты «фишкасы» бассыз адамдар спектакльдің нағыз заманауи перформанс екенін одан кейін де сан мәрте дәлелдеп, талай шараларда түрлі тақырыптардың әрі мен сәнін келтіріп, көпке қызмет етіп жүр. «Бас» қойылымында боямасыз болмыс, шығармашылық шындық бар. Өз көлеңкесінен өзі қорқатындар кейін Б.Пастернактың «Доктор Живагосы» оқыған Н.Хрущевтің: «Не деп жүрсіңдер?! Мына кітаптан ешқандай саясат көріп отырғаным жоқ» деген сөзіне ұқсас жауап естірі кәміл. Бассыз жүргендер – олар бар болғаны адамдар. Олар ешқандай шенеунік немесе мұғалім, болмаса депутат емес. Олар бар болғаны – адамдар. Ал адамдар қашанда тәрбиеге көнуі, өнерді түсінуі, салт-дәстүрді берік сақтауы керек. Ең бастысы, «бас» өз мекенінде, өз жерінде, ол дегеніңіз, рухы сынбаған ел екеніміздің айғағы.

Темірбек Мажитұлы,

Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық

қазақ драма театрының

бас суретшісі

571 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы