• Тіл
  • 07 Сәуір, 2021

«ТУЫС ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕ СҮЙЕНСЕК...»

Жанат Аймағанов – тіл жанашыры. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматы энергетика институтын тамамдаған. Мамандығы инженер болса да, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшірудің артықшылығын ерте сезінген азамат. Осы мәселеге орай ол біздің тілшімізбен өз пікірін бөлісті:

– 1984-1992 жылдары, Степногорск қаласындағы №16 подшипник зауытында сандық басқарылатын станоктарға техникалық қызмет көрсету инженері болып жұмыс істедім. 1986 жылы «Айтуар» атты қоғамдық-саяси клуб ашып, соның төрағасы болдым. Аталған клубта, зауытта және Степногорск қаласында қазақ тіліне байланысты мәселелерді көтердік, – дейді ол.

– 1987 жылдан бастап мектептерде информатика атты пән пайда болды. Оларды компьютерлерімен жабдықтау басталды. Зауытқа АҚШ -тан роботтық конвейермен бірге келген компьютермен жұмыс істеп төселгесін, мектептердегі компьютер кабинеттеріне қолғабыс жасадым. Сол кезден бастап компьютерлерді жедел қазақшаландырмасақ, тіліміз далада қалатынын сездім.

1993-94 жылдары Щучинск қаласындағы «Тұран банкінде» ­программист болып жұмыс істедім. Банктің күнделікті операциялық бағдарламасын қазақ тіліне көшірдім. Ал орыс тіліндегі бағдарламаны тек қосымша, аудармаға көмекші ретінде пайдаланатындай қылып қойдым. Еуропалық операторлармен тәжірибе ретінде сынақтан өткіздім.

1994 жылы «Латын негізіндегі қазақ әліпбиіне» авторлық куәлігін алдым. Куәлікті алған бойда Тіл комитетінің сол кездегі төрағасы Сұлтан Оразалиновке барып, осы мәселені талқыладық. Менің инженер ретінде өз ұсыныстарым, ұстанымдарым бар. Латынға көшу үшін өте көп қаржы-қаражат керек деген уәж айтылды. Меніңше, олай емес. Осылай әңгіме сиырқұймышақтанып қала берді.

Егер әлемге ортақ АҚШ пернетақ­тасын қазақ тіліне бейімдесек, көзі­мізді жұмып отырып та қазақша жұмыс істей аламыз. Орыс тілі аса қажет болмай қалады. Ұлттық тіліміздің ерекшеліктеріне нұқсан келтіре қоймас деп ойлаймын. Себебі түріктер де, өзбектер де бұған бейімделіп, өздерінің тілдік пакетін енгізіп қойған. Сол туыс елдердің тәжірибесіне сүйенсек, оң ықпалы болары анық.

Екіншіден, Жетілдірілген де­лінген әліпбидегі Ә, Ө, Ү әріптері ä, ö, ü болып өзгертілген, оған қоса Ғ, Ұ әріптеріне brevis (ğ), macron (ū) белгілері қолданылған. Бұл өзгерістер пайдалану кезінде қолайсыздық тудырады. Меніңше, пернетақтаны көп өзгертуге тырыспаған жөн. Ол біздің әлемдік жүйеге тез кірігуімізге кері ықпалын тигізеді. Мәселен, ABCnet жобасында деректер банкісінің ешқандай ережесі бұзылмайды, тек дауысты әріптерге ғана акут белгісі (Á,Ó,Ý,Ú) қойылады. Қаншама жылдардан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан инженер ретінде ұтымды тәсіл деп көремін. 2018 жылдың 19 ақпанында Елбасы қол қойған латын әліпбиінің нұсқасында да акут қана қолданылған.

Біз Иванов, Алимбетов, Сидоров сияқты фамилияларды латынша жазғанда Ivanov, Alimbetov, Sidorov деп жазуымыз керек шығар. Себебі бұл фамилиялар кез келген банк карточкасында, басқасында болсын осылай жазылады. Ивановың да, Әлімбетовың да бірдей қазақша оқылса несі жаман?

 Қазақ тілінде Ш әрпі жиі кездесетініне қарамастан (ş)-пен жазу дұрыс емес. Жастар Ш әрпін SH қаріптерімен жазуды әдетке айналдырған әрі бұл әлемдік стандартқа сай. Егер шығыс, шығын тағы басқа сөздерден шыққан фамилияларды электронды поштаға, әлеуметтік желілерге , веб-сайтқа жазсақ, күлкілі тіпті анайы сөздер шығады. ­Турасы – Шығысбаев, Шығынбаев, т.б. фамилия­лар: @sygysbaev, @sygynbaev болып оқылады.

 Маркетинг, инжиниринг, консалтинг т.с.с сөздер ABCnet әліпбиде де және жетілдірілген әліпбиде де латынша тура былай жазылады – Marketing, injiniring, konsalting. Енді осыларды әлемнің көпшілігі қазақша мағынада оқиды, ал жетілдірілген латын әліпбиінде біз оны орысша оқимыз. Сонда біз не ұтамыз? Бұл қалайда ойланатын мәселе.

Жазып алған

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

3705 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы