• Қоғам
  • 08 Сәуір, 2021

ЦИФР ЗАМАНЫНА ЖЕТТІК, БІРАҚ ЦИФР – АҚЫРЗАМАН ЕМЕС

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты

Дүние есігін ашқан кезде перзентханада нәресте қолына тағылатын білезік-жазбадан бастап, адам өмірінің соңында құлпытасқа бедерленетін ақпаратқа дейін негізінен цифрмен таңбаланатыны ақиқат. Сол екі аралықтағы уақыт ішінде бәріміз қаптаған цифрдың қайнаған ортасында өмір кешеміз. 

Цифрландыру ісі нарық заманының қажеттілігіне айналды десек, артық айтқандық емес. Бүгінде дүниежүзі халқы төртінші өнеркәсіптік революцияның атына ғана емес, затына куә ­болып отыр. Шындығында, 3D принт, мобильді банкинг, онлайн ­сауда, басқа да цифрлық қызметтер бұрын кімнің ойына келіпті? Қашықтық пен кеңістік, биіктік пен тереңдік қана емес, адамның әлеуеті, оның есі мен жады, басқа да мүмкіндіктеріне дейін есеп-қисапты, цифрды құрайды. Жер бөлу мен беру, оның пайдалану жағдайын ғарыштан бақылау, тұрғын үйдің шаршы алаңын есептеу, әуе, теміржол, көше қозғалысын бақылау, бизнес үдерістерін жүргізу, түрлі есеп айырысу – бәрі-бәрі жаппай цифрға көшіп жатқаны – өмірдің шындығы. Әлемде осылай технологиялардың қарыштап дамуы мен бет алысы өркениеттер арасында шексіз дерлік жады бар супер компьютерлер жасаудың бәсекесін қыздыра түскені аян. Күнделікті өмір мен тұрмысты цифр билей бастады. Жүру-тұру, ұшу-қону, құрылыс салу, тіпті кітап басу мен оқу, тас қашау, сурет салу мен нота жазу, киім тігу, егіс егу мен ас даярлау, басқа да көптеген қызметтер, іс-әрекеттер алдағы уақытта бірыңғай цифрлық технология арқылы атқарылатынына көңіліміз сенді.

Қазірдің өзінде сағаттың, санамның (датаның), ауа райының көрсеткіші, мекенжай, үйдің, көшенің, телефонның нөмірлері, жол ұзақтығы, өрлеу мен құлдилау шегі, жердің, судың, барша дүние-мүккәмалдың, заттың, нәрсенің көлемі, киім-кешектің өлшемі, азық-түлік пен тұтыну тауарларының бағасы, валюта құны, жұмыс күні мен өтілі, адамның жұмсаған күші, басқан қадамы, салмағы мен бойы, ойы, тағы басқасы цифрмен ғана сөйлейді. Табысымыз бен шығысымыздың, ортасында жоғалтатынымыздың болжамы да цифрға енгізілген.

Жоспарлар мен жобалардың өлшемшарттары, межелердің мөлшері арнайы бағдарламалар арқылы сұрыпталады.

Атап айтсақ, белгіленген жоспар бойынша, 2025 жылға қарай индустрияландырудың маңызды бір элементі ретінде цифрға көшу кәсіпорындарда еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруға тиіс. Бізді осындай нақты меже күтіп тұр десе болады. Оның зерттеу, сынақ-тәжірибе, енгізу жұмыстарына 5,5 миллиард евро қарастырылған. Маңызды істі зерттеуге жұмылған Германия, Швеция сияқты озық елдердің, соның ішінде әлемге аты әйгілі Финнің Nokia халықаралық телекоммуникация компаниясы сарапшы мамандарының пікіріне құлақ түрсек, біздегі бинес өкілдері цифрлық инфрақұрылымның болашағына, экономикалық тиімділігіне, шешу жолдарын табуға әлі күнге дейін жете мән беріп отырған жоқ сияқты. Тиісті мемлекеттік құрылымдар жағынан ынталандыру да мәз емес көрінеді. Келесі жылдан бастап аталған бағытты дамыту үшін өнеркәсіптік гранттар да беріле бастамақ. Сол арқылы қосымша қаржыландыру әдісімен өңдеу саласындағы өндірістік қуатты жаңғыртуды көздейтін болады.

Адам факторының әсерін азайтып, цифрлық трансформацияны іске асыруда отандық ғылыми-зерттеу институттары, IT компаниялар, олардың мамандары үлкен рөл атқаруға тиіс. Кәсіби мамандарды қосымша оқытып, арнайы салалар бойынша даярлаған жөн. Жаңа технологияларды не үшін енгіземіз? Еліміздегі ірі өнеркәсіптердің резервтерін, әлеуетін толық ашып, өнімдерін көптеп экспорттайтын кез келді. Еңбек өнімділігін еселеп көбейту қажет. Сондықтан дамыған, өндірістерін цифр­ландырып үлгерген озық елдерден үйренуден, тәжірибе алмасудан несіне қысыламыз? Біз оған мұқтажбыз әрі қоғамның дамуы үшін аса қажеттілік десе болады. Ең бастысы – біздің экономикамызға, менталитетімізге оң ықпал етеді. Өйткені, жаңа технологияның да, жасанды зерденің (интеллект) де қайнар көзі – адам, оның ақыл-ойы, білімі мен парасаты. Ендігі жерде бірнеше адамның жұмысын үздіксіз алмастыруға қабілетті ­робот техникаларын іске жарататын, интернет дамуының жоғары деңгейімен, ұялы желілердің бесінші толқынымен (5G) жұмыс істейтін ұрпағымыздың жаңа буыны өсіп келе жатқанына үміт артамыз. Білім мен тәрбие, ғылым мен инновация ісінде сабақтастық орнатқан кез келген қоғам қиындықтарды еңсеріп, еңбек жемісін ерте көреді. Мұның бәрін жеделтетудің ықпалды жолдарын қарастырған жөн болар еді. Соның ішінде, мемлекеттік тілді оқып-үйрену, әлеуметтік көмек көрсету, табиғатты, жалпы адам құқығын қорғау сияқты күн тәртібіндегі мәселелерді шешуді цифрландыру неғұрлым тезірек іске қосылса, соғұрлым бұл үрдіс бұқара халықтың қолдауына ие болатыны даусыз. Мәселен, қазір елімізде мемлекеттік қызметтердің жалпы саны Реестрге сәйкес 698 құраса, соның 674 – мемлекеттік корпорация арқылы, ал 649 – «Электрондық үкімет» арқылы көрсетіледі екен. Алайда қалың көпшілік оларды пайдаланудың қолайлы, ұтымды екендігінен әлі бейхабар. Сондықтан ағартушылық, насихат ісімен қатар тұтынушыларды ынталандыруды ойластырған артық болмас еді. Одан басқа көп елдердің үлкен қалаларында цифрландыру жетістіктерін, интернетті тегін пайдалану алаңдары, аймақтары, аудандары іске қосылған. Біздің қалаларда, ірі орталықтарда да халықты әлеуметтік қолдау ретінде неге солай ұйымдастырмасқа деген сұрақ туындайды. Әрине, мұндай көпшілікке арналған істе көзбояушылық, науқаншылдық, боссөзділік, жемқорлық сияқты жат әрекеттер бірден көзге түсері хақ. Ескеретін тағы бір маңызды жайтты ұмытпалық. Барлық тіршілік нышандарының цифрға көшуін «ақырзаманға» тіреп қою – кері тарту, жұртты адастыру, надандықты надандықпен бүркеу. Енді әлем өнердің озығымен өркениеті дамудың жаңа белесіне көтеріліп, ғылым мен білімнің тың жетістіктерін күнделікті пайдалана бастайды.

Санамыздың заманға сәйкес тез өзгеруі, цифрлық технологияларды енгізу барысында ұлттық, адамзаттық құндылықтарды орайымен жаңғырту кешікпеуі тиіс. Дамуды ойлаған ел пайдалы істің дұрыс-бұрысын қырық жыл талқыламайды, тәуекел деп, қырық жыл тәжірибе барысында шыңдалады. Әрі қарай елуінші жылда елдің жаңарар кезеңге аяқ басатынын терең түсініп, тағы да жаңа асуды бағындыруға тәуекел етеді.

Цифрлану мен цифр заманы – тығырыққа қамау емес, тығы­рықтан шығу жолы екенін көңілімізге мықтап түйелік.

1692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы