• Руханият
  • 07 Сәуір, 2021

«АБАЙ ЖОЛЫНЫҢ» БАҒАСЫН БІРІНШІ БЕРГЕН ҚАНЫШ ЕДІ

АЗАН ШАҚЫРЫП

ҚОЙҒАН АТЫ – ҒАБДУЛ-ҒАНИ

Әр жылдың сәуір айының 12-ші жұлдызы – Ғылым күні, әрі Қаныш Сәтбаев дүние есігін ашқан күн.

Есімін бір ғана ұрпақ емес, бірнеше буын пір тұтып, аңыз-әпсанаға айналдырып, көтеріп кетіп отыратын жекелеген тұлғалар болады тарихта. Қаныш Сәтбаев есімі солардың қатарында. Қазақтың, Қазақстанның ғылымы десек көз алдымызға Қаныш бейнесі, Қаныш десек ғылымымыздың жағдайы келетіні де содан. Қазақстан ғылымы ұлықталатын күннің қазақтың алғашқы кәсіби тау-кен инженері-геологының, ел Ғылым академиясының негізін қалап, тұңғыш президенті болып сайланған ірі ғалымның туған күніне орайластырылуының сим­волдық мәні де осында.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сонымен бірге қазақтан шыққан алғашқы ғылым докторы, Шығыс елдері ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы алғашқы КСРО ҒА академигі, солардың ішіндегі ғылым мен техника саласы бойынша берілетін КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Ленин сыйлығының алғашқы ­лауреаты. Сәтбаев – еліміздегі геологиялық қызметтің негізін қалаушы.

Қ.Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде (ескіше 31 наурызда) Семей губерния­сы Павлодар уезіне қарасты Ақкелін болысының №4-ші ауылында, Имантай би Сәтбайұлының отбасында дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты – Ғабдул-Ғани, анасы Әлима еркелетіп Ғаныш, Қаныш деп кеткен. Бала Қаныш сол аяулы анадан ерте айырылған. Мейірімді ілім-білімнен іздеп, кітап-қағазға жасынан бас қойған. Ауыл мектебінде молдадан тіл сындырып, кейін Павлодардағы екі басқышты орыс-қазақ гимназиясына түседі. Гимназияны бітіріп, Семей мұғалімдер семинариясында білім алады, оның меңгерушісі немере ағасы, орыс филологиясының оқытушысы, 1937-де атылып кететін Әбікен Сәтбаев еді. Мұхтар Әуезовпен, Әлкей Марғұланмен бірге оқиды. Гимназияны бітіріп, Семей мұғалімдер семинариясында оқиды, Сұлтанмахмұт Торайғыровпен, Ахмет Байтұрсынұлымен, Міржақып Дулатовпен танысып, араласады. Семинарияда белгілі өлкетанушылар – ағайынды Белослюдовтар, ерлі-зайыпты оқығандар – Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар сабақ берген. Бірақ Семейдің ауа райы жақпай, Қаныш бітіру емтиханын жедел тапсыруға мәжбүр болады. Көкірек ауруы асқынып, 1920-1921 жылдарды елде өткізеді, қымызбен емделеді. Сол 1921 жылы досы, Сібір технология институтының студенті Әлімхан Ермеков оны Томда тұратын геология профессоры, болашақ академик М.А.Усовпен таныстырады. Қаныштың студенттік шағынан кітап жазған И.Лозовскийдің жеткізуінше, жиырма екі жастағы жігіттің Баян-Аулаға қымыз ішуге келген Сібір технология институтының профессорымен жақын араласуы, оның геология жайында айтқан әңгімелері ендігі өмір жолына күрт бұрылыс әкеліп, Том институтына түсуіне жол ашады.

Қаныш Том технология ­институтын 1926 жылы үздік бітіріп, тау-кен инженері-геологы мамандығы бойынша диплом алған алғашқы қазақ ретінде Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің қарамағына жіберіледі.

...Сәтбаевтың алдына үлкен міндет – Жезқазған-Ұлытау аумағында пайдалы қазбалардың босалқы қорын жоспарлы түрде анықтап білу бойынша алғашқы стационарлық геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу міндеті қойылады. Бұл жердің табиғаты қатал, жазы қуаң, қысы қытымыр. Қатынас жолдары жоққа тән. Негізгі көлік – түйе, өгіз арба. Қаныш өмірінің білгірі Медеу Сәрсеке ағамыз жазғандай, ең таяу теміржол стансасына дейін 430 верст, су жоқ, айнала құлазыған меңіреу дала, суырдың түндігіндей болып әр жерде бір-бір үй отырады. Мына қолға алынып жатқан тірлікке мамандықтары да, кәсібі де, сауаты да келмейді. Сырттан кісі шақырсаң, екі-үш айдан кейін қашып кетеді. Мыс қорыту үшін отын керек. Көп отын. Ал ол жоқ. Қарағанды көміріне дейін жеті жүз шақырым...

 

АҚЫШЕВТІ АШТАН  АЛЫП ҚАЛҒАН

Оның үстіне Қарсақбайды қолға алу ісі қазақ даласын жайпаған ашаршылықпен қатар келді. Ауылдар қаңырап қалды. Қаныш бұрғылау қондырғыларына өліп-талып әрең жеткен қандастарын аштан өлтірмеу үшін әйтеуір жұмысқа ала берген, сөйтіп оның бөлімі бір жылда мың адамға жеткен. Бірде қарындасы тұратын ауылға келген ол кірпіктері қимылдап жатқан балаларды көріп, оларды түгел әкетеді. Зайыбы екеуі он екі баланы аман алып қалады. Солардың бірі – Кемел Ақышев кейін Алматы түбіндегі әйгілі «Алтын адамды» табатын белгілі археолог атанды.

Қ.Сәтбаевтың ғылыми мұрасын насихаттау бойынша 1987 жылы, сол кездегі ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған қаулымен ашылған ғалымның мемориалды музейі тынбай еңбектеніп келеді. Музейдің тамаша сәулеттік кешен – Ұлттық Ғылым академиясы ғимаратында орналасуы біз үшін мақтаныш: мұның өзі келушілерге өткен онжылдықтардың ауанын тікелей қабылдап-сезінуге мүмкіндік береді. Сәтбаев құрған Ғылым академиясы отандық ғылымның тайқазанына айналып, еліміздің ғылыми және мәдени өмірінде лайықты орын алуда.

Айта кететін бір жайт – ол ­музейі­міздің қорын жинақтауға, оның экспозициясын ғылыми тұрғыдан жасақтауға сол кездегі Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың атсалысқандығы. Сәл кейінірек, өз қызметінің жоғарылап, Қазақстан КП орталық комитетінің хатшылығына ауысқанына қарамастан, музейге күнде кешке келіп, әзірлік жұмыс­тарымен танысып, тиісті министрліктер басшыларына тапсырма бере отырып, оның шұғыл орындалуын талап етіп, бақылауда ұстады.

1932 жылы Қ.Сәтбаев алғашқы ғылыми еңбегін – «Жезқазған мыс кені алабы және ондағы минералды ресурстар» монографиясын жарыққа шығарды. Оған дейін Жезқазғанның рудаларындағы мыстың көлемі ағылшын мамандары мен ХКК жанындағы Геологиялық комитет қызметкерлері айтатындай 60 мың тонна емес, 2 млн тоннадан асатындығы анықталған-тұғын.

Соғыс қарсаңында ғалым 1927-1928 жылдары «Жаңа мектеп», «Қазақстан халық шаруашылығы» және т.б. басылымдарда басы жарияланған «Жезқазған алабындағы кен орындары» атты көлемді еңбегін аяқтайды. Он бес жылда бұл зерттеу ауқымды монографияға дейін ұлғайған. Осы еңбегі үшін Қаныш Имантайұлына екінші дәрежелі Сталин сыйлығы беріледі. Шын мәнінде, бұл марапат соғыс кезінде елге арзан мыстың мол қорын берген Үлкен Жезқазғанды ашу еңбегінің еленуі еді. Оған дейін Сәтбаев 40-тан аса ғылыми еңбек жазған. Кейбіреулері салиқалы диссертацияға татитын. Осыны ескере келіп, Жоғары аттестаттау комиссиясы 1942 жылғы 17 тамызда ғалымға еңбектерінің жиынтығы бойынша геологиялық-минерологиялық ғылымдардың докторы ғылыми дәрежесін береді.

Қ.Сәтбаевтың соғыс жылдары өзі ашқан Жезді кен орнынан Орал тауларындағы танк зауыттарына марганец кенін жеткізудегі орасан зор рөлі жайында аз жазылған жоқ. ­Фашистерге атылған әр 10 оқтың 9-ы Қазақстанда құйылған қорғасыннан жасалғаны ­жайлы қанатты сөз «Казахстанская правда» газетінде 1942 жылғы желтоқсанда жарияланған Қ.Сәтбаевтың «Майдандағы қазақстандықтарға хат» мақа­ласында алғаш қолданыл­ғанын ескеру жөн.

Соғыс жылдары КСРО Ғылым академиясы Төрал­қа­сының құрамы түгелге жуық Қазақстанға көшіп келді. Бірқатары Бурабайға қоныстанды, ал бірнеше институт, соның ішінде тарих, экономика, география институттары Алматыға келіп орналасты. Қ.Сәтбаев оларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Академияның Қазақ филиалының қызметкерлері оларға өз үйлерінен ығысып орын берді. Қадірменді академиктер болса Медеу шатқалындағы таңдаулы демалыс үйінде тұрды.

1946 жылы маусымда Қ.Сәтбаев Қазақстан ҒА-ның алғашқы Президенті болып сайланды. Бұл іске алдын ала дайындық жүргізілген: 1944 жылы-ақ ғалымның басшылық етуімен арнаулы үкіметтік комиссия құрылып, оның құрамына КСРО ҒА президенті С.И.Вавилов жетекшілігімен 11 академик енеді. Академия құрылар қарсаңда елде 18 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибелік станса, 3 ботаникалық бақ болған. Қызметкерлердің жалпы саны 1400 адам, оның 57-сі ғылым докторы, 184-і ғылым кандидаты. Қ.Сәтбаевтың еңбегі сонда, ол осы әлеуетті ұтымды пайдалана отырып, елдің индустриялық дамуына соны серпін берді. Жаңадан академиялық институттар: ядролық физика, математика және механика, гидрология және гидрофизика, мұнай және табиғи тұздар химиясы, химиялық-металлургиялық, тау-кен-металлургия, ихтиология және балық шаруашылығы, экспериментальдық биология, экономика, философия және құқық, әдебиет пен өнер, тіл білімі институттары ашылды.

Энциклопедиялық көл-көсір білім, таным көкжиегінің кеңдігі, нағыз ғалымға тән түйсікшілдік үлкен ғы­лымның осы тиісті орталықтарын құру ісін тікелей қолға алуына септігін тигізді. Соғыстан кейін Геология институтында геология ғылымының барлық бағыты – металлогения, палеонтология, стратиграфия, геотектоника, минералогия, геохимия, геофизика, гидрология бағыттары өрістеді.

1958 жылы академик Сәтбаев бастаған бір топ геолог ғалым әлемдік геологиялық тәжірибеде теңдесі жоқ жаңалық жасағаны — Орталық Қазақстанның болжамдық металлогениялық карталарының әдісна­малық негізін әзірлеп және сол негізде әлгіндей карталарды жасап шыққаны үшін Ленин сыйлығын иеленді. Бұл жұмыс қазақ­стандық ғылым мен Қаныш Иман­тай­ұлының ғылыми мектебін әлемге әйгіледі.

 

ТҰҢҒЫШ ШӘКІРТТЕРІ ДЕ  ТҰЛҒАҒА АЙНАЛДЫ

Сәтбаевтың Тәжікстан ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Тәжікстан ҒА-ның 1951 жылы өткен бірінші ұйымдастыру сессиясында ол осы елдің ҒА-ның құрметті мүшесі болып сайланды. Сәтбаев Тәжікстандағы геология және сейсмология институттарының ғылыми қызметіне байланысты туындаған мәселелерді талқылау үшін Душанбе қаласына талай мәрте барған. Өз кезегінде тәжік ғалымдарын Алматыға ұдайы шақырып отырған. Кейінгі жылдары Тәжікстаннан бірнеше ізденуші Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында диссертация қорғады. 1999 жылғы наурыз айында Тәжікстан ҒА Геология институтында Қ.Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай мерейтойлық конференция өткізіліп, онда тәжіктің көрнекті ғалымдары академиктің жасампаздық өмірі жайлы ойларын ортаға салды.

Қанекең ғалым, ғылымды ұйымдас­тырушы, жер қойнауының құпияларының сұңғыласы болумен қатар зерек ойлы тарихшы, этнограф та еді. Оның қазақ музыкасы, этнографиясы бойынша айтқан өрелі ойлары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал ол тауып, зерттеген тарихи ескерт­кіштердің жайы өз алдына бөлек әңгіме.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Алтын Орданың құрылуының 750-жылдығын мерекелеуді жария етті. Ал содан сәл бұрын, халықаралық «Ұлытау-2019» туристік форумында сөйлеген сөзінде Ұлытауды «Қазақ халқының алтын бесігі» деді. Алтын Орданың негізін салған Жошы ханның тарихи рөлін қадап айтты. ­Демек, Қ.Сәтбаевтың 1941 жылы «Народное ­хозяйство Казахстана» журналында шыққан «Доисторические памятники в Джезказганском районе» деген мақаласы зәрулігін жоғалтқан жоқ. Онда ғалым «қазақ» дейтін халық оңтүстікте Ұлы Моңғол ұлысын, батыста Алтын Орданы құраған түркі-татар тайпаларының қалдықтары негізінде XV ғасырдың алғашқы жартысында пайда болғанын жазған-ды.

Қаныш Имантайұлы білгір әдебиет зерттеуші, музыкатанушы еді. Ол «Абай жолы» эпопеясына бірінші болып баға берді, А.Затаевичке қазақтың 25 әнін айтып отырып жаздырды, театрға, өнерге, мәдениетке, тәлім-тәрбиеге байланысты бір­талай мақала жазды. Бүгінде оның есімін қастерлеп еске алып қана қоймай, ол өскелең ұрпаққа қалдырып кеткен білім­дік жәдігерді түптеп, түйсіне зерделеу қажет. Яғни оның еңбегін танып-таныту ісі бола­шақ буындардың да еншілі ісі болуы тиіс.

Қ.Сәтбаев талантты жастарды жазбай танып, оларды қажет арнаға бұрып отырған. Ол ғылымға ғылыми кадр ретінде алып келіп, тәрбиелеп өсірген жас­тардың көпшілігі кейін ірі ғалым болып шығып, ел ғылымының дамуына елеулі әсер етті. Солардың бірі — ғалым-энергетик Шапық Шөкин болатын. Ол 1943 жылы Сәтбаевтың көмегімен «Каз­сель­хозэлектро» тресінен Академия филиалының энергетика секторына меңгерушісі болып ауысқан. Кейін Ш.Шөкин республикадағы энергетика ғылымының негізін салды.

Одан басқа Қанекең ғылымға Әлкей Марғұланның келуіне де септескен. Әлкей Хақанұлы кейін ірі археолог ғалымға және Қазақстандағы археология ғылымының негізін қалаған тұлғаға айналды. Сәтбаев геолог Шаһмардан Есеновтың талантын тани білді, оның республика геология министрі болып тағайындалуына ықпал жасады. Қанекең ғылымға Евней Букетовті де әкелді, оны 1960 жылы республика ҒА Химия-металлургия институтының директоры етті. Е.Букетов химия ғылымында ірі жаңалықтар ашып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Көптеген ірі тұлғалардың өмірінде бір самғау, бір құлдырау аралас келіп отырады ғой. Осы жағдай Қаныш Имантайұлын да орағытып өтпеді. 1946 жылдың аяқ шенінде Ғылым Академиясының, оның жетекшісі Қ.Сәтбаевтың басына бұлт үйірілген. Содан бастап академияны тексеруші комиссиялар басып қалады. 1951 жылы оған ұлтшылдығы, партияға кірген кезде әлеуметтік шығу тегін жасырып қалғандығы, ұлтшылдарға қамқор болғандығы және 1917 жылы Алаш Орда үкіметінде үгітші болғаны айып етіп тағылды. Бұдан соң Қазақстан КП ОК бюросы өзінің 1951 жылы 23 қарашадағы шешімімен оны ҒА президенті қызметінен босатып, Төралқа мүшелігінен шығарады. Геология институты директорлығынан да босатылу қаупі туған. Сынмен, тексерумен қысым көрсету шаралары жасалады.

Бірақ КСРО ҒА-ның толық мүшесін Мәскеу қолдады. КСРО ҒА президенті А.Несмеянов Қ.Сәтбаевты Академияның Орал бөлімінің басшысы не КСРО ҒА гео­логия-география бөлімшесіне төра­ғаның орынбасары етіп қоймақшы болады. Бірақ Қаныш Имантайұлы неде болса елінде қала беретінін айтып, әлгі ұсы­ныстардан бас тартады. Алматыға ол 1952 жылдың сәуірінде оралды. Мәскеудің қолдауының арқасында институт директоры лауазымын сақтап қалды, ол сонда болжамды металлогендік карта жасау ісін жалғастырды. Арада жеті жыл өткенде сол еңбегі үшін Ленин сыйлығын алды. Оған әлгі сыйлыққа өзін ғана ұсынғанын айтқанда, ол бұл жұмыс авторлық ұжым еңбегімен атқарылғанын алға тартып, жалғыз өзі үміткер болудан бас тартқан. Ол кісіні ұлтына қарап алалау, бөлу дегенді әсте білмейтін. Сол жолы сыйлық берілген сегіз ғалымның арасында украин ­Новохатский, еврей Жилинский, осетин Медоев... болды. 1954 жылы Сәтбаевқа байланысты іс қайта қаралып, ол кінәсіз деп табылды. 1955 жылы маусым айында қайтадан КСР ҒА-ның президенті болып сайланды. Жыл ара­латып Қазақстан КП ОК-не мүшелікке өтті.

Бүгінде Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Ертіс-Қарағанды арнасы Қ.Сәтбаев есімімен аталады. Қарағандыда, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Сәтбаев, Степногор қалаларында ескерт­кіш қойылған, елді мекендерде мүсіні тұр, өмірі мен ғылыми қызметіне арналған музейлер бар. Ондаған мектеп, көше, геология институты, Жезқазған таукен-металлургия комбинаты, кіші ғаламшар, жаңа «Сатпаевит» минералы, Іле Алатауындағы қарлы шың, гүлдер сұрыптары ғалымның қастерлі атын иеленген.

Мемлекет басшысының бастамасымен Қ.Сәтбаевтың 100 жылдығына орай оның есімін есте қалдыру шаралары өткізіліп, Алматыда ескерткіш қойылды. Жаратылыстану ғылымдары бойынша жетістікке жеткені үшін берілетін оның есімімен аталатын ҚР ҰҒА-ның сыйлығы тағайындалды. ЮНЕСКО шешімімен 1999 жыл Қ.Сәтбаев жылы болып жарияланды. Жыл сайын ғалым туған 12-сәуірде Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Сәтбаев және басқа қалаларда ғылыми форумдар, көрмелер, Сәтбаев оқулары өткізіледі. Алдағы мақсат-міндеттердің бірі – бұл 2024 жылмен ұштасатын ұлы ға­лымның 125-жылдығы. Музей ұжымы бұл мерейтойға ерекше мән беріп, қа­зір­­дің өзінде дайындық жұмыстарын қарастыруда.

 

Бақытжамал АЙТМҰХАМБЕТОВА,

академик Қ.Сәтбаев мемориалдық

музей директорының міндетін атқарушы

 

1999 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы