• Руханият
  • 07 Сәуір, 2021

Рамазан – кемелдену айы

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни 
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді

Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен

сәлемі болсын!

 

Құрметті қауым!

Баршаңызды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!

Жаратушы Жаббар Иеміз әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын берекелі айда ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, оқыған намазымызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың берген садақаларын қабыл еткей!

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені­ ­Рамазан – кез келген ізгі амалды ­риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ.    

Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы» деген.

Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ихсан ілімін» кеңінен насихаттап келеді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Бұл – әр амалды көркем түрде орындауға үйрететін ілім. Осы ретте рухани кемелдену айы – ­Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылып, тұлабойымызда көркем мінез құндылықтарын қалыптастыруға тырысқанымыз абзал.

Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, адамзатты қауіп-қатерден аман еткей. Әмин!

Құрметті жамағат!

Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын.

Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы алпыстан асқан аға-апаларымды ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің тиісті кеңесін алуға шақырамын. Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режимде жүргізуді жалғастырады. Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтан оқылады.

Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, өткен жылы жүзеге асырған жобамыз бойынша пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын тағы ұсынып отырмыз.

Сіздерді пандемия кезінде барынша сақтанып жүруге, адам көп шоғырланған орындарға бармауға, ауыз бекіткен жағдайда дұрыс тамақтануға, мүмкіндігінше жұмыс кестесін ыңғайлап, денсаулықты күтуге үндеймін.

Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандарға айтарым: ауызашар қораптарын еріктілер ­немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болатынын қаперлеріңізге саламын. Діни басқарма Ра­мазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырырып, қайырымдылық іс-шараларын жоспарлы түрде жүзеге асырады. Баршаңызды игі іске үлес қосуға шақырамын.

Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаб­батына бөленетін ай. Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді» деген.

Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей!

Жаратушы Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әмин!

 

1584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы