• Қоғам
  • 07 Сәуір, 2021

«КӘРІ» АҒАШТАР ҚАУІПТІ

Нұрболат Абайұлы 
«Ana tili»

Жыл сайын көктем мен күзде жаңбыр, қар жауып, жердің ылғалы көбейгенде Алматының ескі ағаштары құлап, көліктерді басып, электр сымдарын үзіп, қоғамға залал келтіреді. Арасында адамдардың жарақат алуы да кездесіп қалады. Жыл сайын қайталанып жатса да, Алматы қалалық әкімшілігінен бастап, қаланың коммуналдық шаруашылықтары да, «Зеленстрой» атты мекеме де бұл мәселені түбегейлі шеше алар емес. 

   Оның бірнеше себебі бар. Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда шаһарда 2 миллион 634 мың түп ағаш бар екен. Оның 552 мыңының жасы 100 жылдан асып, тамыры шіріген ағаштар. Яғни аталмыш басқарманың бағалауынша «әлсіреген» деген атау берілген. Әрине, табиғи және қолайлы жағдайда ағаштар түріне қарай 200 жылдан 600 жылға дейін де жасай береді. Ал ауасы көліктерден тарайтын улы газбен ластанып тұрған қалада ағаштардың тамырының шіруі, бұтақтарының қурауы жиі болатын құбылыс.

  Мемлекет басшысы  Алматының экологиялық жағдайын жақсарту үшін жасыл желектерді көптеп отырғызуды қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа 2019 жылы тапсырған болатын. Жалғыз оңтүстік астанаға ғана емес, өзге аймақтарға да 2 миллиард ағаш егуді міндеттеген-ді. Жыл басында өзінің есеп беру жиынында Б.Сағынтаев «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданып, соның аясында өткен жылы 282 мың ағаш отырғызылса, биыл 350 мың жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Бұдан бөлек қалада 5 жаңа саябақ салу, 19 экопост орнату да жоспарланыпты. Аталмыш бағдарлама аясында қала экологиясын жақсарту үшін қоғамдық көліктерді газбен жүретін немесе электрлі көліктерге көшіру де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда екен. Ауаға улы газды көп шығаратын дизелмен жүретін көліктерді сатып алуға мүлде тыйым салып, «Алматыэлектротранс» коммуналдық паркі  электрмен жүретін 150 автобус сатып алуға келісімшарт жасапты. Алғашқы 41 автобус бағыттарға шығып үлгерген. Қалғаны екінші тоқсанда әкелінбек. Қош, бұл Алматының жасыл желегін молайту және экология­сын жақсартуға арналаған іс-шаралардың бір парасы. Енді тұрғындарға қауіп төндіріп тұрған тамыры қураған ағаштар жайына қайта оралайық.

...Сонымен, Алматы қаласы жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинскаяның айтуынша, басқарма 2019 жылдың қарашасынан ­бастап ағаш кесуге рұқсат беруді тоқтатқан. Мәселен, сол жылы 346 өтініш түссе соның 33-іне ғана рұқсат беріліп, қалғандарына тыйым салған. Себебі құрылыс салу үшін немесе басқа да мақсаттарға ағаштарды кесу үшін кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардан өтініштер түсетіні белгілі. Оның бәріне рұқсат бере берсе өзі де жетіспей тұрған жасыл желек оталып кетуі мүмкін. Осындай сылтау айтқан аталмыш басқарма 2020 жылы тамыры шіріген ағаштарды кесу талаптарын одан ары қатаңдата түскен. Атап айтқанда, өткен жылы қалада кедергі келтіріп тұрған ағаштарды кесуге 520 өтініш болған. Оларды зерттей, сараптай келе Жасыл экономика басқармасы  90 адамға ағаш кесуге рұқсат береді. Оның 22-сі өтініш берушілердің бастамасымен жойылған. Берілген рұқсаттар бойынша 65 871 ағаш қайта отырғызылған. Яғни «бір тал кессең, он тал отырғыз» қағидасы артығымен сақталған. Алайда тұрғындар «қартайған», тамыры шіріген ағаштардың құлау қаупі  төніп тұрғанын  хабарласа, оны жауапты мекемелер ескеруі тиіс. Ал оларға мүлде рұқсат бермеу де орынсыз. Жалпы Алматының қартайған ағаштарын тұрғындар анықтауға міндетті емес. Бұл мәселені Алматы қалалық табиғи рессурстар мен табиғат пайдалану басқармасы мен  Алматы қаласы жасыл экономика басқармалары мониторинг жүргізіп анықтауы қажет. Және тиісті қызметтерге ұсыныс жасап, кесу шараларын жүзеге асырулары керек. Әйтпесе жыл сайын көктем мен күзде жүздеген шіріген ағаш мезгілсіз құлап, одан тұрғындар зардап шегіп жатқанын жоғарыда айттық. Алайда қос басқарма да пандемияны сылтауратып, онлайын жұмыс істеуге көшкендей. Негізгі міндеттерін атқармағандықтан, одан тұрғындар зардап шегуде.

1016 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы