• Қоғам
  • 07 Сәуір, 2021

БАЛАБАҚШАЛАР

Қазақтың белгілі ақыны, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет алғашқылардың бірі болып, Қостанай облысында «Қазақ тілі» қоғамының шаңырағын көтеріп, ана тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Осы қоғамның облыстық ұйымының төрағасы болды. Тарихи жер-су атауларын қайтаруға белсене атсалысты. «Дала қоңырауы» деп аталатын газет шығарып, сол газеттің тұңғыш редакторы болды. 1997 жылдан бастап «Ана тілі» газетінің штаттан тыс тілшісі. 1994 жылы «Ана тілі» газетінің лауреаты атанды. Кейін Қостанай облыстық ұлт саясаты жөніндегі басқарма басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. 
Газетімізде қаламгердің ана тілі туралы жазған оқшау ойларын жариялап отырмыз.

БАЛАБАҚШАЛАР 

Балабақшалар туралы сөз қозғалса, қолды болып кеткен сол бақшаларды қайтарып алу туралы сөз айтылмайды, бірақ балабақша құрылысы туралы жиі айтылады. Біздің солтүстік аймақта алты ай қыс болатындықтан, ата-аналар балаларын көбінесе өз үйіне жақын бақшаға беруге тырысады. Қазақтар қалалық жерде шашырап орналасқандықтан орыс тілді тұрғындардың үлес салмағы басым түседі де, қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшалардағы топтар не бала ауырып, не ата-анасы айнып қалып, жабылып қалатын жайлар жиі кездеседі.
Ауа райы бұзылса, бастауыш мектепке баратын балалар үйде отырса да, балабақшаға қатынайтын бөбектерге ондай мейірім көрсетілмейді.
Оның үстіне орыс тіліндегі балабақшалар балаларға инкубаторлық тәрбие береді. Олардың дені «здравствуй» және «до свиданиядан» басқаны үйрете алмайды. Не ана тілін білмейтін, не орыс тілін жете түсінбейтін дүбараларды әзірлейді. Ата мен әженің, әке мен ананың тәрбиесін көрмеген немесе шала-шарпы көрген бала өзгенің жағымсыз қылықтарын да бойына тез жұқтырады. 
«Егер қолымда заң-закон қуаты бар адам болсам» деп Абай айтпақшы, халқымыздың болашағына алаңдасақ, осы балабақшаларды түп-түгел жауып тастаса да дәл осыдан қоғамға келетін пайда болмаса, тиетін зиян жоқ. Оның есесіне қаншама тәрбиеші, күтуші, медбике, әдіскер, т.б. мамандар ауадай қажет болып тұрған кадрлардың орнын толтырар еді. Қыруар қаржы жұмсалатын балабақша ғимараттарын мектептер мен оқу орындарына, мәдениет мекемелеріне айналдырса, немесе сол қаражаттың есебінен әрбір ата-анаға баласы мектеп жасына келгенше ай сайын қосымша қомақты жалақы беріп тұрса, қазақ азаматтарының аяулы жарлары мен сүйкімді қарындастарының жүйкесі тозбас еді, бөбектер де таңертең ұйқысы қанған соң оянып, аяз бен боранға, жауын-шашынға ұрынбай өсер еді. 

АДАМ және АЛМА

Адамның жаралуы Адам ата мен Хауа анадан басталады дейміз. Бір ғажабы ана тіліміздегі адам деген сөз осы уақытқа дейін адам деген ардақты атты білдіріп келсе, олар жұмақта жемісін жеген алма ағашының мағынасы да сөздің түбірінде сақталған. Алма – алуға болмайды деп тұрған жоқ па?!
Бір кездері балаларға арнап:
«Алатаудың етегі, 
Алма деген жетеді. 
Алма дейді неге оны? 
Алғым келіп кетеді!» деп өлең жазған едім. 
Осы төрт жолдан ересектер де өздерін­ше қорытынды жасар деген ойдамын.

ДАНА, ШАЛА  ЖӘНЕ БАЛА ҚАЗАҚТАР

Санақ деректеріне қарағанда сан жа­ғынан қазақ халқының үлесі ең аз аймақ Қостанай өңірі екен. Бұл жердің тұрғын­дарын шартты түрде үш топқа бөлуге болады.

1. Дана қазақтар.

Оқыған-тоқығаны мол, көненің көзін көрген, ескінің сөзін білгендер.

2. Шала қазақтар.

Қазақ тілін қажет қылмаған, орыс тілінде құстай қалқыған орта буын.

3. Бала қазақтар.

Бұлар жаңа қазақтар. Үміт еткен көзіміз­дің нұры, ананың жыры болған жас буын.

Тіл саясатының ең өзекті мәселесі –

Дана қазақтардың ақылын алып, құрмет көрсету,

Шала қазақтарды өзекке теппей, бауы­рымызға тарту,

Жаңа қазақтарды тәрбиелеу.

Ұлттық идеологияның алтын арқауы осы болуы керек!

НЕТКЕН ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ?!

Ана тілі төрге шығарса, орыс тілі өрге шығарғаны анық.. Бірақ өзге ұлт өкіл­дерінің біздің ана тілімізді білгендерінің көпшілігінен не қайыр деген сауал кейінгі кезде жиі мазалайды. 
Қазақ тілін үйренген өзге ұлт өкілдеріне қосымша ақша төлейік деген сөздер жиі естіле бастады. Біз орыс тілін үйренгенде, кім ақша төледі екен?!

АНА ТІЛІ – АНАНЫҢ СҮТІ

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуына орай Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры бірнеше жыл бұрын арнаулы байқау жариялаған еді. Ана тілінің насихатына арналған жарнама, меніңше, әрі қысқа, әрі нұсқа болуы шарт. Өз басым жарнамаға арналған мынандай мәтіндерді ұсынар едім:

1.Ана тілі – атаның құты,

Ана тілі – ананың сүті

2.Мемлекеттік тіл – еліме нұр!

Мемлекеттік тіл – сенімге кір!

Мемлекеттік тіл – дәстүрді біл!

3.Тіліміз – жарық күніміз,

Тіліміз – жарқын үніміз

4. Ана тілі – ананың жыры,

Ана тілі – баланың үні,

Ана тілі – дананың сыры

5. Атамекен – бірлігімнің айғағы,

Ана тілім – тірлігімнің қайнары.

6. Екі аяғың, екі қолың – ана тіл,

Келген жерің, жүргең жолың – ана тіл,

Өмір бойы жиған қорың – ана тіл,

Ішкен асың, киген тоның – ана тіл.

7. Өрге шығаратын – мемлекеттік тіл,

Төрге шығаратын – мемлекеттік тіл,

Сондықтан мемлекеттік тілді біл!

8. Тілде – бірлік, берекеміз,

Тіл сақталса – ел екенбіз.

9. Ана тіл – анамыздың ар-намысы,

Ана тіл – бабамыздың толғанысы.

10. Ана тіл – бар қызығым, азап-мұңым,

Ана тіл – ар-ожданым, азаттығым.

 

НЕ ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРДІК?

Қазақстанды мекен ететін өзге ұлт өкілдеріне деген ілтипат кейінгі уақытта айрықша сипатқа ие болып барады. ­Герольд Бельгердей неміске, Асылы ­Османовадай әзербайжанға қандай құрмет көрсетсек те лайық. Мәселен, Герольд Бельгердің «Шалдыр-шатпағы» («Плетение чепухи») қазақтың жүз жазушысының «балдыр-батпағынан» мың есе артық. Алайда, қазақ тілінде сөйлейтіндердің бәрі бірдей періште емес қой. Олардың ­арасында қазақтың күйеулері мен жиендері де аз емес. Солардың кейбіреуіне: «Қызымызды бердік, қызметімізді бердік, сонда күйеу баладан не жақсылық көрдік?!» деп айтқың келіп тұрады.

АТА-ТЕК ТУРАЛЫ

Орыс тіліндегі сөйлемдердің өзін жынысқа бөлу дегенді түсіну қиын. Мұндай бөліністі білмейтін қазақ тілінің мүмкіндігі әлдеқайда кең екені айтпаса да түсінікті. Бірақ оқытушы қыз-келіншектерді мұғалима, мәжілісті басқарған төрағаны төрайым деп атау ара-тұра болса да тілімізде ұшырасады. Кезінде әйел азамат деген сөз азаматша деп айтылғанын да білеміз. Қалай болса да бұлардың бәрі кейін кірген сөздер. Орыс тіліне еліктеуден туған сөздер. Сөздердің түп негізінде ер мен әйелге деген көзқарас жатыр. Ер мен әйел теңдігін насихаттап жүрміз дейтін орыстар іс жүзінде оған қарама-қайшы, әйелді немесе еркекті төмендететін, басқаша айтқанда ерекшелейтін сөз саптауға жүгінсе, нағыз тепе-теңдік біздің ана тілімізде сақталған. Ата-текке де «ов» немесе «ова» деген жалғауды жапсырудың мүлде қажеті жоқ секілді. 

Ақылбек ШАЯХМЕТ

 

 

1499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы