• Қоғам
  • 07 Сәуір, 2021

ҚЫЗЫЛЖАР ӘЛІ ҚЫП-ҚЫЗЫЛ

Петропавл қаласының көрікті келбетіне қарап көңілің марқаяды. Сүйікті шаһарымыздың адам танымастай өзгергенін осыдан он жыл бұрынғы уақытпен әсте салыстыра алмаймыз. Жаңарған нысандар, жасарған көшелер, зәулім үйлер, сәнді құрылыс алаңдары – бәрі-бәрі қаламыздың ажарына ажар қосуда. Алайда жанымызды жабырқататын жайттар да жоқ емес. Бізді облыс орталығындағы көше атауларының қазақшаланбай отырғаны қынжылтады.

Биыл дүйім қазақ елі Тәуелсіз­діктің отыз жылдығын атап өтеді. Осы уақыт бедерінде қаламызда ұлттық ономастика мәселесіне қатысты нендей жұмыстар ат­қарылды десек, дауысымызды жарқын шығара алмай, күмілжіп қалатынымыз жасырын емес. Қаладағы көптеген көше аттарының бұрынғы Кеңес Одағы кезінде қойылғаны, сол кездегі түсінікпен, таныммен үндесетіні ақиқат дүние. Оларды төл құндылықтарымызға сәйкес өзгерту, жаңғырту уақыт талабы емес пе? Мәселен, Колхозный косогор, Коммунальная, Красногородская, Кузнечный, Чапаев, Чкалов, Шмидт, Калюжная, Кошевой, Крепостная, Чайкина, Челюскинская, Коминтерн, Заовражная, Суворов, Г.Я.Михеев, Перминовтар атын-дағы, П.Лазутин, Маяковский, Луговой, Ватутин, Т.С.Позолотин, Свердлов, Урицкий, Вознесенский, Клара Цеткин, Куйбышев, Московский, Некрасов, Пугачев сынды атаулардың халқымыздың тарихына үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын білеміз, сеземіз. Мұны осы жұмыстарға тікелей жауапты мекемелер де жақсы түсінеді. Алайда атқарылып жатқан шаруа мардымсыз. Кейде маған көше аттарын иеленген адамдардың Қазақстанға қандай сіңірген еңбегі бар деген ой келеді. Жастар түгіл, егде жастағы кісілердің өздері кейде көше аттарын иеленген адамдардың кім болғанын білмей жатады. Олардың барлығының бірдей атын атап, түсін түстеп, қандай қызмет атқарғанын айтпай-ақ қояйық. Бір ғана Степан Разин атындағы көше атауының мағынасына тоқталып өтейікші. Кезінде оның қолымен жасалған айуандық істері тарихтан мәлім. Ол тарихи деректермен дәлелденген. Айтуға ауыз бармай отыр. Сөйте тұра Тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп өсіп келе жатқан жастардың: «Мен Степан Разин атындағы көшеде тұрамын» деп айтулары жұртқа да, ұлтқа да сын емес пе?

Петропавлдағы көшелерді қазақшалау былай тұрсын, олардың атауы дұрыс жазылмағанын көргенде қынжыласың. Көше атауларындағы кейбір әріптердің «ұ» – у-ға, «ә» – а-ға, «қ» – к-ге айналғаны өкінішті. Мысалы, облыс орталығында Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болған, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қайсар Тәштитовтің есімі берілген көше бар. Қазақша атауы: Таштитов деп жазылыпты. Сол сияқты Изтолин көшесінің дұрыс атауы Б.Ізтөлин емес пе?

«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 19-шы бабында: «елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай-ақ, басқа да физика-географиялық нысандардың қазақша атаулары басқа тіл­дерде транслитерация ережелеріне сәйкес берілуі тиіс» деп, тайға таңба бас­қандай көрсетілген. Қала көше­ле­ріндегі сауатсыз аудармалар, әріп қателері мен орынсыз қойылған тыныс белгілері тағы бір мақалаға арқау болатын тақырып екені айтпаса да түсінікті. Мұндай сауатсыздыққа тұрғындардың да көзі үйреніп кеткендей.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Тәуелсіздіктің отыз жылында Қызыл­жардағы көшелердің қанша пайызы қазақша атауға ие болды?» деген орынды сұрақ туады. Бұл мәселе бойынша облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына сұрау салған едік. Ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпарат бөлімінің ­басшысы Ернияз Сұлтанов Петропавл қаласында 324 көше бар екенін ­айтты. Ал Тәуелсіздік алған кезеңнен бері 60-70 көшеге ғана жаңа атау беріліпті.

– 2019 жылы Мир көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілсе, оның алдында бірер жыл бұрын облыс орталығындағы ­Явленка тас жолы Қожаберген ­жырау, «Береке» шағынауданындағы Сенная көшесі Қазбек ­Байболов деп өзгертілді. Ал Солнечный кентіндегі көшелерге Е.Зікібаевтің, Ғ.Малдыбаевтың есімдері берілді, – деді Ернияз Рыскелдіұлы. Ономастикалық комиссияның ­басты міндеті – көшелерді қайта атау бойынша тұрғындардан келген ұсыныстарды қарап, соған қатысты қорытынды шығару. Бұл орайда, ­Ернияз Рыскелдіұлы соңғы екі жылда облыс орталығында көше атауларын өзгерту бойынша ешқандай жұмыс жүргізілмегенін жеткізді.

Өткен жылдың соңында облыс­тық ономастика комиссия­сының екі отырысы өтіп, облыс аудандарындағы 336 көшені қайта атау туралы ұсыныстар қаралып, оң қорытынды шығарылғанын айтып өткен жөн.

Басқарма мамандары жалпы облыс бойынша көше атауларын өзгертуге қатысты аудандардан қандай да бір ұсыныс түссе, ономас­тика комиссиясы отырыс өткізуге дайын екенін жеткізді. Бірақ «Алма піс, аузыма түс» деп отыруға тағы болмайды. Облыстық ­ардагерлер кеңесінің мүшесі, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Амангелді Кенжеғозинов Қызылжар қаласындағы көшелерге лайықты тұлғалардың есімдерін беру қажет екенін айтады.

– Қаламызда атауы идеологиялық жағынан ескірген, ұлттық мүдде­мізбен сәйкеспейтін көше көп. Олардың орнына өңірімізден шығып, өнер әлемінде өшпес із қалдырған Сегіз серінің, Ақан серінің, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт күрескері Сұлтанбек Қожановтың, Әлімхан Ермековтің, Бауыржан Момышұлының, ­Шерхан Мұртазаның есімін беру әбден лайық. Сондай-ақ Ботай, Тәуелсіздік жаңғырығы болған Желтоқсан көшесі, ақындар мен хандардың есімдерімен аталатын даңғыл болуы керек. Қаланың атауы өз алдына, бір көшені Қызылжар деп атасақ артық емес. Ұлтқа, халыққа қызмет еткен тау тұлғалы адамдардың есімдерін ұлықтап, ұрпаққа үлгі көрсету абзал, – дей келе ақсақал «Борки» кентіне жаңа қазақша атау беру туралы ұсынысы бар екенін айтты. Еңбек ардагерінің қалада көшелердің атауын өзгертуге қатысты жұмысқа көңілі толмайды.

Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің бір­қатар өңірлерінде қоғамдық тыңда­лымдар өтіп, көше атаулары ауыстырылған болатын. Көрші орналасқан Көкшетаудың өзінде идеологиялық тұрғыдан ескірген 70-ке жуық көше өзгертілген. Көшенің атын ауыстыруды науқандық жұмыс емес, заманның талабы деп ұғынған жөн. Тәуелсіз елдің тың шежіресін жазу өз қолымызда. Ал көше атауларын тарихи, ұлттық танымға сәйкес ауыстырсақ, оның несі айып?

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ

Солтүстік Қазақстан облысы

2282 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы