• Тұлға
  • 07 Сәуір, 2021

АДАМДАР АҢСАЙТЫН ЖАСТА

Нұрекеңмен – Нұртаза Ыбырайұлы Ыбыраевпен алғашқы танысқанымызға жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті...
1966 жылдың наурыз айы болатын. Ол кезде Жамбыл облысының Свердлов ауданында (қазіргі Байзақ ауданы) аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болып істейтінмін. Бір күні облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы ­Тасболат Байталиев шақыртты. Аман-саулықты сұрастырған соң ол кісі Свердлов ауданын екіге бөліп, соның есебінен жаңадан Жамбыл ауданы ашылып жатқанын айтты. Сол ауданның жастар ұйымының – аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына менің кандидатурамды ұсыныпты. Әңгімелесе келіп, менің келісімімді сұрады. Бір сағаттай өтісімен болашақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын (әзірше ұйымдастыру бюросының төрағасы) Нұртаза Ыбыраев деген азаматқа ертіп барды. Сымбатты келген, қалың шашы артына қайырылған, жасы отыздың ортасындағы жігіт ағасы шырайлы жұзбен қарсы алды. Болашақта алда тұрған біраз мәсеселерді ортаға салып, тілектерін айтып, өзінің келісімін берді. 

Содан жұмысқа кіріскен күндердің бірінде Байталиев қайтадан шақырып алып, маған жағдайды түсіндірді. Жаңа құрылған аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайлану үшін жастар ұйымының басшысы партияның мүшесі болуы керек екен. Ал мен ол кезде әлі мүшелікке кандидат болатынмын. Сонымен, облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерүшісі Борис Стародубцев бұл лауазымға бірінші хатшы, мен екінші хатшы болып сайландық.

Жаңа қызметке жастық қарқынмен кірісе бастадық. Түсінбейтін, білмейтін мәселелер жеткілікті. Аппараттың қызметкерлері ынтымақты, сыйласып, түсінісіп жұмыс істедік. Арада сегіз ай өткенде мені Қазақстан комсомолы орталық комитетіне шақыртты. Ол кезде оның бірінші хатшысы жастардың жігерлі басшысы, кейін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері болған, ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібеков еді. Қалыптасқан тиісті процедулардан өткен соң 1966 жылдың 16 желтоқсанында орталық аппараттың қызметкері болып бекітілдім.

Уақыт жылжып өтіп жатты. Нұре­кең бірер жылдан соң Алматыға, респуб­ликалық кәсіподақтар кеңесінің хатшылығына жоғарылатылды. Мен 1970 жылғы көктемде Мәскеуге, Жастардың Бүкілодақтық орталық комитетіне қызметке ауыстым.

Арада жылдар өтті. Екеуміз тағдыр айдап 1973 жылдың басында тағы бірге табыстық. Бұл жолы Нұрекең жаңадан ашылған Жезқазған облысына облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы жөніндегі хатшысы болып сайланды, кейіннен екінші хатшылыққа көтерілді. Мен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Соңынан Ақтоғай ауданында атқару комитетінің төрағасы, Жаңаарқа аудандық пария комитетінің бірінші хатшысы болып істедім.

Жақын қызметтес болған осы жылдары мен Нұрекеңнің іскерлігін, білімділігін, ізденімпаздығын, талап­шылдығын, ұйымдастырушылық қабілетін, зор адамгершілігін, жұ­мысшы адамдарға ерекше ықы­ласпен және құрметпен қарайтын­дығын, шаруашылықтардың жас мамандырына қамқорлық білдіретін, олардың қызмет бабымен өсіп отыруын жіті қадағалайтын қамқорлығына көзім жетті. Шаруа басшылары туындаған қандай да бір қиын жағдайда Нұрекеңнен нақты көмек, ағалық қамқорлық, жылы сөз бен қолдау табатын. Ағамыз шаруашылық мамандары мен басшылары түсінік беріп жатқанда олардың аузынан шыққан цифрларды лезде іліп алып, саусақтарын әрі-бері қозғап, ­ауызша есептеп жіберетін. Кейде олардың жіберген қателіктері сол сәтте білініп қалатын. Бұның өзі Нұрекеңнің шаруа мәселелерін терең білетін сауаттылығын көрсететін. Сыйластыққа адал, адамгершілікті түсінетін, еңбектенуден ерінбейтін, жұмысын адал істеген азаматтарға Нұртаза Ыбырайұлы қол ұшын беруді аямайтын, нұрын шашып, шапағатын тигізетін.

Ағамыз кітаптарды, газеттерді, журналдарды өте көп оқиды, ішкі дүниесі бай, мәдениеті жоғары, мінезі салмақты, жүрегі кең, сенгіш. Еш­кім­нің сыртынан ғайбат сөз айтып пендешілікке барғанын көрген емес­пін. Ар мен намысты ылғи да биік ұстайды.

 Бүл кісінің мұндай қасиеттеріне өзінің өткен өмірлік және еңбек жолдары себепкер еді. Техникумды, соңынан зооветеринарлық институтты қызыл дипломмен бітіріп шаруашылықта жұмысты төменгі сатыдан бастап, мол тәжірибе жинағандығы. Отызға жаңа толған зоотехник Мерке ауданындағы шаруашылықтағы жұмысын ғылыммен ұштастырады, кандидаттық диссертация қорғайды, совхоздың директоры және аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып үлгереді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кеңес Одағының сол кездегі көсемі Никита Хрущев халық шаруа­шылығында реформалар жүргізді. Облыс басшылары отыздан жаңа асқан Нұртаза Ыбыраевқа өте үлкен жауапкершілік жүктеді. Оны сол кездегі экономикалық потенциалдары мол Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарын біріктірген өте ірі мемлекеттік өндірістік құрылымды басқаруға сенім артып жіберді. Хрущев орнынан түскен соң бұл жүйе таратылды. Нұрекең ғалым ретінде облыстық ғылыми тәжірибе станциясына директор болып ауысты, Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Аталған жауапты қызметтердің бәрін абыроймен атқарды, мол тәжірибе жинады. Республикадағы білгір басшылардың қатарына қосылды, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде республи­калық жоғары марапаттарға ие болады, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады, құрметті атақтарға ие болды.

1985 жылы Нұртаза Ыбырайұлы кіндік қаны тамған Қызылорда өңіріне ауысып, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары – агроөндірістіккомитетінің төрағасы болып бекітілді. Атажұртының көркеюіне перзенттік парызын қосты, абырой­лы жұмыс атқарып, сол кездегі құрметті одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты.

Бала-шағалары Алматыда болған­дықтан осында қоныс аударды, ғылыми жұмыспен шұғылданды. Жинаған мол тәжірибесінің арқасында Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді.

Нұртаза Ыбырайұлының ұзақ жылдары қасында болып, өмірдің ыстығы мен суығын бірге бөліскен, жақсылығына қуанып, қиындығына шыдаған сүйікті жары, балаларының қадірлі анасы, немерелері мен шөберелерінің асыл әжесі, аяулы да асыл жан Ғарифа Құрманқызы Жүнісова. Сұлу Көкшенің табиғаты қалай әсем болса, Ғарекең де сол туған киелі топырақтың құдіретінің арқасында бойына ұлттық құнды­лықтар мен жақсы қасиеттерді молынан сіңірген, өресі биік, жаны жарқын, рухани дүниесі бай кісі. Бала кезінен алғыр, оқуда озат, өнерге жақын Ғарекең Қыздар педегогикалық институтында оқып жүріп Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бишілер сайысына қатысты. Ұлағатты ұстаз ретінде балаларға сапалы білім бере жүріп, ғылымға көңіл бұрды. ­Ашхабад қаласында кандидаттық диссертацияны абыройлы қорғады, тәжірибе жинақтап, білікті ғалым атанды. Алматы, Жамбыл, Жезқазған, Қызылорда қалаларының жоғары оқу орындарында кафедралар басқарып, проректор қызметін атқарды. Лекция оқығанда студенттердің ықыласын баурап алатын, сабақты ұқыпты түсіндіретін, ол үшін өзінің қолданатын ерекше әдістемесі болатын. Сондықтан болар біраз шәкірттері Ғарекеңмен хабарласып тұрады, ұстазы ретінде ақылдасып, жаңалықтарымен бөліседі, мерекелермен құттықтап жатады.

Нұртаза Ыбырайұлы мен Ғарифа Құрманқызы Нұртуған атты ұл, Ғафура, Жанна және Майя атты қыздарын дүниеге әкеліп, солардың жетістіктеріне шүкіршілік жасап, жақсылықтарын қызықтап отыр. Перзенттерінің бәріне жақсы тәрбие берді, жоғары білім алуға жағдай жасады, өмірдегі өз орындарын тауып, жоғары лауазымды қызметтер атқарғандарына куәгер болды, бақытты әрі адал өмір сүруге баулыды.

Нұрекеңмен бірге өткізген көп жылдық ағалы-інілі сыйластығымыз балаларымыз Нұртуған мен Гүлнараның арқасында құдалыққа айналып, немере мен шөбере сүйіп отырмыз. Өткен өмірлерімізге шүкіршілік етеміз. Ендігі тілектеріміз – жас ұрпақтың жарқын болашағы.

2021 жыл Нұрекең үшін ерекше болып тұр. Биылғы сәуір айында мақтауға лайықты қайраткер әрі ірі тұлға, ардақты ағамыз Нұртаза Ыбыраев шаршамай-шалдықпай адамдар аңсайтын тоқсан жасқа толып отыр.

Нұрекең ұлағатты және өнегелі өмір сүріп келе жатыр. Елдің алғысына көп бөленген, жақсылап қартайып келе жатқан, кезінде шарапатын бізден де аямаған азаматқа осы мерекелі күндері айтар алғысымыз шексіз. Жасына жас қосылып, ұзақ жасай берсін. Бүкіл әулетіне амандық тілеймін. Ұрпақтары жалғаса берсін.

Мұхамбетқасым Шәкенов

 

 

1036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы