• Тарих
  • 08 Сәуір, 2021

ҚУҒЫН -СҮРГІН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІ

Адамзат баласы қуғын-сүргінді ежелден білді. Спартак бастаған құлдар көтерілісін, Пугачев бастаған басыбайлы шаруалар көтерілісін жаншу, жеңілген Наполеонның жақтастарына қарсы ұйымдастырылған «ақ террор» қуғын-сүргіннің ұзына тарихынан хабар береді. Әріге бармай, қазақ хандығы дәуіріне көз жүгіртсек, XVII ғасыр басындағы «Қатаған қырғынын» қуғын-сүргін санатына жатқызуға негіз бар. Ол Есім хан мен Тұрсын ханның тақ үшін таласынан шыққан қанды оқиға еді. Ресей бодан­дығына кіргеннен соң бұрқ еткен билік төңірегіндегі талас – ­Сырым батыр көте­рілісі де қантөгіске, қуғын-сүргінге ұласты. Бірақ атауы ауыр болғанмен, адам шығыны жағы­нан әлемдік тарихта өзіндік орны бар жоғарыда айтылғандармен теңесе алмайды. 

ҚУҒЫН-СҮРГІН  БАСТАУЛАРЫ МЕН СИПАТЫ

Нағыз қуғын-сүргінді қазақ қоғамы XIX ғасырда бастан кешті. Азаттықты аңсау, сол үшін күресу ауыр қылмыс саналды. Патшалық билік қазақтардың түрлі наразылықтары мен көтерілістерін аяусыз басу үшін жазалаушы әскерін жіберді, түрмелер салды, зілді заң актілерін қабылдады, ұсталғандарды «итжеккенге» айдады. Ұлы далаға келімсектерді тоғыту, жерді мемлекет меншігіне алу, діни, әкім­шілік қысымдар – бәрі қуғын-сүргін салмағын ауырлатты.

Қуғын-сүргіннің ең сорақы түрлері қазақ баласына большевизммен келді. Оның шеңгеліне биліктен алыс, саясатқа қызықпаған, кінәсіз қарапайым жандар ілінді. Балалар мен әйелдер лагері ашылды. Қылышынан қан тамған лениндік-сталиндік режимнің 36 жылы ішінде зорлық-зомбылықпен, алдау-арбаумен Қазақстанға кем дегенде 5 млн басқа ұлт өкілдері жеткізілді. Егер сол мерзім ішінде республика халқының саны айтарлықтай өзгермегенін қаперге алсақ, шамамен, 5 млн қазақ қуғын-сүргін құрбаны болғанын болжай аламыз. Ата-ана ұрпағынан, ұрпағы ата-анасынан айырылды (мәселен, аштықтан үзілгенін көзімен көрді), өлі-тірісін білмеген күйде өмірден озды (хабар-ошарсыз кеткендер көп).

Жылымық пен тоқырау қуғын-сүргінді бәсеңдеткені рас, бірақ біржолата тоқтатқан жоқ. Орыстандыру саясатына басымдық берілді.  Қылмысын жасыру үшін тоталитаризм мың-сан айла-шарғы қолданды. Басты кінәлілері мен айыптаулары: үстем тап өкілі, контра, халық жауы, буржуазиялық ұлтшыл, масыл, шпион деп дәйектелгенімен, түп көздегені қазақ халқын, жерінің асты-үстіндегі байлықты Мәскеудің уысы­нан шығармау еді. Тұтас халықтарды депортациялау, орыс жазушысы А.Солженицын жазғандай, Қазақстанды Қазэкстанға айналдырды.

Кеңестік тоталитарлық қуғын-сүргін­нің сипатын сөз қылғанда қатпары қалың факторларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл орайда капиталистік және социалистік жүйелер арасындағы бәсеке мен текетірес, фашизмнің бас көтеруі мен жеңілісі, отарлық бұғаудың күйреуі, технологиялық артықшылықтар, жаһандану үлкен маңызға ие. Көп мәселе билік табиғатынан бастау алады. Боль­шевиктер басшылыққа алған ком­мунистік құрылыс теориясы мен практикасы ХХ ғасырдағы қоғамның, адамның, материалдық-рухани өндірістің, құқық пен демократияның, саяси, ұлттық, т.б. үдерістердің прогрессивті мүдделеріне және сұраныстарына сәйкес келмегендіктен авторитарлық, тоталитарлық билік жүйесі мен идеологиясын мейлінше күшейтті. Адам құқығын, тұтас ұлттардың мұратын таптаған бұл жаңсақ түсінік  КСРО-да ғана емес, бүкіл социалистік лагерьде, социализм құрмақ болған дамушы мемлекеттерде айна-қатесіз қайталанды. Демек, сипаты жағынан Қазақстандағы қуғын-сүргін аумақтық өлшеммен шектелмей, жаһандық өркениетке, адамшылыққа қарсы қылмыс ретінде зерттелуі һәм айыпталуы керек.

Ол ұлттық тарихымыздың қасіретті беттерін жазды.  Мәселенің мәнісі тарихты кімнің түзетінінде. Ғасырға жуық ұлықтағандай тарих қозғалысында бірінші орында қоғамдық-экономикалық формация, меншік түрі, пролетариаттың партиясы мен идеологиясы тұрмайды. Біздің ойымызша, тарихты түзуші үш күш бар: бірі – халық, екіншісі – тұлға, үшіншісі – билік. Осылардың қолымен, ақылымен, шешімімен материалдық өндіріс, руханият, қоғам өзгереді, олар өз кезегінде тарихтың субъектілерін алға жетелейді. Сыртқы күш жаулап немесе отарлап алмаса, зорлықпен өз дегенін істетпесе, нақты аумақтағы халықтың, тұлғаның, биліктің тіршілігі, тарихтың қозғалысы, негізінен, табиғи-ырғақты жүретіні ақиқат. Тізгінді жат қолына берген елдің қайшылықты, жасанды, болашағы бұлыңғыр тарихы басталады. Өйткені әлеуметтік және саяси субъектілердің жасампаздық әлеуеті ашылмайтын, қоғам сұранысы өз деңгейінде өтелмейтін ахуал қалыптасады. Бұған үздіксіз қуғын-сүргін қосылғанда «бастан құлақ садақа» демеске шара қалмайды.

МЕНТАЛИТЕТ  ЖӘНЕ ТАРИХ

Алдымен, менталитет дегеніміз не екенін анықтап алайық. Менталитет адамдар қауымдастығына ғана тән. Оның нышаны алғашқы адамдарда да болғаны сөзсіз. Менталитеттің бірінші шарықтау шыңы sapiens-тің пайда болуы деп ­санаймын. Сонымен, менталитет дегеніміз – халықтың интеллектуалды әлемінің негізі (ақыл-есі), іс-әрекетінің қуаты (рухы), ұлттық коды (болмысы). Осының бәрі және әрқайсысы өзге этнос­тармен ұқсастығын, алыс-жақындығын, сондай-ақ төлтумалығы мен ерекшелігін айшықтап тұрады. Есте жоқ ескі заманнан әлем бірігу мен кірігу үстінде. Ол да тарих пен менталитетке таңбасын салады.

Тарихтан тыс менталитет жоқ, менталитеттен тыс тарих жоқ. Бұл арақатынаста алдымен тарих, сонан соң – менталитет формуласы жүрмейді. Биік менталитет аясында ұлттық «Мен» қалыптасады. Онсыз қазақтың ән-күйін, шешендік сөздерін, мінезін, психологиясын түсінбек түгілі елестету мүмкін емес. 

Ұлы дала небір қилы заманды, елайырылғанды, «ақтабан шұбырындыны» бастан кешті. Халықтардың ұлы көші, қарақытайдың, арабтың, Шыңғыс ханның жаулап алулары, жоңғармен соғыс – бәрі институционалды өзгерістерге, менталитеттің жаңаша түрленуіне, тіпті антропологиямыздың еуропоидтан моңғолоидқа көшуіне түрткі болды. Бірақ бұл сынақтардың бірде-біреуі зардаптары жағынан кеңестік тоталитаризм теориясымен, практикасымен, қылмысымен иық тірестіре алмайды. Турасын айтқанда, бізге үстемдік еткісі келгендердің бәрі уақыт өте келе қазақтанып кетті. 1731 жылдан кейін, жыраулар әдебиетінде айтылатын көзі көк, молдасы поп қарашекпенділер қазақтың болмысы мен тарихына тән эволюция мен ерекшелікті түбегейлі бұза алмады.

Қазан төңкерісі халқымыздың тағдырын, тұлғаларымыздың жасампаз әлеуетін, билік институттарын бұрын-соңды адам көріп-білмеген арнаға бұрып жіберді. Менталдық құндылық пен ұстаным биігінен саралағанда, осылардың мәнін ашуға, мазмұны мен ерекшелігін түсінуге шылбыр ұстататын термин-категория – қуғын-сүргін. Қуғын-сүргінге ашаршылықты, үлкенді-кішілі саяси науқандарды, депортацияны ғана жатқызсақ, қателесеміз. Дүние есігін ашқанда азан шақырып қойған есіміңді құжатқа дұрыс жазбағаннан о дүниеге аттанғанда жаназа шығаруға, құран оқуға дейінгі аралықтағы шектеулер адам құқығының күнделікті өмірде, ұжымда, басқа да салаларда өрескел бұзылуы – нағыз қуғын-сүргіннің өзі. 

Қазақ менталитетінің эволюциясын әдебиеттегі кейіпкерлер бейнесінен, нақты өмірдегі тұлғалар тағдырынан көруге болады. Мәселен, революцияның алғашқы жылдарындағы Сәкеннің Хамиті барлық болмысын, рухын, ақыл-есін жұмылдырып, банданы қуа алса, Бейімбеттің Құрымбайы 20-жылдарғы алым-салық жинау науқанында ауыл­дағы қарапайым қазақ қызының наразы­лығынан сасып, апалақтап қалады. Бейімбеттің кеше ғана от басы, ошақ қасында жүрген Раушаны оп-оңай адуынды коммунистке айналып шыға келеді. Ұлттық менталитеті темірдей Ж.Тәшенов қызыл патша Хрущевтің тың өлкесін Ресейге қарату жайлы сұрқия саясатын жүзеге асыртпай, лауазымды қызметін тәрк еткенде бар болғаны 46 жаста екен. Оттай жанған Қ.Рысқұлбеков қазақтың намысын қорғап, жас өмірін құрбандыққа шалғанда 20-дан енді ғана асқан еді. Халықтың тағдырын менталитеттен бөле-жара қарауға болмайды.

 

МЕНТАЛИТЕТ МИЯТЫ

Жат қолына қараған кеңестік Қазақстан тек жағымсыз құбылыстардан тұрды деуден аулақпыз. Миллиондаған қазақ білім алды, қалаған мамандығының иесі атанды. Отбасын құрды, дүниеге ұрпақ әкелді. Сөйте тұра жолы болғандардың менталитеті жағымды, тағдыр тәлкегіне түскендер менталитеті жағымсыз дей алмаймыз. Адамдар өмірдің өзі сияқты сан-алуан менталитеттің тасушысы. ­Басты өлшемге ұлттық кодты сақтаудағы үлесін алсақ, қазақ менталитетінің миятына үш қауымды жатқызамыз. Бірінші қауым – атаның күшімен, ананың сүтімен дарыған табиғат аясынан шықпағандар. Сыңаржақ саясаттан, ақыл-есті шатыстыратын идеологиядан, әсіре науқандардан аулақ тұруымен мына қоғамда не ­болып жатыр, болашағы қандай ­деген сұрақтарға жауап іздемегендер, жас ерекшелігіне қарай ізденуге дайын емес­тер. Халықтың басым бөлігін құраған осы қауым индустрияландырудың, урба­низацияланудың, ғылыми-техникалық прогрестің азды-көпті жаңалықтарын қабылдай отырып, дәстүрлі құндылықтар мен басымдықтарды қапысыз сақтай алды. Сонысымен бұлар – қазақ менталитетінің сенімді қамал-қорғандары, қатардағы тасушылары. Қуғын-сүргін, әрине, үрейлендірді, бірақ тағдыр жазған миссиясынан жаңылдыра алмады. Қандай заманды бастан кешсе де, тума менталитет иесі ата-жұрттан табан аудармады, туған халқының, Отанының, жерінің тағдырына бейжай қараған емес. Ақылы мен рухы Алтайдан Атырауды, Каспийден Балқашты қылаудай артық-кем санамағаны күмәнсіз.

Екінші үлкен қауым – ұлттық мен­талитеттің белсенді факторлары. Қазақтың рухы мен болмысын жаңа ұрпаққа аманаттағанына қоса ақыл-естің адаспауы, салауатты менталитеті үшін күрес­кендер. Бұл қайраткер топты алашшыл, лениншіл, діншіл, кадетшіл, эсершіл, т.б. «шіліктерге» жіктеудің қажеті жоқ. Мұндай «шіліктерге» апарған менталитет емес, оқумен, ізденумен, қызметпен өзгерген танымы. Менталитеті халқымен, тарихымен бірге өрілген жан фашистік ортада да, коммунистік ортада да «малым жанымның, жаным арымның садағасы» қағидасын мүлтіксіз сақтай алады, мансаптың биік шыңына көтерілуі бек мүмкін. Бұған М.Шоқайдың, Т.Рысқұловтың, Д.Қонаевтың тағдырлары дәлел. Большевик Сәкен де, Алашшыл Ж.Аймауытов та, ғалым Е.Бекмаханов та, студент Қ.Рысқұлбеков те халқы үшін жапа шекті, құрбан болды. Өйткені нағыз қазақ менталитетіне қылаудай шаң жуытпады, саф алтындай таза күйінде кейінгі ұрпаққа аманаттады. Менталитет қайраткерлері шетінен оқыған азамат болуы керек деген заңдылық жоқ. Бар болу мен бордай тозу егескенде ақыл-есі дұрыс адамның ұстанымын рухы мен болмысы анықтайды. Екінші қауым шоғырында тоталитаризмге қарсы көтеріліске шыққандар, оларды белсенді қолдаушылар тұр. Қуғын-сүргіннен ең ауыр соққы алғандар – екінші топтағылар. 

Үшінші қауымға қуғын-сүргін саяса­тының желі қайда соқса, соған қарай жығылатындарды жатқызамыз. «Халық жауларын» айыптаған жиында көппен бірге қолын көтеріп, саясатты қолдағандай сыңай танытушы бар да, белсенділігімен, білімімен, ғылымымен айғайға аттан қосқандар, күнәға белшесінен батқандар, шолақбелсенділер бар. Шолақбелсенділер саяси басқарушы (политико-­управленческая) интеллигенция мен құқыққор­ғаушы мамандар тобынан көп шықты. Менің ойымша, Алаш қозғалысымен бой көтерген жаңа тұрпаттағы саяси басқарушы және құқыққорғаушы зиялылар большевиктердің ұйымдастыруымен, аяусыз қуғын-сүргінмен жойылып, партиялық іріктеумен орнын басқандар, тұтастай алғанда, қазақ менталитетіне кереғар іс-әрекетімен тарихқа енді.

Кімнің кім екені байлық пен билік қолға тигенде, сын сағаты басқа түскенде білінеді. Кеңестік жылдардағы қазақ билік пен байлыққа шомыла қойған жоқ, есесіне үздіксіз сынақ үстінде жүрді. Соған қарамастан халқымыздың діңі, мияты, қос қауымның дүниетанымы мен өмір салтынан, менталитетінен құштарлық (оптимизм), ізгілік (гуманизм) және сенім тарқаған емес. Ол аспаннан түсе қалған жоқ. Керей мен Жәнібек, Тәуке мен Абылай хандар заманынан бері осылай. Ұлттық тарихымыз құштарлыққа, ізгілікке, сенімге толы. Сол себепті онда біз ұялатын ешнәрсе жоқ. Құштарлығының қайнар көзінің бірі түпжаратушыға жүгінуі, екіншісі ұжымдық-рулық психологиясы, үшіншісі өзіне сенуі. Қазақтың исламға дейінгі түпжаратушысы – Тәңірі, ислам діні орныққаннан кейінгі түпжаратушысы – Құдай. Байқасақ, Тәңірге де, Құдайға да міндет артпайды, үмітпен қарайды. Ұжымдық-рулық психологиясы дәстүрлі өмір сүру ортасының талабынан туындаған. Үздік жетістігі – қанды таза сақтағаны, жеті атаға дейін қыз алыспау салты, туыстық қарым-қатынас этикасы мен философиясы. Социалистік идея оған қайшы келмеді. Ал өзіне сенімін ұлы даланың табиғаты, географиясы, шаруашылық-мәдени кешені, әлеуметтік-саяси қатынастары сомдаған. Мұның болмысын Абай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген жолдармен ашқан ғой.

Менталитет тасушыларын, қос қауым­ның миссиясын бір арнаға тоғыстырған не күш десеңіз, ол – мемлекетшіл сана. Қысқа мерзім ғана өмір сүрген Алаш Орда мен Түркістан мұхтарияты, 1920 жылы шаңырақ көтерген Қазақ автономиясы, боль­шевиктердің әрбір халық өзін өзі билеуге құқылы деген бағдарламалық қағи­дасы ұлы даладағы мемлекетшіл санаға қанат бітірді. Бірте-бірте ол социалистік мазмұнмен көмкерілді. Тіпті лауазымды қызметтердегі игі жақсыларымыз да әділетті қоғам орнатып жатқандарына сенді. Сабырға шақырған, большевизмнің қулығына құрық бойламайтынын ескерткен Алаш арыстарының бірін естісе, екіншісін естуден қалды.

Тәуелсіз елімізге мемлекетшіл сана ауадай қажет. Ол ұлттық менталитетті жасампаз күшке айналдыратынын Жапония тәжірибесі мен тарихы толық дәлелдеді. ХХ ғасыр басындағы Алаш ардақтыларының жапон моделін ұлықтауы астарында терең мағына жатқанын ұғынсақ, жаман болмаймыз. Ештен кеш жақсы.

ҚУҒЫН-СҮРГІН

ЭВОЛЮЦИЯСЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қуғын-сүргін статикалық құбылыс емес. Қандай кезеңінде де жаһандық өркениетке, адамшылыққа қарсы қылмыстық сипаты сақтала берді. Азаматтарды бірлік пен биліктен, құқық пен бостандықтан, жер мен меншіктен, ана тілі мен руханияттан ажырату, сабақтастық пен жалғастықты бұзу асқан қатігездікпен жүзеге асырылды. Кеңестік қуғын-сүргін халқымыздың менталитетінде де ауыр із қалдырды.

Оның дем берушісі партия органдары, іске асырушысы төтенше комиссия (ВЧК), біріккен саяси басқарма (ОГПУ), ішкі істер халық комиссариаты (НКВД), кейінгі мұрагерлері. Осылардың тарихын – ішкі құрылымын қаржыландырылуын, өкілеттігі мен құзыретін, штаттық кестесін, т.б.с.с. жаңаша зерттеу қажет. Сонда қуғын-сүргіннің эволюциясы мен ерекшеліктері ашылады. Кеңестік қиянат нұсқасының Қазақстанда пайда болуы, шарықтауы, дағдарысы үш кезеңнен өтті.

Бірінші кезең – 1917-1928 жылдар. Социалистік идеяны жүзеге асырудың негізгі тәсіліне айналды. Алғашқыда сақтықпен қолданылды, кейде шегініске де барды. Бабаларымыздың рухани мұрасы аса мығым болғандықтан ұлттық менталитетті шайқай алмады.

Екіншісі – 1929-1953 жылдар. Тота­ли­тарлық зорлық-зомбылықтың, заңсыз­дықтың шарықтаған тұсы. Үш ұрпаққа аяусыз қолданылған қуғын-сүргін ұлттық апатты әкелді. Қазақстан аумағынан асып, халықаралық ауқымда – Қытайдағы, Моңғолиядағы қандастарымызға да қолданылып жатты. Ұлттық менталитеттің үш құрамдас бөлігіне – ақыл-ес, рух, болмысқа әлеуметтік негізінен ажырау қаупі төнді. Егер кеш қалыптасқан немесе менталитеті әлжуаз халық болсақ, 30-жылдарғы алапат ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргіннен кейін басқаның құрамына жұтылып кетер едік.

Үшінші кезеңі – 1954-1991 жылдар. Бұған әшкереленуі мен бәсеңдеуі тән. Себебі социализм ізгіленген жоқ, тоталитаризмнің зәрлі уыты сарқылды. Алайда ұлттық апаттың салдары анық көрінді. Қазақ мектебі, тілі, салт-дәстүрі, ислам діні атасына қымбат, немереге жат бола бастады. Мәңгүрттенгендер жалған саяси мәдениет пен қатысудың арбауына түсті. Демографиялық азшы­лықтағы қазақты, менталитетін құтқарып қалғандар бабаларымыздан жеткен рухани мұра, дүниеге ұрпақ әкелу үдерісін бәсеңдетпеген аналарымыз, ақылды, рух пен болмысты заманауи биікке жаңғыртқан гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық саладағы ­зиялыларымыз. Халықаралық қатынастар мен әлемдік ақпарат кеңістігіне кіру оң нәтижесін берді.

Қазақстандағы қуғын-сүргін ­ерекше­ліктері:

1. ХХ ғасыр басында Ресей им­пе­рия­сындағы қазақтар түркі халық­тарының құрамындағы интеллектуал­ды әлеуеті, қоғамдық-саяси бел­сенділігі тұрғысынан да көш басында тұрды. Қуғын-сүргін осы күштің демографиялық ресурсын жойып ­жі­беруге шақ қалды, қайраткер зиялы қауымын бас көтермейтіндей жаншыды, менталитетінің ұлттық тамырын суалтты. Одақтас республикалардың бірде-бір байырғы халқы тап қазақтай апатқа ұшыраған жоқ. Ғасыр басындағы 6 млн. қазақтан 1939 жылы тарихи отанында 2.3 млн қалды. 1926 жылғы санақта біз­ден әлдеқайда аз өзбектер 4.8 млн-ға жетіпті.

2. Қуғын-сүргіннің даярлық кезеңі бүкіл КСРО-да орын алғанымен, оған жаппай сипат беру Қазақстанда ­Голощекин факторымен ертерек ­басталып кетті. 20-жылдардың екінші жартысындағы «Кіші қазан» науқаны, байтұрсыновщинамен, рысқұловщинамен, қожановщинамен күрес, елден ығыстыру, Алашорда басшыларын жаппай қамау осының айғақ-дәлелі. Тіпті Мәскеудің өзінде Бухаринді, Каменевті, Зиновьевті саяси тұғырдан түсіру 30-жылдары жүзеге асқаны белгілі.

3. Қазақтың мемлекетшіл санасы мен менталитеті кеңестік 40 жыл бойы қуғын-сүргінге септесу функциясын атқарды. Өйткені мемлекеттік билікті жаман­шылыққа қимады. «Өкімет өлтір­мейді» деген сөз содан шыққан шығар, сірә. Диссиденттік, оппозициялық қозға­лыстардың әлсіздігін де осыдан көремін.

4. Менталитетімізді тығырыққа тіреген социалистік мемлекетшіл сананың ыдырауы 40 жыл өткен соң басталды. 60-жылдардағы «Жас тұлпар» мен О.Сүлейменов құбылысы, 70-жылдардағы «АЗиЯ » мен Целиноград оқиғасы, 86 жылғы Желтоқсан көтерілісі ұлттық тарих сахнасына жаңа менталитет пен жаңа қазақ баласы көтерілгенін айғақтады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы тапсырмасы мен шешімі отандық тарих ғылымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Тарихи әділдік қалпына келмей, тәуелсіздік миссиясы діттеген мақсатына жетпейді.

 

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

ҰҒА академигі

 

3967 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы