• Білім және ғылым
  • 15 Сәуір, 2021

«Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі»

Алты алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген еді. Осындай абыройға ие ардақты ұстаздардың бірі Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы, профессор Жанар Жорабек­қызы Есенәлиева.
Ол тыңдаушысын тыңдата білетін шешендігімен қоса, әншілігімен де  төңірегіне танымал болған Жорабек Ералыұлының отбасында дүниеге келді. Осы жерде айта кететін жайт, атасы Ералы Өтегенов те көптің бірі болмаған. 1948 жылы Алматыда тоғызқұмалақтан алғашқы республикалық чемпионат өткен. Ол осы жарыстың жүлдегері атанады. Нағашы атасы Есеналы да бүкіл ауыл-аймаққа, тіпті облысқа көкпаршылықпен белгілі болған. Ал бауырында өскен нағашы апасы Мінәйім қисса-жырларды жатқа айтып, халық әндерін нақышына келтіре орындаған. Жанар Жорабекқызының тіл мен әдебиетке ынтызар болуына да Мінәйім апасы әсер еткен. 

Оқуға алғырлығы, білмекке талпынысы шығар Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) араб тілі бөлімін үздік бітіріп шықты. Киелі білім ордасында Т.Кәкішев, Р.Бердібай, М.Томанов, Т.Сайрамбаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғали тәрізді қазақ әдебиетінің, қазақ тіл білімінің жүйріктерінен дәріс алды. Дүниедегі ең күрделі тілдердің бірі – араб тілін алғаш үйреткен ғалым, қайраткер азамат – Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Кейін Тіл білімі институтында аспирантурда оқыды. Оны бітіре салысымен филология ғылымының докторы, ­профессор Б.Әбілқасымовтың жетекшілігімен «Абай шығармаларындағы араб және парсы сөздерінің қолдану ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық ­диссертация қорғады. Оппоненті – академик Р.Сыздықова болды. Жас ғалымның зерттеу жұмысын ғылыми орта жоғары бағалады. Олай ­болмауы мүмкін емес те еді. Орыс тілін ана тілінен де жақсы білетін, араб тіліне жетік маманның ішкі мүмкіндігі жоғары еді.

Әдеби тілдің тарихында Абай шығар­машы­лығындағы араб, парсы сөздерінің мағынасын, қолданылу ерекшелігін асқан бiлiмдарлықпен, айрықша бiлiктiлiкпен талдап-тарқатып беретiн тілшi-ғалымдар бiзде көп дей алмаймыз. Солардың бiрi біз тілге тиек етіп отырған Ж.Есенәлиева. Бұл зерттеу жұмысында ғалым Абай өлеңдеріне лингвистикалық, этимологиялық, типо­ло­гиялық тұрғыдан жан-жақты талдау жасайды.

Тіл білімі институтының тіл тарихы бөлімінде кіші, аға ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды. Осы институтта А.Ысқақов, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова секілді айтулы тұлғалармен қызметтес болды. Бұл ғалымдар жас ғалымды алға жетелеп, ақыл-кеңесте­рін аянып қалмады. Осы ­институтта А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» жинағының қайта жарық көруіне өз үлесін қосты. Ұлт ұстазының 1914 жылы Орынборда шыққан «Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы)» оқулығы мен 1925 жылы Қызылордада басылған «Тіл – құрал (дыбыс жүйесі мен түрлері)» тіл танытқыш кітабын төте жазудан қазіргі кириллицаға аударып, баспаға дайындауының өзі ұлт руханиятына сіңірген еңбек деуге болады.

2010 жылы «Құрылымы әртүрлі тілдерге тән типологиялық басым­дылық» атты докторлық диссертация­сын қорғады. Докторлық еңбек ұзақ жылдарғы еңбектің, қажыр-қайраттың арқасында жүзеге асты. Зерттеу жұмыстарының нәти­желері бойынша қорғалғанға дейін «Құрылымы әртүрлі тілдердің сал­ғастырмалы типологиясы» атты монографияны, жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына арналған «Лингвистикалық типология негіздері» атты оқулығын жарыққа шығарды. Салыстырмалы зерттеулер жүргізуде тың жаңалықтарға қол жеткізді. Атап айтқанда, монографияда алғаш рет көпөлшемді типологияның негізі салынды. Сонымен бірге араб тілі алғаш рет отандық тіл білімінде агглютинативті-флективті тіл екендігі дәлелденді.

Жанар Жорабекқызының ғылыми зерттеулерінің дені құрылымы әртүрлі тілдерді жүйелі салғастыру мәселелеріне, когнитивтік лингвис­тикаға және мәдениетаралық коммуникацияға арналған. Бұл бағыттар бойынша 100-ден аса ғылыми еңбектері жарық көрді. Ғылыми мақалалар тек отандық журналдарда ғана емес, ең беделді Clarivate Analytics компаниясының Russian Science Citation Index және Emerging Sources Citation Index базаларында индекстелінетін шетелдік басылымдарда жарияланып келеді.

Мақалалардан бөлек бірнеше мо­но­графиялары, оқулықтары, оқу құрал­да­ры ғылыми қол­да­ныста. «Когнитивтік лин­гвистика теория­сының негіздері», «Салғас­­тырмалы тіл білімі» оқулық­тары, «Абай және Шығыс тілдері» монографиясы, «Лин­гвистиканың өзекті мәселелері» ғылыми мақалалар жинағы ғалымның көп жылғы ең­бегі­нің нәтижесі. Бұл еңбектер жалпы тіл білімінің өзекті мәселелерін арқау еткендігімен құнды.

Жанар Жорабекқызының ғылыми шығар­машылығының басты ерекшелігі тақырыптарының (бағыттардың) әралуан­дығы. Ол тіл білімінің тарихынан бастап, жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвис­тика, мәдениетаралық коммуникация салаларын қарастырып, олардың бәрін жүйелі зерттей білді.

Қазіргі күні білім беру жүйесінде ең ­даулы, ең өзекті нәрсе оқулық жазу. ­Мектептен бастап, ЖОО-да оқулық, оқу құралдары туралы түрлі қайшылықты пікірлер бар. Ал біздің кейіпкеріміз болса оқулықтар, оқу құралдарын жазуда отандық және шет елдік заманауи тәжірибелерге сүйене отырып, ­табысты еңбектенуде.

Магистратураға арналған «Типологиялық және салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімі мәселелері» атты типтік бағдарламаның авторы. Сондай-ақ қазақ тілінен электрондық оқулықтардың авторларының бірі екендігі де әріптестеріне жақсы мәлім.

Жанашыр жанның ғылым мен білімге ұмтылған жастарға қамқорлық жасап, бағыт-бағдар беріп жүрген еңбегі де атап өтерлік. Ғалымның жетекшілігімен 15-ке тарта магистрлік жұмыс қорғалды. Ұстаз шәкіртін адалдыққа баулып, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себе білсе ұстаз. Жақсы ұстаз адамгершілік қасиеттерді сіңірсе, жанашыры әрі ақылшысы, досы әрі сырласы бола білсе студент арасында беделді болары анық. Сонда ғана ол бүгінгі қоғамды алға сүйрейтін озық ойлы адамның тәрбиешісі деуге болады.

Ғалымның қажырлы еңбегі лайықты бағаланып келеді. Оның кеудесінде «Білім беру саласының үздігі» медалы жарқырайды. Сала министрлігі, Ғылым академиясы тарапынан алған Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары – ұлағатты ұстазға көрсетілген сый-құрметтің белгісіндей. Реті келгенде, Ж.Есен­әлиева­ның Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі екенін айта кеткен жөн.

Ақбота Қоңырова,

Бибігүл Сұлтанова

2781 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы