• Тұлға
  • 07 Сәуір, 2021

«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРСАҚБАЙЫН САҚТАП ҚАЛҒАН»

Кәкімбек Салықов жыр арнаған азамат туралы

Отбасылық альбомды  ақтарып отырғанда ертеде түсірілген осы суретке назар салмай кете алмаймын. Іркілмесіңе болмайды. Суреттен ә дегеннен тұлабойыңды баурап алар жылылық ұшқынын аңғарасың.
Екі адам қол беріп амандасып тұр. Сәл-пәлден кейін бір-біріне кеуделерін тосып, құшақ жаяры анық. Жүздеріне қараңызшы. Бұлтсыз аспандай ашық, нұрлы күндей жарқын. Жымыйстарының өзінде қылаудай да жасандылық  табы байқалмайды. Сыры-жыры бір, өте жақын адамдар екені көзге ұрып тұр. 

Көптен кездеспеген жандар ма екен... Олай деп айта алмайсыз. Төкең тұратын Жезқазған шаһары мен Қадыр аға мекен етіп жатқан Қарсақбайдың арасы көп болғанда жүз шақырым. Мүмкін одан да аз. Оның үстіне қала да, кент те бір өңірдің аумағында. Жиі бас қосып, шұрқырасуға әбден болатындай. Кім біледі, бұған дейін де талай жүздескен шығар. Алайда соған қарамастан араларындағы сыйластық пен құрметке еш сызат түспей, сол қалпында тұрғанына таңырқайсың. Сөз жоқ, сүйсінесің.

Көп адам мән бере қоймайтын амандасудың өзінен де біраз сырды аңғаруға болады. Мына екі кісінің арқа-жарқа сәлемінен нені байқар едіңіз? Мейірім лебі менмұндалайды! Мейірім бар жерде оның жанында адамгершіліктің, қарапайымдылықтың, кіші­­пейіл­діліктің, қайырым­дылықтың «қоныс» теберіне  ешқандай күмән жоқ. Суреттегі бірден көзді баурап, жалт қаратқан да, самарқау санамызды селт еткізген де – сол мейірім екен ғой.

Реті келіп тұрғанда суреттегі кейіпкерлерімізді таныстыра кеткен де жөн болар. Олар қатардағы жай біреулер емес. Қазақтың атпал азаматтары. Оң жақтағы – Төлеген Әбдірахманов. Сонау жылдары еліміздегі ірі өндіріс ошақтарына басшылық жасады. Анау-мынау емес, екі бірдей кәсіпорынның – Қарсақбай металлургия зауытының, Жезқазған мыс қорыту зауытының директоры болды. Қажырлы еңбегі арқасында өз еліміздікін айтпағанда, кешегі алып ел – КСРО-ның Құрметті металлургі атанды. Республиканың Мемлекеттік сыйлығының иегері.Кеудесінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырайды. Төкең қазір Алматы қаласында тұрады.

Сол жақтағы – Қадыр Мәткенов. Ағамыз қазір арамызда жоқ. Осыдан он бес жыл бұрын жетпіс бір жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол кісі Қарсақбай металлургия зауытын ширек ғасырға жуық, яғни өмірінің соңына дейін басқарды. Еткен еңбек ескерусіз қалмады.  «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген металлургі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атақтарына ие болды.

Бірі сұлу Сыр бойының, енді бірі көгілдір Көкшенің түлегі болса да бастары қара қазан – Қарсақбайда қосылды. Еңбек жолдарын осы жерден бастады. Достықтары жарасты, сыйластықтары нығайды. Төлеген  Мұсаұлы қызмет бабымен Жезқазғанға ауысқанда орнына Қадырды қалдырып кетті. Бұл жөнінде Төкең былай дейді: «Жезқазған комбинатының басшысы В.Гурьба: «Өзің басқа қызметке ауыстың ғой. Қарсақбай зауыты келешекте жабылуы мүмкін. Поселкені, тұрғындарды қазіргі деңгейде ұстап, қара шаңырақтың атын жоғалтпай, жұртына ие болатындай кім бар?» ­дегенде, «Дайын адам бар. Оны халық та қолдайтын болу керек. Ол – Қадыр Мәткенов» дедім».

Қадыр аға сенімді ақтай білді. «Жабылады» деген зауыт іскер басшының арқасында жұмысын тоқтатпады. Оның ісіне сүйсінген ақын Кәкімбек Салықов сол уақытта  былайша жыр да төккен:

Ноянсың ауыр іске

мығым шыдар,

Жартаста дауыл жықпас

болдың шынар,

Қазақтың Қарсақбайын

сақтап қалған,

Саңлақсың маңдайыңның

жұлдызы бар...

Кезінде Жезқазған комбина­тының басшылығы ісіне тиянақты, білімі мен білігі келіскен Қадырды жоғары лауазымды қызметке шақырған. Сонда екіойлы болып жүрген  оған жезді өңірінің ақсақалы әрі сырлас досы Мәкен Төрегелдиннің : «Қадыр, сен Қарсақбайға керексің!» деген бірауыз сөзі қатты әсер етті.Сөйтіп өмір солай қара шаңырақта одан әрі жалғасып кете берді.

Бәрі де суреттен шығып жатыр-ау. Онда да сөзімізге мәйек болғаны – мейірім жайы.

Қазір қоғам өзгерді. Қоғаммен бірге адам да өзгерді Адамның пейілі бұрынғыдай емес. Кеңдіктен айрылған. Бір-біріне суық. Оны амандасудан да аңғарасың. Іші-бауырыңа кіріп, жөн сұрасқан жан байқалмайды. Тіпті таныс дегеннің өзі қасыңнан зу етіп өте шығатыны бар. Жүрегің ауырады. «Не болдық, қайда бара жатырмыз?» дейсің іштей күрсініп.

Өмірдің мәні де, сәні де адамдар арасындағы жылылықта, жан шуағында емес пе еді... Бір рет келетін ғұмырда қаталдық танытып, өгейсініп бара жатқанымыз қалай...

Мейірімнен қол үзбейік, адамдар... Жарық дүниені сақтайтын, өмірді нұрлы ететін-мейірім, адами аяулы сезімдер екенін сезіне  жүрейік.

Нұрперзент ДОМБАЙ
«Ana tili»

 

1494 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы