• Руханият
  • 01 Сәуір, 2021

ҰЛЫЛАР ҮНДЕСУІ

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайы Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Қазақ әліпбиінің негізін қалаушылар» атты жылжымалы көрме өткізді. Бұл іс-шара екі мекеменің арасындағы өзара ынтымақтастық келісімшартын жүзеге асыру негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. 
Жылжымалы көрменің мақсаты екі мұражай арасында қарым-қатынасты нығайтып, мәдени-рухани байланысты орнату, іс-тәжірибе алмасу, ұлылар ұлағатын ұлықтау және қоғам қайраткері, ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолын насихаттау. Аталмыш шараға байланысты көрмені ұйымдастыруға мұрындық болғандар өз ойларын төмендегідей жеткізді. 

Райхан Имаханбет,

Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:

– Қостанай өңірі Ыбырай ­Алтынсарин мен Ахмет Байтұр­сынұлының туған өлкесі. Бүгінде Қостанайға қарағанмен, екеуі де Торғайдан шыққан түлектер деп айтуға келеді. Ағартушының 180 жылдығына орай Ы.Алтынсарин атындағы мұражай Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйінде көшпелі көрме ұйымдастыруды көптен мақсат еткен. Әрине, біз қуандық. Мінеки, сол ойымыз жүзеге асты. Бұл көрме 1 сәуірге дейін жалғасады. Бұл байланысымыз алдағы уақытта жалғаса береді. Биыл Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы болса, келесі жылы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ жазуының басында Ы.Алтынсарин тұрса, XX ғасырдың алғашқы ширегінде А.Байтұрсынұлы көрінді. 

Марғұлан Оспанов,

Қостанай облыстық Ыбырай

Алтынсарин мемориалдық

мұражайының басшысы:

– Қазақ тарихында қазақ әліпбиінің негізін қалаушы екі тұлғаның екеуі де Тобыл-Торғай өңірінің тумасы. Ы.Алтынсарин ең алғаш кириллицадан қазақтың төл әріптерін ойластырып ­жасап шығарды. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлы ең алғаш араб графикасы негізінде қазақтың төте жазуын өмірге келтірді. Биылғы Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы тұсында және алдағы А.Байтұрсынұлының 150 жылдық ­мерейтойы қарсаңында осындай кездесу-кешін ұйымдастырып, көшпелі көрмемізді Алматының төріне әкеліп жайғастырып, жергілікті халыққа таныстырайық деген мақсатымыз болды. Көрме­міздің атауы да «Қазақ әліпбиі­нің негізін қалаушылар» деп ата­лады. Ы.Алтынсарин мұражайы­ның жәдігерлік заттарын А.Байтұр­сынұлының мұра­жайына әкелуіміз де кездейсоқ емес. Алтынсариннің жазған оқу­лық­тарымен сусындап өскен, мектебінен білім алған ­Ахмет Байтұрсынұлы Ыбырай Алтын­сариннің тікелей шәкірті деп толыққанды сеніммен айта аламыз. Қызмет барысындағы тә­жірибе алмасу, мәдени-рухани байланыс орнату, екі тұлғалық музейдің арасында келісімшарт жасау, соның арқасында ізденіс­терді бірлесе атқарып, бірлесе жұмыс­тарды жандандыру мақсатын көздеп отырмыз.

Көрмеде Қостанай облыстық Ыбырай ­Алтынсарин мемориалдық мұражай қорындағы бірегей құнды жәдігерлерлер – ­Ыбырай ­Алтынсарин отбасымен қолданған төсекқап пен «Шариғатул-Ислам» сирек кітабының түпнұсқасы, шығармалары, этнографиялық очерктері, архивтік фотоқұжаттар, Ыбырайдың аталас туысқаны, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың латын графикасы негізінде шыққан «Жеңешем» алғашқы өлеңдер жинағы, Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметі туралы кітаптар. Ағартушының нағашы атасы Шеген бидің шапаны және тағы басқа жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды.

Н.БАТЫР

2394 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы